Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өткен ХХ Азия ойындарында ел намысын қорғаған Қазақ спорт және туризм академиясының студент-спортшыларына Академияда құрмет көрсетілді.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен ХХ Азия ойындарына Азияның 45 елі мен аймағынан спортшылар қатысып, құрлықтың ең ірі спорт додасында бақ сынады.
Ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген спортшыларға тұрақты қолдау көрсету – Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Қайруллаұлы Закирьяновтың басты назарындағы бағыттардың бірі.
Азиада-2026 додасында ҚазСТА студенттері жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль қосты.
Солардың қатарында таеквондошы Тамирлан Тілеулес пен семсерлесуші Кирилл Проходов Азия ойындарының чемпионы атанды. Тамирлан Тілеулес таеквондодан тарихи жеңіске жетсе, Кирилл Проходов семсерлесуден Қазақстан құрамасының сапында алтын медаль иеленді.
Ал Алижан Аблагатов ушу-саньдадан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Оның бұл медалі Қазақстан үшін аталған спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы жүлде болды.
Академия Президенті Қайрат Қайруллаұлы Закирьянов студент-спортшылардың жетістігін жоғары бағалап, Тамирлан Тілеулес пен Алижан Аблагатовқа ректор грантын табыстады. Бұған дейін ақылы бөлімде білім алып келген қос спортшы енді оқуын тегін жалғастырады.
Бұл шешім – ҚазСТА-ның спорттағы жетістікті біліммен ұштастыруға, талантты жастарды қолдауға және олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға бағытталған нақты қадамы.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – қазақ боксының даңқты өкілі, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың Академияға арнайы келуі болды.
Серік Қонақбаевқа Қазақ спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры атағы берілді. Сондай-ақ оған Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің жоғары ордені Геннадий Головкиннің ұсынысымен табысталды.
Қазақ боксының аңыз тұлғасының Академияға келуі жас спортшылар үшін үлкен мотивация болды. Саналы ғұмырын спортқа арнаған, талай биікті бағындырған Серік Қонақбаевтың өнегелі жолы – бүгінгі студенттер үшін табандылық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Салтанатты шара барысында джиу-джитсудан Азия ойындарының қола жүлдегері Жібек Құлымбетоваға да алғыс хат табысталды.
ҚазСТА үшін чемпиондарды ұлықтау – тек жеңісті атап өту емес, жас ұрпаққа үлгі көрсету, олардың үлкен спорттағы жолына қолдау білдіру. Бүгінгі жеңістер – студент-спортшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі болса, Академия тарапынан көрсетілген қолдау олардың алдағы биіктеріне берілген сенімнің белгісі.


