Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан сот-құқықтық реформалар аясында еліміздің сот жүйесі түбегейлі жаңа деңгейге көтерілді. Бұл өзгерістердің ең ауқымды әрі маңыздысы – Қазақстанда дербес кассациялық соттар институтының құрылуы және толыққанды қызметіне кірісуі болды. Бүгінде бұл қадам азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау тетіктерін сапалық тұрғыдан күшейтіп, «Заң мен Тәртіп» қағидатының іс жүзіндегі көрінісіне айналды.
Кассациялық сатының ең басты құқықтық ерекшелігі – оның істі мәні бойынша қайта қарамайтындығында. Бұл саты бірінші және апелляциялық соттар сияқты жаңа дәлелдемелерді жинаумен, куәгерлерден жауап алумен немесе істің мән-жайын басынан бастап зерттеумен айналыспайды. Кассациялық соттың басты назары мен құзыреті – төмен тұрған соттардың шешім қабылдау кезінде материалдық және процестік құқық нормаларын қаншалықты дұрыс қолданғанын тексеруінде. Енді азаматтар тікелей нақты кассациялық шағым береді және заң талаптарына сай келетін әрбір шағым дербес кассациялық сотта міндетті түрде алқалы құраммен қаралады. Бұл – азаматтардың жоғары сот сатысына қолжетімділігін бірнеше есеге арттырған ерекшелік.
Сонымен қатар, кассациялық іс жүргізуде бірыңғай ережелер бекітілді. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық шағымдарды қарау мерзімі нақтыланып, созбалаңға салу үрдісіне тоқтау қойылды. Бұл ретте Жоғарғы Соттың да рөлі айқындалды. Егер бұрын Жоғарғы Сот негізгі кассациялық жүктемені атқарып келсе, қазір ол тек ерекше жағдайларда ғана істерді қарайтын және бүкіл ел аумағында сот тәжірибесінің біркелкілігі мен заңнаманың дұрыс түсіндірілуін қамтамасыз ететін органға айналды.
Қорытындылай келгенде, жаңарған кассациялық сатының басты ерекшелігі – оның ашықтығында, қолжетімділігінде және сот қателіктерін түзетудегі жоғары тиімділігінде. Дербес кассациялық соттардың жұмысы отандық құқық жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, қоғамның сот билігіне деген сенімін арттыратын басты фактор болып қала бермек.
Т.Тілеп, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы


