Медиация – тараптарды татуластырудың қуатты құралы

Дауласқан екі тараптың дәйегін сабырлықпен тыңдап, екі жақтың да мүддесіне қайшы келмейтіндей кесім айтқан би бабаларымыздың білігі қандай мықты. Билердің ел арасындағы беделі биік, сөзінің салмағы күшті, жасаған кесімі әділ болғандықтан олардың уәжіне ешкім дау айтпаған. Дала заңының дауылпаздары негізін қалаған сол медиация институты бүгінгі күні де ел мен елді бітістірудің қуатты құралына айналып отыр.

Медиацияның маңызы ел тыныштығын сақтап, ағайын арасындағы бірлікті нығайтуында. Бұл институттың тиімді жағы қалың көпшілікке жақсы таныс. Сот тарапынан жүргізілген ақпараттық, насихат жұмыстарының арқасында халық медиацияның тиімділігін түсініп, тәжірибеде қолдануды дағдыға айналдырды. Өйткені, медиациялық келісімге келгендер уақыт жағынан ұтады. Бір емес бірнеше процеске созылған сот отырыстары уақытпен қоса, тараптардың қалтасына да айтарлықтай салмақ салатыны түсінікті. Ал ортақ келісімге тоқтаған жағдайда заңгерге, жолға кететін шығынның бәрі тараптардың қалтасында қалады. Іс медиациямен біткен жағдайда баж салығы да қайтарылады.

Сот арқылы істі қарау сабырлы деген адамның өзінің жүйкесіне айтарлықтай салмақ салады. Өз уәжін дұрыс деген азаматтардың сот барысында бет жыртысуы, айқайлап, жеке басқа өтуі де жиі кездеседі. Әділетке жетем дегенді ойлағандар әдеп дегенді ұмытады. Ал медиацияда бәрі ақылмен, сыйластықпен шешілетіндіктен, қарсы тараппен арадағы достық қарым-қатынас сақталып, қарсыласты кездестіргенде қысылмай амандасуға мүміндік туады.

Сот процестері ашық өтетіндіктен, отбасы, жеке басқа қатысты мәселелердің көпшілік талқысына шығуы оңай. Ал медиацияда даудың барлық құпиясы сақталады. Екі жақты келісім туралы ақпарат берген жағдайда жауаптылыққа тартылатындықтан медиатор өзіне белгілі болған жайларды сыртқа шашпайды. Тағы бір айта кетерлігі, жүйкені, уақытты, қаржыны құртып соттасқан азаматтардың сот шешімінің орындалуын ұзақ күтуіне тура келеді. Ал өзара келісе отырып медиациялық келісімге келгендіктен, тараптар өз жауаптылығына алған міндеттемені тез әрі сапалы орындауға күш салады.

Қызылорда соттарында да медиациямен бітетін істер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл бір күннің нәтижесі емес. Бүгінгі күнге дейін медиацияның маңызын, тиімділігін, салдарын, медиацияға келудің тәртібін түсіндіру бойынша қаншама жұмыстар жүргізіліп, көптеген шаралар өткізілді. Медиаторларды таныстыру, олардың жұмыс істеуіне қолдау көрсету бойынша да атқарылған жұмыстар ауқымды. Себебі, дауласу ел ішіндегі татулыққа, тұрақтылыққа теріс әсер етеді. Халықтың бірлігін сақтауы, уақытын дау қууға емес, пайдалы іс жасауға арнауы мемлекет үшін де пайдалы.

Қызылорда өңірінде азаматтық, коммерциялық және корпоративтік дауларда медиациялық келісім жасасып, өзара бітімге келетіндер саны өте көп.

«Татуласу орталықтары» мен татуластырушы судьялардың белсенділігінің арқасында даулардың көпшілігі сотқа жетпей, немесе сот барысында оң шешілуде. Медиацияға қатысты көрсеткіштерді әлі де жақсарта түсу үшін алдағы уақытта бірқатар мәселеге көңіл бөлген дұрыс.

Біріншіден, «Медиация туралы» заң өз деңгейінде жұмыс істесін десек сол заңды тұтынатын халықтың құқықтық сауатын көтеруге көңіл аударған абзал. Мектепте оқылатын құқықтану, құқық сабақтарында медиацияның артықшылығы туралы ақпарат берген артықтық етпейді.

Екіншіден, заңдарға өзгеріс енгізе отырып сотқа дейінгі міндетті медиация қолданылатын баптарды нақтылау керек.

Үшіншіден, кәсіби медиаторларды қалыптастыру, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасап, тәжірибесін үнемі шыңдап отыру кезек күттірмейді.

     Төртіншіден, онлайн-медиация платформаларын жасау қажет. Бұл тараптарға үйден шықпай-ақ, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы медиатормен кездесіп, келісімшартқа қол қою мүмкіндігін ұсынумен байланысты.

Медиация соттардың жүктемесін азайтады. Бұған қоса бұл институт қоғамдағы агрессия деңгейін төмендетіп, өзара келісім мен бітімгершілік мәдениетін қалыптастыруымен құнды болып отыр.

Жұлдыз Жакеева, Қызылорда қаласы №2 сотының судьясы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына кері әсер ететін...

Неке бұзылған кездегі отбасындағы кәмелетке толмаған балалардың жағдайы

          Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған...

Семья, школа и общество

ВО ВСЕХ ШКОЛАХ КАЗАХСТАНА ДО КОНЦА СЕНТЯБРЯ 2026 ГОДА...

Оценка – не только цифра

С 23 ПО 30 СЕНТЯБРЯ В ШКОЛАХ ПРОХОДИТ ПЕРВЫЙ...

Афера с призами

ИСПОЛЬЗОВАНИЕ СОВРЕМЕННЫХ ТЕХНОЛОГИЙ И СОЦСЕТЕЙ ЧРЕВАТО ПРОБЛЕМАМИ. ОБ ЭТОМ...