СУДАН ТАБЫЛҒАН МҮРДЕ

– Арам қатқыр сары сиыр. Осыдан тапсам қасыңдағы баспағыңды соғымға сойып алып, өзіңді етке өткізіп жіберемін. Шаршатып болдың мені. Жүрмін міне, айсыз қараңғы түнде дала кезіп. Арғы бетке өтіп кетіп біреудің егініне түскенсің ғой, – Тынымбай қарт күңкілдеп сөйлеп, бұлқанталқан ашуланды. Бұл арғы беттегі егінге таңертең бармаса, түнде судан өте алмайды. Сары сиыр бұрын үйге өзі келетін. Баспағын қасына қосқаннан кейін далаға түнеп қалуды шығарды. Қарт ерінбеген күні іздеп шығып, осы арадан, жаға бойындағы жыңғылдардың арасынан айдап қайтатын. Күндізгі ыстықтан, сонадан жайылып жарытпаған мал кешкі салқынмен жыңғыл арасынан тояттайтын. Сол себепті «Кішкене жайылсын», – деп қараңғы түскенше күтетін. Кемпірі екеуі кешкі шайын ішіп алғаннан соң, қолына таяғын ұстап жағаға беттейді. Ит-құс, ұры бар дегендей, малды үнемі далада қалдыруға болмайды ғой. Жарты сағаттай жүріп, кешкі самал жанын желпіп, салқын ауамен тыныстап, сары сиырды алдына салып асықпай үйге беттейтін. Үйінде жем жейтінін білетін сиыр мұны көрісімен, «Əй, үйге қайтайық» дегендей баспағына қарап бір мөңіреп алады. Содан соң оны қасына ертіп, шыбық құйрығымен екі бүйірін сабалап қойып, ешқайда бұрылмай тікелей үйге тартатын. Бірақ, арғы беттегі егінді жинап, қоршауын ашса, айуан ғой жем жейтінін ұмытып кетеді. Қарт бір жыңғылдың түбіне келіп отырып, өзеннің келесі бетіне көз жүгіртті. Құлағына көлік дауысы естілген соң, жалт бұрылып еді, жағаға қарай беттеп келе жатқан жарықты көрді. Қолындағы қуаты бітіп, сығырайған қолшамын сөндіре салды. Əлгі көлік бұдан елу метрдей жерге тоқтап, жарығын өшірді. «Бұл неткен адамдар? Мал қарауға шыққандар ма? Əлде мына өзенге ау құрып, балық аулап жүргендер ме? Кім болса да жағада көп кідірмейтін шығар. Осылардың көлігіне мініп, үйге жақындап қалайын». Қарт орнынан көтеріле берді де, «Əуелі кімдер екенін көріп алайын» деп ойлап, қайтадан жыңғылдың түбіне бұқты. «Сақтансаң, сақтармын» деген сөз бар ғой. Жүргізуші жағынан бір жігіт шығып жан-жағына қарап, тың тыңдады. Содан кейін көліктің артындағы жүк салғышын ашты. Жолаушылар жағынан тағы біреу шығып, екеуі əлдебір нəрсені көтеріп, шылп еткізіп суға тастай салды. – Айтып тұрғаның осы жер ме? Тіке жар екеніне сенімдісің бе? Ертең су бетіне қалқып шығып жүрмей ме? – деді дауысы жуан біреуі. – Жоқ, бірден астына шөгеді, сосын үстін құм басады. Мəңгілік мекеніне айналады, – деп қарлығыңқы дауысты екіншісі жауап қатты. – Жаңа біз осылай келе жатқанда бірдеңе жылт еткендей болып еді. – Саған солай көрінген шығар. – Ендеше кеттік, уақыт тығыз, – біріншісі кілт бұрылып көлікке беттеді. «Əй, иттер-ай, – деді іштей Тынымбай қарт олар кеткен соң орнынан қозғалып, – Үйінен шыққан қоқысты түнделетіп əкеліп өзенге тастап жатыр. Астарында көліктері бар, қоқыс төгетін орынға апаруға еріне ме екен? Əлде ешкім көрмесе өзенді осылай бүлдіре беруге болады деп санай ма? Бұл бүкіл халық, мал-жан су ішіп отырған арна емес пе? Баспаналарына таза су келіп тұрған соң өзеннің қадірін білмейді оңбағандар. Бүгінде жастар не болып барады? Таңертең əкімге барып айтайын, шара қабылдасын». Көлік тоқтаған жерге келіп қолшамының жарығын түсіріп суға үңіліп еді, ештеңе байқалмады. Жағада балық кескен бе, қабыршақтар шашылып қалыпты. Тамған қан да көрінді. Ертеңіне сиырын қарап келгеннен кейін қала əкіміне барып еді, жолға шыққалы жатыр екен. Қарттан көліктің түсін, нөмірін сұрады. – Ата-ау, ондайлар көп. Шара қабылдап жатырмыз. Əкіммен біраз сөйлескен соң, дүкеннен темекі алуға беттеді. * * * Полковник Абылай Қайсенов алдында отырған жас жігіттің жүзіне көз тоқтата қарады. – Жалғасбай, қармақ құруға неге үнемі сол жерге барасың? – Маған сол жер ұнайды. Біріншіден тіке жар, қармақты алысқа лақтырмайсың. Балық түссе тартуға оңай. Екіншіден кейде су астында бірдеңелер қармақты іліп қалғанымен, балық жақсы жүреді. Үшіншіден ағын баяу қармақ ықпайды, – деді жігіт. – Қармағыңды іліп қалғанда тіке жар екенін біле тұра суға түсуге қорықпадың ба? Асты қатқақ па, əлде тартпа ма білмейсің ғой. – Бұрын қармақты іліп қалғанда біраз тартқан соң босайтын. Бұл жолы жібермеді. Шынын айтсам қорыққаным рас. Он шақты метр қашықтықта бір орыс жігіті қармақ құрып отырды. Егер суға кете бастасам, сол көмекке келеді деп ойладым. Желкінің бойынан ұстап, бір-екі қадам аттағанда-ақ су белімнен келді. Тағы бір қадам аттап суға сүңгіп едім, жүрегім тас төбеме шықты. Астындағы топырақтан жартылай көмілген адамның қолы шығып жатыр. Тартып келе жатқан қармағым көйлегінің жеңіне ілігіпті. Айқайымды естіп орыс жігіт қасыма жетіп келді. Екеуіміз полицияға хабарладық. Арғы жағы өзіңізге белгілі. – Түсінікті. Орыс жігітпен де сөйлестік. Екеуіңнің жауаптарың бір жерден шығып тұр. Жар бойына сенен басқа ешкім қармақ құрмай ма? Есіңе түсіріп көрші. – Оны қайдан білейін? Жұмыстан бос уақытта құрамын. Бірақ, өткен жылы таңертең сол жерге барсам бір ұзын бойлы, толықша келген қара жігіт балық аулап тұр екен. Содан соң əрілеу кеттім. Орныма тұрып алғанына іштей ренжісем де, қасына барып амандастым. Қарлығыңқы дауыспен жауап берді де, қайтып бұрылмады. Қолы қанды емес шығар, балық алып жарытқан жоқ, – деді Жалғасбай сəл ойланып. – Балықты аулағаннан кейін жағада кесесің бе? Неге орныңды жинап кетпейсің? – Бұл жолы қабыршақты тастаған мен емеспін. Бір-екі рет жағада кескенім рас. Сізге оны Тынымбай ата айтты ма? Ол кісі ескерту жасағаннан кейін үйде кесетін болдым. – Сол күні жағаға барғанда шөп үстіне тамған қанды байқамадың ба? – Көрдім, бірақ, біреу жағаға балық кескен болар деп ойладым. – Тынымбай қарт та балық аулай ма? – Жоқ, екі бас сиыры бар. Соны таңертең айдап тастап, қараңғы түсе өрістен алып қайтады. – Жарайды, боссың, – деді инспектор, – Керек болсаң шақыртамыз. Абылай Тынымбай қартпен де сөйлесіп көрді. – Қараңғыда олардың бет-жүзін көре алмадым. Біреуі ұзын бойлы, толықша келген, екіншісі орта бойлы. Ол да толық денелі. Ұзын бойлысының дауысы жуан, орта бойлысының үні қарлығыңқы, Высоцкийдікі сияқты. Тыныш түнде кез келген дауыс жақсы естіледі ғой. Көлік шетелдік, ақ түсті, асты биік. Маркасын білмеймін, – деді қарт болған оқиғаны естіген соң. Экспертизаның мəлімдеуінше өлген жігіт суда үш күндей жатып қалған. Демек, қылмыскерлер ізін суытып үлгерді деген сөз. Марқұмның бірнеше қабырғасы, тісі сынған. Белден тепкен соққыдан омыртқасы зақымдалған. Шіріген алашаға орап суға лақтырғанда тірі болса керек, шықпаққа талпынған. Бірақ, күші жетпей қолдарын ғана шығарып, тұншығып өлген. Оны суға тастауына қарағанда қылмыскерлер əлденеге асыққан. Сол себепті жерге көмуге уақыттары болмай, мойны мен аяғына тас байлап суға лақтырған. Абылай ойға кетті. «Ауыр соққыға жығып өлтіретіндей бұл жігіттің не жазығы болды екен? Кімнің жолын кесті? Не үшін келісе алмай қалды? Өзеннің басқа жеріне тастамай жарға əкелген. Бұл жер терең екенін, ағын жоғын білген. Соққан толқынмен жардың топырағы үгіліп, мүрде көміліп қалады. Іші кеуіп су бетіне шықпайды, қылмыс ашылмайды деп ойлаған. Соған қарағанда қылмыскердің бірі осы жерді жақсы білсе керек». Бірнеше күннен кейін өлген жігіттің аты-жөні Ақылтай Қарман екені, тентектеу, араққұмар адам болғаны, осы қалада тұратыны анықталды. Əйелі Айым іздеу салыпты. Бірнеше күн бұрын үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізіпті. Мəйітханадан мүрдесін көрсеткенде күйеуін бірден таныған. Абылай ол əйелмен сөйлесіп көрген, бірақ өз қайғысымен болып, жылап-сықтап отырған адамнан мардымды ештеңе біле алмады. Одан кейін көршілерін, туыстарын сөзге тартты. Өлген жігіттің өзінің жəне əйелінің ағайындары кімдер екенін де анықтады. Сонан соң жақсы араласатын дос-жарандарын түгендеді. Марқұмды соңғы рет кімдер көргенін де назарынан тыс қалдырмады. Көшедегі камераларды да сүзгіден өткізді. Өлген адамның суретін қолына ұстап мұқият зерделеді. Мүрдесі судан табылғанымен басқа жерлерден тірі кезінде камераға түсіп қалуы мүмкін ғой. Алайда, ізге түсетін бір ілік таппады. Жігіт кісі қолынан өліп отыр. Бұл қылмыс. Əңгіме өлген адамның кім екенінде, қалай ғұмыр кешкінінде емес. Кім болса да жапа шегуші. Жасалған қылмыс ашылып, қанішер құрықталады. Солай болуы тиіс-те! Оны ашу бұған жүктелді. Тапсырып отырған басшылары мұның біліктілігі мен мол тəжірибесін қолданып шиеленіскен түйінді тарқататынына сенімді. Ұзақ жылғы қызметінде Абылай бұдан зорын да ашқан. Талай мəрте түнде жортқан ұйқысыз түндер, өмірі қыл үстінде тұрған қауіпті сəттер басынан өтті. Міне, тағы да ұйқысы бөлініп, барлық нəрсеге қызығушылығын жоғалтып, қылмысты ашудан басқаны ұмытты. Адам өлтірген адамды жердің астына түсіп, көкке ұшып кетсе де табады. Бұл оның қызметтік ғана емес, азаматтық міндеті. Мəйітханадан мүрдесі алынған соң, жігіттің үйінде жерлеу рəсімі өтті. Оған уақыт тауып Абылай да қатысты. Неге екенін өзі де білмейді, əлдебір түйсік осында келуің керек дегендей жетеледі де тұрды. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келгендердің қарасы аз екен. Халық танымал адамның ұрпағы болмаса жалғыз-жарым, жоқ-жітік адамдарға көп жинала бермейді. Мұнда келушілердің біразымен бұған дейін кездескен. Сол топтың ішінен орта бойлы, толықша келген қара жігітке назары ауды. Онымен сөйлеспеген екен. Кім бұл? Қайтыс болған адамға қай жағынан жақын? Абылай жаңа ғана көппен бірге кіріп, өлген жігіттің əйеліне көңіл айтып шыққан болатын. Жаназа намазы оқылғаннан кейін Айым жаңағы жігітті қасына шақырып алып, құлағына бірдеңе айтып еді, ол бұған қарай жалт қарады. Жақын жерде тұрғандықтан оның жүзі бұзылып сала бергенін сақшы бірден байқады. Жігіт əйелге бұрылып: – Қазір барып көлікпен алып келейін, – деп дауыстап, қабір басына бармастан, əлденені сылтауратып, сытылып шыға жөнелді. Абылайға оның дауысы таныс көрінді. Қайдан естіп еді? Жоқ, бұл бұрын көрмеген адамы. Енді есіне түсті. Қарлығыңқы үн, «Высоцкийдің дауысы». Тынымбай қарт айтып еді-ау. Жалғасбай да солай деді. Түр-сипаты да суреттегеніне келіп тұр. Бірден полиция бөліміне келіп, көліктің нөмірі арқылы жігіттің Алтай Асанов екенін анықтады. Содан кейін Тынымбай қартты шақыртып, одан тергеуге көмек ретінде бəрін көзбен көрген болып сөйлеуін сұрады. Алтаймен сөйлескенде жар басына барғанын, адам өлтіруге қатысын түгелдей жоққа шығарды. Өз еркімен мойындаса жазасы жеңілдейтінін айтып еді, бет бақтырмады. Мұның дəлелдей алмайтынына жүз пайыз сенімді. Ұзақ жылғы қызметінде мұндайлардың талайын көрген ізкесуші мойындатамын деп күйіп-пісіп, ашу шақырған жоқ. Сабырлы қалыпта тыңдады. Ертеңіне куəгер қартпен беттестірді. Тынымбай қарт бəрін айтып: – Қасыңдағы ұзын бойлы, толық серігің «Жаңа біз келе жатқанда бірдеңе жылт еткендей болды», – деп сұрағанда: «Саған солай көрінген ғой» демей жыңғыл арасын қарағаныңда қолшаммен отырған мені көретін едің, – дегенде ғана жігіттің ұнжырғысы түсіп сала берді. – Бізден бір қателік кетті, – деді Алтай – Ақылтайды өлтірейін деген ойымыз болған жоқ. Сол күні Айымның ағасы Артықбай маған келді. Екеуі міз бір жартылықты бөліп іштік. Дастарқан үстінде Артықбай қарындасын күйеу баласының «бедеусің, бала таппайсың» деп күнде ұратынын, телефонмен сөйлесіп, Айымға ажырасып кет десе көнбей жүргенін айтып мұңын шақты. Досым ғой, менде бірге күңірендім. Қарындасына полицияға, сотқа арыз жаз десе де тыңдамапты. «Бас жарылса бөрік ішінде» деп көне берген. Сосын басынады ғой. Бір рет күйеу баласына ақыл айта барған екен, қайынағасы екен деп сыйламай бұған да қол жұмсапты. Екеуі төбелесіп қалған. «Бір түйір көркі жоқ, мұрны қолағаштай сенің қарындасың менен басқа кімге керек?» деп кекететін көрінеді. Олай болса оған неге үйленді? Ақылтайдың тентектігі маған да мəлім. Ішкен адамның батыр болатыны белгілі жəне біз екі адамбыз ғой. Тағы бір рет барып ақыл айтып қайтайық деп шештік. Сөйтіп Ақылтайдың Айымды ұрып жатқанының үстінен түстік. Нəзік жанды адамды емес, қапты ұрып жүрген сияқты, еш аяушылық жоқ. Мұны көріп қанымыз басымызға шапты. Арашалауға көнбеген соң оған жабыла кеттік. Алып неме оңайлықпен əл бере ме? Артықбайды бір ұрып ұшырды. Мен де соққысынан шалқамнан түсіп едім, допша тепті. Шырылдап ортамызға түскен Айымды бір ұрып, есінен тандырды. Сол кезде Артықбай арт жағынан тап беріп, мойнынан қысып қылғындара бастады. Оны басынан асырып алдына лақтырды. Содан кейін үстел үстінде тұрған пышаққа ұмтылды. Таяқ жегеннен кейін есімді жиған мен бізді не күтіп тұрғанын бірден ұғып, қорыққаннан плита үстінде тұрған табамен төбесінен бар күшіммен тарс еткіздім. Ол шалқасынан түсті. Көзі қанталап кеткен Артықбай оның үстіне тұрып алып, секіре бастады. Ал, мен басынан тепкілей кеттім. Айым есін жиып бізді ажыратқанда ғана не бүлдіргенімізді ұқтық. «Полиция шақыртып, сотқа беремін. Оны өлтіргендерің, мені өлтіргендерің» деген Айыммен біраз тəжікелестік. Ағасы: «Болар іс болды, енді ештеңе түзелмейді, қарындасым. Бұл итті құлай сүйетініңді білмеппін. Не істесең де біздің тағдырымыз сенің қолыңда», – деген соң ғана үнсіз қалып, жылап отырды. Осыдан кейін Артықбай екеуіміз ақылдаса келе мүрдені өзенге тастау керек деп шештік. Жардың астына, мойны мен аяғына ауыр нəрсе байлап, бірдеңеге орап ағынсыз жерге тастасақ ешқайда ықпай топырақпен көміліп қалады деп ойладық. Суға лақтырған соң біреулер келіп немесе көріп қалмай тұрғанда тез арада қарамызды батыруға тырыстық. Айымға полицияға жоғалып кетті деп хабарлауды тапсырдық. Жаназада сіздің маған күдіктене қарағаныңызды байқағанын айтып, ағасына зияным тимеуі үшін қарамды батыруымды сұрады. Бірақ кетіп қалсам іздеу салады, ерте ме, кеш пе бəрібір табады деген оймен осында қалдым. Жасаған ісіме өкінемін. Қолыммен істегенімді мойныммен көтеремін. – Оны суға лақтырғанда тірі екенін білмедіңіздер ме? – Ешқандай дыбыс берген жоқ, қозғалмады, – деді Алтай – Тірі екенін білгенде де бəрібір құтқармайсыздар ғой. Жігіт үнсіз қалды. – Осы айтқаныңыздың бəрін қағазға түсіріп, астына қолыңызды қойыңыз, – деді Абылай, – Сөзіңіз түгелдей бейнетаспаға жазылды. Тағы бір қылмыстың кешіктірілмей ашылғанына бойы сергіп сала бергенімен, айтқандарын қағазға түсіріп жатқан жігітке аяушылықпен қарады. Өмір деген осы. Кейде адамдар осылай оңбай қателеседі. Арақ ішу, ашу үстінде өзін-өзі ұстай алмаудың соңы өкінішке соқтырады. «Сабыр түбі сары алтын» деген, бірақ ішкен адамда ол сақтала бере ме? Бір күннен кейін Артықбай да қамауға алынып, қылмысты жасырғаны үшін Айым да жауапқа тартылды.

Қанат ҒҰМАРОВ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Оянбаған әке

Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей...

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

Көлеңкедегі тамыр

Алматыда күрең күз. Тау бөктерінен ескен ызғарлы жел көше...