Күз мезгілі басталғанда кейбір адамдар көңіл күйінің төмендеуін, шаршағыштықтың артуын, ұйқышылдық пен күш-қуаттың азаюын сезінеді. Мұндай жағдайды жиі «күзгі көңілсіздік» деп атайды. Маусым ауысқан кезде адамның көңіл күйі неге өзгеретіні және психоэмоционалдық саулықты қалай сақтауға болатыны туралы психология саласындағы философия докторы (PhD), ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің психологы Мәншүк Құрманбекова айтып берді.
Ең алдымен, депрессия мен маусымдық көңіл күйдің уақытша төмендеуін ажырата білу маңызды. Бұл екеуі бірдей жағдай емес. Депрессия клиникалық жағдайға жатады және кәсіби бағалауды қажет етеді, ал мұңаю, жабырқау мен уақытша көңілсіздік адамның табиғи сезімдік күйі болуы мүмкін.
Күзде күндізгі уақыттың қысқаруы, күн сәулесінің азаюы, қалыптасқан күн тәртібінің өзгеруі және жазғы кезеңнен кейінгі жүктеменің артуы адамның жалпы жағдайына әсер етуі мүмкін.
Көпшілік үшін күздің басталуы жұмыс пен оқу қарқынының күшеюімен қатар келеді. Оқушылар мен студенттер сабаққа кіріседі, ересектер қалыпты жұмыс ырғағына оралады, ата-аналар да отбасының күн тәртібін қайта реттейді. Осы кезеңде ұйқышылдық, белсенділіктің төмендеуі, шаршау, зейін қоюдың қиындауы және тәбеттің өзгеруі байқалуы мүмкін.
Сонымен қатар көңіл күйдің уақытша төмендеуі өздігінен депрессиялық бұзылыстың бар екенін білдірмейді. Егер адам толыққанды демалғаннан, ұйықтағаннан, серуендегеннен немесе күнделікті жүктемені азайтқаннан кейін өзін жақсы сезінсе, әдеттегі істеріне, қарым-қатынасқа және күнделікті белсенділігіне қызығушылығын сақтаса, көбіне бұл уақытша бейімделу кезеңіне байланысты жағдай болып саналады.
Ұзақ уақыт сақталып, өмір сапасына айтарлықтай әсер ете бастаған жағдайға ерекше назар аудару қажет. Егер жабырқау көңіл күй екі аптадан астам уақытқа созылса, адам бұрын қуаныш сыйлаған істерге қызығушылығын жоғалтса, айқын апатия, мазасыздық, үмітсіздік сезімі, ұйқының бұзылуы байқалса және күнделікті қалыпты істерді орындау қиындай бастаса, кәсіби көмекке жүгіну қажет.
Маусым ауысқан кезеңде күн тәртібіне, ұйқыға және ағзаның қалпына келуіне көбірек көңіл бөлген жөн. Толыққанды ұйқы ағзаның күндізгі уақыт ұзақтығының өзгеруіне және жаңа жүктемелерге бейімделуіне көмектеседі. Тұрақты күн тәртібін сақтап, демалуға жеткілікті уақыт бөлу маңызды.
Дене белсенділігінің де маңызы зор. Тіпті қарапайым серуеннің өзі ішкі қысымды төмендетуге, жұмыс күнінен кейін ойды басқа арнаға бұруға және жалпы сергектікті сақтауға көмектеседі. Күндіз таза ауада жиі серуендеп, үй мен жұмыс орнындағы жарықтың жеткілікті болуына көңіл бөлген дұрыс.
Толыққанды тамақтанудың да маңызы ерекше. Маусымдық бейімделу кезеңінде тамақтануды шамадан тыс шектеудің қажеті жоқ. Ас мәзірі әртүрлі әрі теңгерімді болып, көкөністер мен жемістер жеткілікті мөлшерде қамтылғаны жөн.
Күзде күнделікті өмірді тек жұмыс, оқу және үй шаруасынан тұратын үздіксіз міндеттер тізбегіне айналдырмау маңызды. Ағзаға қалпына келу үшін уақыт қажет. Қалыптасқан ортаны өзгертіп, демалысқа уақыт бөліп, жағымды сезім сыйлайтын істермен айналысқан пайдалы.
Бұл серуендеу, кітап оқу, сүйікті музыка тыңдау, достармен кездесу, шығармашылықпен айналысу, жаңа хобби немесе тыныш демалыс болуы мүмкін. Сонымен қатар адам өз-өзімен тұйықталып қалмауы керек. Егер адам өзін шаршаңқы, мазасыз немесе көңіл күйі түсіңкі сезінсе, бұл туралы жақын әрі сенімді адамдарымен сөйлескені пайдалы.
Жақындардың қолдауы, қарым-қатынас, дене белсенділігі және мазмұнды демалыс маусымдық бейімделу кезеңін жеңіл өткеруге көмектеседі. Адам өзінен үнемі жоғары өнімділікті талап етпеуі керек: белсенділік кезеңдерінің қалпына келу кезеңдерімен алмасуы табиғи құбылыс.
Күзді тек белсенділіктің төмендейтін кезеңі ретінде емес, күнделікті өмір ырғағын қайта реттеуге, демалысқа, серуендеуге, қарым-қатынасқа және ішкі күш-қуатты қалпына келтіруге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беретін уақыт ретінде де қабылдауға болады.
Мәншүк Құрманбекованың айтуынша, ең бастысы өз жағдайына мұқият көңіл бөліп, көңіл күйдің төмендеуі ұзаққа созылып, күшейіп және күнделікті өмірге кедергі келтіре бастаған жағдайда кәсіби көмекке дер кезінде жүгіну.


