С.-ның дəрігерге барған сайын жанындағы көлеңкесіне жыны келеді. Себебі, қолын ербеңдетіп, бет-аузын қисаңдатып, тілін шығарып, мазақ қылып, əбден жұқарған жүйкесін одан сайын жұқартады. Емші не істесе, ол да соны қайталайды. Мойнын бұра ма, ол да бұрады. Ол жəй ғана бұрмайды, көзін бақшитып, тісін шықырлатып, шекесін бұрғылайды. Онысы сен ауышсың дегені. Орнынан ұшып тұрып, қыл мойнынан қылғындырып, бұрап-бұрап жұлып алғысы-ақ келеді. Осы сəт: –Тұрыңыз! – дейді дəрігері. – Көзіңізді жұмып, сұқ саусағыңызды мұрныңыздың ұшына тигізіңіз. – Анаған деген ашу қысып, қолы дірілдегендіктен, мұрнының орнына құлағын ұстайды. Саусағын анаған қарай шоштитып, сес көрсетеді. – Не көрсетіп тұрсыз? Мұрныңызға апар дедім ғой. Ұйықтап қалдыңыз ба, көзіңізді ашыңыз. Ананы көрмейін деп əдейі жұмып алған. – Отырыңыз! – Қолына балғасын алады. Қырсық қылғанда анаусы да қалыспайды. Ол да балғаға жармасады. Төбесінен бір қояр ма еді. Ал, балға көзіне оттай басылды. Ауылда жүргенде қора-қопсының жыртық-тесігін жамап, шарбақты қағып, қолдан түсірмейтін құралы ғой. Япыр-ай, балға да осындай кіп-кішкентай болады екен-ау. Өзі əп-əдемі, тап-тұйнақтай. Кім жасаса да шебердің қолынан шыққан. Дəрігер жанына келіп, қарап-қарап тұрды да, тізесінен бар күшімен соғып қалды. Аңдау сызда шоршып түсті. Мұнысы несі, ескертпей ме, өзі есерсоқтау ма, қалай? Əр жағындағысы да балға көтеріп тұр, ол ұрса тіпті аямайтын шығар. «Апа» басын қорғады. – Басыңда нең бар, қолыңды соз! – емшінің шыдамы таусылған болса керек үні шіңкілдеп шықты. «Осылардың дені дұрыс емес, бас десе, құлақ дейді. Қолыңды соз деймін. Анаусы «Айтасыз-ау, шеф, есі дұрыс адам бізге келе ме?» деп кеңкілдеп күледі. Менің екі көзім сонда. Ол менің миымды ағызып, көзімді шығарып, аямай соғайын деп тұрған тəрізді. «Оңбаған, оңашада кездессең, өлтірем» дедім ызаға булығып. Өзінің бойы бір тұтам. Мына дəрігер де бойшаң емес. Менің иығымнан келеді. Анаусы тіптен қыртпыш. Мені мазақтаған не теңің, бойыңды өсіріп алсайшы. Осы кез шынтағымнан балға сарт етті де, ток ұрғандай орындыққа жалп еттім. – Ім.мм. əбден тоз-тоз болып біткен екенсің… Жігітім жағдайың мəз емес, мен сізге рөлге отыруға рұқсат бере алмаймын. Сізге ұзақ уақыт емделу керек. Жалпы мені, емдеуші дəрігеріңіз есебінде тыңдасаңыз, бұдан былай рөлге отырмаңыз. Бұл өзіңіз үшін де, жолау шылар үшін де өте қауіпті. – Сонда не істеймін? Əжетхана тазалаймын ба? Анау əбден құтырды қақ артына тұрып алып, екі қолын жыбырлатып қайшылады. «Қояншық» дедім зығырданым қайнап. – Мені тыңда, сізге тыныш жерде отыратын жұмыс керек. Жə, абыржымаңыз, қолыңызға күрек алып, қара жұмыс жасауыңызға да болады. Жүйкеңіз болмаса, басқадай денсаулығыңызда мін жоқ. «Екеуміз қуыспақ ойнаймыз» деді артындағысы қағаздарды аударыстырып жатып құлағыма сыбырлап, өзі дəрігер не істесе, соны істейді. Үшеуміз де отырдық. – Мына дəрілерді үзбей ішіңіз. Бір жетіден соң қабылдауыма қайта келесіз. – Менің жұмысқа жарамсыздық қағазымды қашан жабасыз? – Жабуын түбінде жабам. Бірақ мен сізге көлік жүргізуге мүлде тыйым саламын. Басқа жұмыс іздеңіз. – Сонда қандай? Жанындағысы қолына тағы балға ұстап алған, қарасам дəрігер де балғаны ұстап үстелді тықылдатып отыр. Басымды шайқадым. «Əзəзіл шайтан, – дедім, – сен екенсің ғой оны азғырып отырған. «Денің сап-сау деп диагноз қойып, көлік жүргізуге болмайды» дей ме? Қасындағы ана əзəзілдің көзін құртсам, мүлде басқаша сөйлер еді. Дəрігер балғасын қойып, көзілдірігін шешіп, оны табақтай ормалымен сүрткен соң, маған сүзіле қарады. Əйнексіз көзі біртүрлі екен. Өлген балықтікіндей семіп қалған бірдеңе. – Мен сіздің неге икеміңіз бар екенін қайдан білейін. Көше тазалаңыз, көлік жуыңыз, папка ұстап үстел басында отыратын біліміңіз жоқ шығар. – Папка ұстап үстел басында отыратын болсам, көлік жүргізіп не əкемнің құны бар. – Сау болыңыздар. Невропатолог жан-жағына алақтап қарады да, басын шайқап: – Сау болыңыз, келесі сəрсенбіде күтем, – деді. С. олардан əрең құтылды. Емші жазып берген сала құлаш ішірткінің тізіміне бір қарады да, «мұны сатып алатын көк тиыным жоқ» деп жұмарлап-жұмарлап қоқыс салатынға лақтырып жіберді. 2 Қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің басшысы полковник Абылай Əзімханұлы Қайсенов бүкіл қаланы шулатқан дəрігердің өліміне қатысты қылмыстық істің өлі нүктеден жылжымауына алаңдаулы күйде жедел топтың жігіттерін шақырды. Олардың көбісі жастар. Мүмкін тəжірибелері жетпейтін шығар. Аңысын аңдап, өзі араласпаса болмайтынға ұқсайды. Онсыз да көптеген құйтырқы істерге кірісіп кететіндіктен, əріптестерінің «жыбырламай креслосында отырса қайтеді екен» деген қаңқу сөздерін құлағы шалады. Ал жастар жағының ауыз лəмі басқаша. Оны белгиялық детектив Эркюль Пуароға қатты ұқсатады. Қылмысты ашқанша жаны жəй таппайды, осындай басшымен бірге қызмет жасаған біз бақыттымыз деп сыртынан мадақтап жүретіндерін сезеді. Əйтпегенде ше, өзінің жаны қалаған мамандығы жəне де əр қылмыстың артында адам тағдыры тұратыны оған маза берген емес. Тіркесіп кірген тергеушілерге отырыңыздар деп емеурін білдірді де, қарап отырған том-том істерін ысырды. – Ал, жігіттер, не болып жатыр өзі? Ана қаланы шулатып қоғамдық резонанс тудырған невропатологке қатысты іс не болды? Саңылау бар ма? Кабинет ішінде өлі тыныштық орнады.Топ жетекшісі капитан Жолдас Сабырхан күмілжіңкіреп тіл қатты: – Полковник мырза, жұмыс жасап жатырмыз. – Оны біліп отырмын. Сол жұмыстың нəтижесі бар ма? – Əзірге болмай тұр. Білесіз ғой қала үлкен. Ешкім ешнəрсе көрмеген, білмеген. Көршілер бірін-бірі танымайды – Мекемесінде болдыңдар ма? – Ешбір ілік жоқ. Бəрі керемет. Ешкіммен ұрыс-керісі, алыс-берісі жоқ. Уақытында жұмысына келеді, кетеді. – Криминалистік сараптама қорытындысы дəрігердің адам қолынан мерт болғанын дəйектеді ме? – Иə, ауыр нəрсемен басынан ұрып, бірнеше жерден пышақтаған. – Өлген дəрігер қай ауруханада жұмыс жасаған? – Жедел жəрдем ауруханасы. – Нешеде? – Зейнеткер. – Қызық екен. Жас та емес. Жақсы, орындарыңа барып, істеріңмен айналыса беріңдер. Оңаша қалған полковник бұл қылмыстың мотиві не болғаны деп толғанды. Невропатолог, невропатолог… ол кімдерді емдеуші еді… Жалма-жан ұялы телефонын алып, əйелінің нөмірін терді. – Айша, – деді. – Саған бір сұрақ, невропатолог кімдерді емдейді? Əйелі сыңқ етіп күліп жіберді. – Абылай, соны да білмейсің бе? – Мен енді бəрін біле беретін данышпан емеспін ғой. – Жүйке ауруларын емдейді. – Сонда есі ауысқандарды ма? – Жоға, көбінесе ұйықтай алмайтындар, бір нəрседе қорқатын үргедектер, тіпті өрескел ашушаң адамдар да барып емделеді. Əбден жүйкесі жұқарғандар сол невропатологте есепте тұрады. – Солай ма, рақмет, білмейді екем. Олай болса, дəрігерді өлтірген пациенттерінің бірі болса ше? Қаланың қақ ортасындағы ақылы да, ақысыз да емдейтін емхананың дəлізі ығы-жығы. Бас дəрігер полковникті сəл абыржулы түрмен қарсы алды. – Қош келдіңіз, сіздің жігіттер келген сайын жағымды хабар əкелер деп үміттенеміз. – Сізден өтініш, маған сол дəрігер емдеген пациенттердің емделу кəртешкесін көрсетесіз бе? – Сізге кофе алдырайын. – Рақмет. Əуре болмаңыз. – Онда, күте тұрыңыз. Өзім тауып əкелем. – Тек мұқият болыңыз, асықпаңыз. – Əлбетте. Бас дəрігердің кабинеті кең. Қабырғалық жəшік ішінде аурухананың əр жақтан алған алғыс хаттары, сувенирлер. Дəрігерлік анықтама кітаптары мен түрлі брошюралар. Лездеме өткізетін ұзынша үстел мен орындық. Басы артық жиһаз қойылмаған. Үнемі күн түсіп тұратын болса керек. Жарық, жылы. Арада біршама уақыт өткенде, сасқалақтап бас дəрігер кірді. – Полковник мырза, көп күтіп қалдыңыз ба? Ол кісінің орнына жас дəрігер келген. Жастарды білесіз ғой. Міне, қарап шығыңыз. Аурулардың емделу тарихы біраз екен. Тергеуші сыртындағы жазуына үңіліп, тереңірек мəн бере бастады. Көбісі əйел. Қызық, əйелдердің жүйкесі тозғыш болады екен-ау деп ойлады. Сосын жастар. Оларға не болды екен. Қырық пен елудің арасындағы екі адамның емделу қағазына көңіл аударып, қайда жұмыс жасайды, қашаннан ауырады соны белгілеп алды. Біреуі жүргізуші С. деген. Екіншісі – жаттықтырушы. Сол екеуінен басқасы – жастар мен əйелдер. Екі пациенттің жұмыс орындарын есіне сақтап алды. Неге екенін жүргізуші күмəнділеу көрінді. Жəне ол жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жиі жолдама алған екен. Бас дəрігерге рақметін айтып, күтіп тұрған көлігіне отырған соң: – Енді автопаркке! – деді. Автопарктің директорын бұрыннан танитын. Дəлізде кездесіп, ашық көңілмен амандасты. – Əбеке, жəй жүрсіз бе? – деді сақтықпен. – Қорықпа, жəй. Сізде жұмыс жасаған бір жігіт жəйлі білгім келген. Өзі соңғы кезде жүйке ауруына шалдығып, дəрігерге көп көрінген екен. – А а, ол кім екен? Бізде жүзге жуық жүргізуші бар. Мен кадр бөлімінен сұрайын. Маған аты-жөнін айтыңыз. Сіз менің кабинетімде отыра тұрыңыз. Мен қазір біліп беремін. Біршама уақыт өткен соң асығыс кірген директор: – Кешіріңіз, əрең таптық. Иə, ондай адам болған. – Болғаны қалай, қазір жұмыс жасамай ма? – Денсаулығына байланысты көлік жүргізуден дəрігерлік комиссияның шешімімен босатылып, басқа жұмысқа, аула сыпырушылыққа ауыстырылған. Бірақ ауруы үдеп, қазір жүйкесі ауыратындар ауруханасында емделіп жатыр екен. – Сіздерге қайдан келді? – Бізде көбісі ауыл жақтан көшіп келгендер ғой. Ауылда бастықтың шопыры болған. Келгенде көп сөйлемейтін жігіт еді. Байғұс ауруға шалдықты. Оны мен де байқамадым. Қасындағы жігіттер осы С. өзгеріп кетті. Көп сөйлейді. Өзінен-өзі қолын бұлғап, əлдекімдермен боқтасып жүреді. Қоғамдық көлік жүргізуге мұндай адамды жіберу қауіпті. Дəрігерге көрінсін деп қоймады. Ол бармаймын деп азар да безер болды. Ақыры жедел жəрдем шақырып, невропатологке көрінуге мəжбүрлеп көндірдік. – Отбасы бар ма? – Бар. Жақында жатақханадан екі бөлме алып бердік. Енді үй жалдайтын ақшалары жоқ. Үй иесі ауырған соң, қиын ғой. – Əйелі қайда жұмыс жасайды? – Ол да осында. Билет тексереді. – Əйелімен сөйлесуге бола м? – Қазір сұрайын. Директор телефонмен сөйлесті де: – Өкінішке қарай, бүгін үйінде екен. Демалысы болар. – Мекен-жайын айтасыз ба? – Əрине, – ол тағы звондап, бір тілім қағаз алып жазды да, тергеушіге ұсынды. – Жақсы. Рақмет. * * * Жұмысшылар жатақханасы заманауи жөндеуден өткен болса керек. Сыртқы есігінен бастап жинақы, тазалық сақталатыны сезілетіндіктен, тергеушінің көңілі сергіп қалды. Көп жатақханаға қарағанда тəуір. Іздеген пəтері де бірінші қатарда. Домофон тетігін басқанда, жас əйелдің кім екен деген дауысы естілді. – Тергеушімін, ашыңызшы. – Тергеуші? Қызық екен, – тетік тырс етіп, есік ашылды. Пəтерінің есігін айқара ашып, аңтарыла қараған əйелге: – Саламатсыз ба, ескертпей келгенім үшін кешіріңіз. – Оқасы жоқ. – Менің сізге бірер сұрағым бар еді. Жолдасыңыз жəйлі. – Оған не бопты? – Əйел шошынды. – Ауруханадан қашып кетіп пе? – Ауруханадан қашатын əдеті бар ма еді? – Жоға. Əлгі елесін қуып жүріп, бір нəрсеге ұшырамаса, ауруға шалдыққалы «көлеңке» деген біреумен жау болды. Айтпақшы, сіз сол туралы келген шығарсыз. Ол дəрігердің өлгенін білмейді. Сол баяғы «көлеңкесін» өлтірем деп сандырақтайды. – Қашанан бері ауырады? – Бір жыл болып қалды. Бұлай болғанда ауылдан көшпейтін едім. Қайдан білейін. – Бұрын мінезі қандай еді? – Қой аузынан шөп алмайтын жуас. Көп сөйлемейтін. Біреулер мың сөйлегенде, ол бір ауыз сөз айтпайтын. Қайдан білейін, неден тап болғанын. Бақсыға да, балгерге де көрсеттім. Емін таппады ғой. – Ал, көлеңке дегенді қайдан шығарды? – Білмеймін, дəрігерге барса, оның көзіне жын-шайтан елестей ме, оның қасында «көлеңке» жүр, ол мені өлтіреді. Одан бұрын мен оны өлтіруім керек дейтінді шығарды. Ұрсам. Ол кім деймін. Айтпайды. Сосын дəрігерін өзгертпекші болдым. Жоқ. Мен оны қорғауым керек. Əйтпесе, ана көлеңке оны өлтіреді деп көнбей қойды. Дəрігерін жақсы көретін. – Солай деңіз, күйеуіңіздің үйден шығып, олай-бұлай кетіп қалатын əдеті жоқ па? – Атамаңыз. Жалғыз жібермейміз. Адасса үйді таба алмайды. Қызым мен ұлым бар. Үшеулеп бағамыз. Оның адамға зияны тимейді. Осы көлеңке деген бəле болды. Қайдан шығарғанын білмеймін. Ертелі-кеш мен оны өлтірем. Мен өлтірмесем, оны өлтіреді дейді. – Онысы кім? – Дəрігері. – Күйеуіңіздің адам өлтіруге шамасы келе ме? – Ол адам өлтірмек түгілі, тышқан мұрнын қаната алмайды. Сол мейірімділігінен тапты осы ауруды. Кісіні аяғыш. –Дəрігерлер не айтады? – Жазылады. Ұзақ емделу керек дейді. Олар да сол «көлеңке» дегеніне таң қалады. – Жақсы, айып етпеңіз, жолдасыңыз тез сауығып кетсін. * * * Жолда тергеуші «көлеңке, көлеңке» деп бірнеше рет қайталады. Дəрігердің қасында кім болуы керек?! Тағы Айшаның көмегі керек. Кешке дейін шыдамы жетер емес. Телефонын терді. – Айша ханым, мазалағаным үшін кешір. Маған айтшы, ауруларды қабылдаушы дəрігердің жанында тұрақты түрде кім болады? – Əлгі невропатологке қатысты тергеу ме? – Иə, сол ғой. – Дəрігердің жанында мейірбике немесе мейіргер-медбратты солай атап жүрміз, тұрақты түрде болуға тиіс. Олар əр аурудың емдік кітапшасын тауып береді. Дəрігердің ауруға берген дəрілерінің ішірткісін жазады. Рентгенге, басқа дəрігерлерге жолдама жазады. Вообщем, дəрігердің оң қолы. – Солай ма, əйелімнің дəрігер болғаны қандай жақсы.
– Ой, саған не болған, естімеген сөзімді естідім ғой. – Себебі, сен маған мықтап көмектестің. * * * Демек, невропатологтің жанында көлеңкесіндей болып көлбеңдеп жүретін біреу бар. Науқас соны болжап отыр. Ол кабинетіне келісімен жедел топтың жетекшісін шақырды. – Жолдас, не жаңалық? – Полковник мырза, өкінішке қарай, əзірге өзгеріс жоқ. – Онда мені тыңда. Сол невропатологтің жанында медбике немесе медбрат болды ма? Болса, ол кім? – Бар. Н. деген жігіт. – Жауап алдыңыздар ма? – Алмадық. Күдікті ешнəрсе болмаған соң… Жəне ол жігіт қалада болмады. Қазір келген шығар. Табамыз. – Жанындағылардың бəрінен жауап алуға тиісті емессіздер ме, жедел түрде жауап алыңыз. Анализдерін ДНК-ға тапсыртыңыз. Дактиласкопиялық тексеруден өткізіңіз. Немедленно! * * * Полковник көңіліне көп күдік ұялатқан науқасты көру үшін жүйкесі жұқарғандарды емдейтін ауруханаға барып, бас дəрігерімен сөйлесті де, С-ны шақырып беруін өтінді. Бас дəрігер жас жігіт екен. Мұндай мəртебелі қонақтың бас сұғуы ол үшін күтпеген жағдай болса керек, басын изеп, жүгіре жөнелді. Арада бес-он минут өткенде, жас шамасы қырықтың ішіндегі толықша сары жігітті қолынан ұстап, дедектетіп ертіп келді. Сонша асықтырған болса керек, тəпішкесін теріс сұға салған. Кең қолтық пижамасы мен жейдесі де олпы-солпы. Шашы өсіп кеткен. Ұйқыдан жаңа оянғандай, жан-жағына беймарал қарайды екен. Оның бас-аяғына барлай қараған тергеуші баяу үнмен: – Бері келіңіз, отырыңыз, – деді. – Мен осында болсам бола ма? – деді бас дəрігер. – Əрине, отыра беріңіз. –Қашаннан бері ауырасыз? – Көп болды. – Емделдіңіз бе? – Емделгенмін. Дəрігерімнен көз жазып қалдым. Ол мен жазылып болмаған соң, емдеуден бас тартты. – Солай ма? Көлеңкесі де бас тартты ма? – Оны қайдан білесіз? Менің түбіме жеткен сол сайқымазақ. – Ол өзі адам ба, көлеңке ме? – Білмеймін, əйтуір дəрігердің ізінен қалмайды. Жаман адам. – Яғни, адам. – Мен оны өлтіргім келді. Əйелім жібермеді. – Қалай өлтіресің? – Қылғындырып өлтірер едім. – Сосын сені қамап тастайды ғой. – Қамай берсін. Ол жауыз ғой. Мен оны көзінен білдім. Мені ылғи қорқытатын. – Егер сол көлеңкені көрсең, танимысың? – Қайдан… Ол бет-ауызын ақ дəкемен жауып алады. Мені мазақтағанда ғана бетін қисайтып, тілін көрсетеді. – Қазір де соны ойлап жүрсің бе? – Ылғи түсіме кіреді. Мен одан қорқам. Ол мені тапса өлтіреді. Дəрігерді де өлтіреді. – Жарайды. Емделіңіз. Бас дəрігерге алып кетіңіз деп ымдады. * * * Полковник жұмыс орнына оралғанда, көмекшісі сізді капитан жолдас сұранған деп хабарлады. – Келсін. Асығыс кірген капитан төпелете сөйледі. – Полковник мырза, күдікті ұсталды. Ол – невропатологтің көмекшісі медбрат. Бар айғақ соны меңзейді. Сіздің болжамыңыз дұрыс болды. Оны қалай білдіңіз? Таңғаларлық. Көріпкеліңіз бар ма? Писхоаналитик болдыңыз ғой. – Жалпы, тергеуші психолог болуы керек. – Сізден үйренетініміз көп қой. Күдіктіден жауап аласыз ба? – Бүгін емес. Өзім айтамын. * * * Ұзақ жыл дəрігер болып еңбек еткен зейнеткердің кісі қолынан қаза табуы құқық қорғау органдарын бірталай əуреге салған. Оның ажалының көмекшісінің қолынан болуы да сирек кездесетін оқиға. Сол себептен де, полковник одан жауап алуды міндеті санады. Жас та болса адамшылығын жоғалтқан қанқұйлы қылмыскермен бетпе-бет келудің өзі сын. Мұндай сынаққа жас тергеушілер дайын болмауы мүмкін. Сондықтан жауап алу бөлмесіне капитан екеуі келді. Екеуі де бірталай сынақтан өткен. Сонда да адамды аяусыздықпен өлтірген қаныпезердің жүзін көру, одан жауап алу есте қалатын ауыр мезеттердің бірі. Айдауылмен есіктен енген орта бойлы шымыр денелі жігіт бет-аузын көлегейлеп алған екен. – Бет пердесін шешіңіз, – деді полковник қатқыл үнмен. Айдауыл шешті. – Ал, сөйлеңіз, осы күйге қалай жеттіңіз? Ата-анаңыз бар ма? – Бар, – деп міңгірледі жігіт мұрнының астынан. – Сізді оқытты-тоқытты, бірақ осылай адам жаны түршігерлік қылмыс жасауға үйретпеген болар. – Олар кінəлі емес. – Кінəлі өзіңіз болдыңыз ғой. – Солай. – Сонда сіз өз істеген ісіңізге жауап бере алмайтын болдыңыз ғой? Бірдеңе шектіңіз бе, тарттыңыз ба? – Білмеймін. Тіл табыса алмай, керісіп қалдық. – Ол жасы үлкен кісі. Əкеңіздей болса керек. Қалай қол көтердіңіз? – Ашу үстінде, қатты соққанымды байқамадым. Өліп қалады деп ойлаған жоқпын… – Сосынғы қимыл… қинамау үшін. – Жаны қиналған уақытта аяған екенсіз ғой. – Солай болды. – Неге ашуландыңыз? – Ол кісі уəдесінде тұрмады. – Уəдесінде тұрмады деп кісі өлтіре беруге бола ма? –Кеш түсіндім… кешіріңіз… Полковник алдындағы жігітке берілген дəрігердің анықтамасына көз жүгіртті. Ес-ақылы дұрыс. – Ашуыңызды тежей алмасаңыз, қалай дəрігер болып жүрсіз? – Мен дəрігер емеспін, медбратпын. – Дəрігердің көмекшісі болып істедіңіз ғой, солай емес пе? – Иə. – Сонымен сіз дəрігер А-ны азаптап өлтіргеніңізді мойындайсыз ғой. – Иə. – Не себепті? …Үнсіздік орнады. – Себебін тергеушілерге айтқанмын. – Сізден тергеу бөлімінің бастығы, полковник жауап алып отыр. Анықтап жауап беріңіз, – деді капитан ашулы үнмен. – Себебі, уəдесінде тұрмады. – Одан бұрын да сізге уəде бергендер болды ма? – Жоқ. – Өзімді ұстай алмай қалдым. Айыптымын. – Сіз ашумен емес, нақты жоспармен қимылдап, ол кісінің банк картасын, ұялы телефондарын, ноутбугін алғансыз. Сонда сіз адам өмірін осындай ұсақ-түйек заттар үшін қия салдыңыз ба? Үнсіздік. – Кісі өлтіргеніңізді мойындап, полицияға неге келмедіңіз? – Қорықтым. – Адамды азаптап өлтіргенде қорықпайсыз, істеген қылмысыңызды мойындап, полицияға келуге қорқасыз. Адам өмірін қиғаныңыз үшін өмір бойы абақтыда отыруыңыз мүмкін. Соны ойламадыңыз ба? Өзіңіз жап-жас жігітсіз. Жігіт басын тұқыртты. Сірə, жылап отыр. Полковник капитанға қарап, алып кетіңіз деп ишара жасады. Күдіктінің шымыр денесіне қарап, спортпен айналысқанын байқады. «Адам өлтіру үшін бе, азғын» деп күбірледі. * * * Қала жұртшылығын дүрліктірген қылмыс ашылды деген хабар жеткен бойы полковникті өзіне шақырған генерал көңілді қарсы алды. – Абылай Əзімханұлы, рақмет, иығымыздан ауыр жүк түскендей болды. Біздің жұмыс осындай күн райы сияқтымыз. Қылмыс ашылмай тығырыққа тірелгенде, көңілімізді де бұлт басып, жауар бұлттай түнереміз. Қылмыс ашылған күні, бұлттан шыққан күндей жадыраймыз. Міне, бірнеше айдан бері басымызға үйірілген бұлтты сейілтіп, көңілімізді бір көтеріп тастадыңыз. – Ұзағынан болсын деңіз, ұзағынан. – Сіздердей Шерлок Холмстарымыз тұрғанда, бізге алынбайтын қамал жоқ қой. Отырыңыз. –Ой, айтпаңыз, басында шатастық, жаза бастық. Ақыры ойламаған жерден ізге түстік. Жүйке ауруына шалдыққан науқастан жауап алып, соның нəтижесінде күдіктінің ізіне түстім. Сырқат дəрігерге емделуге барған сайын оның «көлеңкесімен» жау болып, оны өлтірем деп сандырақтайды. Соны естігенде, менің басыма «дəрігердің көлеңкесіндей боп қасында кім жүреді?» деген сауал сап етті. Міне осы болжам бізді тығырықтан алып шықты. Қылмыскердің кім екенін бірден түсіндік. Жəне үстінен түстік. – Тамаша. Сіздің ойлау қабілетіңіз ерекше ғой. – Логика ғой. – Жалпы адамды танымайтын өзге біреу өлтірмейді. Оны жақсы білетін танысы немесе жақындарының бірі сəл нəрсеге жауласудан, сəл нəрсеге тіл табыса алмаудан өштесіп, соның аяғы өлімге соқтырады. Соған көзіміз жетті. Қылмыстың түрі де көбейді. Интелектуалдық, қаржылық, техникалық, психологиялық деп бөле берсек шексіз-шетсіз. Осы қылмысты психологиялық десек те болғандай. Қайтыс болған дəрігердің пациенті қылмыстың ізіне түсетін ой салды. Жүйке ауруына шалдыққан кейбір адамның сезімталдығы, жамандықты сезіну түйсігі ерекше болатыны бұрыннан бар нəрсе. Себебі, олар бала сияқты кез келгеннен мейірімділік аңсап тұрады. Ал мейірімсіз адамдарды жетінші түйсігімен бірден сезеді. Осындай сирек құбылыс С. деген жігіттің де бойынан табылды. Ол дəрігердің мейіргерінің қара ниетті, қаны бұзылған жан екенін сезініп, одан шошынған. Ол оған дəрігердің жанында көлбеңдеп жүрген көлеңкесіндей көрініп, үнемі онымен жауласады. Оны өлтірем дейді. – Япырай, ə.ə… Сіз мықты психолог болдыңыз ғой. – Жалпы тергеушілерге психолог мамандығын меңгеру артық болмас еді. Себебі, олар адам жанының қалтарыстарына үңіліп, соны зерттей білулері керек. Бұл жолы күтпеген жағдай болды. Тергеу тығырыққа тірелген сайын өзім де қиналдым. Бір мысал айтайын, кəдімгі ара бір кило бал жинау үшін 2 миллион гүлге қонады екен. Біздің де тірлігіміз сондай. Бармайтын жеріміз, баспайтын тауымыз қалмайды. Қылмыс ашылмай аяғымызға да, басымызға да тыныштық болған емес. – Сіздердің еңбектеріңізді елеусіз қалдырмаймыз. Əр қылмыстың осындай қыруар еңбекпен, ізденіспен ашылатынын түсіне қоймай, жанымызды алып жанықтыратындар бар. Біз бір қол қусырып қарап отыратындай дігірлеп, діңкемізді құртады. – Түсінеміз, жолдас генерал, маған рұқсат етіңіз, жұмысыма барайын. – Рұқсат, рұқсат, жігіттерге менің атымнан алғыс айтыңыз. * * * Полковник далаға шыққанда күздің жылымық желі қойны-қонышын жəйлап, жапырақтары сиреп қалған қарағай мен қайыңдар қаздай тізіліп, көкке мойнын созып, мүлгіп тұрды. Осындай көңілді сəттеріндегі əдетімен саябақтағы жаяу жолға түсті. Шынында əр адамның бойында əлдебір қауіп-қатерді сезетін айрықша түйсігі болса, ол кездейсоқтыққа ұрынбас еді-ау. Алайда, сондай қауіп-қатерді сезетін қасиет баршаға бұйырмаған. Өзі де бір кез қақпанға түсе жаздаған. Ол осындай күрделі іс ашылған сайын мойнынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалады. Бүгін күн қандай ашық. Жел де жоқ. Балық аулайтын күн екен деп ойлады да, өзі ылғи бас сұғатын балықшылар дүкенінен қармаққа ілетін жем сатып алды. Қара торы кексе əйел көптен осында дүкенші. – Ə, тергеуші мырза, ішіңіз пысты ма? – деп əзілдеді. – Бізде іш пысатын уақыт болмайды. Демалу керек. Су жағасында балық аулап дем алғанды ұнатамын. – Əрине, балық аулау ең əдемі демалыс қой. Оның үстне қаланың қапырығынан аулақ, таза ауа, тыныштық. Жолыңыз болсын! Өзі де дем алуға барады. Ал көбінесе шешілуі шытырман қылмыс түрлерін ой елегінен өткізіп, өзімен-өзі болу үшін оңаша қалуды ұнатып, балық аулауды сылтау ететін. Жəне де жанына ешкімді ілестірмей, жалғыз болуды қалайды. Əлгі бір қақпанға түсе жаздаған оқиға қалай болып еді. Балық аулайтын маңға қарауыл қою дегенді кім ойлап шығарды екен деп əлі күнге дейін таң қалады. Ол сонда жемқорлыққа байланысты өте күрделі қылмысты тергеген. Алған бетінен қайтпайтын, əділ, қайсар тергеуші жұтқыншағы кең жалмауыздардың тамағына қылқан болып қадалған. Атағы алысқа кеткен олигарх сонда оның көзін біржолата құртып жіберуді ойлап, жолына тұзақ құрып, сан түрлі айла жасаған. Оққағарларына басқан ізін аңдытқан. Үнемі спортпен шұғылданған соң, бірді-екіліге дес бермейтін жұдырығы жұмыр, күрес əдістерін шебер меңгерген тергеушіні оңай олжалай алмасын білген соң, оңаша қалған сəтін аңдыған… Иə, сол тұста дұшпандары оған мықтап қақпан құрған болатын. Аңдыған алмай қоймастың керін келтіріп, балық аулауға құмарлығын біліп алып, балық аулайтын мекенін межеге алып қойған екен. Полковниктің əлі есінде, сол күні ауа райы желкемдеу болатын. Алайда, балық аулауға барам деп желіккен көңіліне ол да тосқауыл бола алмады. Құрал-сайманын, палаткасын жеңіл көлігінің жүк салатынына жайғастырып, барғысы келіп тұрған кіші ұлының жауырынан қағып: – Ренжіме, бұл жолы ала алмаймын. Келесіде міндетті түрде, – деп жүріп кеткен. Ол отыратын ажырықты көл жағасында артық-ауыс ешкім болмайды. Бұны əдейі іздеген адам болмаса, таба алмайтын, бейсауыт ешкім келе бермейтін тұйықтық. Манағы желкем жел күшейе түскендей, көл бетінде кішкене толқындар пайда болып, сылқ-сылқ етіп жағаға соғып, су тынымсыз əрекетке көшкен. Мына қозғалыста балық аулап қарқ болмайтыны да белгілі болды. Толқынмен келген кішкене шабақтар болмаса, үлкендері жағаға жоламайды. Мейлі ғой, мен балық аулауға емес, ой аулауға келдім. Оны мазалайтын бір ой – адамдардың қанағатсыздығы. Баю жолында ар-ұяттан безініп, өзінікі мен өзгенің мүлкінің ара шегін шатыстырып, шырмауыққа шым бататыны. Осы кез желке тұсынан: – Ааа… тергеуші мырза, ақыры оңаша кездестік-ау, – деген жуан дауыс естілді. Ақырын бұрылып қарағанда, бұрыннан таныс олигархтың екі бүйірін таянып, талтайып тұрғанын көрді. – Амансыз ба, сіз де балық аулауға келдіңіз бе? – деді. – Жоқ, бақа-шаян, балық-малық менің айналысатын ісім емес, маған сіз сияқты акулалар керек. – Бүгін – демалысым, кедергі келтірмеңіз. Балықтарды үркітесіз. – Солай ма, сіз бізді үркітіп, ішкенімізді ірің, жегенімізді желім еттіңіз. Өзіңізді кіммін деп ойлайсыз?! – Солай ма, артық ішпесеңіз, артық жемесеңіз ішкеніңіз ірің, жегеніңіз желім болмас еді. Сол туралы ойланып көрдіңіз бе?. – Ойлауды сізге қалдырдым. Адам күні адаммен деген келісімге келейік. Қалағаныңызды берем, істі доғартыңыз. – Қателесесіз. Ісіңізді жүргізуші мен емеспін, бақылаушымын. Сіздің ісіңізді жедел топ өкілдерінен бастап, генералға дейін баршасы қадағалап отыр. Солардың бəрінің аузын қалай жабасыз? Осы кезде қайдан шыққанын қарулы топ сап етіп, олигарх пен оққағарының қолын артына қайырып, патрульдік көлікке тығып жіберді. Жедел топтың жетекшісі онда кім еді? Ə əə… ана қайратты қара жігіт екен ғой. Таң қалған полковник : – Мұнда не істеп жүрсіңдер? – деген. – Сізді күзетіп жүрміз? – Неге? – Қауіпсіздігіңіз үшін. – Кім сіздерге ондай тапсырма берген? – Генерал. –Генерал? Таң қалғаннан үні шықпай қалған. Ол кісі мені сонша қорғайтындай кіммін деп ойлаған. – Болды. Қайта беріңдер, – деді тұтығып. – Болмайды. Ондай бұйрық болған жоқ. Аналарды бөлімге алып кетеді. Сіздің қасыңызда мен қаламын! – Капитан қасарысып тұрып алған. Амал жоқ, сол жолы құрал-саймандарын жинап, үйіне ерте оралды. Сол оқиғадан кейін балық аулауға барғанда, жан-жағына мұқият қарайлайды… Олардың білдірмей алыстан абай болып жүруі де мүмкін ғой. Айналаңа керек болудан артық бақыт жоқ…
Зияш ТЕЛЕУОВА


