Қазіргі таңда сот жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі – дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту және сотқа жүгінген азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы құқықтық қатынастарды өзара келісім арқылы реттеу мәдениетін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, татуластыру рәсімдері сот төрелігін жүзеге асырудың тиімді тетіктерінің бірі болып саналады.
Татуластыру рәсімдері тараптар арасындағы келіспеушіліктерді сот шешімін күтпей, өзара түсіністік пен ортақ келісім негізінде шешуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл даудың құқықтық тұрғыдан шешілуімен қатар, тараптардың арасындағы сенімді сақтауға, уақыт пен қаражатты үнемдеуге де ықпал етеді.
Қазақстан Республикасында медиация институтының құқықтық негізі 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» Заңмен бекітілді. Аталған заң дауларды үшінші, бейтарап тұлғаның қатысуымен ерікті түрде реттеудің құқықтық тәртібін айқындады.
Медиация – тараптардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен жүргізілетін дауды реттеу рәсімі. Ал медиатор дегеніміз – тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес және тараптардың өзара келісімімен таңдалған жеке тұлға.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде татуластыру рәсімдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі әкімшілік даулар көбінесе азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен немесе әкімшілік өкілеттіктерді жүзеге асыратын ұйымдармен арадағы құқықтық қатынастарынан туындайды. Сондықтан мұндай дауларды реттеу кезінде тек тараптардың мүдделері ғана емес, заңдылық қағидаты мен жария мүдденің сақталуы да ескерілуі қажет.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 120-бабына сәйкес, тараптар әкімшілік процестің кез келген сатысында, сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, өзара жол беру негізінде татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасай алады. Бұл ретте әкімшілік жауапкердің әкімшілік қалауы болған жағдайда ғана тараптардың татуласуына жол беріледі. Аталған норма әкімшілік сот ісін жүргізуде тараптардың келісімге келу мүмкіндігін кеңейтіп, дауды сот шешімінсіз аяқтауға құқықтық негіз қалыптастырады.
Татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде жасалған келісім міндетті түрде жазбаша рәсімделіп, оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Келісімнің мазмұнында міндеттемелерді орындау тәртібі мен мерзімдері, тараптарды татуластыратын талаптар, сондай-ақ сот шығыстарын бөлу мәселелері көрсетілуге тиіс.
Сот тараптардың келісімін қарау барысында оның заң талаптарына сәйкестігін тексереді. Егер келісімнің талаптары заңға қайшы келсе немесе өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе, оны бекітуден бас тартады. Ал келісім заң талаптарына сәйкес болған жағдайда сот оны бекіту туралы ұйғарым шығарады.
Егер келісім ерікті түрде орындалмаса, заңнамада белгіленген тәртіппен берілген атқару парағы негізінде мәжбүрлеп орындату мүмкіндігі көзделген.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында да татуластыру рәсімдерін қолдануға ерекше мән беріледі. Соттың міндеті тек әкімшілік дауға құқықтық баға беріп, шешім шығару ғана емес, сонымен қатар тараптардың заңды мүдделерін ескере отырып, дауды бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктерін қарастыру болып табылады.
Осы мақсатта судьялар әкімшілік процестің барлық кезеңінде тараптарға татуласудың құқықтық мүмкіндіктерін түсіндіріп, олардың өзара келісімге келуіне жәрдемдеседі. Бірінші сатыдағы сотта медиация жүргізу үшін әкімшілік істі, әдетте, медиация туралы келісімді бекітетін басқа судья қарайды. Сонымен қатар тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны істі өз өндірісіне қабылдаған судья да жүргізе алады.
Медиация барысында судья тараптардың пікірлерін тыңдап, олардың ұстанымдарын анықтауға және өзара тиімді шешім табуына жағдай жасайды. Бұл ретте тараптардың еріктілігі, тең құқықтылығы және бейтараптық қағидаттары сақталуы тиіс.
Татуластыру рәсімдерін қолданудың тиімділігі, ең алдымен, әкімшілік орган мен азамат арасындағы құқықтық қатынастардың қалпына келуінен көрінеді. Мәселен, әкімшілік орган өз шешімін қайта қарап, заң бұзушылықты жоюға немесе азаматтың заңды өтінішін қанағаттандыруға әкімшілік қалауы шегінде мүмкіндік алған жағдайда, тараптар дауды сот шешімін күтпей-ақ аяқтай алады.
Дегенмен, татуласу кез келген әкімшілік дауға бірдей қолданыла бермейді. Оның басты шарты – келісімнің заңдылық талаптарына сәйкес келуі және өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауы. Осыған байланысты сот әрбір келісімге жеке құқықтық баға беріп, оның орындалу мүмкіндігіне назар аударады.
Қорытындылай келе, татуластыру рәсімдері – сот жүктемесін азайтудың ғана емес, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтудың да маңызды құралы. Дауды келісім арқылы шешу тараптардың уақытын үнемдеп қана қоймай, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және қоғамда өзара түсіністік қағидаттарының орнығуына ықпал етеді.
Сондықтан Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында татуластыру рәсімдерін кеңінен түсіндіру және оларды заң талаптарына сәйкес тиімді қолдану сот төрелігінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып қала береді.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Н.Есенаманова


