Несиені төлеу мерзімін өткізіп алдыңыз ба? Берешегіңізді қайтара алмай жүрсіз бе? Сізге коллектор жиі хабарласқанда не істейтініңізді білмейсіз бе? Бұл сұрақтар 1 миллионға жуық қазақстандықтың мазасын қашыруда. Себебі қарыз өндіру ісі коллекторлық агенттіктерге берілген. Қарызды алған соң, қайтару керек. Бірақ «қарыз күліп барып, жылап қайтады» демекші, алған несиесін қайтара алмай жүргендер де, қайтармай кететіндер де жетерлік. Бұл тұста банк берешекті коллектордың қолына ұстатып құтылады. Яғни бұл білгеніңді істенің кері. Салдарынан коллекторлар көк тіреп тұр. Мұндай жағдайда не істеу керек? Асауға тұсау салатын кез бар ма?
Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн. Олардың ішінде 1,7 млн адам мүлде несие алмаған. Олар – 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар. Ал еліміздің қалған 7,5 млн азаматының банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Қазақстанда 165 коллектор агенттігі тіркелген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 2019 жылы аталмыш ұйымдардың іс-әрекетіне қатысты 353 шағым түссе, 2020 жылдың сегіз айында 158 шағым тексерілген. Шағым азайғанымен, мәселе әлі де түбегейлі шешімін таппай отыр. Өйткені, борышкерлердің коллекторлық агенттіктерге қатысты шағымының көпшілігі: борышкер туралы мәліметтің үшінші тұлғаларға таратылуы, борышкерге, оның туыстары мен таныстарына қатысты жосықсыз әрекеттердің жасалуы, төлемдердің оңтайлы кестесінің ұсынылмауына байланысты екен. Яғни, коллекторлар борышкердің туысы мен таныстарын орынсыз мазалайды.
Ал коллекторлар борышкердің танысы мен туысына телефон соғуға құқылы ма? Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы одағының нұсқаулығына сүйенсек, коллекторлар сізбен, сіздің өкіліңізбен өзара әрекет етуге құқылы. Ал үшінші тұлғамен – егер ол адам несие шартының аясында несие берушімен міндеттемелермен байланысты болса ғана әрекет ете алады. Олай болмаған жағдайда, сіздің дос немесе туысыңызбен өз қалауы бойынша тілдесуіне не болмаса кез келген әңгімелесуден бас тартуына болады. Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы одағына хабарласқанда, өкілі жауап беруден бас тартты. Ал «KAZ Standart» коллекторлық агенттігінің өкілі: «Біз банк пен борышкер арасында делдал сияқтымыз. Борышкерге қарызын қайтаруға уақыт және кесте қойып береміз. Банктен борышкердің қарызы қандай суммада келеді солай сақталады. Ешқандай пайыздық үстеме қосылмайды», – деп қысқа жауап қайтарды. Ары қарай сөзімнің соңын күтпестен телефон тұтқасын тастай салды. Қайта хабарласқанда байланыс аясынан тыс болды. Ал «Коллекторлық қызмет туралы» заң не дейді? Осы заңда коллектордың борышкерлерге сағат 8:00-ден 21:00ге дейін күніне үш реттен асырмай және тек жұмыс күндері (дүйсенбіден жұмаға дейін, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді қоспағанда) қоңырау соғуына рұқсат берілген. Сондай-ақ өндіріп алушылар дәстүрлі және электрондық пошта арқылы хат жіберіп, мессенджерде хабарлама қалдыра алады. Борышкердің коллекторлық агенттікке хабарласып, байланысудың белгілі күндері мен сағаттарын белгілеуге құқығы бар. Бұдан бөлек, коллектор борышкермен жасырын нөмір арқылы байланыса алады, бірақ өзін таныстыруға міндетті. Заңда оған телефонмен сөйлескенде және кездескенде аудио, бейне және фототіркеуді жүргізуге рұқсат етілген. Дәл осыны борышкер де жасауға құқылы, яғни барлық әңгімені жаза аласыз. Коллекторлар негізгі борыш бойынша берешек сомасын, несие берушінің алдында туындаған, есептелген сыйақы сомасын, айып санкцияларын ғана талап ете алады. Сондай-ақ, борышкердің ісі коллекторлық агенттіктің жұмысында болған кезеңде несие беруші сыйақы төлеуді талап ете алмайды, сонымен қатар, осы уақытта негізгі борышты және пайызды уақытылы өтемегені үшін айыппұл есептей алмайды.
Коллекторлық агенттіктің қызметкері борышкермен алғаш байланыс жасаған кезде танысуға, кредитордың атауын және коллекторлық агенттіктің байланыс деректерін, коллекторлық агенттіктердің тізіліміндегі есептік тіркеу нөмірін, берешек туралы ақпаратты хабарлауға міндетті. Коллектордың қоқан-лоқы көрсету, күш қолдану, мүлікті бүлдіру, қорлау, алаяқтық, жалған құжаттар жасау, бопсалау арқылы қысым көрсетуге құқығы жоқ. Коллектор несие берушіден қарыз бойынша талап ету құқығын сатып алса ғана борышкерді сотқа бере алады. Олай болмаса, мұндай құқық несие берушіге ғана тиесілі. Бірақ коллектор онымен жұмыс істеп жатқанда берешекті сот арқылы өндіруге тыйым салынған.
Сондай-ақ, коллектордың борышкерден берешекті ақшадан басқа өзге мүлікпен өтеуді талап етуге және ақшаны қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз тәсілмен қабылдауға құқығы жоқ. Борышкер төлемдерді несие берушінің шотына ғана жібереді. Егер коллекторлар тарапынан борышкердің құқығы бұзылса, Ұлттық банкке арыз-шағым жолдауға болады. Заңға сәйкес, коллекторлар борышкер туралы деректерді көпшілікке жария қылса 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді. Әрекетінде қылмыс белгілері болса, 2,5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ, борышкер, сіз де өз міндеттемелеріңіз туралы ұмытпаңыз. Сіз несиені саналы түрде алдыңыз. Ендеше, өзіңізге берілген міндеттемелерді адал түрде орындауыңыз қажет.
Кенже ТӨЛЕГЕНҰЛЫ:
– Екі жыл бұрын несие алған едім. Бір жыл бойы кешіктірмей төлеп тұрдым. Несие тарихым да жақсы. Алты ай бұрын жұмыстан қысқартылып қалдым. Соның кесірінен несиені төлеуге жағдайым болмады. Енді қарыз бойынша ісім коллекторлар қолына өтіп кетіпті. Алдында банктенмін деп бір адам хабарласып, қарызды төле деген. Кейін коллекторлық компанияданмын деп жиі хабарласатын болды. Оларға төлемеймін деп жатқан жоқпын. Тек уақыт берсе болғаны. Бірақ күнде хабарласып, дөрекі сөздермен ар-намысыма тиіп, атыңызда бар мүлікті тартып аламыз деп қорқытады. Тіпті енеме хабарласып «Сіз Кенже Төлегенұлының енесісіз бе? Күйеу балаңыз банкке қарыз» деп айтыпты. Мен оларға енемнің нөмерін берген емеспін. Қайдан тауып алғандарын білмеймін. Кеше тағы хабарласып, коллекторлық компаниядан сотқа өтеді деді. Сотқа өтсе, негізгі қарыздан бөлек, айыппұл мен сот орындаушысына да ақша төлейсіздер деген. Амалсыз коллекторға жалынып, ең болмағанда төменгі графикпен төлем уақытын жасап беруін сұрадым. Жасап берді. Оған да рақмет. Енді қорыққаннан жасатып алған төлем кестесін қалай төлеймін деп отырмын. Әлі жұмыс тапқан жоқпын.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ