Қазіргі таңда азаматтардың банктер, микроқаржы ұйымдары және өзге де кредиторлар алдындағы берешегі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға заңнамада өздерінің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін арнайы рәсім қарастырылған.
Алайда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін азаматты қарыздан жай ғана босатудың тетігі ретінде қабылдауға болмайды. Оның негізгі мақсаты – борышкердің қаржылық жағдайын тұрақтандырып, кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындауға нақты мүмкіндік жасау.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңында азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға жүгінуіне негіз болатын жағдайлар белгіленген.
Олардың бірі – азаматтың тұрақты табысының болуы.
Сот тәжірибесінде кейде мынадай жағдайлар кездеседі: азаматтың бірнеше кредитор алдында қомақты берешегі бар, ал ай сайынғы кредиттік төлемдерінің мөлшері оның табысынан асып кетеді.
Мысалы, азаматтың бес кредитор алдындағы жалпы берешегі 17 000 0000 теңгені құрайды. Оның ай сайынғы төлемдері – 550 000 теңге, ал тұрақты айлық табысы – 520 000 теңге.
Яғни азаматтың ай сайынғы табысы кредиттік міндеттемелерін толық орындауға жеткіліксіз. Мұндай жағдайда оның бұрынғы кесте бойынша төлемдерді жалғастыруы объективті түрде қиын.
Дегенмен сот үшін мәселе тек табыс пен ай сайынғы төлемнің арақатынасымен шектелмейді.
Борышкердің мүліктік жағдайы, берешектің қалыптасу себептері, кредит қаражатының қандай мақсатқа жұмсалғаны, басқа активтердің болуы және ең бастысы – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының нақты орындалу мүмкіндігі жан-жақты бағалануы тиіс.
Тәжірибеде борышкердің меншігінде бірнеше жылжымайтын мүлік болған жағдайлар да кездеседі.
Мысалы, жоғарыда көрсетілген азаматтың меншігінде жалпы құны шамамен 10 000 000 теңге болатын екі пәтер бар делік. Оның үстіне екі пәтер де кепілде тұрмайды.
Бұл мән-жай сот үшін маңызды. Себебі борышкердің бір жағынан 17 млн теңге көлемінде берешегі болса, екінші жағынан кредиторлардың талаптарын өтеуге пайдаланылуы мүмкін елеулі активтері бар.
Алайда екі пәтердің болуы өздігінен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданудан бас тартуға негіз болмауы тиіс.
Заңда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарына борышкер мүлкінің бір бөлігін өткізу, мүлікті жалға беру, тұрғын үйді құны төмен тұрғын үйге айырбастау немесе тұрғын үйді өткізіп, кейіннен құны төмен тұрғын үй сатып алу сияқты шараларды енгізу мүмкіндігі көзделген.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінің негізінде нақты экономикалық есепке құрылған жоспар жатуы қажет.
Егер азаматтың ай сайынғы табысы 520 000 теңге болып, ал кредиттік төлемдері 550 000 теңгені құраса, тек кредиттік төлемдердің мөлшерін азайтуды көрсету жеткіліксіз.
Жоспарда:
берешек қандай мерзімде өтелетіні;
кредиторлардың талаптары қандай тәртіппен қанағаттандырылатыны;
борышкердің ай сайынғы нақты мүмкіндігі қандай екені;
мүліктің қандай бөлігі пайдаланылатыны;
қажет болған жағдайда қандай мүлік өткізілетіні;
қалған берешек қандай қаражат есебінен өтелетіні нақты көрсетілуі қажет.
Яғни жоспар қағаз жүзінде ғана емес, экономикалық тұрғыдан орындалатын болуы тиіс.
Сот тәжірибесінде тағы бір маңызды мәселе – кредит қаражатының нақты қандай мақсатқа жұмсалғанын анықтау.
Мысалы, азамат бұрынғы кредиттерін қайта қаржыландыру мақсатында жаңа кредит алады. Алайда кейіннен жаңа кредит бойынша алынған қаражаттың бұрынғы қарыздарды өтеуге емес, басқа мақсаттарға, соның ішінде пәтер жөндеуге жұмсалғаны анықталуы мүмкін.
Мұндай жағдайда сот:
кредит қандай мақсатпен алынғанын;
қандай кредиттерді қайта қаржыландыру жоспарланғанын;
сол кредиттер іс жүзінде өтелді ме;
алынған ақша қандай шотқа түсті;
кейін қандай төлемдер жүргізілді;
жөндеуге қанша қаражат жұмсалды;
жөндеу қашан жүргізілді;
қаражаттың басқа қандай мақсаттарға жұмсалғанын анықтауы қажет.
Әрине, кредит қаражатының жөндеуге жұмсалуы өздігінен азаматты жосықсыз борышкер деп тануға негіз болмайды. Бірақ мұндай әрекеттердің азаматтың кейінгі қаржылық жағдайына қалай әсер еткені ескерілуі тиіс.
Сот тәжірибесінде ерекше назар аударуды қажет ететін тағы бір жағдай кездеседі. Борышкердің банк шоттарындағы ақша қозғалысын зерттеу барысында оның букмекерлік компанияларға жүйелі түрде ақша аударғаны анықталуы мүмкін. Мұндай жағдай да автоматты түрде азаматтың жосықсыз әрекет жасағанын білдірмейді. Алайда азаматтың елеулі кредиттік берешегі бола тұра, жаңа кредиттер алып, қарыздарын ұлғайта отырып, алынған қаражаттың бір бөлігін букмекерлік компанияларға аударуы – сот үшін мән-жайларды жан-жақты зерттеуді талап ететін жағдай.
Мысалы, азаматтың бұрыннан берешегі қалыптасқан, кредиттік төлемдерді уақытылы орындау қиындаған, соған қарамастан ол жаңа қарыздар рәсімдеп, кейіннен осы қаражатты букмекерлік компанияларға жүйелі түрде аударған болса, оның төлем қабілетсіздігінің себептерін анықтау қажет.
Бұл ретте сот азаматтың моральдық қасиетіне баға бермеуі тиіс. Соттың міндеті – нақты қаржылық жағдай мен оның пайда болу себептерін анықтау.
Осыған байланысты:
букмекерлік компанияларға қанша қаражат аударылғаны;
аударымдар бір реттік немесе жүйелі сипатта болғаны;
аударымдар кредит алғанға дейін немесе кейін жасалғаны;
жаңа кредиттер есебінен ақша аударылғаны;
мұндай шығындардың азаматтың жалпы табысымен арақатынасы;
осы кезеңде кредиттік міндеттемелердің орындалғаны немесе орындалмағаны зерттелуі мүмкін.
Егер азамат өзінің қаржылық жағдайының нашарлағанын біле тұра, қарыз жүктемесін одан әрі арттырып, қаражатты кредиторлардың талаптарын орындауға емес, өзге мақсаттарға жүйелі түрде жұмсаған болса, бұл мән-жайлар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін бағалау кезінде ескерілуі тиіс.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тек борышкердің мүддесін қорғауға бағытталған рәсім емес. Мұнда екі тараптың да мүддесі ескеріледі.
Бір жағынан, адал азаматқа қаржылық қиындықтан шығуға, табысын сақтауға және міндеттемелерін орындауды жалғастыруға мүмкіндік беріледі.
Екінші жағынан, кредиторлардың да заңды талаптары бар және олар өз қаражатын қайтаруға құқылы.
Сондықтан төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі кредиторлар алдындағы міндеттемелерден жалтарудың құралына айналмауы тиіс.
Борышкер өзінің барлық мүлкі, табысы, міндеттемелері және қаржылық операциялары туралы шынайы ақпарат беруге міндетті.
Әрбір іс жеке қарауды талап етеді. Бір азаматтың жағдайын екінші азаматтың жағдайымен толықтай салыстыруға болмайды. Бір адамның тұрақты табысы мен қомақты мүлкі болуы мүмкін, бірақ кредиттік жүктемесі оның нақты қаржылық мүмкіндігінен асып кетуі ықтимал. Екінші азаматтың табысы аз болғанымен, берешегін қайта құрылымдау арқылы оны өтеуге нақты мүмкіндігі болуы мүмкін.
Сондықтан сот әрбір жағдайда борышкердің: табысына, мүліктік жағдайына, берешек көлеміне, кредиттік міндеттемелердің пайда болу себептеріне, ақша қаражатының қозғалысына және ұсынылған жоспардың орындалу мүмкіндігіне жан-жақты баға беруі қажет.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру – азаматқа берілетін мүмкіндік. Бірақ бұл мүмкіндік кредиторлардың заңды мүдделерін елемеу есебінен жүзеге аспауы тиіс.
Егер азаматтың тұрақты табысы бар және оның берешегін нақты жоспар арқылы өтеуге мүмкіндігі болса, заң оған қаржылық жағдайын қалпына келтіруге жол береді. Ал мұндай рәсімнің нәтижелі болуы үшін борышкер тарапынан адалдық, ашықтық және өз міндеттемелерін орындауға деген нақты ниет болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің басты мақсаты – борышкерді қарыздан жай ғана босату емес, оның қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіріп, кредиторлардың да заңды талаптарының мүмкіндігінше орындалуын қамтамасыз ету.
Ақтөбе облысы, Мұғалжар аудандық сотының төрағасы
Арыстан Шағбанұлы Жәмиев


