Судья әдебі — сот билігінің беделін айқындайтын маңызды өлшемдердің бірі. Судьяның кәсіби біліктілігімен қатар, оның адамгершілік қасиеті, мінез-құлқы, азаматтармен қарым-қатынасы және қызметтік жауапкершілігі де ерекше маңызға ие.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында судья заң талаптарын басшылыққа алып қана қоймай, әділдік, адалдық, бейтараптық және әдептілік қағидаларын қатаң сақтауы тиіс. Әрбір азамат сотқа жүгінген кезде өз құқығының қорғалатынына, ісінің заң талаптарына сәйкес қаралатынына сенім артуы қажет. Осы сенімді қалыптастыруда судьяның кәсіби ұстанымы мен жеке мәдениетінің орны ерекше.
Қазақстан Республикасы Судья әдебі кодексінде судьялардың кәсіби қызметіндегі және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына қойылатын талаптар айқындалған. Судья өз қызметінде заңдылық пен әділдікті басшылыққа алып, сот процесіне қатысушыларға құрметпен қарауға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
Сонымен қатар, судьяның әдеп нормаларын сақтауы тек сот отырысымен шектелмейді. Қызметтен тыс уақытта да оның әрбір әрекеті мен қоғамдық ортадағы мінез-құлқы судья мәртебесіне сай болуы қажет. Әсіресе, әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде жарияланатын ақпарат пен пікірлерге жауапкершілікпен қарау маңызды.
Судья әдебі — тек белгіленген талаптарды орындау ғана емес, сонымен қатар кәсіби ар-ождан мен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір судья өз қызметінде жоғары мәдениет танытып, сот билігіне деген қоғамдық сенімді нығайтуға үлес қосуы тиіс.
Қорыта айтқанда, судьяның абыройы мен сот жүйесінің беделі заң талаптарын мінсіз орындаумен қатар, әдептілік пен адамгершілік қасиеттерді ұстану арқылы қалыптасады. Сондықтан судья әдебін сақтау-сот төрелігінің сапасы мен қоғам сенімін қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы А. Аблаева


