Медиация институтына 15 жыл: тарих және тағылым

«Медиация туралы» заң 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданып, тамыз айынан бастап қолданысқа енгізілген еді. Міне содан бергі он бес жыл ішінде бұл институт үлкен даму, түрлену жолынан өтті. Дала заңын жаңғыртқан маңызды заң осы жылдар ішінде қоғамдағы бітімгерлік, татулық секілді құндылықтарды сақтап, дәріптеуімен құнды саналады. Қазіргі таңда соттардағы көптеген істер медиация, татуластыру, партисипативтік келісім арқылы шешімін тауып отыр. Десек те, медиацияның бүгінгідей кең қолданысқа ие болуының артында үлкен еңбек тұр.

Расында да, медиация бір күнде танымал болып, тәжірибеде бірден сұранысқа ие бола қойған жоқ. Мұндай нәтижеге мықты ұйымдастырушылық, кең көлемді ақпараттық, тындырымды насихаттық жұмыстардың арқасында қол жеткіздік. «Медиация туралы» заң алғаш қабылданғаннан бастап бұл интитуттың қалай қолданылатынын ғана емес, заңның мақсатын, артықшылықтарын түсіндіруге үлкен күш жұмсалды. Судьялар бұқаралық ақпарат құралдарында медиация мен медиатордың міндеті мен маңызын айшықтайтын түрлі мақалалар жариялап, сот алаңында көптеген дөңгелек үстел, семинар, қабылдаулар ұйымдастыруға мұрындық болды. Тіпті жергілікті жерлердегі беделді, зиялы азаматтарды  медиаторлыққа тартып, оларға кабинет беріп, алғашқы медиациялық келісімдердің жасалуына көмектесті. 

 Ресми деректерге сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстанда 2 000-нан астам кәсіби медиатор тіркеліп, жұмыс істеуде. Бұған қоса 1 900-ден астам кәсіби емес медиатор азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды бейбіт келісіммен түйіндеуге атсалысып келеді. Бұдан бөлек елімізде ресми тіркелген 27 медиация ұйымы кәсіби медиаторларды сапалы дайындап, медиацияны кәсіп еткен азаматтардың біліктілігін көтеру үшін ұдайы оқу курстарын ұйымдастырып отырады. 

Яғни, он бес жылдың ішінде еліміздің медиаторлар қауымы үлкен күшке айналды. Олар қазір жеке практикасын қалыптастырып, судья жүктемесін жеңілдетуге, тараптарды ортақ мәмілеге келтіріп, ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауға қызмет етіп жүр. Айталық сот талқылауында шешімді мемлекет атынан сот қабылдаса, медиацияда түпкілікті шешімді дауласушы тараптардың өздері қабылдайды. Бұл жердегі медиаторлардың басты міндеті – тараптардың өзара байланысын қалпына келтіріп, мүдделерін ашық талқылауына және келісімге келуіне кәсіби жағдай жасауға негізделеді.

Медиацияның маңызын соттарда бітіммен аяқталған істердің санымен немесе жүктеменің төмендеуімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Оның мәнін қарапайым азаматтардың ризашылығына қарап та пайымдауға болады. Себебі медиация дауларды жедел, өзара мәмілемен шешу арқылы азаматтардың уақытын, қаржысын үнемдеп, айналасымен өзара сыйластықты сақтауына, азаматтық бейнесіне нұқсан келтірмеуге ықпал етеді. 

       Медиация қоғамдағы кешірімшілдік, араағайындық дәстүрін ұлықтап қоймай, сот жүйесіне айтарлықтай пайдасын тигізді. Өйткені даусыз істерді қарау судьяның жүктемесін көбейтеді. Ал мұндай дауларды медиаторлардың құзырына беріп, бітіммен шешудің арқасында судьялардың неғұрлым күрделі істерге көбірек көңіл бөліп, тәжірибесін шыңдауына, өз білімін көтеруіне мүмкіндік туып отыр.

         Медиацияның игілігін әрі қарай да пайдаланып, шеңберін кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тоқтап қалмауы керек. Әсіресе цифрлық технологиялар медиацияның қолжетімділігін кеңейте алады. Айталық еліміздің әр өңірінде тұратын тараптар, шетелде жүрген кәсіпкерлер онлайн медиативтік келісімге келу арқылы уақытын да үнемдеп, іскерлік беделін де сақтары анық. Сондықтан он бес жыл халыққа қызмет еткен «Медиация туралы» заң алдағы уақытта да жаңа форматты ел игілігіне жарайды деп сеніммен айта аламыз.

Асқар Оспанбеков,

Алматы қаласы

Түрксіб аудандық сотының судьясы

«Жаңа Конституциядағы мемлекеттік тілдің маңыздылығы»

Мемлекеттік тіл – елдің ұлттық болмысын айқындайтын, халықты біріктіретін жәнемемлекеттіліктің маңызды нышандарының бірі. Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойықалыптасқан рухани мұрасы, тарихи жады мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат. Сондықтан...

Соттағы жасанды интеллектті игеру бойынша ізденіс жалғасады 

Өркениет көшіне ілескен ел озық мемлекеттердің даму тәжірибесіне қарайды....

Мұрагерлік құқыққа қатысты даулар

         «Достар қиыншылықта, туыстар мұраны бөлуде белгілі болады» деген сөз...

Ақмолалық әскери тұтқындардың тағдыры: тарихтың көмескі беттері қайта сөйледі

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы сөз қозғағанда, көбіне майдан даласында...

Сот процесіне қатысушылардың мәдениеті

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасында ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру...