Балалардағы аутизм спектрінің бұзылыстарын диагностикалау, артық диагноз қою қаупі және басқа даму ерекшеліктерінен ажырату мәселелері туралы Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығының балалар мен жасөспірімдер бөлімшесінің дәрігер-психиатры Мулкия Махаммадқызы Султановамен сұхбаттастық.
Соңғы жылдары әлемде аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) диагнозы қойылған балалардың саны артып келеді. Сонымен қатар мамандар диагноздың дәлдігіне ерекше назар аудару қажеттігін айтады. Өйткені аутизмге тән кейбір белгілер жүйке жүйесі дамуының басқа да бұзылыстарында кездесуі мүмкін. Әсіресе АСБ-ны зияткерлік даму бұзылыстарынан, сөйлеу дамуының кешеуілдеуінен, назар тапшылығы мен гиперактивтілік синдромынан (НТГС), сондай-ақ кейбір неврологиялық және генетикалық аурулардан ажырату оңай емес.
Диагнозды жекелеген мінез-құлық белгілеріне қарап қоюға бола ма? Балаларды тексеру кезінде қандай қателіктер жиі кездеседі? Заманауи диагностикалық әдістердің маңызы қандай? Осы және өзге де сұрақтарға дәрігер-психиатр Мулкия Махаммадқызы Султанова жауап берді.
– Соңғы уақытта аутизм диагнозы қойылған балалар санының артуы жиі айтылып жүр. Бұл АСБ бұрынғыға қарағанда жиі анықтала бастады дегенді білдіре ме?
– Иә, расында да, аутизм спектрінің бұзылысы тіркелген жағдайлардың саны артып келеді. Алайда бұл көрсеткіштің өсуін бірден артық диагноз қоюмен байланыстыруға болмайды. Оған бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтқанда, ата-аналар мен мамандардың хабардар болуы, ерте диагностиканың дамуы, мамандандырылған көмектің қолжетімділігі және диагностикалық тәсілдердің жетілдірілуі.
Бұрын анықталмай немесе тиісті диагноз қойылмай қалған балалар бүгінде мамандардың тексеруінен өту мүмкіндігіне ие. Дегенмен диагностиканың кеңеюі әрбір қойылған диагноздың клиникалық тұрғыдан негізделуіне ерекше жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – жекелеген белгілерді ғана анықтау емес, олардың жиынтығы аутизм спектрінің бұзылысына тән диагностикалық өлшемдерге сәйкес келетін-келмейтінін бағалау.
– Қандай белгілерді ата-аналар мен мамандар аутизммен жиі шатастырады?
– Ата-аналар көбіне сөйлеудің болмауына немесе кеш шығуына, көзге тіке қарамауға, қайталанатын қимылдарға, құрдастарымен қарым-қатынас орнатудағы қиындықтарға, ойын әрекетінің ерекшеліктеріне назар аударады. Бұл белгілер аутизм кезінде кездескенімен, тек осы бұзылысқа ғана тән емес.
Мысалы, қайталанатын қимылдар зияткерлік даму бұзылыстары, кейбір генетикалық және неврологиялық аурулар кезінде де байқалуы мүмкін. Сөйлеудің шектеулі болуы да әртүрлі даму бұзылыстарымен байланысты болуы ықтимал.
Сондықтан баланың сөйлемеуіне, көзге қарамауына немесе қайталанатын қимылдар жасауына қарап қана аутизм диагнозын қоюға болмайды. Баланың жалпы даму ерекшеліктерін, өмірлік анамнезін және қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау сипатын кешенді түрде бағалау қажет.
– Аутизмді зияткерлік даму бұзылыстарынан ажырату диагностикадағы ең күрделі мәселелердің бірі саналады. Оның басты қиындығы неде?
– Бұл – балалар психиатриясындағы күрделі бағыттардың бірі. Зияткерлік дамуында бұзылыстары бар балаларда сөйлеу қабілетінің жеткіліксіз қалыптасуы, қарым-қатынас мүмкіндіктерінің шектелуі, ойын әрекетіндегі қиындықтар, әлеуметтік белсенділіктің төмендігі және мінез-құлық ерекшеліктері байқалуы мүмкін. Сырттай қарағанда, бұл белгілер аутизмге ұқсас болып көрінеді.
Мұндай жағдайда баланың әлеуметтік және коммуникативтік дағдылары жалпы даму деңгейіне қаншалықты сәйкес келетінін анықтау маңызды. Егер балада зияткерлік даму бұзылысы айқын болса, оның мүмкіндіктеріне қарай қандай дағдылардың қалыптасқанын және қандай ерекшеліктердің жалпы даму деңгейінен тыс екенін бағалауымыз керек.
Сонымен бірге зияткерлік даму бұзылыстары мен аутизм қатар кездесуі мүмкін екенін ескерген жөн. Бір диагноздың болуы екіншісін жоққа шығармайды. Сондықтан әр жағдай жеке бағалауды қажет етеді.
– Баланың ата-анасына эмоционалдық тұрғыдан жақын болуы немесе көзбен байланыс орнатуы аутизм диагнозын жоққа шығара ала ма?
– Жоқ. Бұл – жиі кездесетін қате түсініктердің бірі. Аутизм спектрінің бұзылысы бар балалар да ата-анасына бауыр басуы, олардың қолдауын іздеуі, көмек сұрауы, эмоциясын білдіруі және қарым-қатынасқа қажеттілік сезінуі мүмкін.
Диагностика кезінде тек байланыстың бар-жоғына емес, оның сапасына мән беріледі. Баланың әлеуметтік-эмоционалдық өзара әрекетке түсу қабілеті, қарым-қатынасты өздігінен бастау дағдысы, назарын және қызығушылығын басқа адаммен бөлісуі, ым-ишараны, мимиканы және басқа да коммуникация құралдарын қолдануы бағаланады.
Сондықтан эмоционалдық жақындықтың сақталуы немесе жекелеген әлеуметтік дағдылардың болуы АСБ диагнозын өздігінен жоққа шығармайды. Мұнда кешенді бағалау қажет.
– Аутизм спектрінің бұзылысын диагностикалауда қандай заманауи әдістер қолданылады?
– Халықаралық тәжірибеде диагностикалық үдерісті жүйелеуге арналған ADOS-2, ADI-R және CARS сияқты стандартталған әдістер қолданылады. Олар баланың мінез-құлқын, қарым-қатынас ерекшеліктерін және даму тарихын бағалауға көмектеседі.
Алайда бұл әдістердің ешқайсысы аутизм диагнозын өздігінен растай немесе жоққа шығара алмайды. Тіпті тест нәтижелері АСБ ықтималдығы жоғары екенін көрсеткен күннің өзінде, түпкілікті қорытынды кешенді клиникалық бағалау негізінде жасалуы тиіс.
Маман ата-анадан алынған мәліметтерді, баланың ерте даму тарихын, сөйлеу ерекшеліктерін, зияткерлік және бейімделу мүмкіндіктерін, мінез-құлқын бақылау нәтижелерін, сондай-ақ көрсетілімдер болған жағдайда қосымша тексерулердің қорытындыларын ескереді.
– Қате қойылған диагноз баланың болашақ дамуына қалай әсер етуі мүмкін?
– Ең алдымен, баланың негізгі мәселелеріне тиісті назар аударылмай қалу қаупі бар. Мысалы, егер балада зияткерлік даму бұзылыстары, сөйлеу бұзылыстары, НТГС немесе басқа да жағдайлар болса, оларды дер кезінде анықтап, тиісті көмек көрсету маңызды.
Сонымен қатар АСБ диагнозының расталмауы баланың қолдауға мұқтаж емес екенін білдірмейді. Дамуында әртүрлі ерекшеліктері бар балалар ұзақ мерзімді мамандандырылған сүйемелдеуді, түзету-дамыту сабақтарын және жеке білім беру тәсілін қажет етуі мүмкін.
Диагностиканың басты мақсаты – балаға белгілі бір диагноз қою ғана емес, оның нақты қажеттіліктерін түсініп, ең тиімді көмек көрсету жолдарын анықтау.
– Баласының дамуында немесе мінез-құлқында ерекшеліктер байқаған ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, интернеттегі ақпаратқа сүйеніп, өз бетінше диагноз қоюға немесе баласын басқа балалармен салыстыруға болмайды. Әр баланың даму қарқыны мен ерекшелігі әртүрлі. Кез келген ерекшелік міндетті түрде қандай да бір бұзылыстың белгісі бола бермейді.
Егер ата-ана баласының сөйлеуінің кешеуілдеуін, қарым-қатынас орнатудағы қиындықтарды, ортақ назардың болмауын, қайталанатын қимылдарды немесе басқа да алаңдатарлық белгілерді байқаса, мамандарға уақытылы жүгінгені дұрыс.
Баланың даму ерекшеліктеріне кәсіби баға неғұрлым ерте берілсе, оның қажеттіліктерін анықтап, қажет болған жағдайда тиісті көмекті ұйымдастыру соғұрлым жеңіл болады.
– Әңгімеміздің соңында ата-аналарға айтар басты ойыңыз қандай?
– Диагностикадан қорқудың қажеті жоқ, бірақ оның дәл әрі негізді болғаны маңызды. Аутизм – бір ғана симптоммен немесе тест нәтижесімен анықталатын жағдай емес, жүйке жүйесі дамуының күрделі бұзылысы.
Әр балаға мұқият әрі жеке көзқарас қажет. Мамандардың міндеті – баладан тек диагнозды ғана емес, оның өзін, мүмкіндіктерін, даму ерекшеліктері мен қажеттіліктерін көре білу. Дәл осындай тәсіл дұрыс қолдау стратегиясын таңдауға және балаға қажетті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.


