Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде Қазақстан Республикасының Республика күніне орай сотталғандар арасында мерекелік іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралардың басты мақсаты – сотталғандардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ел тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Мерекелік бағдарламаның басты бөліктерінің бірі – концерттік қойылым болды. Сотталғандар жанды дауыста ән орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілік, Отан, тәуелсіздік және Қазақстанның жарқын болашағы тақырыптарында арнайы өлеңдер оқылып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Мереке аясында сотталғандар Республика күніне арналған тақырыптық плакаттар дайындады. Шығармашылық жұмыстарда мемлекеттік рәміздер, туған өлкенің әсемдігі, ұлттық құндылықтар мен тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері бейнеленді.
Әділет майоры Даурен Бугилбаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Олар сотталғандардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, патриоттық сезімдерін нығайтуға, ел тарихы мен мәдениетіне деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Өткізілген іс-шаралар мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, сотталғандардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға ынталандыруға бағытталды.
Республика күні – Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің, халық бірлігі мен ынтымағының символы. Бұл мереке әрбір азаматқа туған жерін құрметтеудің, ұлттық құндылықтарды сақтаудың және ел болашағына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын еске салады.


