Оқушыны ғылыми ізденіске баулу мектеп бағдарламасындағы тақырыпқа сұрақ қоюдан, деректі талдаудан және өз пікірін дәлелдеуден басталады. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназияда өткен «Ғалыммен сабақ: университет ғылымы – мектеп оқушысына» жобасы осы дағдыларды дамытуға бағытталды. Оны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология факультеті мен мектеп бірлесіп ұйымдастырды.


Жоба сабақтары тіл білімі, әдебиеттану және жазылым дағдыларын қамтыды. Раева Гульзат Магауовна 5-сыныпта фонетика мен үндестік заңдылықтарын түсіндірді.

Ильясова Нағима Әбзелбекқызы 8-сыныпқа морфология мен синтаксистің байланысын таныстырды. Сабақтарда оқушылар тілдік материалды талдап, қорытынды жасауға тартылды.



Әдебиет бағытындағы сабақтарды Иманғали Өркен мен Сатемирова Дариха Амантаевна өткізді. Біріншісі 10-сыныпта «Абай жолы» роман-эпопеясының дәуірі, кейіпкері және көркемдік танымы мәселелерін қарастырса, екіншісі 8-сыныпта жыраулар поэзиясындағы ұлттық рух пен тарихи жад тақырыбын ашты. Оспанов Еділбай Төлебайұлының 11-сыныптағы практикалық сабағы эсседегі тезис, дәлел және қорытындының өзара байланысына арналды.


Филология факультетінің деканы Ботакоз Тлеубекова: «Ғылыми ойлауды дамыту үшін оқушыға дайын тұжырымды ұсынумен шектелмей, сол тұжырымға қалай келгенімізді түсіндіру маңызды. Сұрақ қою, салыстыру және дәлелдеу сабақтың мазмұнымен бірге жүруі керек».


Мектеп директоры Нурадинов Нұрғали Мұхитұлы: «Ғалым мен мұғалімнің тәжірибесі тоғысқанда оқушыға тақырыпты әр қырынан танытуға жол ашылады. Біз үшін бұл кездесудің әдістемелік құндылығы да осында».

Іс-шараға филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Филология факультетінің деканы Тлеубекова Ботакоз Тургамбаевна; филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Раева Гульзат Магауовна; филология ғылымдарының докторы, аға оқытушы Ильясова Нағима Әбзелбекқызы; PhD, аға оқытушы Иманғали Өркен; филология ғылымдарының кандидаты, доцент, аға оқытушы Сатемирова Дариха Амантаевна; филология ғылымдарының кандидаты, Әлем тілдері факультетінің деканы Оспанов Еділбай Төлебайұлы; PhD, кафедра меңгерушісі Куттыбаев Шоканхан Дүйсенханович; филология ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі Қасен Ерлан Сламбекұлы қатысты.


Қатысушылар қатарында жоба авторлары — PhD, Мансап орталығының басшысы Жетібай Рақымберді Қажығалиұлы және PhD, Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Найманбаев Алмас Әбдіманапұлы болды.

Іс-шарада «Ғалымға сұрақ» форматындағы пікір алмасуға да орын берілді. Педагогтер заманауи әдістерді, функционалдық сауаттылықты арттыруды және қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында қолданылатын тиімді тәсілдерді талқылады.




Осылайша жоба оқушыларға арналған сабақтарды мұғалімдердің кәсіби тәжірибе алмасуымен ұштастырды.


