Алаяқтардың алдауына түскен азаматтар аз емес. Халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты жүргізілгеніне қарамастан, жыл сайын алаяқтық құрбаны болатындар кемімей келеді. Әсіресе ғаламторға байланғандардың көбеюі онлайн алаяқтықтың қанат жаюына түрткі болып отыр. Мысалы 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда онлайн алаяқтық бойынша 13,1 мың іс тіркелкен.
Бұрын алаяқтар үй алып берем, жер телімін алуға, жақсы жұмысқа тұруға немесе оқуға түсуге көмектесем деген желеумен азаматтардан қомақты қаржы алып, қылмыстық әрекетін жүзеге асыратын. Ал интернеттің дамуы алдаудың жаңа түрлерін қолданысқа енгізді. Соның ішінде банктерден жалған SMS жіберіп, қоңырау шалу арқылы жеке деректерге қол жеткізіп шоттардағы қаржыны жымқыру, онлайн несие рәсімдеу жиі кездеседі. Сондай-ақ фишинг яғни, веб-сайттар мен сілтемелер арқылы деректерді ұрлау нәтижесінде халықты барынан ажыратып жатқандар жеткілікті. Онлайн тауар, онлайн қызметтерді жарнамалап, алғашқы жарнасын алғаннан кейін жоғалып кететін алаяқтар шоғыры да талай адамды зар қақсатқаны рас.
Сот тәжірибесі көрсеткендей, алаяқтық бойынша қылмыстар көбінесе қыз-келіншектердің қолымен жасалады. Ал интернет-алаяқтықтың басы-қасында жүретіндердің көбі өрімдей жастар. Жаңа технологияны жетік меңгерген жастарға техника тілін түсінбейтін, цифрлық үдерістерді білмейтін жандарды алдау да, жинағанын қолды ету де оңай. Өкінішке қарай олардың қақпанына түсетіндердің басым бөлігі зейнеттегі қариялар мен білімі төмен жандар.
Өз құқығы мен мүмкіндігін білетін, заңдардағы жаңашылдықтармен үнемі танысып, кез келген ұсынысты сүзгіден өткізіп барып қабылдайтын сергек жандар алаяқтардың арбауына түспейді. Сондықтан қылмыскерлер құқықтық сауаты төмен, жеңіл пайдаға тез қызығатын, жетістікке көлденең жолмен жетуді көздейтін жандарға әуес. Оңай баюды, тез нәтижеге жетуді армандайтын жандар сақтық шараларына мән бермейді. Тек пайда таппақ түгілі, өз ақшасын қайтара алмай қалған кезде ғана әрекетінің теріс екенін ұғынады.
Біздің елімізде алаяқтарға қолданылатын жаза қатаң. Соған қарамастан елді алдап, табыс тауып жүрген құқық бұзушылар халықтың сеніміне кіріп, қылмыстық әрекетін әрі қарай жалғастыруда. Алаяқтықтың бір рет дәмін татып, оңай ақша иеленген жандардың қылмысты қайталап жасайтыны байқалады. Мұндай үрдістен сақтану үшін отбасындағы тәрбие мықты, мектептегі бақылу жоғары болуы керек.
Алаяқтардың жеке адамдарға ғана емес, жалпы қоғамға айтарлықтай материалдық, психологиялық және әлеуметтік зиян келтіретінін айта кеткен орынды. Олардың кесірінен жәбірленушілер бар жиған-тергенінен, бағалы заттарынан және қаражатынын ажырайды. Қылмыскерлердің сөзіне сеніп несие алып, таныстарынан қарыз сұрап құрдымға бататындар қаншама! Ал қарызы қалыңдап, шарасыз күй кешкен жандардың қаншалықты психологиялық ауыр соққы алатынын, күйзеліске түсетінін сөзбен жеткізу қиын.
Міне, осындай шарасыз күйге түспес бұрын жеке деректерді құпия ұстап, бөтен адамдардың жалған уәделерін тексеріп барып қана әрекет жасаған абзал. Мұндай кезде құқықтық сауаттың жоғарылығы айтарлықтай рөл ойнайды. «Тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын» азаматтарға түсіндіріп, алаяқтықтың алдын алуға күш жұмсағанымыз жөн.
Мәди Камал, Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының судьясы


