Т әуелсіздік – ұлттың ұлы мұраты, мемлекеттіліктің алтын діңгегі. Азаттықтың ақ таңын атырған тарихи жолымызды таразылап, елдігіміздің тұғырын бекемдейтін құндылықтарды ұлықтау бүгінгі ұрпаққа аманат әрі қоғамға ортақ парыз десек артық айтпаспыз. Респуб лика күні қарсаңында Астана төріндегі Достық үйінде осы ұлағатты ұстанымды арқау еткен «Тарих. Тағылым. Мемлекеттілік: Қазақстанның даму жолы» атты дөңгелек үстел өтті.

Астана қаласы əкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған алқалы жиынға Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері, мемлекеттік органдардың қыз меткерлері, ғалымдар, этномəдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, елдік мұрат, тарихи сабақтастық, қоғамдық келісім мен Қазақстанның даму бағдары төңірегінде толғамды ой қозғады. Елдік мүдде мен еркіндіктің түпқазығы Егемендік жайлы сөз қозғағанда айтылар сөздің де салмағы ауыр. Елордадағы Достық үйінде бас қосқан құзырлы тұлғалар мен қоғам өкілдері ел аманатына қатысты атан түйеге жүк боларлық өзекті мəселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын таразылау, Республика күнінің тарихи мəнін тереңірек пайымдау, конституциялық құндылықтарды орнықтыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жайы жиынның негізгі өзегіне айналды. Тəуелсіздіктің тұғырын бекемдеу, елдің ертеңіне бағыт-бағдар айқындау секілді салмағы бөлек тақырыптар төңірегінде өрбіген əңгіме тарихи тағылым мен бүгінгі жауапкершілікті сабақтастырып, ортақ мұрат жолында ой тоғыстырды. Мерекелік басқосу Достық үйінің фойесінде халық аспаптар ансамблінің ұлттық нақыштағы əуенімен басталды. Күмбірлеген күй мен сырлы саз халқымыздың рухани мұрасын ұлықтай түсті. Артынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Əнұраны орындалып, елдік рух пен тəуелсіздікке тағзым салтанатты сəтпен сабақтасты. Жиынды жүргізген Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбеков кіріспе сөзінде Рес публика күнінің тарихи маңызына ерекше тоқталды. Шынында да, 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация азаттыққа бастар жолдағы тарихи белес, дербес мемлекет болуға деген ұмтылыстың саяси-құқықтық негізін қалаған басты құжат. Сол күн ел тарихындағы жаңа кезеңнің бетін айқара ашып, тəуелсіздік мұратына жол салғаны ақиқат. Республика күні – өткенге тағзым етіп қана қоймай, бүгінгі елдіктің бағасын бағамдайтын, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіндіретін мереке. Егемендіктің еңсесін тіктеп, мемлекеттіліктің тұғырын бекемдеу бір күндік міндет емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлы аманат, – деп атап өтті Бақытжан Жүнісбеков.
Елдіктің өзегі – бірлік, мемлекеттің тірегі – жауапкершілік
Дөңгелек үстелдің өзегіне айналған мəселелердің салмағы да, мəні де айрықша. Қатысушылар Қазақстанның даму бағдары, конституциялық құндылықтар, заң үстемдігі, мемлекеттік институттардың орны мен қоғамдық келісімді нығайту сияқты күн тəртібінде тұрған келелі мəселелер жайлы ойларын ортаға салды. Құзырлы тұлғалар мен қоғам өкілдері бас қосқан алқалы жиында елдің ертеңіне тікелей ықпал ететін мəселелер ортаға салынып, мемлекеттілік пен азаматтық жауапкершіліктің сабақтастығы сөз болды. Басқосуға Қазақстан Респуб ликасы Құрылтайының депутаттары Марат Башимов бастаған тұлғалар елдің саяси-құқықтық дамуы мен құқықтық мемлекет қағидаттарына қатысты тақырыптарды талқылады. Кездесу барысында Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары, «Радима» беларусь мəдени орталығының төрағасы Дмитрий Останьковичтің Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының қоғамдық орынбасары болып сайлануына орай құттықтау айтылып, жауапты қызметіне тілектер білдірілді. Ел бірлігі тек əдемі сөзбен ғана айшықталатын ұғым емес. Оның шынайы өлшемі қоғамның өзара сыйластығында, өзара сенім мен ортақ мүддеге деген адалдығында. Тілі мен мəдениеті əртүрлі болғанымен, тағдыры бір, мақсаты ортақ азаматтарды біріктіретін күш – туған жерге деген сүйіспеншілік, ортақ Отан алдындағы жауапкершілік екені рас. Осы тұрғыдан алғанда, этномəдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың жəне Достық үйінің қызметі айрықша мəнге ие. Олар халықтар арасындағы достықты бекемдеп, өзара түсіністік орнатуға, татулық пен тұрақтылықтың тамырын тереңге тартуға үлес қосып келеді. Қоғамдық келісімнің қадірі де осындай күнделікті еңбектен, өзара құрмет пен ортақ іске деген жанашырлықтан көрінеді.
Тарихын таныған елдің келешегі кемел
Жиында тарихтың тағылымы мен ұлттық сананың сабақтастығы да кеңінен қозғалды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Айман Азмұханова ғылыми қауымдастықтың маңызы жайлы ойларымен бөлісті. – Тарих – халықтың жүріп өткен жолының шежіресі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағдар беретін рухани темірқазық. Өткенін таныған жұрт азаттықтың қадірін біледі, мемлекеттіліктің оңай қалыптаспағанын терең түсінеді. Тарихи жады – елдіктің алтын арқауы, ал одан тағылым алу болашақ алдындағы жа уапкершіліктің белгісі. Ұлттың ертеңі жас ұрпақтың санасымен, білімімен жəне азаматтық ұстанымымен өлшенбек. Сондықтан жастарға ел тарихын таныту, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру, туған жерге деген құрметін қалыптастыру қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін естен шығармау қажет, – деп атап өтті Айман Азмұханова. Осы ретте Л.Н. Гумилев атын дағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық құқық факультетінің ІІ курс студенті Темірлан Мақұбаевқа да сөз берілді. Жастардың мұндай алқалы басқосуларға қатысуы олардың ел өміріне сергек көзқараспен қарап, қоғамдық мəселелерге араласуына жол ашатыны сөзсіз. Отанға қызмет ету – құрғақ ұранның емес, нақты істің өлшемі. Ол білімге ұмтылудан, адал еңбек етуден, заңды құрметтеуден, ел мүддесіне жанашырлық танытудан басталады. Өз ісіне жауапты, ойы сергек, мақсаты айқын жас ұрпақ – мемлекеттің ертеңгі тірегі де бола алады, – дейді Темірлан Мақұбаев.
Ортақ мұратқа бастар жол
Негізгі баяндамалардан кейін қатысушылар пікір алмасып, өздерін толғандырған мəселелер бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Əртүрлі сала өкілдерінің бір алаңда бас қосуы күн тəртібінде тұрған елдік мəселелерді жан-жақты талқылауға, ортақ ой түюге мүмкіндік берді. Жиынның қорытынды бөлімінде қоғамдық өмірге белсене араласып, еңбек ұжымдарында жемісті қызмет етіп жүрген азаматтарды марапаттау рəсімі өтті. Еңбегімен елге үлгі болған, қоғам игілігіне үлес қосқан жандарға құрмет көрсету – адал қызметтің бағасын арттырып, азаматтық белсенділікті ынталандыратын игі дəстүр. Бұдан кейін қатысушылар естелік суретке түсіп, басқосу өз мəресіне жетті.
P.S. Астанадағы Достық үйінде өткен бұл кездесу елдік мұрат пен тарихи сананы сабақтастырып, мемлекеттіліктің мəнін терең пайымдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Талқылау барысында көтерілген мəселелердің түп-төркіні бір арнаға тоғысады. Ол тəуелсіздікті тұғырлы ету, заңға құрметті арттыру, қоғамдық татулықты сақтау жəне келешек алдындағы жауапкершілікті сезіну.Өйткені, мемлекеттің қуаты тек қол жеткізген жетістіктерімен өлшенбейді. Оның шынайы беріктігі халқының бірлігінде, азаматтарының адал еңбегінде, тарихи жадының тереңдігінде жəне болашаққа деген сенімінде болса керек. Елдікті сақтау өткеннің аманатын арқалау ғана емес, бүгінгі міндетті абыроймен атқарып, ертеңгі ұрпаққа берік негіз қалдыруы тиіс. Республика күні осы ақиқатты айқындайтын, тəуелсіздіктің қадірін ұғындырып, елдік жауапкершілікті еске салатын қастерлі мереке. Тарихын тұғыр еткен, бірлігін бекемдеген, ортақ мұратын биік қойған елдің ғана келешегі кемел болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ


