Жұтылмаған жүзік немесе Ханс ашқан қылмыс

Мəрзия уатсаппен ұзын-сонар əңгімеге кірісіп, үйдегі 3 жасар жиені Əсемді ұмытқалы қаш-шан. Көршісі Нартай ақсақалдың кішкене 5 жасар немересі Кəусармен жақсы ойнайтын болған соң, қасына əкеліп қойған. Екеуі де қаладан келген немерелер. Шымкенттегі Нартайдың кенже ұлы Медет əкесінің үйіне тұңғыш қызы Кəусарды əкеліп тастағанына оншақты күн. Кəусар əжесі мен атасының қасынан шықпай, сан сұрақтарымен мазалап отырушы еді. Көршіге үлпілдеген əдемі, екі шекесіне екі бантик тағылған үш жасар Əсем Астанадан келгенде қуанғанын көрсең. Үйіндегі өзімен бірге алып келген барлық ойыншықтарын Əсемге беріп, өзіне бірден баурап алды. Ойын ойнаудың да рет-ретін өзі басқарды. Кейде атақты əншілердей сахна жасап, концерт қояды. Кейде мың бұралып би билейді. Балабақша ойынын ойнайды. Кəусар – тəрбиеші, ал Əсем – бақшаға келген қыз рөлінде. Тəрбиеші не айтса, екіншісі соны тыңдайды. Əліппе кітабындағы барлық əріптерді жатқа білетін Кəусар мұғалім болып та кетеді. Екеуінің үйдегі ойын қызықтарын бөлетін тек бір мезгіл бар. Ол – сəскеден асқан кез. Балмұздақ жейтін уақыт. Олар сонда ғана далаға шығады. Өздеріндей балаларды көреді. Мəрзияның үйінен екі аялдамадай қашық, жеке үйде балмұздақ сатылады. Бал ұясындағы араларға ұқсап ауылдың балалары сол үйдің қасында топтасады. Бірінен кейін бірі кезекке тұрып, қолдарындағы тиын-тебендерін қайта-қайта санап, балмұздақ қолдарына тигенше асығып тұрады. Кейбір ата-аналар үйдегі балаларын жібермей, өздері арнайы ыдыс əкеліп, соған топтап салып əкетеді. Əсем мен Кəусарды бір күн Нартай, келесі күні Мəрзия кезектесіп ертіп апарады. Балмұздаққа барып, тəттіні жеу де екі кішкентай қыздың күн тəртібіне қосылған. Ойын ойнаудың орындары да бір күн Нартай ақсақалдың үйінде, екінші күні Мəрзияның үйінде. Қай үйде болса балалар тамақтарын сол үйде ішуге үйренген. Кəусар мен Əсем екеуі үлкендерге салмақ салған жоқ. Күні бойы екеуі жұптарын жазбай өз-өздерімен ойнайды да, кешке ұйықтауға бір-ақ бас қояды. Балабақшасындағы түскі ұйқы режимі бұл жерде сақталмаған. Оған əсіресе Кəусар мəз. Періштедей екі қыздың ойнау кезегі бүгін Мəрзияның үйінде болды. Мəрзия төргі бөлмеге екеуін ойыншықтармен қалдырды да, өзі ауыз үйге шықты. Қолында күндегідей телефон қабаттасып жүрді. Сол телефонда əңгімеден əңгіме жалғасып кете барды. «Құдай-ау, ана қыз Гүлшатты айтам, қыз болып мені аямайды ғой тіпті. Астанада отырып қызын тағы да маған бақтыруға жіберді. Үйден шыға алмай отырмын бала бағып. Декреттік демалысы бітпей шығып отыр ғой. Енесі де жұмыста. Итке тамақ істейтін жұмысты əлдеқандай қып. Екі баласын бағып ем, тағы мына қызын жіберді… Ар жақтағы əйел: – «Бала, бала деп өбектей берсек бар ғой, олар елуге келсе де мойыннан түспейді. Мен де отырған жоқпын ба?. Содан кейінгі шұбатылған сөз кезегі телефонның арғы жағындағы əйелге тиеді. Мəрзияның құлағы сол жақта болады. Ағытылған сөз бірінен кейін бірі кете береді, кете береді… * * * … Мəрзия ауылда туып, ауылда өскен көп баланың бірі-тін. Əдетте көп бала болған үйдің баласы бір-біріне бауырмал, балажан болады ғой. Мəрзияда мұндай қасиет əу баста болған емес. Əр жерде жеке-жеке үй болған бауырларына да емешегі үзіліп, сағынып бара қоймайды. Олар келсе де «бауырым келді-ау» деп қуанып, барын алдына тосып сыйлап жөнелтпейді. Ылғи үйдің үлкені болған соң, сол үлкендігін алдына тартып бəрінен өзіне ерекше құрмет күтіп, «олар маған не əкелер екен осы жолы» деп дəмеленіп, көңіліндегідей бір нəрсе əкелмесе, жылы қабақ та танытқан емес. Кісі киік. Саяқ. Сақа басты болуға, бəрінен бұрын өз қамын көбірек ойлауға ынталы. 1984 жылы Шымкентте педколледж ге түсіп, оның бірінші курсын оқып жүргенде бірге оқитын курстас Жамал деген қыз Түлкібас ауданындағы осы ауылда болатын туысының тойына шақырды. Жамалға еріп, тойға келген Мəрзия ауыл жігіттерінің бəрінің көзіне бірден түсті. Мақсұт деген жігіт əскерден енді келіп, əлі үйленбей жүрген. Қызға икемі жоқтықтан емес, оның талғамы басқалардан бөлек-тін. Сол талғамдағы қыз кездеспеген соң туыстары «мына қызға үйленсей» деген үгітіне көнбей, көрсеткен қыздарға көңіл аудармай, бақытын алдан күтіп жүрген-ді. Бүгінгі тойда жолдастары бəрі бірігіп «Мəрзияны алып қашайық, сен осы қызға үйлен!» – деп жабылып Мақсұтты ортаға алып көндіріп, Мəрзияны сол түнде алып қашқан. Мəрзия мүлде Мақсұтты көрген де жоқ. – Əй, Мақсұтжан, бері кел! Көрінші келіншегіңе! Мына отқа майды екеулеп-ақ құйыңдаршы. Кел мында! – деп бір апай айқайлады. Мəрзия сонда ғана Мақсұттың түрін анық көрді. Ұзын бойлы, əдемі, көрікті жігіт өзіне күлімсіреп жақындап келе жатты. «Күйеуім осы болса нешауа. Мына кең сарайдай үй де жақсы екен…» –деп ойлады Мəрзия ішінен. Бұдан əрі тартынбай отқа майды өз қолымен құя берді. Мəрзия оқып жатқан педколледжді бітірген жоқ. Тұңғышына аяғы ауыр болды. Осы кезде ауылдың жабылып қалған кітапханасы қайтадан ашылған. Сол кітапханада істеп, кейін кітапхананың оқуын сырттай оқып, ақша беріп дипломын алып, ауылдың кітапханасынан əйтеуір зейнетке шықты. Мəрзия тұрмысқа шықпай тұрып əйелдердің қатар-қатар бала туғанын қаламайтын. Сондықтан ауыл кітапханасында алып бара жатқан жауапты жұмысы болмаса да, бір ұл, бір қыздан кейін бала туғысы келмеді. Ұлы мен қызының арасы да алшақ – 7 жас. Бала көтеріп, екіқабат болып қалған кезде Шымқалаға барып талай түсік жасатқанын күйеуі Мақсұтқа білдіртпеді. – Ойпырым-ай, Мəрзияш-ай! Ұл да жалғыз, қыз да жалғыз болып қалды. Басымыздың көбейгені жақсы еді, мына даңғарадай үйде немерелер жүгіріп жүрсе – деп Мақсұт көп балалы болғанды қалап, ішіндегі қобалжуын бірнеше рет білдірген. Бұған берілген жауап дайын болды. – Ендеше, бала туып беретін жас қатын ал! Мен бұдан артық туа алмаймын! Қайтейін баланы Құдай береді. Бергенін тудым. Құдай бермей қойса қайтем?! Барына шүкір демейсің бе? Тіпті тумай қалсам қайтер едің?! «Текті қатын аз туады» дейді екен ғой. Мүмкін мен текті шығармын… – деді еш шімірікпестен. Сөйткен Мəрзия өз немерелерін бағуға да мүлде ықыласты болмады. Ұлы үйлене сап, бөлек кетті. Күйеуі Мақсұт немерелерді жаны қалмай жақсы көріп, арқалап, өбектеп, үйге келгенде көбіне сол қарайтын. Мəрзия тек тамақтарын істеп беріп ішінен: «Құдай-ай, мыналарды қашан алып кетер екен» деумен болатын. Тек немере емес, жалпы кішкене балаға жүрегі аса елжіремейтін. Отбасында Мақсұт екеуінің үйлесімділігі болмады. Мақсұт – көпшіл, қонақжай, ағайын-туыспен араласқыш, бəріне қол ұшын беруге құлшынып тұратын жігіт еді. Ал, Мəрзия болса кірпияз, қонақ келгенді жаны сүймейтін, не болса соған тарылып отыратын тойымсыз, тек жеке басын ойлайтын өзімшіл болды. Осы екі айырмашылық екеуінің бір-біріне сүйіспеншілігін болдырмады. Үй болып отау құрған соң, артынан дүниеге бала келген соң көптің бірі болып өмір сүрген. Мақсұттың ішкі өкініші ішінде жүрді. Ал, Мəрзия үшін еш өкініш болған жоқ.. * * * Қыздардың балмұздаққа сұранатын кездері жақындап қалған-ды. Күн сəскеден енді көтерілді. Ас үйде телефонмен сөйлесіп отырған Мəрзияға ішкі жақтан Кəусар əжелеп айқайлап жүгіріп келді. – Əже, əжетай жүрші, жүрші Əсем қақалып жатыр… жүзікті жұтып қойды, жүзік жеді, анда, анда … – деді əбіржіп. – Жүзігі несі, қайда?! – деп Мəрзия телефонын халатының қалтасына сала балалар ойнап отырған бөлмеге бет алды. – Əже, əже мына бөлмеде… – Кəусар Мəрзияның бөлмесін көрсетті. Мəрзия таң қалды. Бұлар бұл бөлмеге қалай кірген?! Оһ! Кілт есік сыр тында тұр. Кілттенбепті. Қап! Есікті күндегідей кілттеп жабуды ұмытыпты. Қызының ерекше ескертпесі де басына түсе қалды. «Апа, Əсемнің саған ұқсаған бір мінезі бар. Жылтырақ нəрселерге өте құмар. Моншақ, білезіктеріңді тығып қой. Сенің бөлмеңде бəрі ашық тұрады. Əсем барғанда олардың бəрін бір жерге жасырып қой. Көрсе «бер» деп жылап мазаңды алады. Əсем көріп қана қоймайды, жылтырақтарды аузына салып сорғыштайтын жаман əдеті тағы бар» – деген. Осы ескертпені Əсемді əкеліп тастағанда күйеу баласы да айтып кетіп еді. Қап! Құдай атып, мына бөлмені кілттеп кетпеппін-ау. Басындағы осы оймен табан астында сасып қалған Мəрзияның тұла бойынан ток жүріп өткендей болды. Бөлмеге келсе кішкене Əсем кереуеттің жиегінен ұстап, екі көзі шарасынан шығып жұтына алмай құқ-ық-құқ деп тұр екен. Мəрзия Əсемнің арқасынан қақты, жауырын тұсынан ұрғыштады. Еңкейтіп желкесінен төмпештеді. Дəл жұтқыншақта ілініп қалған бір нəрсе түспей демін алдырмай тұрған сияқты. Бірақ, су жұтқызу, аузына су құю есіне келмеді. Жұтқыншақта тіреліп тұрған нəрсе əрмен қарай жылжыр ма еді. – Кəне, Əсем, аш аузыңды, ашшы! Мəрзия Əсемнің аузын екі саусағымен ашқанда көп бөлігі жұтқыншақ ішінде, бергі жағында кішкене шеті ғана тұрған өзінің көгілдір ақық (бирюза) тасы бар жүзігінің ұшын байқады. Арбиған саусағының икемі келмей, ала алмады. Осы кезде бұдан бұрын қанша қиналғаны белгісіз, Əсем талықсып, демі бітіп, «к құқ-ық… ық- ық..қ ұ» деп барып, талықсып, Мəрзияның білегінің үстінде көз алдында құлай берді. Мəрзия тұрған орнында сілейді де қалды. Өзінің де тамағында жүзік кептеліп тұрғандай демін ала алмады. «Қап! Қап! Мені Құдай атты! Əсемнен айырылдым! Құтқара алмадым!». Ойы осы болды. Қаны басына шапшыды. Көз алды кіреукеленіп көк тұманданды. Құлақ іші де шуылдап кетті. Ешнəрсе көріп тұрмағандай. Бір кезде басын қатты ашу қысты. Кімге ашуланды білмейді! Бұл ашуды кімнен алмақ?! Өз-өзінен біреуге өшікті. Неге, кімге өшіккенін тағы ұқпады. Қаны қайнап, барлық ашуын қасында қалшылдап, зəресі қалмай қорқып тұрған титімдей Кəусардан ала бастады. – Сен қыз Əсемге қарамайсың ба? Əсемге неге қарамадың деймін?! Сен неге бұл бөлмеге əкелдің ə?! Неге əкелдің деймін Əсемді, осы бөлмеге ə?! Əсемді өлтірдің! Маған неге бірден айт падың, а?! Жалмауыз-ай! Жалмауыз! Мен саған сеніп… Сенің ойнатқаныңа сеніп. Қызды құрттың сен! Өлтірдің сен! Мəрзия Кəусардың басы мен көзіне қарамастан төпелеп, екі қолымен кезек-кезек есепсіз үсті үстіне ұра берді, ұра берді. Мəрзияның ортаңғы саусағындағы күміс бедерлі жүзігі Кəусардың беті-жүзін, кішкене мұрнын, маңдайын осқылап, бүлдіршіннің бет жүзінен қан сауылдап кетті. – Ата, апа, папа, мама, – деп Кəусар шыр-шыр етіп, ата-анасын көмекке шақырды. – Үніңді шығарма! Үніңді шығарма деймін мен саған! Қазір өлтірем сені! – деді ашу буған Мəрзия бөлме есігін сырттан іліп. Мəрзия қыздар ойнағанда кірмесін деп құлыптап жүрген өз бөлмесін бүгін ашық қалдырып кеткеніне қатты күйінді. Столда тасы ірілеу көгілдір түсті ақық (бирюза) білезігі сырғасымен, жүзігі тұрған. Əсем бөлмеге кіріп, өз əдетімен тастары ірі жүзікті аузына салған болар. Сусыма табиғи ақық тастар ілгері кеткен де, жұтқыншағында не əрі, не бері жылжымай тұрып қалған шығар. Қап! Қап! Ең болмағанда қыздарға бір қарап қойсамшы. Телефондағы əңгімеден бір босасамшы… Қап! Əтеген-ай, ə?! Қарабет болдым-ау, сеніп тапсырған қыздарды қарай алмай, қарабет болдым-ау..!» Осылай ойлай жүріп ас үйдегі шкафта тұратын дəрілерден бірнеше таблетканы алды. «Мынау ана дəрі, мынау мына дəрі» деп таңдаған жоқ. Оның ішіне өзі ішіп жүрген қан қысымын төмендететін дəрі де бар-тын. Бəрін тез-тез ұнтақтап суға езіп, оған қант салып бір кесе суға араластырды. «Мына қызды да жан ашуыммен аямай ұрып тастадым. Бет аузында сау жер қалмады! Əке-шешесі, атасына мен не деп айтам? Бұл қыз да мына дəріні ішіп, тезірек уланып өлуге тиіс!» деп ойлады Мəрзия. Сөйтіп, ас үйдегі шкафтан қолына тиген дəрілердің төрт-бесеуін кесе толы суға шайқап-шайқап, Кəусарға қайыра келді. – Мен үйге қайтамын! Сен жаман əжесің, сен жамансың, сен жамансың! Папама айтам, атама айтам, əжеме айтам, мамама айтам! Мен кетем үйге, үйге кетем! – деді Кəусар, екі көзі ақиып келген Мəрзияға батылдана сөйлеп. – Иə, айтасың! Айтқызам мен саған! Тіліңді қазір кесіп алам сен қыздың! Іш мына суды! Іш деймін саған! Мəрзия стақан толы суды Кəусардың ерніне тақады. Кəусар басын кері бұрды. – Ішпеймін мен! Ішпеймін! Мама, мама! – деп бар даусымен айқайлады. Мəрзия Кəусарды екі санының ортасына қысып қойып, екі қолымен аузын керіп ашып, кеседегі суды төгіп-шаша зорлап ішкізді. – Бұл ащы су, ащы су, – деді қарлыққан дауыспен Кəусар. Мəрзия Кəусарға қараған жоқ. Бөлменің есігін тағы кілттеп, ас бөлмесіне келді. Болар іс болды. Тез енді əрекет ету керек! Екі қыздан қалай құтылудың жолын ойлады. «Екеуі балмұздақ аламыз деген соң, өзім ертіп апармай бүгін өздерін жіберіп едім, содан келмей қалды», – деймін. Балмұздақ сататын үйге бара жатқанда жолда үнемі жеңіл машиналар өтіп жүргенін көрген. Ауылдағылардыкі де бар, бөтендері де бар. «Ниеті бұзық біреу лер екі кішкене қызды машинаға салып алып кетуі мүмкін ғой… Міне, осы болжам дұрыс. Ар жағын полиция қызметкерлері зерттейді. Мен мына қыздарды жасырып үйде бүгін қараңғы түскенге дейін ұстай тұрам. Түнде бұларды бір жерге апарып тастасам болды». Жаман ойы осыған тоқтады. Мəрзия сəлден соң бөлмені ашып Кəусарды қарады. Кəусар есіктің тура алдында құлап жатыр. Сол жерде құсыпты. Есік алды бəрі құсық. Көзі жұмулы, бірақ демалысы бар. Мəрзияда жиіркенуге шама жоқ. Ол жерді жақсылып тазартты. Тағы да басына қара ой келді. «Бұл қыз құсқан ғой. Дəрілердің бəрі ішке кеткен жоқ. Сол себепті өлмей қалуы да мүмкін. Ойбай-ау, мен неге үйдегі шприцтің бірімен укол салмаймын ұйықтап жатқанда». Шприц табылды. Енді инъекция қайда? Ол үйде жоқ? Не істемек? «Оһ! шприцке ыдыс жуып жүрген ана бір сұйықты жібермеймін бе? Қанына химиялық зат кеткен соң бəрібір тірі қалмайды». Құсып-құсып шаршап, ішіне сумен кеткен бағанағы дəрілерден əлсіреп көзін аша алмай жатқан Кəусарға Мəрзия ойлағанын орындап, денесіне шприцпен сұйықтық жібере бастады. Жамбасына үшкір ине кіргенде Кəусар селт етіп көзін ашты да, Мəрзияны тағы көріп шошып, «па-пп» деп əкесін соңғы рет көмекке шақырды. Сəлден кейін Кəусардың да көзі мəңгілікке жұмылды. Осы кезде Мəрзияның телефоны шыр ете қалды. Қарады. Ауыл қатындары емес. Астанадан күйеу баласы Асылбек екен. «Қызыңның жəйін білгің келген шығар. Қызың жоқ енді!» деп Мəрзия телефонды өшірді. Күйеу бала қайта-қайта қоймай бірнеше рет звонок шалды. Телефон көтерілмеді. Мəрзия өз бөлмесіндегі өлі қыздарды кереуеттің астына қарай итерді. Үстіндегі жапқышын төмен қарай жауып ысырды. Бұдан кейін өзін-өзі қалай ақтап алу жолын ойлап, абайсызда өлген өз немересіне де, өз қолымен азаптап өлтірген Кəусарға да жүрегі бүлк етпеді. Қатыгездік құшағына еркін сүңгіді. …Шамалы уақыт өткен соң Мəрзия түк болмағандай балмұздақ сататын үйге қарай бет алды. Екі қызды іздегендей жан-жағына қарағыштап қояды. Ойы мүлде басқада. Шынында да қасынан бірнеше машина өтті. «Ымм.. менің ойлағанымдай бұл жермен машиналар көп жүреді екен», – деді өзіне-өзі. Балмұздақ сатып тұрған үйден үш кішкентай ер бала бермен қарай шықты. Тəтті балмұздақтан ешкімге қарар емес. Өздерімен өзі мəз. Бүгін балмұздақты Мəрзия бұрын көрмеген бір қыз бала сатып тұр. Үй иесінің қаладан келген оқушы немересі екен. – Қарағым, осы жарты сағат көлемінде сенен балмұздақ алуға екі кішкентай қыз келмеді ме? – деп сұрады Мəрзия. – Бес жасар қыздың сары футболкасы, шортысы бар. Үш жасар қыздың басында ақ бантик, үстінде ақ көйлек. – Жоқ апай, ондай жастағы қыздар келмеді. – Ойпырым-ай, олар сонда қайда жүр? «Өзіміз барайықшы» дегенге екеуін жібере қойып ем. Келетін уақыты əлдеқашан өтіп кетті. Сосын іздеп шығып ем ғой, – деді Мəрзия қобалжығын түр байқатып. Мəрзия көршісі Нартайдың үйіне асықты. «Неде болса «Балмұздаққа кеткен қыздар келмеді, жоғалды» деп естірту керек!» – деді бəріне іштей бекінген Мəрзия. – Əй, Мəрзия! Оңбаған қатын! Сен не айтып тұрсың?! Жындымысың?! Қыздардың өзін жібергенің не балмұздаққа? Ол үй біраз жер ғой, кішкене балалар үшін. Екі бұрылыстан əрі өтеді. Машина деген қаптап жүріп жатыр. Машинаның астына түсіп қалса қайтесің, бір-бірін жетектеп жүргенде, а?! О, Құдай! Құдай! Аман қыла көр құлыншақтарды, аман қыла гөр! Басыңда ми жоқ қатынның мына ісін қарашы, а?! – деп өмірі үндемейтін Нартай ақсақал Мəрзияға айқайлап берді. Диванда отырған орнынан тұра алмай денесінен əл кетіп, екі аяғы да қалтылдап кетті. Жүрегі де қатты соқты ма, тарсылдап аузына тығылғандай болды.

– Əй. Мəрзия! Есің дұрыс па?! Не айтып тұрсың? Жоғалғаны несі? – деп сенер, сенбесін білмей Нартайдың кемпірі Есенкүл де Мəрзияға қарады. Шалының орнынан тұра алмай қалғанын көріп, дереу оған дəрі беруге асықты… «Ақыры естідіңдер ғой» дегендей Мəрзия олардан тездетіп шығып кетті. Суық хабар бір көршіден бір көршіге жетті. Лезде ауыл полициясына хабарланды. Қысқасы, дабыл қағылды. Нартайдың кемпірі Есенкүл Шымкенттегі ұлына телефон шалып: «Ұлым, осылай болып жатыр, ай-күн аманда. Полиция жағын өзің ретте. Тезірек қимылдасын!» – деп телефонды өшірді. Əкесінің жүрегі қысылып ауырып қалғанын баласына айтпады. Ауылға асығып жетемін деп машинасымен апатқа ұшырап қалар деген ойы болды басында. Неде болса өзі келген соң көрер. Есенкүл əже де қолы дірілдеп: «үйбүй Кəусарым-ай, ақ періштем-ай, Кəусарым-ай! Тек əйтеуір бəле-жаладан аман болсаң екен..» деп кемсеңдеп, көзіндегі жасын көрсетпей, Нартай ақсақалға: – Кəусар ақылды қыз ғой, бір қызы бар үйдің ауласына кіріп ойнап отырған шығар екеуі. Табылып қалар, уайымдамай тұра тұршы, – деп жұбатып қойды шалын. Мəрзия бұдан кейін амалы жоқ Астанадағы қызын хабардар етті. – Апа! Не дейсің?! Не айтып тұрсың өзі? Жоғалып кеткені несі? Сен не қарап отырсың, апа? Жоғалғаны қалай ауыл ішінде? Жаным Əсемім-ай, жаным-ай, бекер жібердім-ау саған? Бекер жібердім-ау! Асылбекке не айтам? Енеме не айтам? Екеуі де саған жіберуге қарсы болып еді. Апа! Есің дұрыс па? Кішкентай қыздарды жалғыз жібере ме қараусыз? Балмұздақ жемей қалса болмады ма? Апа-ай, қап! Саған бекер жібердім-ау! * * * Түс əлетінде аудан орталығынан полиция қызметкерлері де жетіп, əр үйге кіріп, адамдармен сөйлесіп, ауыл ішін тексеруге кірісті. Ауылдағы барлық кішкене балалар да сұралды. МАИ қызметкерлері де «Бөкен» ауылына кіретін жол мен шығатын жолдарға арнайы адамдар қойды. Барлық жүк көліктері, жеңіл машиналар тексерілді. Түстен кейін де ауылдағы алас-күлес, абыржыған тіршіліктер таусылмай, əр үйден береке кетті. «УҺ! Тура мен ойлағандай болды. Бүгін түнге жетсем, қыздардың да денелерін үйден шығарып, бір жерге апарып тастармын», – деп ойлап тұрды Мəрзия. Хабарды естісімен қаладан Нартайдың ұлы мен келіні жетті. Нартай ақсақал қан қысымы бірде жоғары, бірде төмен ауытқып қайта-қайта есінен танып, сандырақтап ес білмейтін жағдайға түсті. Нартайдың ұлы Медетке бұл «жығылған үстіне жұдырық» болды. Ауданнан арнайы дəрігерлер тобы шақырылды. – Жасы жетпістен асса да тың, əрі сергек жүруші еді. Байғұс-ай, қайтсін енді. Екі қыздың жоғалуы өзге жұртқа оңай түсіп тұрған жоқ. Кішкентай немересін жоғалтқан Нартай ақсақалға оңай дейсің бе? Немере қызы аталап құшақтап, түнде атасының қасында жатады екен. «Құдай мені ал, Кəусарымды аман қылшы…» деу мен есін білмей жатыр дейді, байғұс. Оңай емес. Қиын жағдай.. Ауылдағылардың Нартайдың жағдайына елеңдеп, бір-біріне жеткізетін сөзі осындай. Түс ауа ауыл ішіне «Нартай қарт ақыры үзіліп кетіпті» деген екінші суық хабар тарады. Басқа түскен қайғы қартты ақыры алып кетті. Ауылда дүрбелең мүлде көбейді. Нартайдың келіні Сəбира атасы үзіліп кеткен соң, үй арасында үй жоқ, атасының үйімен қатар тұрған Мəрзияның үйіне жетіп келді. – Апай, сіз үш адамға қиянат жасадыңыз. Сізде, білесіз бе, аналық жүрек жоқ! Бұрын болмаған да сияқты. Кішкене қыздарды көшеге қараусыз кім жібереді? Айтыңызшы?! Мен сізді сотқа берем! Ал, сап-сау жүрген атам қайтыс болды! Бұған да алдымен сіз кінəлісіз! Сізді түрмеге жаптыру керек! Əлі де қыздар табылар деген үмітім бар. Сол екі қыздың бір тал шашына иненің ұшындай зиян келсе, сізді өз қолыммен өлтіріп тастаймын! Білдіңіз бе? – деді ашына дауыс көтеріп. Мəрзия болса өмірінде бірінші рет мүсəпір қалыпқа түсе қалды. – Құдай атты мені. Қайдан білейін, балалар өзіміз барайық, əже, өзіміз барайық деп қоймады ғой. Кəусар өте ақылды қыз екен. Балмұздақ сатып алып жүрген ауылдың балаларына ұқсап, өздерімен өздері жүруге, үлкен болуға еліктеген шығар дедім. Не айтсаң да еркің! Сені түсінем. Кешірім сұраймын. Бір білместік менен кетті. Қайтейін оларды жалғыз жібергеніме қатты өкініп тұрмын, – деп жыламсырады. Ауыл жұртшылығы ендігі кезекте қайтыс болған Нартай ақсақалдың үйіне қарай ағылды. Біреулері келіп жатыр, екіншілері қайыра кетіп жатыр. Бұл көрініс көрші Мəрзияға ұнамады. «Адамдар аяғы үй жақтан саябырламаса мыналарды қашан үйден сыртқа шығара аламын? Ойламаған жерден Нартай шалдың да өліп қалғанын қараш… Қайтсем екен?…Жаздың қысқа таңы қазір-ақ атып қалады»… Ауылдың жəйі осылай болып жатқанда Астана төрінде ауылдағылардың ешбіріне белгісіз, ешкімге жария болмаған үлкен іс реттеліп жатты. * * * Мəрзияның қызы Гүлшаттың енесі Раушан Хасенқызы Астанада полиция департаментіне қарасты Кинологтар қызметі орталығында із кесетін иттерге тағам əзірлейтін арнайы лабораторияда аспаз болатын. Əсем жайлы ауылдан жеткен суыт хабар Раушанға да қатты əсер етті. Енді ғана зейнеттік демалыс күтіп жүрген Раушан отырған орнында жүрегін ұстап: «Не дейді? Не дейді? Қашан? Қай кезде?» деген сұрақтармен сөмкесін ақтарып, тілінің астына дəрісін сала бергенін ұжым мүшелері, қасындағылар түгел көрді. – Тура ауылда, ауыл ішінде жоғалып па? МАИ қызметкерлері жолды бекітіп, тексеру қойып па? – Иə, иə, ауылда полицейлер барлық шараларды жасап жатқан көрінеді. Бүгін сағат 10-шамасында балмұздақ сатып алуға кеткен қыздар үйге келмеген. Қазір сағат 13.00. Үш сағат болды. Табылмай жатыр екен. – Апай, сіз онда уайымдамаңыз. Осында полиция қызметіндегі із кесуші 20-дан астам иттің дұрыс тамақтануына еңбегіңіз сіңді ғой. Бастыққа бұл жағдайды айтайық. Ол кісіден рұқсат алып, із кесуші Хансты алып барып, бүкіл ауылды тексеру керек. Егер қазір Шымкентке ұшатын ұшақ болса, тездетіп ауылға жеткен дұрыс! – деп кинолог Ерболат Түсіпбаев Раушанды жұбатып, бастыққа хабарды жеткізуге шығып кетті. Ерболаттың бұл ойын басқа қызметтестер де қоштады. Артынша кинологтар қызметі орталығының басшысы подполковник Сабыржан Ақтаев Раушанға өзі келді. Ауылда болып жатқан суыт хабар бүкіл ұжымға ортақ екенін, жоғалған немересі үшін Раушанға қолдан келген көмекті аямайтынын айтты. Ерболат Түсіпбаевтың мамандығы – мал дəрігері. Кеңес армиясына барып келген соң, оны кинолог қызметі қызықтырып, соның арнайы курсын бітірген. Кинологтар орталығына жұмысқа тұрғанда қатты қуанған. Осыдан бір жыл бұрын Германияның Кассел қаласында оқып жатқан қарындасына барған. Сонда неміс овчаркасының күшігін іздеді. Ақыры тапты да. Қазақстанда бұл тұқым өте сирек жəне өте қымбат тұрады. Өмірге келгеніне бір жеті болмаған күшіктің ата-тегі жазылған куəлігімен қосып сатып алды. Əйелі ұл туғандай қуанып, Ханс атауын өзі қойған-ды. Сөйтіп, полицияның із кесу жұмыстарына Ерболат осы Хансты жақсы бейімдеген. Ханс бұрын да біраз қылмыстарды ашып, үш рет медаль алған. Із кесуде міндетін бұлжытпай орындаған Ерболаттың қызметтегі мəртебесі көтерілді. Енді қала емес, елге барып та ауылдағы қылмысты аша алатынына Ерболат өте сенімді болды. Раушаннан немересі Əсемнің соңғы кезде киген киімін, ойнаған ойыншығын тездетіп алдыртып та үлгерді. Есіктен шығарда қасында көзі жарқ-жарқ от шашып тұрған неміс овчаркасы Ханстың басын сипап: «Ал, Ханс, ұшаққа кеттік! Үлкен іс тапсырылды бізге. Соны екеуміз дұрыс орындауға тырысайық!» – деп жүріп кетті. Ұшаққа дейін облыстағы полиция департаментіне хабарласып, Түлкібас ауданына апаратын арнайы көлік даярлап қою тапсырылды. Ерболат өзімен Ханстың жейтін тамағын, ыдыстарын алуды да ұмытқан жоқ. Əуежайдан түскенде сағат 18.30-ды көрсетті. Түлкібас пен ар жағындағы «Бөкен» ауылына дейін бір жарым сағат. Ханс таңертеңнен бері аш келе жатыр. Ізшіл, иісшіл ит ізкесер алдында осындай аш қалыпта болуы керек. Ерболат барлық ережені қатал сақтап, машина айдап келе жатқан жүргізушіге: – Біз Түлкібастан қалай «Бөкен» ауылына бұрыламыз, сол кезде тоқтаңыз. Қасымдағы Ханс батырға сол жерден ерекше тапсырма берем. Терезе жабық тұрсын! – деп ескертті. Ерболат отырған машина ауыл шетіне кіріп тоқтады. Сағат 19.40. Ауыл полицейлері, МАИ қызметкерлері де жолда күтіп тұр екен. Иісшіл иттің Астанадан келе жатқаны оларға да хабарланып, «жолдан қарсы алыңдар!» деген нұсқау түскен. Əкесі Нартайдың үйінен Кəусардың киімін алып Медет те осы жерге жетіпті. Ерболат оған əкесінің қайтыс болғанына көңіл айтты. – Айтыңызшы, сіздің ойыңызша балалар əлі ауыл ішінде ме? – деп сұрады бірден. – Таңертеңгі сағат он шамасында қыздар жоғалды деген хабар түскен соң полицейлер ауылдан шыққан көлікті тексеріп тұрса, еш бала сыртқа шыққан көлікте табылмаса, демек менің болжамым бойынша жоғалғандар сыртта емес, ауыл ішінде, – деді Ерболат. – Полицейлер əр үйді тексеріп шықтық, – деп сендірді.

– Міне, қазір Ханс бұл сөздің рас-өтірігін анықтайды, – деді Ерболат сеніммен. – Барлық сенім енді сіз бен мынау иісшіл итіңізде, – деді Медет. Сыртта тұрған полиция, МАИ қызметкерлері машина ішінде паң қалыппен, ара-тұра тілін шығарып, екі құлағын тік ұстап, құйрығымен шоқиып отырған неміс овчаркасы Хансты көріп: – Бəтшағар! Ит-ақ екен! Көзі өңменіңнен өтіп, адам секілді қарайды ғой, – десті… Ерболат машина ішінде Хансқа қарап: – Ханс! Дайынсың ба? Із кесетін жерге келдік. Саған үлкен сенім артам. Міне, мынау кішкентай бүлдіршіндер Əсем мен Кəусардың киімдері. Сен осы қыздарды табуың керек! Міне, иіске! Ойыншығы мынау. Жақсылып, мұқият иіскеп ал! Сен нағыз батырсың! Қалайда тап! – деп басынан сипай бергенде «Түсіндім, мені босат!» дегендей киімдерді иіскеп отырған Ханс ырылдап үн қатып, тұмсығын алға көтеріп, машинадан түскісі келді. – Ханс! Сен түскің келе ме, иісті алдың ба тез арада. Тағы да иіске! Асықпа! Ханс ырылдап, енді қос аяқты алға көтерді. – Онда түс! – дей бергенше болған жоқ, Ханс машинадан атып шығып, ауылдың қақ ортасында машина жүретін жол мен алға қарай ызғыды-ай келіп. Артында жүгіріп келе жатқан Ерболат. Мəрзия дəл осы кезде өз үйінде қобалжулы еді. «Ойпырым-ай біздің үй жақта адамдар ағылып кетті. Саябыр болар емес. Нартайдың өлімі де бəле болды ғой. Мына қыздарды қалай сыртқа алып шығып бір жерге жасырам енді?» деп қинала бастады. Ауыл ішіне электр жарығы күндегіден ертерек жағылды. Күнде осындай уақытта телеарнадан түрік сериалдарын тамашалап отыратын жұрттың көңілдері тыныш емес. Қыздар жоғалды – бір. Нартай ақсақал қайтыс боп кетті – екі. Екі адам басы қосылған жер гу-гу əңгіме. Сериалдар əр үйде көрілмей қалды. Бəрінің көңілдері алаң. Жүйткіп алға тартып келе жатқан Хансты ауылдың барлық адамдары көрді. Бейне кино көргендей Хансты қызықтап, жол шетімен қабаттаса олар да алға жүгіре берді. Ал ауыл төбеттері де өздерінше үре бастаған. Бірақ бəрін полициялық ит Ханстың мысы басып, есік алдынан əрі аса алмады. Жауапты тапсырма алған Ханс еш жерге тоқтамай алға қарай тартып келеді. Тура Мəрзия үйінің қасына келіп «дəл осы үйде» дегендей «Аф!» деп, тоқтай қалды. Соңында ентігіп жүгіріп келе жатқан аға сержант Ерболатқа «Жеттің бе?» дегендей қарады. Мəрзия бұл кезде терезенің пердесін түсіріп, бір кесе шəй ішіп алуға ас үйге беттей берген. Сырт жақтан арпылдаған бір иттің дауысы естілді. Артынша тарсылдата есік қағылды. Ерболат Хансты алға жіберіп, өзі табалдырықтан аттай берді. Үйге кірген Ханс сəл тұрды да, сол жаққа бұрылып Мəрзияның бөлмесінің есігін тырналап: «Аш! Аш!» дегендей, «Аф! Аф!» деп қатқыл үре бастады. Дəл мұндайды күтпеген Мəрзия ас бөлмесінде етпетінен жерге құлап түсті. «Қыз дарды сыртқа шығаруға үлгірмедім.. Қарабет» болдым», – деді өзіне күбірлеп. Ерболат ауылды білмейтін болғандықтан, бұл үйді Əсемнің əжесінің үйі деп ойлаған жоқ. Құлап жатқан Мəрзияға: – Қыздарды сіз ұрладыңыз ба? Бөлме неге жабылған? Бөлменің кілтін беріңіз! Кілті қайда, бөлменің?! – деді барынша асығыс əрі өктем дауыспен. Бұдан əрі күткен жоқ. Құлап жатқан Мəрзияға жанашырлық көрсетпей, халатының қалтасын қарап, кілтті алды. Ханс та шыдамай қыңсылай берді… Бөлме есігі ашылғанда Ханс кереует астынан алдымен Кəусарды, содан соң Əсемді тістелеп сүйретіп шығарды. Сағат 20.00. Бұл көріністі Ерболат пен Ханстың соңынан машинамен еріп, Мəрзияның үйі алдына тоқтаған Кəусардың əкесі Медет те, ауылдғы полиция адамдары да көріп үлгерді. Қызының өлі денесін көрген кезде Медет барлық дауысымен өкіріп жіберді. – Кəусарым-ай, Кəусарым-ай, сені тірі көрем бе деп едім. Тірі болсыншы деп едім, жаным-ай. Көзімнің қарашығы-ай, Кəусарым-ай. Құдай-ай, түріңе не болған, жаным-ау?! Халқым-ау, қараңдаршы қызыма, көріңдерші сіздер де, бет жүзін қараңдаршы, қызымды əбден соққыға жығыпты. Бұл кішкене періштенің нендей жазығы болды екен? Не болған мынау түріңе Кəусарым-ай… – деп қызын бауырына қыса ебіл-дебілі шығып өкіріп жылай берді. Кішкентай ақ көйлегімен қуыршақтай өлі Əсемге əлі ешкім жақындамай тұрған. Бір кезде жиналған жұрт ішінен біреулер: – Ойбай, мынау Мəрзияның өзінің жиен немересі ғой. «Мəрзия жоғалды» деп жүрген қыз осы. Астанадағы Гүлшаттың қызы мынау! – деді айқайлап… – О, тасбауыр, қақпас Мəрзия! Безбүйрек Мəрзия! Қыздарды өзі өлтіріп, үйіне тығып тастаған ба мынау сонда?! – Ойбай, қарабет-ай! Сұмдық-ай! – Астапыралла! Астапыралла? Не дейді? Нартай ақсақалдың үйінен шыққан бүкіл жұрт Мəрзияның есігінің алдына топталды. Иісшіл ит Ханстың жоғалған қыздарды тапқан ісіне бір таңырқап, өлі қыздарды Мəрзияның кереуетінің астынан табылғанына жəне таңырқап, кеуделерін ұстап «Құдай! Құдай! Қандай сұмдық! Түсіміз бе, бұл көріп тұрғанымыз өңіміз бе?» дей берді бір-біріне… – Жолдас полковник! Ханс міндетін жақсы орындады. Бүлдіршіндер табылды… бірақ… өкінішті жағдайда.. иə… иə тірі емес… – деп кинолог Ерболат Түсіпбаев шетке беттеп, Астанаға бастығына телефонмен хабарласып жатты. Топырлаған халық Мəрзияны екі полицей жігіттің екі жағынан ұстап, машинаға отырғызып жатқанын көріп, жағаларын ұстады. – Ал, Медет бауырым? Мына балалардың екеуінің де мүрдесін тез арада медициналық сараптау жүргізу үшін ауданға алып кетеміз. Сізге бірге жүруге рұқсат. Көлікке бізбен бірге отырыңыз. Ертеңге дейін анықталып қалар… – деді іс барысының басы-қасында жүрген полиция майоры Серік Сүлейменов. Ал Ерболат болса кəдімгі баласын сүйгендей Ханстың тұмсығынан сүйіп: – Жарайсың, Ханс! Сен шұғыл түрде қылмыстың бетін аштың! Үлкен еңбек жасадың! Білем сені, қарның да əбден ашқан шығар. Жүр, мен сені тамақтандырайын, – деп бағана өздері келген машинаға қарай кете барды. * * * Ауылда Мəрзия жасаған бұл қылмыс 11 сағат ішінде Ханстың көмегімен тез ашылды. Періштедей пəк бүлдіршіндер медициналық тексеруден өткізілді. 3 жасар Əсем Асылбекқызы жұтқыншақтағы тұрып қалған жүзіктен тұншығып қайтыс болған. Ал 5 жасар Кəусар Медетқызы аяусыз қаталдықпен соққыға жығылған. Мұның сыртында қан құрамынан күмəнді заттар анықталды. Ал Мəрзия Татиева тергеушілерге асықпай, аптықпай, көз жасын төкпей, салмақты түрде өзінің сол күнгі жасаған қылмысын еш бүкпесіз басынан аяғына дейін айтып берді. Тергеуші: – Сізге адвокат керек. Сізді ауыр жаза күтіп тұр. Жас баланы ұрып-соққансыз, денсаулығына зиян келтіретін химикат бергенсіз. Сіздің осы əрекетіңіздің салдарынан Кəусар Медетқызы өмірден кетті. Өз немереңіз Əсем де сіздің салғырттығыңыздан көз жұмды. Бұл үшін жаза қатаң. Тергеушінің сөзін мұқият тыңдаған Мəрзия Татива: – Адвокат керек емес! Сот қандай үкім шығарса, қандай жаза кессе мен келісем. Оған лайықтымын! Тек сіздерден бір-ақ өтініш бар. – Қандай өтініш?! – Менімен ұлымның, қызымның, туыстарымның кездесуіне рұқсат бермеңдер! Өтінішім осы. Тергеушімен арадағы соңғы диалог осы болды. * * * Мəрзия үкім шыққанша уақытша ұстау изоляторында отырған. Екі күн өткен соң, істі жүргізіп жатқан тергеуші органға Мəрзия Татиеваның өз-өзіне қол салып, буынып өлгені жайлы хабарлады. Иісшіл ит Ханс қылмыстық істі қалай тез ашқан болса, бұл шулы да, мұңлы істің жабылуы да өте тез болды. Ауылға Мəрзияның мүрдесі жеткізілді. Мəңгілік мекенге ешкім қайғырмай, ешкім жыламай шығарып салынған тұңғыш өлім осы болды.

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ

Оянбаған әке

Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей...

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

Көлеңкедегі тамыр

Алматыда күрең күз. Тау бөктерінен ескен ызғарлы жел көше...