Қазақстанда мемлекеттік награда мен құрметті атақ беру тәртібі өзгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қарашада тиіс заңға қол қойды. Құжатта орден мен медаль, құрметті атақ және кейбір марапат иелеріне берілетін ақшалай төлемдер қарастырылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазақстанда қандай жаңа награда пайда болды?
Мемлекеттік ордендер тізіміне тарихи тұлғалардың есімімен аталған наградалар енгізілді.
«Al-Farabi» ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани өмірдің дамуына ерекше үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетелдіктерге беріледі.
«Qoja Ahmet Yasaui» орденімен ағарту ісі, мәдениет, гуманитарлық және әлеуметтік салаларды дамытуға елеулі еңбек сіңірген отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері марапатталады.
Мемлекеттік медальдар тізімі «Шәмші Қалдаяқов» медалімен толықты.
Бұл медаль композиторларға, дирижерлерге, ән авторларына, дәстүрлі және эстрадалық музыка орындаушыларына беріледі. Музыка өнерінің дамуына зор үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер де марапаттала алады.
Суретшілерге жаңа құрметті атақ беріледі
Заңда «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы қарастырылған.
Оны суретшілер, мүсіншілер, кескіндемешілер, графиктер, зергерлер, дизайнерлер, реставраторлар және сәндік-қолданбалы өнер шеберлері ала алады.
Атақ монументалды және бейнелеу өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға да беріледі. Алайда үміткердің бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік наградасымен марапатталған болуы шарт.
Кімдерге ақшалай төлем беріледі?
Жаңа заңда кейбір құрметті атақ иелеріне мемлекеттік төлем беру тәртібі де көрсетілген.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған педагогтерге біржолғы ақшалай төлем қарастырылған. Оның мөлшері «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес белгіленеді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілген медицина қызметкерлеріне де біржолғы төлем беріледі. Оның көлемі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен айқындалады.
Ал «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағының иелері арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
Халық әртісі мен халық жазушысы атағын алу талаптары өзгерді
Заңда «Қазақстанның халық әртісі» және «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атақтарын беру шарттары нақтыланды.
«Қазақстанның халық әртісі» атағы театр, цирк, музыка және кино өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан қайраткерлерге беріледі.
Бірақ үміткер бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» немесе «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған болуы керек.
«Қазақстанның халық жазушысы» атағы отандық әдебиетті дамытуға ерекше еңбек сіңірген қаламгерлерге беріледі.
Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иелері және әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлық лауреаттары үміткер бола алады.
Қазақстандағы ең жоғары мемлекеттік наградалар қандай?
Заңға сәйкес, «Алтын Қыран» ордені – Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекше белгісі.
Ал «Халық қаһарманы» атағы ел алдындағы ерекше еңбегі, Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ерлігі үшін беріледі.
Бұл атаққа ие болған азаматтарға Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табысталады.
Құжатта Қазақстанның тұңғыш президенті өз мәртебесіне сәйкес «Халық қаһарманы» атағына ие екені туралы ереже бекітілген.
Кімдердің есімі Қазақстанның Даңқ кітабына жазылады?
Жоғары мемлекеттік наградаларға ие болған азаматтардың есімі Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына енгізіледі.
Олардың қатарында «Отан», I дәрежелі «Барыс», I дәрежелі «Даңқ», «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерінің иегерлері бар.
Ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен марапатталған азаматтар туралы мәліметтер де осы кітапқа жазылады.
Даңқ кітабының сипаттамасын, оны жүргізу және сақтау тәртібін Үкімет бекітеді.
Заң 2026 жылғы 11 қарашада қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.


