Ақтауда мектеп басшысының әйелі тазалықшының шелегін теуіп, оны балағаттағаны үшін ұсақ бұзақылық жасаған деп танылды. Сот оған 86 500 теңге айыппұл салды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға мектепте болған
Бұған дейін әлеуметтік желіде әйелдің еден жуушының шелегін теуіп жіберген видеосы тараған еді. Маңғыстау облысының білім басқармасы оқиғаның «Тұлпар» мектеп-лицейінде болғанын растады.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға қазан айында болған. Жәбірленуші тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде әйел шелекті аяғымен теуіп жіберген. Салдарынан шелек аударылып, ішіндегі су төгілген. Сонымен қатар ол еден жуушыны былапыт сөздермен қорлаған.

Әйел кінәсін мойындады
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындағанымен, балағат сөз айтқанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, ашуға беріліп, тек шелекті теуіп жіберген. Сот әйелдің әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалап, оны 86 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, «Тұлпар» және «Ақтау Зияткерлік мектебі» жекеменшік мектептерінің құрылтайшысы Халеф Челик видеодағы әйелдің өз жұбайы екенін растаған.


