ТҰРҒЫН ҮЙДЕН ШЫҒАРУ: ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ЖӘНЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ТӘРТІП

Тұрғын үй – әрбір азаматтың өміріндегі маңызды әлеуметтік құндылықтардың бірі. Сондықтан тұрғын үйден шығару мәселесі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қозғайтын, ерекше жауапкершілікті талап ететін атқарушылық әрекеттердің қатарына жатады.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңында тұрғын үйден шығаруға қатысты арнайы тәртіп белгіленген. Атап айтқанда, Заңның 106-бабы борышкерді тұрғын үйден шығару туралы атқарушылық құжатты орындау тәртібін реттейді.

Тұрғын үйден шығару тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылады

Заңның 106-бабының негізгі талабы – сот шешімінсіз тұрғын үйден шығарып жіберуге жол берілмейді.

Яғни сот орындаушысының тұрғын үйден шығару жөніндегі әрекеттері тиісті сот актісіне негізделуі тиіс. Сот шешімі тұрғын үйден шығару мәселесін шешкеннен кейін ғана оны мәжбүрлеп орындау атқарушылық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.

Бұл ретте сот орындаушысының міндеті – сот актісінде көрсетілген талаптардың нақты және заңнамада белгіленген тәртіппен орындалуын қамтамасыз ету.

Борышкерге уақыт беріледі

Сот актісі шығарылғаннан кейін тұрғын үйден шығару бірден мәжбүрлі түрде жүргізіле бермейді.

Егер борышкер тұрғын үйден шығару туралы атқарушылық құжаттың талаптарын сот орындаушысы белгілеген мерзімде өз еркімен орындамаса, мәжбүрлеп шығару шаралары қолданылады.

Мұндай жағдайда сот орындаушысы заңда көзделген тәртіпті сақтауға міндетті.

Борышкер алдын ала хабардар етіледі

Тұрғын үйден мәжбүрлеп шығару кезінде борышкерді алдын ала хабардар етудің маңызы ерекше.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот орындаушысы борышкерді өзі белгілеген тұрғын үйден шығару уақыты туралы күнтізбелік он күн бұрын хабардар етеді.

Бұл норма борышкерге белгіленген уақыт туралы алдын ала білуге және тұрғын үйді босатуға байланысты қажетті әрекеттерді жасауға мүмкіндік береді

Сонымен бірге тұрғын үйден шығару уақыты туралы тиісті түрде хабардар етілген борышкердің атқарушылық әрекетті жасау кезінде болмауы атқарушылық құжатты орындауға кедергі болып табылмайды.

Яғни борышкердің әдейі келмеуі немесе тұрғын үйде болмауы сот актісін орындауды тоқтатуға негіз болмайды.

Мәжбүрлеп шығару қалай жүргізіледі?

Егер борышкер белгіленген мерзімде тұрғын үйді өз еркімен босатпаса, шығару мәжбүрлі түрде жүргізіледі.

Бұл ретте заң талаптарына сәйкес, атқарушылық әрекетке куәгерлер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері қатысады.

Ал егер тұрғын үйден шығарылатын борышкердің кәмелетке толмаған балалары болса немесе оның қорғаншылығында не қамқоршылығында кәмелетке толмаған адамдар болса, тұрғын үйден шығару кезінде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өкілі қатысуға тиіс. 

Мұндай талаптардың белгіленуі – атқарушылық әрекеттерді жүргізу барысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қосымша қорғауға бағытталған.

Тұрғын үйден шығару нені білдіреді?

Заңда тұрғын үйден шығару ұғымының мазмұны нақты белгіленген.

Тұрғын үйден шығару – атқарушылық құжатта көрсетілген үй-жайды шығарылатын адамнан немесе адамдардан, олардың мүлкінен және үй жануарларынан босатуды, сондай-ақ шығарылған адамның немесе адамдардың босатылған тұрғын үй-жайды одан әрі пайдалануына тыйым салуды қамтиды. 

Демек, сот орындаушысының әрекеті тек адамның тұрғын үйден шығуына байланысты ғана емес, сот актісінде көрсетілген үй-жайды іс жүзінде босатуды қамтамасыз етуге де бағытталады.

Сот орындаушысының рөлі

Сот орындаушысы тұрғын үйден шығару туралы сот актісін орындау кезінде заңда белгіленген тәртіпті қатаң сақтауға тиіс.

Оның негізгі міндеті – сот актісінің орындалуын қамтамасыз ету және атқарушылық әрекеттерді заң талаптарына сәйкес жүргізу.

Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың мазмұны мен оған қойылатын талаптар шегінде әрекет етеді. Сот орындаушысының қызметі сот актісін қайта қарауға немесе оның мазмұнын өзгертуге бағытталмайды.

Тұрғын үйден шығару – азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін күрделі атқарушылық әрекет. Сондықтан мұндай атқарушылық іс жүргізу барысында заң талаптарының сақталуы ерекше маңызға ие.

Заңның 106-бабы тұрғын үйден шығару тәртібін нақты белгілей отырып, сот актісінің міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етумен қатар, атқарушылық әрекетті жүргізудің процессуалдық тәртібін де айқындайды.

Атап айтқанда, тұрғын үйден шығару тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылады, борышкер алдын ала хабардар етіледі, заңда көзделген тұлғалардың қатысуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ тұрғын үйден шығарылатын мүлікке қатысты тиісті шаралар қабылданады.

Осы талаптардың барлығы атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қамтамасыз етуге және сот актісінің тиімді орындалуына бағытталған.

Сот актісін орындау – сот төрелігінің ажырамас бөлігі. Ал атқарушылық әрекеттердің заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды кепілі.

                                                                       «Астана қаласы Әділет Департаментінің

                                                                       Мүліктік емес сипаттағы талаптарды                                                                                     орындау аумақтық бөлімі»

АУМАҚТАН ТЫС СОТТЫЛЫҚ: СОТ ТӨРЕЛІГІН ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТӘСІЛ

Сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуі азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігімен...

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАР – ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

Қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы өзара байланыс экономикалық, саяси және...

ЕНУ впервые стал координатором проекта Erasmus+ CBHE

Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева впервые выступил...

ЕҰУ алғаш рет Erasmus+ CBHE жобасының грант иеленушісі әрі үйлестірушісі атанды

         Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет...

«Таза Қазақстан»: Астанада футбол ардагерлері мен жас чемпиондар ағаш отырғызды

Астанада футбол ардагерлері, елордалық спортшылар мен жас чемпиондар «Таза...