Қазіргі таңда қоғамның экономикалық және әлеуметтік өмірінде цифрлық технологиялардың кеңінен дамуы азаматтарға көптеген мүмкіндіктер бергенімен, оның көлеңкелі тұстары да бар. Соның бірі – алаяқтық қылмыстарының жаңа тәсілдер арқылы жасалуы. Интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді, мобильді қосымшаларды және электрондық төлем жүйелерін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің көбеюі құқық қорғау органдары мен соттардың алдына жаңа міндеттер қойып отыр.
Алаяқтық – бөтеннің мүлкін немесе мүлікке құқықты алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен иемденуге бағытталған қылмыстық құқық бұзушылық. Оның ерекшелігі – қылмыскер жәбірленушінің мүлкін жасырын түрде ғана иемденіп қоймайды, көбінесе жәбірленушіні белгілі бір әрекет жасауға саналы түрде иландырып, оның сенімін пайдаланады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде алаяқтық үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл санаттағы істерді қарау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік және субъективтік белгілерін дұрыс айқындау, азаматтық-құқықтық қатынастар мен қылмыстық әрекеттің аражігін ажырату, келтірілген залалдың мөлшерін белгілеу сияқты бірқатар мәселелер туындайды.
Алаяқтықтың қоғамдық қауіптілігі оның тек жәбірленушіге материалдық залал келтіруімен шектелмейді. Мұндай әрекеттер азаматтардың бір-біріне деген сеніміне, кәсіпкерлік ортаға және жалпы экономикалық қатынастардың тұрақтылығына кері әсер етеді.
Қылмыскерлер алаяқтық жасаудың дәстүрлі тәсілдерімен қатар, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін де белсенді пайдаланады. Мәселен, әлеуметтік желілерде жалған хабарландырулар орналастыру, интернет-дүкендердің жалған парақшаларын ашу, банк қызметкерлері ретінде танысу, инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсыну, тиімді несие алып беруге уәде ету, жалған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру сияқты тәсілдер кең таралған.
Сондықтан алаяқтықпен күрес тек қылмыскерді анықтап, жауаптылыққа тартумен шектелмеуі тиіс. Оның алдын алу, азаматтардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, қаржы операцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Алаяқтық істері бойынша ең маңызды мәселелердің бірі – әрекетті дұрыс саралау. Қылмыстық құқық бұзушылықтың нақты белгілерін анықтау үшін сот әрбір істің мән-жайын жан-жақты зерттеуге тиіс.
Атап айтқанда, адамның бөтен мүлікті иемдену ниеті қашан пайда болғанын анықтау маңызды. Себебі кейбір жағдайларда азаматтардың арасында шарттық немесе өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар қалыптасып, кейіннен міндеттемелер орындалмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайдың барлығы бірдей алаяқтық ретінде бағаланбайды.
Егер тұлға қандай да бір мүлікті немесе ақшалай қаражатты алған кезде өз міндеттемесін орындауға нақты ниеті болған болса, бірақ кейін объективті себептермен оны орындай алмаса, бұл жағдайдың өзі қылмыстық ниетті автоматты түрде білдірмейді. Ал егер мүлікті иелену мақсаты бастапқы кезден-ақ алдау жолымен жүзеге асырылғаны дәлелденсе, онда мәселе қылмыстық жауаптылық тұрғысынан қаралады.
Осыған байланысты соттар әрбір іс бойынша адамның бастапқы ниетін, жәбірленушімен қарым-қатынасын, ақшаны немесе мүлікті алу тәсілін, алғаннан кейінгі әрекеттерін және басқа да дәлелдемелерді мұқият бағалауы қажет.
Алаяқтық істерін қарауда азаматтық-құқықтық қатынастар мен қылмыстық әрекеттің ара-жігін ажырату ерекше маңызға ие.
Мысалы, азамат басқа тұлғадан қарызға ақша алып, белгілі бір мерзімде қайтаруға міндеттенуі мүмкін. Алайда оның қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты қарызды уақытында қайтара алмауы автоматты түрде алаяқтық құрамын білдірмейді.
Керісінше, егер тұлға ақша алу кезінде өзінің қарызды қайтармайтынын алдын ала біліп, жәбірленушіні әдейі жаңылыстыру арқылы қаражатты иемденуді көздегені дәлелденсе, оның әрекетіне қылмыстық-құқықтық баға берілуі мүмкін.
Осы мәселе құқық қолдану тәжірибесінде аса мұқияттылықты талап етеді. Себебі қылмыстық заңды негізсіз қолдану азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруі ықтимал.
Соңғы жылдары алаяқтықтың сипаты айтарлықтай өзгерді. Бұрын мұндай қылмыстар көбіне бетпе-бет қарым-қатынас арқылы жасалса, қазіргі уақытта қылмыскер мен жәбірленушінің арасында тікелей байланыс болмауы да мүмкін.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған аккаунттар пайдаланылады. Қылмыскерлер өздерін банк қызметкері, мемлекеттік органның қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе белгілі бір ұйымның өкілі ретінде таныстыруы мүмкін. Кей жағдайда жәбірленушіден банк картасының деректері, SMS-кодтар немесе басқа да құпия ақпараттар алынып, оның шотындағы қаражат иемденіледі.
Сонымен қатар интернет арқылы тауар немесе қызмет көрсетуді ұсыну, бірақ алдын ала төлем алынғаннан кейін міндеттемені орындамау фактілері де кездеседі.
Цифрлық ортадағы алаяқтықтың ерекшелігі – қылмысты жасаған тұлғаны анықтау, электрондық іздерді сақтау және дәлелдемелерді жинау қажеттілігі. Мұндай істерде электрондық хат-хабарлар, банк операциялары, телефон нөмірлері, интернет-ресурстардағы аккаунттар, бейнежазбалар және өзге де цифрлық деректер маңызды дәлелдемелерге айналады.
Сот жәбірленушінің айғақтарын ғана негізге алып қоймай, оларды басқа дәлелдемелермен салыстырып, олардың өзара сәйкестігін бағалауы қажет. Ақша аударымдары, хат алмасулар, аудио және бейнежазбалар, куәлардың көрсетулері, сараптама қорытындылары және басқа да материалдар істің мән-жайларын анықтауға мүмкіндік береді.
Алаяқтық істерінде келтірілген залал мөлшерін дұрыс анықтаудың да маңызы зор. Залалдың мөлшері қылмыстық әрекетті құқықтық саралауға және тиісті жауаптылықты белгілеуге әсер етуі мүмкін.
Сондықтан жәбірленушіге нақты қандай мүліктік зиян келтірілгенін, оның мөлшерін және қылмыстық әрекетпен себептік байланысын анықтау қажет.
Бірнеше жәбірленуші болған жағдайда әрқайсысына келтірілген залалдың мөлшері жеке-жеке анықталып, жалпы келтірілген зиян да ескеріледі.
Цифрлық дәлелдемелерді пайдаланған кезде олардың алыну заңдылығы, түпнұсқалығы және іске қатыстылығы да назардан тыс қалмауы тиіс.
Бұл ретте соттың міндеті – қылмыстық қудалау органының нұсқасын формалды түрде қабылдау емес, іс бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу арқылы адамның кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденгенін анықтау.
Сот жаза тағайындау барысында қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлінің жеке басын, келтірілген залалдың мөлшерін, залалды өтеуін немесе өтемеуін, қылмысты жасағаннан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескереді.
Бұл ретте жаза тек жазалау құралы ретінде ғана емес, сотталған адамның түзелуіне және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған құқықтық ықпал ету шарасы ретінде қарастырылуы тиіс.
Осы бағыттағы кешенді шаралар ұйымдастыру азаматтарға қаржылық және цифрлық қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, күмәнді интернет-сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғаларға банк картасының деректерін және SMS-кодтарды бермеу, тауар немесе қызмет үшін ақша аударған кезде алушы туралы ақпаратты тексеру сияқты қарапайым қауіпсіздік шаралары алаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.
Қызылорда қаласының
№2 сотының судьясы Алиби Зейнуллаұлы Зейнулла


