Аула да ортақ мүлік: оның күтімі пәтер бағасына қалай әсер етеді?

Пәтер сатып алған кезде сіз үйдің ортақ мүлкінен де үлес аласыз. Оған кіреберіс, лифт, шатыр мен инженерлік желілер ғана емес, үй орналасқан жер телімі де кіреді. Яғни аула, балалар алаңы, көлік жүретін жолдар, абаттандыру нысандары мен жасыл желек те тұрғындардың ортақ меншігі саналады.

Ауланың жағдайы пәтердің нарықтағы бағасына қалай әсер етеді? Бұл туралы Tengri Нome басылымына арналған авторлық мақаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының сарапшылары Александр Разумовский мен Павел Шульгин түсіндірді.

Ортақ мүлікке иесіз дүниедей қарауға болмайды

Көпқабатты үйдің ауласы туралы сөз болғанда, тұрғындардың көбі ондағы жағдайды қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Балалар ойнайтын алаң болуы керек, көше шамдары жанып тұруы қажет, орындықтар бүтін болуға тиіс. Көгалдар уақытылы шабылып, қар тазаланып, ағаштар ретке келтірілуі керек. Алайда мұның бәріне кім жауапты екенін көпшілік біле бермейді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, аула – пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне ортақ мүлік. Яғни оның иесі әкімдік те, МИБ де, басқарушы компания немесе төраға да емес. Аула сол үйдегі меншік иелеріне тиесілі.

Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы түсіну қиын болғанымен, аса маңызды мәселелердің бірі. Тұрғындар ауланың таза болғанын қалайды. Бірақ кейде оған өздеріне қатысы жоқ бөтен аумақ сияқты қарайды.

Содан кейін ауланың неге күтімсіз қалғанына таңғалады. Ортақ мүлікке ешкімнің жауапкершілігі жоқ дүниедей қарасақ, оның жағдайын жақсарту да мүмкін емес.

Әркім үй алдындағы тұрақты өзіне тиесілі санайды

Көпқабатты үйлерде балалар алаңына қатысты дау жиі туындайды. Бірі жаңа ойын алаңын орнатуды талап етсе, екіншісі оған жұмсалатын қосымша шығынға қарсы болады. Ал кейбір тұрғындар ортақ дауыс беруге мүлде қатыспайды. Ақырында ешқандай шешім қабылданбай, мәселе сол күйі қалады.

Дәл осындай жағдайлар аула жарығын орнату, көгалдандыру, автотұрақ, бейнебақылау жүйесі мен абаттандыру мәселелерінде де кездеседі. Әркім әдемі, таза әрі қауіпсіз аулада тұрғысы келеді. Бірақ оны жасауға келгенде бәрі бірдей белсенділік танытпайды.

Тәжірибе тұрғындар ауланы өздерінің ортақ меншігі деп қабылдайтын үйлерде аумақ таза ұсталып, заманауи балалар алаңдары орнатылады, жарықтандыру жақсарып, қауіпсіздік деңгейі артатынын көрсетті. Ал ауланы бөтеннің мүлкіндей көретін жерлерде уақыт өте келе мәселе көбейіп, көршілер арасында түсініспеушілік пен дау туындайды.

Бұл әсіресе автотұрақ мәселесінен анық байқалады. Көршілер арасында көлік қоюға қатысты дау жиі болады. Әркім кіреберіске жақын, өзіне ыңғайлы орынды жеке меншігіндей көреді. Алайда аула – барша тұрғынға ортақ мүлік. Сондықтан оны қалай пайдалану керектігі жөніндегі шешім барлық меншік иесінің мүддесі ескеріле отырып, бірлесіп қабылдануы керек.

Цитата с изображением

Александр Разумовский

«Құқық аумағы» республикалық қоғамдық бақылау тобы кеңесінің төрағасы

Сондықтан бүгінде үйді басқарудың заманауи тәсілдерінде аула үйдің қосымша бөлігі ретінде емес, жайлы қалалық ортаның маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Ауланың жағдайы пәтер бағасына да әсер етеді

Қазір пәтердің құны оның ауданына ғана байланысты емес. Үй сатып алғысы келетіндер ауланың тазалығына, аумақтың қауіпсіздігіне, автотұрақтың бар-жоғына, жарықтандыруға, балалар алаңы мен жасыл желектің жай-күйіне де назар аударады. Сондықтан ауланың жағдайы жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағасына тікелей әсер етеді.

Үйдің айналасы қаншалықты жақсы күтілсе, оның сатып алушылар үшін тартымдылығы да соншалықты артады. Сол себепті ауланы абаттандыруға жұмсалған қаражатты жай шығын деп қарастыруға болмайды. Бұл – өз мүлкіңнің құнын арттыруға салынған инвестиция

Павел Шульгин

Басқарушы компаниялар республикалық қауымдастығы басқармасының төрағасы

Тағы бір маңызды жайт бар: жайлы қала ең алдымен әр үйдің ауласынан басталады. Мыңдаған аула бірігіп, ауданды құрайды. Ал аудандардан тұтас қала қалыптасады. Егер тұрғындар өз ауласының жағдайына бейжай қараса, бүкіл қаланың мінсіз болғанын талап ету де қиын.

Ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау үшін алдымен бір нәрсені түсінуіміз керек: аула үйдің жанындағы жай ғана бос кеңістік емес. Ол – өзімізге тиесілі ортақ мүлік. Демек, оны күтіп ұстау да, жағдайын жақсарту да – бәрімізге ортақ міндет. Мұны неғұрлым ертерек түсінсек, үйлеріміз бен аулаларымыз да, қаламыз да соғұрлым жайлы болмақ.

Жаңбыр, қар және көктайғақ: 16 қарашаға арналған ауа райы

Дүйсенбі, 16 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде күн райы негізінен...

Әлемдік нарықта алтын бағасы қайта өсті 

Айта кетейік, өткен аптада алтын бағасы 4,5 пайызға төмендеген....

Бакуде  «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты халықаралық көрме ашылды

Әзербайжанның Ұлттық тарих музейінде Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің...

Елімізде кейбір мемлекеттік награданы беру тәртібі өзгерді

Мемлекеттік ордендер тізіміне тарихи тұлғалардың есімімен аталған наградалар енгізілді.

Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен әйелге айыппұл салынды

Ақтауда мектеп басшысының әйелі тазалықшының шелегін теуіп, оны балағаттағаны үшін ұсақ бұзақылық жасаған деп танылды.