Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қызмет саласы. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі ең алдымен онда еңбек ететін қызметшілердің кәсібилігіне, жауапкершілігіне және құқықтық мәдениетіне байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын айқындау, олардың құқықтары мен міндеттерін нақты белгілеу – құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.
Мемлекеттік қызметшінің құқықтық жағдайы – оның мемлекеттік қызметте болуына байланысты туындайтын құқықтары, бостандықтары, міндеттері, жауапкершілігі, сондай-ақ заңнамада көзделген құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерінің жиынтығы. Бұл мәртебе мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы және мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын айқындап, оның қызметтік өкілеттіктерін жүзеге асыру шегін белгілейді.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет саласындағы құқықтық қатынастар 2026 жылғы 19 мамырдағы № 290-VIII «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңымен реттеледі. Аталған Заң мемлекеттік қызметтің қағидаттарын, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, жауапкершілігін, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату тәртібін айқындайды. Заңның 15-бабына сәйкес, азамат мемлекеттік лауазымға заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындалған немесе сайланған кезден бастап мемлекеттік қызметші мәртебесіне ие болады.
Мемлекеттік қызметшінің құқықтары оның қызметтік міндеттерін тиімді әрі заңды түрде орындауына қажетті жағдайлар жасауға бағытталған. Заңнамада мемлекеттік қызметшінің Конституция мен заңдарда кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды пайдалану, қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілу, еңбегінің қорғалуы, әлеуметтік және құқықтық қорғалуға ие болу құқықтары көзделген. Сонымен қатар ол өзіне жүктелген міндеттер мен өкілеттіктердің нақты айқындалуын, кәсіби даярлығын арттыруды және қызметтік мәселелер бойынша заңда белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізуді талап ете алады.
Құқықтармен қатар мемлекеттік қызметшіге бірқатар міндеттер жүктеледі. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, қызметтік тәртіпті ұстануға, өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді адал әрі кәсіби деңгейде орындауға, азаматтардың өтініштерін заңда белгіленген тәртіппен қарауға және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге тиіс. Мемлекеттік қызметші өз өкілеттігін жеке мүддесіне пайдаланбауы, қызметтік ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды мүлтіксіз сақтауы қажет.
Мемлекеттік қызметтің маңызды ерекшеліктерінің бірі – қызметшілерге қойылатын заңнамалық шектеулер. Мұндай шектеулер мемлекеттік аппараттың бейтараптығын, ашықтығын және қоғам алдындағы жауаптылығын қамтамасыз етуге арналған. Қызметтік өкілеттіктерді жеке немесе өзге де заңсыз мүдделер үшін пайдалану, мүдделер қақтығысына жол беру, қызметтік тәртіпті бұзу мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіреді. Осыған байланысты әрбір мемлекеттік қызметші заң талаптарын ғана емес, мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаларын да басшылыққа алуы керек.
Мемлекеттік қызметшінің құқықтық жағдайы оның жауапкершілігімен де тығыз байланысты. Қызметтік міндеттерді тиісінше орындамау немесе заң талаптарын бұзу заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік, әкімшілік, азаматтық-құқықтық не қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін. Бұл ретте жауаптылық нақты құқық бұзушылықтың сипатына, кінәнің нысанына және заңда белгіленген негіздерге сәйкес айқындалады. Жауаптылықтың болуы мемлекеттік қызметшіні заң шеңберінде әрекет етуге және қабылдаған шешімдері үшін есеп беруге міндеттейді.
Сот жүйесінде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы да осы жалпы талаптарға негізделеді. Сот әкімшілігі органдары мен соттардың аппараттарында еңбек ететін қызметшілер сот төрелігін жүзеге асыруға ұйымдастырушылық, ақпараттық және материалдық-техникалық жағынан жәрдемдеседі. Олардың кәсібилігі, бейтараптығы, қызметтік тәртібі және азаматтармен әдепті қарым-қатынасы сот жүйесінің жұмысына деген қоғамдық сенімді нығайтуға ықпал етеді. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер сот төрелігін жүзеге асыруға араласпай, өздерінің лауазымдық өкілеттіктері шегінде әрекет етуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мен олардың міндеттерін орындауына жағдай жасау – мемлекеттік органның да маңызды міндеті. Қызметтік өкілеттіктердің айқын бөлінуі, әділ бағалау, кәсіби даму мүмкіндігі, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктер қызметшінің ынтасын арттырады. Ал ашықтық, меритократия, заңдылық пен есептілік қағидаттарын сақтау мемлекеттік аппараттың тиімділігін көтереді.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы – мемлекеттік басқарудың сапасын, заңдылықты және азаматтардың мемлекетке деген сенімін қамтамасыз ететін негізгі құқықтық тетіктердің бірі. Мемлекеттік қызметші өз құқықтарын біле отырып, міндеттерін адал орындауға, заңдылық пен әдеп нормаларын сақтауға және қоғам мүддесіне қызмет етуге тиіс. Әрбір қызметшінің кәсібилігі мен жауапкершілігі мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, құқықтық мемлекеттің нығаюына үлес қосады.
Тараз қаласының мамандандырылған тергеу соты
әкімшісінің басшысы
Б. Нұрәлі


