Құрылтай депутаттарын сайлаудың заңдық тәртібі толық реттелген

Жаңа Конституцияның негізгі жаңалығының бірі – Құрылтай. Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орны мен маңызын алмастыру құзыреті жүктелген Құрылтайдан халықтың күтері көп. Ел өміріндегі елеулі оқиға саналатын Құрылтай депутаттарын сайлайтын күн де жақын. Қазіргі кезде Құрылтайдан неғұрлым көп орынға ие болуды мақсат еткен 7 партия өзара бәсекеге түсіп, телеарналарда ұйымдастырылған дебаттар арқылы өздерінің мақсат-мұраттарын, бағдарламаларын таныстыруда. Осы жоспар, жобалардың өзектілігі мен өміршеңдігіне, үміткерлердің қабілет-қарымына қарап халықтың өз таңдауын жасауына мүмкіндігі бар.

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» заң 2026 жылдың 5 маусымында қабылданғаны белгілі. 1 шілдеден бастап күшіне енген осы заңда Құрылтай депутаттарының құқығы мен заңды қадамдары нақты көрсетілген. 60 баптан тұратын заңда дәйектелгендей Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Құжаттың 5-бабындағы талапқа сәйкес, Құрылтай жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады. Мәртебелі міндет жүктелген жаңа Құрылтайға бір жүз қырық бес депутат іріктеледі. Бұл биік құрылымға заң бойынша артылатын жауаптылық жоғары. Себебі 145 депутаттан тұратын Құрылтайға конституциялық заңдарды қабылдап қоймай, соғыс және бітім мәселелерін шешу, Президент ұсынысымен бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдау, ел Президентінің сайлауын жариялау, Вице-Президент, Премьер-Министр, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру құзыреті жүктелген.

           Арнайы заңда бекітілгендей Құрылтай отырысы ашық түрде өтеді. Тек Құрылтай Регламентінде көзделген жағдайда отырыс жабық түрде өткізілуі мүмкін. Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген Төраға басқарады. Ол депутаттар арасынан көпшілік дауыс беру арқылы сайланады.

           Соның ішінде Құрылтайдағы заң шығару процесі 19-бапта жан-жақты жазылған. Заң жобаларын қараудың кезектілігі мен мерзімін Құрылтай Бюросы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жағдайда Президент айқындамақ.Тағы бір ескерерлігі халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасымен енгізген заң жобаларын Құрылтай дереу қарауы керек.

           Заңнаманың 5-тарауында Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай келісімімен тағайындайтын лауазымды адамдардың тізбесі айқындалған. Бұл қатарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары да бар.  Заңның 28-бабына сай Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде Жоғарғы Сот судьяларын Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға ұсынады. Президенттің жазбаша ұсынысынан кейін тиісті мәселені Құрылтай жақын уақыттағы отырысының күн тәртібіне енгізеді.  Құрылтай отырысында депутаттар осы ұсынылған лауазым иелеріне дауыс беріп, көпшілік дауыспен сайлайды және лауазымынан босатады. Үміткерлер кандидатурасы Құрылтай отырысында қаралғанға дейін Құрылтайдың тұрақты комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Талқылау нәтижесі бойынша комитет Құрылтай отырысында жария етілетін қорытынды шығарады. Егер Құрылтай Жоғарғы Сот судьяларын сайлау туралы шешім қабылдамаған жағдайда ел Президенті сол адамдар немесе жаңа кандидатуралар бойынша жазбаша ұсыну енгізе алады. Жоғарғы Сот судьяларын лауазымынан босату туралы шешім қабылданбаған жағдайда да Президент Құрылтайға осы мәселе бойынша қайта ұсыныс енгізуге құқылы.

Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру мәселесі де Құрылтай отырысының шеңберінде шешіледі. Заңға сәйкес, Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оларды өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Мұндай жауаптылыққа тартуға келісім алу үшін Бас Прокурор Құрылтайға ұсыну енгізеді. Ұсыну Конституциялық Сот судьясын, Жоғарғы Сот судьясын жоғарыдағы құқық бұзушылық туралы істерді сотқа жіберердің алдында енгізіледі. Бас Прокурордың ұсынуы екі аптадан кешіктірілмей қаралады. Конституциялық Сот судьясы, Жоғарғы Сот судьясы өзіне ешкiмнiң тиiспеуі туралы мәселені Құрылтай қараған кезде отырысқа қатысуға құқылы. Осы тәртіптің өзі мемлекетте судья лауазымының қаншалықты қадірлі екенін көрсетсе керек.

           60 баптан тұратын «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» заңында Құрылтайтың мәртебесі, депутаттардың қызметі, Құрылтайдың заңдарды дайындаудағы құзыретіне қатысты барлық құқықтық тетіктер сараланған. Ендігі міндет осы заңнаманы басшылыққа ала отырып халыққа адал қызмет ететін депутаттар шоғырын дұрыс таңдау. Ол үшін әр азамат өз парызына бейжай қарамай, алдағы сайлауға белсенді қатысып, пікірін білдіруі керек.

Ғалия Абимұрат, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Қазақ тілі әрдайым күн тәртібінде

Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте, Өзге тілдің бәрін...

В одном ритме к общей цели: в Туркестане прошел флешмоб «Ортақ арна»

На гребной канал Туркестана вышла целая флотилия каноэ. Молодые...

Отбасылық дауларды сотта қараудың ерекшеліктері

       Отбасы – қоғамның негізгі тірегі, адам өміріндегі ең...

Каждый вызов — важен: в Алматинской области усиливается служба скорой медицинской помощи

В Алматинской области активно ведётся работа по модернизации службы...

Әр шақырту — маңызды: Алматы облысында жедел жәрдем қызметі күшейтілуде

Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды...