Қазіргі қоғамдағы қоғамдық қатынастардың күрделенуі, азаматтардың құқықтық сауатының артуы және олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға деген белсенділігінің күшеюі сот жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінде сот төрелігінің негізгі мақсаты тек дауға құқықтық баға беріп, шешім шығару ғана емес, сонымен қатар тараптарға дауды өркениетті әрі өзара тиімді жолмен шешуге мүмкіндік жасау болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда, татуластыру рәсімдері, соның ішінде медиация институты ерекше маңызға ие. Медиация – дауласушы тараптардың өзара түсіністікке келуіне, ортақ мәміле іздеуіне және дауды бейбіт жолмен аяқтауына мүмкіндік беретін тиімді құқықтық тетік.
Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізуінде медиация институтының өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені әкімшілік даулар, әдетте, азамат пен мемлекеттік орган немесе әкімшілік орган арасындағы құқықтық қатынастардан туындайды. Мұндай даудың негізінде әкімшілік актімен келіспеу, әкімшілік органның әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қарсылық білдіру, мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері және басқа да құқықтық мәселелер жатуы мүмкін.
Сондықтан әкімшілік дауды шешу барысында тек тараптардың талаптары мен қарсылықтарын қарастыру жеткіліксіз. Дауға себеп болған жағдайды жан-жақты түсіну, тараптардың құқықтық ұстанымдарын тыңдау және олардың заңды мүдделерін ескеру де маңызды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 120-бабына сәйкес, тараптар сот шешім шығару үшін кеткенге дейін әкімшілік процестің барлық сатыларында өзара жол беру негізінде татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасай алады. Яғни заң тараптарға дауды міндетті түрде сот шешімі арқылы аяқтамай, өзара келісімге келу мүмкіндігін береді.
Медиацияның басты қағидаларының бірі – еріктілік. Тараптардың ешқайсысы медиациялық келісім жасауға мәжбүрленбеуі тиіс. Әр тарап өз ұстанымын еркін білдіруге, қарсы тараптың пікірін тыңдауға және дауды бейбіт жолмен шешудің мүмкіндігін өз бетінше бағалауға құқылы.
Медиация барысында тараптар өзара талаптарын қайта қарап, мәселені екі жаққа да қолайлы шешу жолдарын іздейді. Бұл ретте медиатордың міндеті – тараптардың орнына шешім қабылдау емес, олардың өзара келісімге келуіне қолайлы жағдай жасау.
Әкімшілік дауларда бұл мәселенің маңызы ерекше. Себебі мемлекеттік орган өзінің қызметін заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады. Осыған байланысты кез келген келісім заң талаптарына сәйкес болуы қажет. Әкімшілік органның әкімшілік қалауы болған жағдайда тараптардың татуласуына жол беріледі.
Сот үшін де медиация рәсімінің заңдылығы маңызды. ӘРПК-нің талаптарына сәйкес, сот тараптардың татуласуына шаралар қабылдап, оларға процестің барлық сатыларында дауды реттеуге жәрдемдеседі. Сонымен бірге келісімнің шарттары заңға қайшы келсе немесе басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот мұндай келісімді бекітпейді.
Бұл талап медиацияның жай ғана келісімге келу рәсімі емес, заңдылық қағидаттарына негізделген құқықтық институт екенін көрсетеді. Яғни тараптардың келісімі олардың өзара еркіне негізделгенімен, оның мазмұны қолданыстағы заңнамаға қайшы болмауы тиіс.
Медиацияның тағы бір артықшылығы – уақыт пен ресурсты үнемдеу. Сот талқылауы белгілі бір процессуалдық уақытты талап етеді. Ал тараптар өзара келісімге келген жағдайда дау қысқа мерзімде аяқталуы мүмкін. Бұл азаматтың да, мемлекеттік органның да уақытын үнемдеп қана қоймай, олардың арасындағы құқықтық қатынасты одан әрі қалыпты арнада жалғастыруына мүмкіндік береді.
Әсіресе азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауларда бұл маңызды мәнге ие. Себебі мұндай даулардың нәтижесі тек екі тараптың құқықтық жағдайына ғана емес, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне де әсер етуі мүмкін.
Сондықтан медиацияны әкімшілік сот ісін жүргізудегі дауды аяқтаудың баламалы тәсілі ретінде ғана емес, азамат пен мемлекет арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңызды құралы ретінде де қарастырған жөн.
Тараптар медиация нәтижесінде келісімге келген жағдайда, ол жазбаша нысанда рәсімделіп, тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Сот келісімді бекіту туралы мәселені сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарайды. Заң талаптары сақталған жағдайда сот келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарады.
Мұнымен қатар заң медиациялық келісімнің орындалуына да кепілдік береді. Егер сот бекіткен келісім ерікті түрде орындалмаса, ол сот беретін атқару парағы негізінде мәжбүрлеп орындатылуы мүмкін. Демек, медиация нәтижесінде жасалған келісім тараптардың жай ауызша уағдаластығы емес, заңмен қорғалатын және орындалуға тиіс міндеттемелерді білдіреді.
Медиацияның тиімділігін тек сотта істің аяқталуымен бағалау дұрыс емес. Оның негізгі құндылығы – тараптардың бір-бірін тыңдап, өзара түсіністікке ұмтылуында. Кей жағдайда адамның сотқа жүгінуінің түпкі себебі тек құқықтық талаппен шектелмейді. Оның артында мемлекеттік органның шешіміне қатысты түсінбеушілік, өз құқықтарының тиісті деңгейде қорғалмағаны туралы пікір немесе мәселенің шешілмеуі салдарынан туындаған наразылық болуы мүмкін.
Осындай жағдайда тараптардың тікелей диалог құруы даудың шынайы себептерін анықтауға мүмкіндік береді. Ал мәселенің себебі анықталған кезде оны заң шеңберінде шешудің тиімді жолын табу да оңайырақ болады.
Сот тәжірибесінде татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану азаматтардың құқықтарын қорғаудың мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, сот төрелігінің адамға бағдарланған сипатын да күшейтеді. Соттың міндеті – тек құқықтық дауға нүкте қою емес, заң талаптарын сақтай отырып, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына жағдай жасау.
Медиация мәдениетін қалыптастыру тек соттардың немесе кәсіби медиаторлардың міндеті емес. Бұл – жалпы қоғамның құқықтық мәдениетін жетілдірумен байланысты маңызды бағыт. Келіспеушілікті текетірес арқылы емес, келіссөз арқылы шешуге ұмтылу, қарсы тараптың пікіріне құрметпен қарау және ортақ шешім іздеу – құқықтық мемлекеттің маңызды құндылықтарының бірі.
Бүгінде дауды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастырудың маңызы артып келеді. Себебі кез келген даудың артында адамдардың тағдыры, олардың мүддесі мен қоғамдық қатынастар тұрады. Сондықтан даудың шешімі тараптардың бірінің жеңісі мен екіншісінің жеңілісімен ғана өлшенбеуі тиіс.
Медиацияның басты мақсаты да – осы. Ол тараптарды бір-біріне қарсы қоюды емес, ортақ шешім іздеуге бағыттайды. Өзара келісімге келген тараптар дауды аяқтап қана қоймай, болашақтағы қарым-қатынастарын сақтап қалуға мүмкіндік алады.
Қорытындылай келе, медиация – сот төрелігін алмастыратын емес, оны толықтыратын, дауды заң шеңберінде бейбіт әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретін құқықтық құрал. Оның әлеуетін дұрыс пайдалану сот жүктемесін оңтайландыруға, азаматтардың уақытын үнемдеуге және ең бастысы, құқықтық дауларды өзара түсіністік пен келісім негізінде шешуге ықпал етеді.
Әрбір татуласқан тарап – бір-бірінен басым түскен тарап емес, өзара түсіністікке келе білген тарап. Ал өзара түсіністік пен келісім бар жерде қоғамдық тұрақтылық пен татулықтың да негізі берік болады.
А. Капарбекова, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы


