Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, — деп Қ.Мырза Әли ақын жырлағандай, өз тілімізді құрметтеу біздің міндетіміз. Еліміздегі мемлекеттік тілдің заңдылық тұғыры, оның рөлі бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары баршамызға айқын. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту – мемлекет назарында тұрған өзекті тақырыптың бірі.
Маңғыстау облысының сот, құқық қорғау жүйесінде мемлекеттік тілді қолдануды 100 пайызға жеткізу бойынша мақсатты шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінде республика соттарында іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы талап тыңғылықты орындалуда. Маңғыстау облыстық соты тарапынан барлық жергілікті соттарға іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алу туралы нақты тапсырма берілген. Бұрын мемлекеттік тілдегі қорғаушылар санаулы болса, қазір азаматтарда мемлекеттік тілдегі қорғаушылардың көмегіне жүгіне алады. Бұл тараптар үшін өте маңызды. Сот отырысы алдын ала тергеу органдарынан немесе тараптардан талап арыз қай тілде түссе, сол тілде өткізіледі. Бірақ судья басты қатысушылардың тіліне, бейімділігіне, түсіне алуына мән береді. Кейде орыс тілінде заңдық көмек көрсетушілердің істі негізсіз қазақ тілінде жүргізбей, орыс тілінде жүргізуге бейімдігін немесе көрінеу заңсыз әрекеттерін түзетуге тура келеді.
Соттар мемлекеттік тіл саясатын қолдап, хат алмасу мен іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізуге, сот отырыстарын тараптардың еркін меңгерген өз ана тілінде өткізуіне мүдделі. Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау аясында Жоғарғы Сот арнайы бағдарлама құрып, жоспарлы жұмыс атқаруда. Мемлекеттік тілді насихаттау және оны қоғамдық өмірдің түрлі салаларында қолдану аясын кеңейту жұмыстары да бүгінгі таңда жанжақты жүргізілуде.
Әрбір мемлекеттік мекеме тарапынан халыққа қызмет көрсетуді ең алдымен мемлекеттік тілде жүзеге асыру міндет. Мемлекеттік тілді жетік білу әр мемлекеттік қызметкердің борышы.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75 бабында Қазақстанның тіл туралы заңнамаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, лауазым иесінің тілді білмеуін уәж етіп, жеке және заңды тұлғаның құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ, жеке тұлғаның тілді таңдау құқығын шектеуі, оларды мәні бойынша қарамауы әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған орай, қазақ тілінің де мәңгілік тілге айналуын қолдайтын әрбір заңгер мен қорғаушы, нотариус, құзырлы орындар көмек сұрап келген азаматтарға мемлекеттік тілде көмек көрсетуі керек.
Қазақ тілі – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастың барлық саласында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық заңдар, іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Қазіргі қоғамда азамат ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тілінің байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам болып танылмайды.
Жаңадан сайланатын Құрылтай мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде алдыңғы Парламенттің жұмысын одан әрі дұрыс жалғастырып, қоғамның барлық саласында Ана тілімізді қарқынды дамытады деп ойлаймыз.
Сондықтан, 23 тамыз 2026 жылы барлығыңызды Құрылтайға дауыс беруге шақырамыз.
И.Р.Досетов, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы


