Сот отырысының хатшысы — сот төрелігін жүзеге асырудағы негізгі фигуралардың бірі

Сот төрелігін жүзеге асыру — мемлекетте заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған күрделі әрі жауапты процесс. Көпшілік қауым сот залындағы басты тұлға ретінде тек судьяны қабылдайтыны жасырын емес. Дегенмен, әрбір заңды әрі негізді шешімнің артында тұтас бір жүйенің мүлтіксіз жұмысы мен сот аппараты қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр. Осы тізбектегі ең маңызды да жауапты буындардың бірі — сот отырысының хатшысы. Сондықтан сот отырысының хатшысын сот төрелігінің іске асуын қамтамасыз ететін негізгі фигуралардың бірі ретінде қарастыру толықтай негізді.

Сот отырысының хатшысы — жай ғана техникалық орындаушы емес, ол процестің заңдылығын ресми түрде тіркеуші және іс жүргізу құжаттарының дәлдігін камтамасыз етуші дербес процестік тұлға. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес, сот отырысының хатшысы сот процесінің бастан-аяқ хаттамасын жүргізеді, оның ішінде аудио-бейнежазба құралдарының толық әрі сапалы жазылуын қадағалайды. Сот залында айтылған әрбір сөз, куәлардың жауаптары, тараптардың уәждері мен өтінішхаттары хаттамада дәл өз көрінісін табуы тиіс. Себебі сот хаттамасы — кейіннен шығарылатын үкімнің немесе қаулының заңдылығын, тараптардың құқықтарының сақталуын дәлелдейтін басты процестік құжат. Осы тұрғыдан алғанда, хатшының қырағылығы мен тиянақтылығы сот шешімінің бұзылмауына және әділдіктің орнауына тікелей ықпал етеді.

Бұдан бөлек, сот отырысының хатшысының қызметі үлкен кәсіби ұқыптылықты, іс жүргізу мерзімдерін қатаң сақтауды және жоғары стресске төзімділікті талап етеді. Процеске қатысушыларды уақытылы хабарландыру, шақыру қағаздарын жіберу, сот ісінің материалдарын реттеу, сот отырысының кестесін қалыптастыру және істі жоғарғы инстанцияларға жолдауға дайындау — мұның бәры хатшының күнделікті ауқымды міндеттерінің бір бөлігі ғана. Әсіресе, мамандандырылған қылмыстық соттарда ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарау кезінде хатшыға түсетін моральдық және процестік жүктеме еселей түседі.

Сот жүйесін цифрландыру және жаңғырту жағдайында сот отырысы хатшысының ролі бұрынғыдан да арта түсті. Заманауи технологияларды меңгеру, сот өндірісіне енгізілген электрондық бағдарламалармен мүлтіксіз жұмыс істеу және сот процесінің ашықтығын қамтамасыз ету хатшыдан жоғары біліктілік пен үздіксіз өздігінен білім алуды талап етеді. Сонымен бірге, сотқа келген азаматтармен алғашқы қарым-қатынас орнататын да, сот мәдениетін көрсететін де — сот хатшысы. Сондықтан оның кәсіби этикасы, ұстамдылығы мен сыпайылығы халықтың тұтас сот жүйесіне деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Қорыта айтқанда, сот отырысының хатшысы — сот төрелігі механизмінің ажырамас бөлігі. Осы лауазымдағы адал әрі жауапты еңбек сот жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, болашақ білікті судьялар мен заңгерлердің шыңдалу мектебі болып табылады. Сот төрелігінің жоғары стандартын сақтау және заң үстемдігін қамтамасыз ету әрбір сот хатшысының кәсіби міндетін мүлтіксіз орындауынан бастау алады.

Болатова Әйгерім Еламанқызы, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының бас маман сот мәжілісінің хатшысы

Ахмет – ұлттың ұстазы және халық жанашыры

Сан қилы салада еңбек еткен Алаш арыстарының саны өте...

Сот практикасы арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау

Конституция — мемлекеттің басты құқықтық тірегі әрі азаматтардың бостандықтары...

Ұлт ұстазы –Ахмет Байтұрсынұлы

Кешегі Абай мен Ыбырайдың жалғасы, Шоқан салған ағартушылық жолды,...

Ахмет – ұлттың ұстазы және халық жанашыры

Сан қилы салада еңбек еткен Алаш арыстарының саны өте...

ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ, МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ

Тіл – ұлттың рухани болмысын айқындайтын, халықтың тарихы мен...