Абай облысы бойынша №21 мекемеде Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі — Республика күніне орай сотталғандар арасында патриоттық тәрбиеге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізілді.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Еліміздің болашағы — сенсің: сенің өмірің маңызды» тақырыбында эссе жазу байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты — адам өмірінің құндылығын дәріптеу, әрбір азаматтың қоғамдағы орнын түсіндіру және психологиялық саулықтың маңыздылығын ұғындыру.

Сонымен қатар, «Менің елім — Қазақстан Республикасы» тақырыбында суреттер мен плакаттар байқауы өткізілді. Байқау сотталғандардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталды.
Іс-шара барысында сотталғандар өз шығармашылық жұмыстары арқылы Қазақстанға деген құрметін, ел болашағына деген көзқарасын және бейбіт өмірге ұмтылысын білдірді.
Сотталғандар арасында тәрбие, әлеуметтік және психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Д.Қ. Бугилбаев мұндай тәрбиелік іс-шаралардың маңызына тоқталып, патриотизмді қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту — тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінуі, заңды құрметтеуі және қоғамға адал қызмет етуге ұмтылуы маңызды екенін жеткізді.
Отанға деген сүйіспеншілік — туған жерді құрметтеуден, заңды сақтаудан және ел болашағына жауапкершілікпен қараудан басталады. Осындай тәрбиелік іс-шаралар сотталғандардың азаматтық ұстанымын нығайтып, қоғамға қайта бейімделуіне және болашақта заңға бағынатын, ел игілігіне үлес қосатын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.


