Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — қоғамның ортақ міндеті

Сыбайлас жемқорлық — қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін, мемлекеттік басқару жүйесіне және азаматтардың заңға деген сеніміне нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Оған қарсы күрес жүргізу — тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстардың құқықтық негізі 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

Аталған заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары, оның ішінде заңдылық, жариялылық пен ашықтық, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану және құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы көзделген.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда құқықтық сауаттылық пен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қандай да бір заңсыз артықшылық алуға немесе беруге жол бермеуі қажет. Пара беру мен пара алу, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалану секілді әрекеттер заңмен тыйым салынған және тиісті жауаптылыққа әкеп соғады.

Мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалар өз міндеттерін атқару кезінде адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын ұстануы тиіс. Қызметтік міндеттерді орындауда заң талаптарын сақтау, азаматтардың өтініштеріне бейжай қарамау, қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.

Сот жүйесі үшін де заңдылық, тәуелсіздік, бейтараптық және әділдік қағидаттарын сақтау айрықша маңызды. Судья әрбір істі қарау барысында заң талаптарын басшылыққа алып, қандай да бір сыртқы ықпалға жол бермей, сот төрелігін жүзеге асыруда жоғары кәсіби жауапкершілік танытуы қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет отбасында, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық ортада қалыптасады. Сондықтан жас ұрпаққа адалдық пен әділдіктің мәнін түсіндіру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу — келешек үшін маңызды міндет.

Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі заң талаптарының орындалуымен қатар, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі мен адал ұстанымына байланысты. Заң үстемдік құрған, әділдік пен адалдықты бағалайтын қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады.

Б. Абубакирова, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы

«Бәрі бекер!»: Боқаев гранит тақталарды сәтсіз түсірген орындаушыларды балағаттады

Кезекті сот отырысының іс материалдарын зерттеу барысында Боқаевтың мобилографы...

Судья әдебі — сот беделінің негізі

Судья әдебі - сот билігінің беделін айқындайтын маңызды өлшемдердің...

Кассациялық сот – сот төрелігін жүзеге асырудағы маңызды кезең

Қазақстан Республикасының сот жүйесінде кассациялық сатының қызметі сот актілерінің...

Апостиль – ресми құжаттардың заңды күшін растау құралы

Қазіргі таңда азаматтардың шетелде білім алуы, еңбек етуі, сондай-ақ...