Қарттар күні мен Ұстаздар күніне арналған тағылымды шаралар
Қазан айы – ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орны бар қос мерекені тоғыстыратын ерекше кезең. Бұл айда өмір жолынан мол тәжірибе жинақтаған аға буынға құрмет көрсетілсе, саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған ұстаздар еңбегі де дәріптеледі. Екі мерекені байланыстыратын ортақ құндылық – үлкенді сыйлау, еңбекті бағалау және өнегені кейінгі буынға жеткізу.
Осы мақсатта №196 жалпы білім беретін мектепте Қарттар күні мен Ұстаздар күніне орай тағылымды кездесулер мен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Шаралардың басты мақсаты – оқушылардың бойына ізеттілік, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, ұрпақтар сабақтастығының маңызын ұғындыру.
30 қыркүйек күні 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай мектепте «Ғибратты ғұмыр иелері» атты тағылымды кездесу өтті. Іс-шараны 7 «В», 7 «Ғ», 8 «Б», 8 «Ә», 6 «Ғ» сынып оқушылары мен сынып жетекшілері ұйымдастырды. Кездесуге өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ардақты жандар шақырылып, олар еңбек жолы, өмірлік тәжірибесі мен ұстанымдары туралы оқушылармен ой бөлісті.
Оқушылар қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ақыл-кеңестерін тыңдады. Өз кезегінде жүрекжарды тілектерін білдіріп, ән айтып, өлең оқып, өнерлерін ортаға салды. Жүздесу үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты нығайтып, балаларға өмірдің өзінен алынған тағылымды сабақ болды.

Қарттарға құрмет көрсету мектеп қабырғасындағы кездесумен ғана шектелмеді. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай 3 «Ә» сынып оқушылары сынып жетекшісімен бірге Абаева Шаретхан апамыздың шаңырағына арнайы барып, мерекесімен құттықтады. Балалар жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады. Өз кезегінде Шаретхан апа ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.

Сондай-ақ 5 «Ә» сынып оқушылары 85 жастағы Зульярова Гулий апамыздың шаңырағына барып, Қарттар күнімен құттықтады. Кездесу барысында оқушылар қарияның батасын алып, өмірлік тәжірибесі мен тағылымды әңгімелерін тыңдады. Бұл жүздесу үлкенді сыйлау, қартты құрметтеу, мейірімділік пен қамқорлықтың маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» демекші, қарттарды ардақтау – халқымыздың асыл дәстүрі. Қарияның батасын алу, ақылын тыңдау – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды құндылық. Осындай ізгі кездесулер балалардың бойына адамгершілік пен мейірімділік қасиеттерін қалыптастырады.

Ал Ұстаздар күніне орай мектепте «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кеш ұстаз еңбегін дәріптеп, мұғалімдерге деген оқушылардың құрметі мен алғысын білдіруге арналды. Сахна төрінде оқушылар мен музыка мұғалімдері ән айтып, күй тартып, хор орындап, би биледі. Бағдарламада «Ұстаздарға тағзым» әні, «Ерке сылқым» күйі, «Ұстазым» хоры және «Құдаша» биі ұсынылды. Мектеп мұғалімдерінің орындауындағы «Білім орда» хоры да кештің сәнін келтірді.
Мерекелік кеш барысында оқушылар ұстаздарға арналған өлеңдерін оқып, олардың шәкірт өміріндегі ерекше орнын атап өтті. Ұстаз білім беріп қана қоймай, әр баланың бойындағы жақсы қасиеттерді қалыптастырып, дұрыс бағыт көрсетіп, қиын сәтте қолдау білдіреді. Оқушылардың жүрекжарды сөздері мұғалім еңбегіне деген шынайы құрметін көрсетті.
Концертте мектеп директоры Бәтен Рүстенбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздық қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталды. Шараға ата-ана Оруджова Севинч Нуруевна, «ATA YURD – NOMAD» Әзербайжан этномәдени республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар оқушылар дайындаған көңілді көріністер көрсетіліп, ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен ойындар ұйымдастырылды.

Ән мен жыр, әзіл мен өнер тоғысқан мерекелік кеш ұстаздарға деген құрмет пен алғыстың жарқын көрінісіне айналды. Шара соңында ұстаздарға алғыс айтылып, «Ұстаздар күні құтты болсын!» деген ізгі тілекпен қорытындыланды.
«Ғибратты ғұмыр иелері» атты кездесу, қариялардың шаңырағына жасалған ізгі сапарлар және «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет!» атты концерт мазмұны жағынан бір арнада тоғысады. Қарттардың өмірлік тәжірибесі мен ұстаздардың кәсіби өнегесі – жас ұрпақ үшін баға жетпес тәрбие мектебі. Қариялар өткеннің өнегесін жеткізсе, ұстаздар сол өнегені бойына сіңіріп, болашаққа қадам басатын ұрпаққа бағыт-бағдар береді.
Осындай тағылымды кездесулер мен мерекелік шаралар арқылы оқушылар үлкенді құрметтеуді, еңбекті бағалауды, ізеттілік пен мейірімділікті үйренеді. Өйткені үлкенге көрсетілген құрмет – өткенге тағзым болса, ұстазға көрсетілген құрмет – болашаққа деген құрмет. Осы құндылықтарды жас буынның бойына сіңіру – баршамызға ортақ міндет.
Автор: Куссакова Жанат Миралиевна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
№196 жалпы білім беретін мектеп


