2021 жылдың қорытындысын жариялағанда мемлекеттік органдар елдегі азық-түлік инфляциясының деңгейі едәуір төмендетілгенін мәлімдеді. Белгілі бір жетістік бар. Бұл – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасының нөлдік өсімі, бірқатарының бағасының төмендеуі. Баға мониторингі апта сайын жүргізіледі. Жауапты мемлекеттік орган анықталды. Осы ретте «Қазақстан халық партиясы» фракциясы Үкіметтің жаңа құрамының назарын инфляциялық проблеманы шамадан тыс саясиландыру оның шешілуіне кедергі келтіріп қана қоймай, қиындататынын айтты.
Азық-түлік бағасының жалпы деңгейі көтерілді. 2021 жылғы инфляцияның өсуі 9,9 пайызға жетті. Бүгінде халықтың тұтыну шығысының 56,7 пайызы азық-түлікке тиесілі. Бірқатар өңірлерде бұл көрсеткіш атап айтқанда: Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарында шығыс көлемі – 60 пайыздан асты. Шығыстың екі негізгі бөлігі нан мен жарма және ет пен сүт өнімдеріне тиесілі болып отыр.
2021 жылғы қаңтар-қарашада өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нан-тоқаш өнімдері мен жарма – 9,1 пайызға, оның ішінде жарма – 20,2 пайызға, макарон өнімдері – 11,5 пайызға қымбаттады. Ет бағасы 8,7 пайызға оның ішінде қой еті – 15,1 пайызға, жылқы еті – 10 пайызға өсті. Қарапайым адамдар үшін маңызды азық-түліктің бағасы 2 таңбалы санмен есептеледі. Сондықтан бағаның өсуін тежеуді тек тактикалық тұрғыдағы жеңіс деп санауға болады.
2022 жылдың басында жаңа баға белгіленеді. 5-11 қаңтар аралығында Қазақстанда азық-түлік бағасы 0,2 пайызға өсті. Қырыққабат – 4,3 пайызға, картоп – 0,8 пайызға, қарақұмық – 0,4 пайызға, сәбіз – 0,2 пайызға, күріш, қант және тұз – 0,1 пайызға қымбаттады. Өсімнің объективті себептері бар.
Біріншіден, жыл басында сұраныстың дәстүрлі төмендеуінен кейін баға қайтадан өседі, кейін тауар бағасының өсуіне қызмет көрсету бағасы қосылады.
Екіншіден, қазіргі бағаны жасанды түрде ұстап тұру «инфляциялық серіппенің» әлеуетін арттырады.
Үшіншіден, баға мәселесімен біз ғана бетпе-бет келмейміз. Жаһандық инфляция және оған мемлекеттердің бейімделуі 2022 жылдың басты экономикалық сын-тегеуріні болады.
Ең оптимистік болжамға сәйкес 2022 жылдың бірінші тоқсанында әлемдік инфляция шырқау шегіне жетеді, содан кейін біртіндеп төмендейді. Ұсыныс ұзақ уақыт бойы сұранысты қанағаттандыра алмайды, логистика саласындағы проблема сақталады. Ең пессимистік бағалау бойынша біз жеделдетілген инфляция мен ақшаның құнсыздануының ұзақ, көпжылдық кезеңіне кіреміз. Мұның барлығы Қазақстан үшін маңызды, өйткені біз тұтыну тауарларының, жабдықтардың, жиынтықтауыштардың және құрауыштардың басым көпшілігі бойынша импортқа тәуелдіміз.
Отандық нарық өз өндірісінің базалық өнімдерімен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, бағаның өсуінен қорғамайды. Баға белгілеудің ашық еместігі, көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі және монополизация нарықты өз арнасынан ауытқытады. Қазақстанда жоғары инфляциялық жағдай орын алуы мүмкін. Бұған осыған дейін қабылданған шұғыл шешімдер негіз болып отыр.
Бұрынғы Үкімет Президенттің Қазақстан халқына жолдауынан кейін бір аптадан соң «2021–2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы шаралар кешенін» бекітті. Жедел қабылданған бұл шара ғылыми тұрғыдан талқылау мен сапалы сараптама жүргізуге мүмкіндік бермеді. Өкінішке қарай, ғалымдар экономикада басқарушылық шешім қабылдау үдерісінен тыс қалды.
Қазақстан халық партиясы фракциясы әкімшілік әдістерге ғана сүйену, бақылауды күшейту, бағаны кез келген тәсілмен түсіру, базалық мөлшерлемені көтеру арқылы инфляцияны таргеттеу жағдайды күрделендіріп жіберуі мүмкін екенін ескертеді. Осының салдарынан болашақта нарықта іркіліс пайда болып, несиенің пайыздық мөлшерлемесі мен баға күрт өсуі ықтимал.
Қазақстан халық партиясы фракциясы жаңа үкіметті инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырады. Бізге терең, ғылыми негізделген, үйлесімді және сараптамалық жұмыс қажет. Қазақстанда қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге бағдарланған инфляцияға қарсы ұлттық стратегия болуы тиіс.
Қазақстандағы инфляция монетарлық емес, біз оны импорттаймыз. Инфляциямен ақша-кредит саясатын қатаңдату әдісін қолдану арқылы күресуге болмайды. Біздің ортақ міндетіміз – тепе-теңдік тауып, халықтың табысының нақты өсімін қамтамасыз ету, жалақы мен әлеуметтік төлемнің өсімі тұтыну бағасының өсімінен қалып қоюына жол бермеу. Бұл үшін халықтың түрлі тобына қатысты инфляцияны есептеу керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті анықтау және олардың динамикасын есептеу әдістемесі ескірген. Сондықтан инфляциямен күресу үшін бірінші кезекте оны объективті есептеуді үйрену керек деп санаймыз.
Бізге тұтынушылық инфляциямен ғана емес, ел экономикасына қауіпті болса да назардан тыс қалып келе жатқан өнеркәсіптік инфляциямен де жұмыс істеу өте маңызды.
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»