Азаматтардың төлқұжатқа өз ұлтын «қазақ» деп жазу мәселесі бірнеше күннен бері әлеуметтік желілер мен қоғамдық орталарда қызу талқыланып жатыр. Оған Қазақстан халқы Ассамаблеясы төрағасының орынбасары Мая Бекбаеваның инстаграмдағы жазбасы түрткі болды. «Білген кісі тауып айтады, білмеген кісі қауып айтады» – дегендей мәселенің жай-жапсарын анықтаудың орнына осы пікірге қатысты жөн-жосықсыз жеке басқа тіл тигізе бастағандар да бар. Осындай әртүрлі пікірлерден соң М.Бекбаева 2 күннен кейін өзінің жұртшылық талқысына ұсынған бұл жазбасын түсіндіріп, оған Қазастан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысындағы Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Динара Нұралиеваның сөйлеген сөзі түрткі болғанын айтты, оның бейнежазбасын жариялады.
Бұл отырыс ҚР Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» деген атаумен 11 қарашада өтті. Жиында сөз алған Д.Нұралиева: «өзім Жамбыл облысындағы Жалпақ Төбе ауылының көп ұлтты отбасында тәрбиелендім. Әкем – дүнген, анам – ұйғыр. Арғы аталарым – орыс, өзбек, татар және тағы бірнеше ұлттан тарайды. Сондықтан, менің бойымда бүкіл ассамблеяның қаны бар. Қазіргі уақытта Қазақстанда бойында 7-8 этностың қаны бар мен сияқты жүз мыңдаған адам бар. Мүмкін осындай азаматтардың төлқұжатына «қазақ» деп жазатын уақыт келген шығар. Қазіргі таңда Жамбыл облысында аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім алатын бірінші сыныптар көбейе бастады. Мектеп директоры ретінде өз ұсынысымды жеткізгім келеді. Егер республикамыздың әр өңірінде аралас мектептерді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде білім беруге көшірсек. Бұған қалай қарайсыздар? Бұл шешім барлық қазақстандық балаларды кішкентай күнінен ешқандай бөлінуге жол бермей, қазақ тілін жетік меңгеруге нақты қадам болар еді! «Ел болам десең, бесігіңді түзе»! Бізде бір ғана ортақ – мемлекеттік тіл, бір ғана – ұлт, бір ғана – Отан болуы тиіс!», – деген еді. Сондықтан бұл ұсыныс жабық бөлмелерде емес, қоғамның ашық талқылауымен қабылданса. деген ниеттен туғанын Мая Бекбаева тәптіштеп жеткізді.
Әркім өз ұлтын өзі анықтауға құқылы
Адамзаттың Ата Заң кепілдік берген жеке азаматтық құқықтары мен еркіндіктері бар, ол және заңнамалық құжаттармен толықтырылады.Ендеше, ұлт таңдауға қатысты еркін көзқарас, ой пікірін білдіруге де әркім хақылы. Өкінішке орай біздің қоғам бұл мәселеден үлкен дау тудырып, айтылған жеке көзқарасты сан саққа жүгіртуде. Атап айтқанда біреулер бұл биліктің халықтың назарын сайлаудан басқа жаққа аудару үшін жасап отырған амалы дейді. Екінші бір топ АҚШ пен Еуропа елдерінің теориялық тұрғыдан әбден ойластырып, халықты ұлтсыздандыру үшін бірнеше ғасырдан бері жүзеге асырып келе жатқан рухани отарлау саясатының көрінісі деп бағалайды.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Әлемнің дамыған елдерінің көпшілігінде ұлт және азаматтық түсінігі біртұтас ұғым ретінде қарастырылады. Сондықтан да төлқұжатта ұлты деген анықтамалық көрсетілмейді. Атап айтқанда, АҚШ-та американдық, Германияда неміс, Францияда француз деген сияқты анықтауыштар бар. Ұлт – азаматтық, ұлттық, мемлекеттік мәселелері негізінен бұрынғы кеңестік республикаларда ғана сөз болып, түрлі ұсыныстар бойынша әлі күнге дейін заң шығарушы органдарда талқыланып жүр. Сол себепті халық ұлт пен азаматтықты анықтауды мемлекеттікті және оның болашағын айқындау деп ұғынады, соған алаңдайды. Әрине бұл негізсіз де емес. Көне Рим ойшылы Цицеронның: «Мемлекет дегеніміз – ортақ іс, халық игілігі, ал халық дегеніміз – адамдардың көрінген бір қосындысы емес, ол көптеген адамдардың құқық мәселесі бойынша келісімі мен мүдделер бірлігінің нәтижесінде байланысқан бірігуі», – деген даналық сөзі бар. Тарихтың даму сатысына көз жүгірткен жан бұл тұжырымның әлі күнге дейін өз маңызын жоймағанын айқын аңғарады. Өйткені қазіргі таңда әлемде ассоциацияланған, буферлік, көпұлтты, ұлттық, құқықтық, әлеуметтік, унитарлы мемлекеттік үлгілер толық сақталған. Тек одан кім, қандай сабақ алды дегенде әркім әртүрлі пікір мен ұстанымды алға тартады. Сондықтан да тоталитарлық режим кезінде өзінің ұлттық тұтастығынан айырылып, елі мен жерінің белгілі бір бөлігі шекараның сыртында қалып қойған бүгінгі Қазақстан мен оның негізін қалаушы ұлттың өз тағдыры үшін алаңдауына басқалар түсіністікпен қарайды. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы, демограф Әзімбай Ғали: «бір ұлттың бір ұлтқа сіңуі ассимиляция деп аталады. Ол әлемде көп кездесетін үрдіс. Көршілес орыс, өзбек, қытайлардың тез өсуінің бір себебі осында жатыр. Ол кейбір мемлекеттерде күшпен немесе әкімшілік жолмен жүргізіледі. Көршілес Өзбекстанда өзбек халқының өсімі кезінде сонда тұрып жатқан тәжік пен қазақтың есебінен
жүзеге асқан болатын. Сондықтан егер біздің елімізде де өзге этностар өз еркімен қазақтанамыз десе оны құптауға болады. Қоғамның біртекті болғаны тұтастығын көрсетеді. Оның ыдырау қаупі төмендейді. Прогрессивті бұл үрдіс тек әкімшілік жолмен жасалмау керек», – дейді. Ал философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының айтуынша: «заң бойынша әр адамның өз ұлтын төлқұжатта жазуға, жазбауға не өзгертуге құқы бар. Егер өзге этнос өкілдері қазақ боламыз десе оны, сөзбен ғана айтып қоймай ісімен дәлелдеуі керек. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының жиындары әлі күнге орыс тілінде өтеді. Егер олар қазақты, оның елі мен жерін, мемлекеті мен мемлекеттік тілін, мәдениетін,
салт-дәстүрін құрметтейтін болса неге сол тілде сөйлемейді. Неге соны талап етпейді? Сонда халық дәл бұлай алаңдап, жаппай талқылау жасамас еді. Егер олар қазақ тілін үйренем, сол тілде сөйлеп, жазып, өз пікірімді айтам десе ешкім қолын қағып отырған жоқ. Қайта оларды мақтап, мадақтап, ана тілін, салт-дәстүрін сақтау үшін барлық жағдайын жасап отыр. Бұдан артық қандай құрмет керек?» Қазақстандағы қазақ тілінің қолданылу деңгейі мен көрсеткішін өсіру, оны мемлекеттік тұтастықтың құралына айналдыру қазір қоғам мүшелерінің өз
қолында тұр. Яғни мемлекет құраушы ұлттың айналасына топтасып, өзінің азаматтық, шығармашылық әлеуетін Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне қызмет етуге жұмсау әрбір қазақстандықтың парызы. Өйткені бір қоғамда өмір сүре отырып, ондағы маңызды үрдістерге атсалысу, мемлекеттік тілді білу және оны құрметтеу өзін Қазақстан азаматы санайтын әрбір азаматтың міндеті. Ал өзінің бұл міндетін орындамайтын, оған немқұрайды қарайтын кез келген азамат үшін бұл үлкен сынақ.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»