«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін…» тақырыбындағы облыстық шығармашылық жұмыстар сайысына
Жас дос, замандас!
Бүгінде бізге жақсы оқып, білім алып, жаңашылдықты үйренуге уақыт та, мүмкіндік те бар. Ата-анамыз біздің ас суымызды дайындап, киімімізді қамдап, барлық жағдайымызды жасауға тырысып тынымсыз еңбек етіп жүр. Қатарынан қалмасын деп қымбат телефон алып беріп, ішіне ай сайын бірлік салып қояды. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» барлық ізгі тәрбиесін беріп, бізге зор сенім артады. Ал ұстаздарымыз да оқысын, білсін деп әр сабағын мазмұнды өткізуге асығады. Мұның бәрі біздің жарқын болашағымыз үшін. Ертеңгі күні өміріміз қор болмай, денсаулығымызды құртпай, бақытты болсын деп жасалуда. Бізге артқан үміттері үзілмесе екен.
Алайда кейбіріміз жаңылыс басып, жат қылықтарға бой алдырып жатамыз. Сентетикалық есірткінің дәмін татып көріп, тура жолдан тайып жатыр. Қолымызға берілген смартфон бізге жақсыны үйреніп, жаманнан жирену үшін берілді. Дегенмен интернетте ұзақ отырып, белгісіз сайттарға кіріп, бөтен адамдармен сөйлесіп, ақыр соңы көңілсіз жағдайларға әкелуде. Күнде кешкілік ұйықтаған кейіп танытып, ата-анамыз жатып қалған соң интернетке кіреміз. Ұйқымыздан қалып, пайдасыз желілерді қараймыз. Өз өзімізді алдап, осылай көбіміз жаңылып жүрміз. Қателікке қателік қосып, есірткі сататындардың құрығына түсіп қалуымыз мүмкін.
Есірткінің қай түрін қолдан саң да, ол денсаулыққа өте қауіпті. Бүгін қуаныш сыйласа, ертең бүктеліп, одан соң өміріңмен қош айтысуың мүмкін. Сен жассың ба, орындалмаған арман-мақсатың бар ма, оған қаратпайды. «Денсаулық зор — байлық» деп бекер айтпаған. Өз денсаулығымызға қауіп төндірмей, ата-ана, бауырларымызды, ұстаздарымызды ойлап, сенімдерін ақтап ақылға келейік. Телефонды тиімді пайдаланып, білімізді, танымымызды дұрыс бағытта кеңейтейік.
Аялуы жас дос! Мен сіздерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Күнделікті жаттығу жасап, таза ауада серуендеп, спорттық үйірмелерге жазылып, өзімізді қолға алайық! Мен баршаңызды толық қанды сапалы әрі саналы өмір сүруге шақырамын! Есірткі шегіп ессіздік танытпайық!
Асылжан ӨМІРБЕКОВ,
Б.Ермекбаев атындағы
№271 орта мектептің 8 «А» сынып оқушысы,
Қызылорда қаласы