Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша тәулік бойы 147 жедел жәрдем бригадасы халыққа қызмет көрсетеді.
2026 жылы лизинг бағдарламасы аясында 70 жаңа санитариялық автокөлік беріліп, жедел жәрдем автопаркі жаңартылды. Бұл шақыртуларға жедел жетіп, шалғай елді мекендер тұрғындарына медициналық көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік берді.
Медициналық көмекті тұрғындарға барынша жақындату мақсатында биыл Балқаш ауданының Бақбақты және Іле ауданының Көкқайнар-2 ауылдарында жаңа дислокациялық пункттер ашылды. Жыл соңына дейін тағы бес пункт іске қосылады.
Жедел жәрдем қызметінің сапасы мамандардың кәсіби дайындығына да тікелей байланысты. Гүлдала ауылындағы симуляциялық орталықта қызметкерлер заманауи хаттамалар бойынша практикалық даярлықтан өтуде. 2026 жылдың басынан бері 689 маман оқытылды.
Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов атап өткендей, басты міндет — медициналық көмекті тұрғындарға барынша жақындату және шақыртуға жету уақытын қысқарту.
«Біздің басты мақсатымыз — тұрғындарға жедел әрі сапалы медициналық көмекті уақытында көрсету. Ол үшін автопаркті жаңартып қана қоймай, жедел жәрдем инфрақұрылымын кеңейтіп, мамандардың кәсіби даярлығын тұрақты жетілдіріп келеміз», — деді Ержан Сүлейменов.
Жаңартылған техника, кеңейтілген инфрақұрылым және білікті мамандар — Алматы облысында жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың берік негізі.


