ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАР – ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

Қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы өзара байланыс экономикалық, саяси және әлеуметтік салалармен ғана шектелмейді. Халықаралық қатынастардың маңызды бағыттарының бірі – құқықтық ынтымақтастық. Бұл ретте мемлекеттер арасында жасалатын халықаралық шарттардың орны ерекше. Олар мемлекеттердің өзара міндеттемелерін айқындап қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған ортақ қағидалардың қалыптасуына ықпал етеді.

Халықаралық шарт – халықаралық құқық субъектілері арасында жасалатын және халықаралық құқықпен реттелетін келісім. Мұндай құжаттар екіжақты немесе көпжақты сипатта болуы мүмкін. Олардың мазмұны тараптардың өзара құқықтары мен міндеттерін, ынтымақтастықтың бағыттарын және қабылданған міндеттемелерді орындау тәртібін белгілейді.

Қазақстан Республикасы үшін халықаралық шарттар құқықтық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Конституциялық қағидаттарға сәйкес, Қазақстан Республикасының бекіткен халықаралық шарттарының республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілмейтін жағдайларда олар тікелей қолданылады.

Бұл норма халықаралық міндеттемелердің елдің құқықтық кеңістігіндегі маңызын көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық шарттардың қолданылуы ұлттық заңнама мен халықаралық құқық нормаларының өзара үйлесуіне негізделеді.

Халықаралық шарттардың практикалық маңызы сот төрелігін жүзеге асыру барысында да көрініс табады. Соттар белгілі бір істі қарау кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен қатар, тиісті жағдайда ратификацияланған халықаралық шарттардың ережелерін де ескереді. Әсіресе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықтық көмек көрсетуге, шетелдік тұлғалардың құқықтық мәртебесіне және мемлекеттер арасындағы сот төрелігі саласындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелерде халықаралық нормалардың мәні зор.

Мемлекеттер арасындағы құқықтық көмек туралы шарттар азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Мұндай келісімдер құжаттарды табыстау, дәлелдемелерді алу, сот актілерін тану және орындау секілді мәселелерді шешудің құқықтық негізін қалыптастырады. Бұл өз кезегінде әртүрлі мемлекеттердің аумағында туындайтын құқықтық мәселелерді шешуді жүйелеуге жағдай жасайды.

Халықаралық шарттардың тағы бір маңызды қыры – адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттардың орнығуы. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық құжаттар азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған қағидаларды бекітеді. Олардың ішінде адамның қадір-қасиетін құрметтеу, заң алдындағы теңдік, сот арқылы қорғалу құқығы және әділ сот талқылауына қатысты талаптар бар.

Алайда халықаралық шарттың қабылдануы оның мазмұнын формалды түрде мойындаумен ғана шектелмейді. Мемлекет үшін ең басты міндеттердің бірі – қабылданған халықаралық міндеттемелерді ұлттық құқықтық тәртіп шеңберінде тиісті деңгейде орындау. Осы тұрғыдан алғанда халықаралық шарттар мемлекеттің құқықтық жауапкершілігімен де тығыз байланысты.

Халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманың өзара сабақтастығы құқықтық мемлекеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Мемлекет халықаралық міндеттемелерді орындау арқылы өзге елдермен сенімді құқықтық байланыс орнатып, ортақ құқықтық қағидаттардың дамуына үлес қосады.

Бүгінде жаһандану жағдайында құқықтық қатынастардың шекарасы кеңейіп келеді. Бір мемлекеттің аумағында басталған құқықтық мәселе екінші мемлекеттің аумағында жалғасуы мүмкін. Осындай жағдайда халықаралық шарттар мемлекеттер арасындағы құқықтық байланысты қамтамасыз ететін нақты құқықтық негіз ретінде қызмет етеді.

Сондықтан халықаралық шарттарды тек мемлекетаралық келісім ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның мәні – қабылданған міндеттемелерді ұлттық құқықпен ұштастырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық тетіктерді қамтамасыз етуінде. Халықаралық құқық талаптарын сақтау мен ұлттық заңнаманы жетілдірудің үйлесімділігі әділеттілік пен заңдылық қағидаттарын орнықтырудың маңызды шарттарының бірі болып қала береді.

       Қызылорда қаласының әкімшілік

құқық бұзушылықтар жөніндегі

мамандандырылған сотының

бас маманы А.Тілек               

АУМАҚТАН ТЫС СОТТЫЛЫҚ: СОТ ТӨРЕЛІГІН ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТӘСІЛ

Сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуі азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігімен...

ЕНУ впервые стал координатором проекта Erasmus+ CBHE

Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева впервые выступил...

ЕҰУ алғаш рет Erasmus+ CBHE жобасының грант иеленушісі әрі үйлестірушісі атанды

         Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет...

«Таза Қазақстан»: Астанада футбол ардагерлері мен жас чемпиондар ағаш отырғызды

Астанада футбол ардагерлері, елордалық спортшылар мен жас чемпиондар «Таза...

КІТАП – ҰРПАҚҚА ҚАЛДЫРАР АСЫЛ МҰРА

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің жеке...