Бүгінгі таңда Сыр өңірінде, соның ішінде Қызылорда қаласында автокөлік құралдарының саны жыл санап артып келеді. Бұл – аймағымыздың экономикалық әлеуеті мен тұрғындардың әл-ауқатының артқанының белгісі болғанымен, екінші жағынан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін бірінші орынға шығарып отыр. Жолдағы тәртіп — әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығына, қоғамның тыныштығына тікелей әсер ететін фактор. Осы ретте, заң бұзушылықтардың алдын алуда және құқықтық мәдениетті қалыптастыруда Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының рөлі өте орасан зор.
Әкімшілік сотта қаралатын істердің ішінде қоғам үшін ең қауіптісі де, әлеуетті салдары ауыр болатыны да — Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы. Бұл бап жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруын айқындайды. Өкінішке орай, «ішімдік ішіп алып, рульге отыру ештеңе етпейді, ұсталмаймын» деген жаңсақ әрі тым жеңілтек түсініктен арыла алмай, өзгенің де, өзінің де өмірін қатерге тігетін азаматтар біздің қоғамда әлі де кездеседі. Нақты ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда біздің соттың өндірісіне осы 608-бап бойынша 312 іс түсіп, заң шеңберінде мұқият қаралды. Бұл – жай ғана құрғақ цифрлар емес, бұл жол үстіндегі жүздеген потенциалды апаттардың алдын алу, қаншама адамның өмірін арашалап қалу деген сөз.
Мемлекет тарапынан бұл бағыттағы заңнама талаптары уақыт өткен сайын қатаңдатылып келеді. Бүгінгі заң бойынша, бірінші рет мас күйінде көлік тізгіндеген адам ешқандай жеңілдіксіз немесе ескертусіз 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал егер бұл әрекетті жүргізуші куәлігі жоқ немесе бұрын заң бұзғаны үшін құқығынан айырылған тұлға қайталап жасаса, оған 20 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамау жазасы қолданылады. Мұндай қатаң шаралардың мақсаты — заң бұзушыны тек жазалап қана қою емес, қоғамда «құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидасын орнықтыру.
Сот әкімшілігінің басқару буыны ретінде біздің басты міндетіміз — сот төрелігінің сапалы, ашық және қолжетімді болуын ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігінің құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, сот жүйесі толықтай заманауи цифрлық форматқа көшті. Мемлекеттік органдармен, соның ішінде ішкі істер департаментімен интеграцияланған «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы жол ережесін бұзуға қатысты электронды хаттамалар сотқа секунд ішінде түседі.
Бұл бағытта сот залдарын жаңа үлгідегі аудио-бейнежазба жүйелерімен жабдықтау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Цифрландырудың арқасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері толықтай жойылды, себебі сот отырысының барысын өзгерту немесе істі созбалаңға салу мүмкін емес. Сонымен қатар, қашықтан қатысу (онлайн сот) мүмкіндігі азаматтардың уақытын үнемдеп, сот билігінің ашықтығын арттыра түсті.
Алайда, ең oзық технологиялар, мінсіз ұйымдастырылған сот жұмысы және ең қатаң заңдар да жүргізушінің ішкі мәдениеті мен жеке жауапкершілігін толық алмастыра алмайды. Көлікті мас күйде басқару – бұл тек әкімшілік айып емес, бұл қылмысқа жасалған алғашқы қадам. Көлік руліне отырған әрбір азамат өзінің ғана емес, жолда жүрген жаяу жүргіншінің, бейбіт тұрғынның, мектепке бара жатқан жас баланың өміріне жауапты екенін терең түсінуі тиіс.
Қорыта айтқанда, жол ережесін сақтау — әрбір саналы азаматтың парызы. Тәртіп бар жерде қауіпсіздік бар, ал қауіпсіздік бар жерде берекелі өмір бар. Ал біздің сот әкімшілігі алдағы уақытта да Қызылорда қаласында заң үстемдігі мен әділдіктің салтанат құруына, сот өндірісінің мінсіз жүруіне аянбай қызмет ете береді.
Қайып Раушангүл Серікқызы
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әкімшісі басшысының орынбасары


