spot_img
spot_img

ҚАЗІР ТОЙМЕН ЕМЕС, ОЙМЕН ЖАРЫСАТЫН ЗАМАН

Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеуді үйлестіру, өткiзiлетiн салтанатты iс-шараларды реттеу мақсатында 1999 жылғы 28 қыркүйекте Үкіметтің «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» қаулысы шыққан болатын. Соған сәйкес, республикалық деңгейде аталып өтiлетін мерейтойлар реті белгіленген. Енді осы қаулыға сай 2021 жылы республикалық деңгейде өткiзiлуі мүмкін мерейтойлық және атаулы күндерге шолу жасап көрейік. Олардың ең бастылары әйгілі халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы (28 ақпан), «Жас Алаш» газетінің 100 жылдығы (22 наурыз) мен қазақтың атақты палуаны Қажымұкан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы (7 сәуір) мен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы (16 желтоқсан) болып отыр.

Республикалық деңгейде өткiзiлетiн мерейтойлық күндерге қатысты мәселеге ҚР Президенті халыққа арнаған Жолдауларында арнайы тоқталған. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Сондай-ақ, ең маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыруымыз қажет. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін» деген болатын.
Ал былтыр 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында: «келер жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы» деді. Сонымен қатар, «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» – деп қоғам үшін маңызы зор мәселені жұртшылық назарына ұсынды. Өкінішке орай ұлтты жаңғырту ұзаққа созылатынын ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та айтқан болатын. «Жалаң тойшылдықтан, желұшты сөзден ештеңе шықпайды. …
Біз тойларды тарихтан тағылым алу, ұлылықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек. … Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі. …Ең бастысы той тойлау емес, ой ойлау. … Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген Елбасының сөзі әйтсе де, ешкімге сабақ болмаған сияқты. Оны мерейтойлар мен атаулы күндердің әрдайым бір сарында, бір сценариймен өтуінен де аңғаруға болады. Бұдан бөлек рухани мәдениеттi дамытуға, мемлекеттiң қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосқан және ғылым мен өнердiң көрнектi қайраткерлерiнiң мерейтойлары көбіне аудан, облыс деңгейінде ғана атап өтіліп, бұл басқа аймақтарға қатысы жоқтай атаусыз қалып жатқанына көз үйрене бастады. Мерейтой ұйымдастыру кейбір шенділер мен оның айналасындағы белгілі бір адамдардың кәсібіне, қосымша табыс табу көзіне айналғанын айтып жүргендер де аз емес.
Сондықтан да Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жетістікті тізбелеп, мерейтойлық медаль тарату үшін ғана атап өтілмей, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп, болашақты бағдарлау үшін мазмұн мен пішін жағынан да тың өзгерістерді қажет ететіні күмәнсіз.

Асқар НАЙМАНТАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Кез келген мерейтойдың жақсы жағы да, көлеңке тұсы да бар. Кемшіліктің көптігі көңілді күпті ететіні де жасырын емес. Өнер саласынан мысал келтіріп айтатын болсам Қазақ хандығының 550 жылдығы деген кезде облыстық деңгейдегі театрдың барлығы хандық туралы бір-бір спектакль қойды. Көпшілігі өміршең болған жоқ. Тоқтап қалды, көрерменге көрсетуге ұят болды. Бірақ соған ақшаны алуға бәрі жанталасты. Мерекеге байланысты деп сұрап, хат жазса үкімет береді. Ол далаға кетеді. Сол сияқты, үлкен мерекелік шараның аясында деген желеумен талай шара қалай болса солай өтіп жатты. Халық мойындамаған мерекенің ғұмыры қысқа. Мұқағали Мақатаевтың туған күні жыл сайын қалай дүрілдеп өтетінін жұрт біледі. Соған үкіметтің шешімін күтіп, қаржы сұрап жатқан да ешкім жоқ. Біраз уақыттан бері бұл күн бүкіл халықтық мерекеге айналды. Енді ертең 1 жыл бойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты деген ырду-дырду дүние басталады. Не өткізсе де ұрандатып, алғысөзін 30 жылдықпен байланыстыратындардың табылары анық. Ішінде елдің есінде қалатын да, қаржыны босқа шашатын да жобалар болады. Сондықтан талғамсыз нәрселерге тыйым салып, бақылау күшейсе деген тілегіміз бар.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.

Плата за безнаказанность

Осень выдалась тяжелой. Мы испытали шок от череды суицидов,...

Жыл басынан бері қанша қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды?

Олардың басым бөлігі, яғни 18 мыңнан аса жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген.

Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады

Алматының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады.

Қазақстандықтар қарашада қалай демалады?

Қазақстанда күздің соңғы айы мемлекеттік немесе ұлттық мерекелерсіз өтеді, сондықтан ел тұрғындары тек демалыс күндері демалады.