Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-аналардың жауапкершілігі

Отбасы, баланың тұлға болып қалыптасатын алғашқы ортасы.Баланы тәриелеу тек отбасының ішкі мәселесі емес,қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды қоғамдық міндет.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 70-бабына сәйкес ата-аналар өз балаларының денсаулығына қамқорлық жасауға, олардың дене, психикалық, рухани және адамгершілік тұрғыдан дамуына жағдай жасауға, жалпы орта білім алуын қамтамасыз етуге, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті. Ата-аналар балаларды тәрбиелеу кезінде олардың қадір-қасиетін құрметтеп, қатыгездік көрсетуге, кемсітуге немесе қанауға жол бермеуі тиіс.

Бала үшін жауапкершілік тек бірге тұратын ата-анаға емес,бөлек тұратын ата-анаға да бірдей жүктеледі. Сондықтан баланы тәрбиелеу мен дамытуға екі ата-ана тең дәрежеде қатысуға міндетті. Баланың тәрбиесіне уақытында көңіл бөлу,оның ертеңгі өміріне салынған ең құнды инвестиция. Мейіріммен тәрбиеленген бала – елдің саналы азаматы болып қалыптасады.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы уақыт қалды. Осыған байланысты ата-аналардың балаларын мектепке уақытылы жіберуі, олардың білім алуына, тәрбиесіне және қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы маңызды.

Егер білім беру ұйымы баланың сабаққа себепсіз жүйелі түрде келмейтінін, ата-анасының бала тәрбиесіне және оқуына немқұрайлы қарайтынын анықтаса, бұл жағдай бірнеше рет қайталанған жағдайда мектеп тарапынан материалдар жинақталып, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полиция инспекторына жолданады. Өз кезегінде полиция қызметкерлері ата-аналардың өз міндеттерін тиісінше орындамауына құқықтық баға беріп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жауаптылыққа тарту мәселесін қарайды.

Өйткені кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі, білім алуы және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі негізгі жауапкершілік ең алдымен ата-аналарға жүктеледі. Ата-аналардың өз міндеттерін тиісінше орындамауы заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.  Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған ата-аналарға немесе өзге де заңды өкілдерге әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Егер ата-аналардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі баланың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндірсе, оған қатыгездік көрсетілсе немесе заңда көзделген өзге де негіздер орын алса, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес ата-аналық құқықтарды шектеу немесе ата-аналық құқықтан айыру мәселесі сот тәртібімен қаралуы мүмкін.

Қазіргі уақытта балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингтің жолын кесу, зиянды ақпараттан қорғау мәселелері де ата-аналардың назарында болуы қажет. Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оның білім алуына, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуына жағдай жасау – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – тек ата-аналардың ғана емес, білім беру ұйымдарының, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, құқық қорғау органдарының және соттың ортақ міндеті. Алайда баланың тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі шешуші мәнге ие.

Қорынтындылай келе,ата-аналардың баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен орындауы баланың жан-жақты дамуының,қоғамдағы тұрақтылықтың және құқықтық мемлекеттің нығаюының негізгі кепілі болып табылады. Әрбір ата-ана өз құқықтарымен қатар, ата-ана ретінде жүктелген жауапкершілік пен міндеттерді терең түсініп, бала тәрбиелеу процессінде іске асыру қажет.

М.К.Какабаева, Ақмола облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі  мамандандырлыған ауданаралық сотынын бас маман — сот отырысының хатшысы

Алматының Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» аясында 29 жоба жүзеге асырылып жатыр

Алматының Әуезов ауданында тұрғындарға ауласы мен қоғамдық кеңістігін дамытуға...

Еңбек тәртібін сақтау және еңбек заңнамасындағы өзгерістер

Еңбек – адамның әлеуметтік және экономикалық өміріндегі маңызды құндылықтардың...

Сыбайлас жемқорлық қоғам дамуына кедергі

Сыбайлас жемқорлық- кез келген мемлекеттің дамуына кері әсер ететін...