«Бұл үйдің алды ғана емес, арты да құлап жатыр. Мұның қабырғаларын көріп, бойды үрей билейді», — дейді тұрғын.
Елордадағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Енді Байқоңыр ауданындағы 13 қабатты үйдің тұрындары баспанасыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Олар ғимарат құрылысымен айналысқан мекеме бірнеше жылдан бері жұмысын тоқтатқан деп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
200-ге жуық отбасы мекендейтін бұл тұрғын үйдің қабырғасы бұрыннан сыр беріп тұрған көрінеді. Осы уақыт аралығында ғимарат ешқандай жөндеу көрмеген. Тіпті, қабырғаның бір емес, бірнеше жерінен саңылау табуға болады.
«Бұл үйдің алды ғана емес, арты да құлап жатыр. Мұның қабырғаларын көріп, бойды үрей билейді. Неге десеңіз, балалар ойнайды, машиналар тұрады деген сияқты. Мынау енді жақсы емес», — дейді Әліби Балқожаев есімді тұрғын.
Жалпы, 2006 жылы салынған ғимараттың қабырғалары бұған дейін де шытынап, құлаған. Бүгін де солай опырылып түскен қабырғаның қалған кірпіштерін төтенше жағдай қызметкерлері құлатып жатыр. Олар әзірге тұрғындарды жазым болудан осылайша сақтамақ.
«Жақында үйдің арт жағы да, Жұбанов жағы да құлап, осындай қызыл лента қойып еді. Қазір ол да жоқ», — дейді келесі тұрғын Дәметкен Сағидоллақызы.
Сыны мен сыры кеткен үйдің қазіргі ахуалы осы. Тек бұл емес, шатырынан да су кетеді екен. «Жыртығын жамай алмай» жүрген халық жауаптылардан да көмек сұраған. Ал КСК мамандары «құрылыспен айналысқан мердігерлік компания қазір жұмыс істемейді, енді бар сенеріміз – әкімдік» деп отыр.
«Бұл үй бұрыннан бері апатты жағдайда. «Техно-импорт» серіктестігі салған. Бірақ, олардың банкротқа ұшырағанына біраз жыл болды. Сондықтан ешкімнен талап ете алмаймыз. Әкімдіктен көмек сұрап көреміз. Тұрғындар да қаражат жинауы керек. Қалай шешетініміз әлі белгісіз», — дейді ПИК басшысы Уалихан Асылқожанов.
Тұрғындардың бар үміті – әкімдік. Алайда, Байқоңыр ауданы әкімдігінің мамандары үйді қалпына келтіруге мемлекет тарапынан ешқандай көмек берілмейтінін жеткізді.
«Төтенше жағдай қызметкерлерімен бірігіп, бөлшектеу жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ. Енді техникалық тексеру жүргіземіз. Ғимараттың тозу дәрежесін анықтаған соң әрі қарай қандай шешім қабыладанатыны белгілі болады», — дейді Байқоңыр ауданы Тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Рүстем Әбдірашев.
Сонымен, тұрғын үйге қатысты қандай шара қабылданатыны әзірге белгісіз. Әкімдіктегілер де жөндеу жұмыстарына тұрғындардың өздері қаражат жинауы керек деп «желкесін қасып» отыр.