Сот актілерінің орындалуы — сот төрелігінің түпкілікті нәтижесін айқындайтын маңызды кезең. Сот шешімінің заңды күшіне енуі өздігінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің толық қорғалғанын білдірмейді. Оның нақты орындалуы ғана қабылданған шешімнің құқықтық салдарын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады. Сондықтан сот шешімдерін орындамау заң талаптарын елемеумен қатар, сот билігінің беделіне және қоғамның әділ сот төрелігіне деген сеніміне кері әсер етеді.
Сот актілерінің орындалмауы әртүрлі себептерге байланысты орын алуы мүмкін. Атап айтқанда, сот шешімінде көрсетілген міндеттерді уақытылы орындамау, орындау мерзімдерін негізсіз созу немесе сот актісінің талаптарын тиісті деңгейде жүзеге асырмау оның орындалуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайлар азаматтардың құқықтарының қалпына келуін кешеуілдетіп, заңды мүдделерінің қорғалуына нұқсан келтіреді.
Әсіресе әкімшілік істер бойынша қабылданған сот актілерінің орындалуы маңызды. Себебі мұндай шешімдер мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заң талаптарын сақтауына, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқару саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталады. Сот шешімдерін орындау міндетін тиісінше атқармау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.
Осыған байланысты сот актілерінің орындалуына жауапты органдар мен тұлғалар қабылданған шешімдердің талаптарын белгіленген мерзімде әрі толық орындауға міндетті. Сонымен қатар сот актілерінің орындалу барысына тиісті бақылау жүргізу және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету де маңызды.
Сот шешімін орындау — тек заңда белгіленген міндетті атқару емес, сонымен бірге заңға құрметпен қараудың көрінісі. Әрбір сот актісінің орындалуы заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттырады. Ал сот шешімдерінің орындалмауы заңдылық қағидаттарына нұқсан келтіріп, құқықтық тәртіптің әлсіреуіне себеп болуы мүмкін.
Сот актілерінің міндетті түрде орындалуы — құқықтық мемлекеттің негізгі талаптарының бірі. Заң үстемдігі сот шешімін қабылдаумен ғана емес, оның нақты орындалуымен де қамтамасыз етіледі.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төраға міндетін атқарушы Е.Кутыбаев


