Қазақстан Республикасының сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сот төрелігінің сапасын арттыру, сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету бағытында елімізде бірқатар реформалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі — кассациялық соттардың құрылуы.
Кассациялық сот — сот жүйесіндегі маңызды буындардың бірі. Оның негізгі мақсаты — заңды күшіне енген сот актілерін заңда белгіленген тәртіппен қайта қарап, соттарда заң нормаларының дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету.
Кассациялық сатының ерекшелігі — оның істің барлық мән-жайын бірінші рет зерттейтін сот болып табылмайтындығында. Кассациялық сот негізінен сот актілерін қабылдау кезінде материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылуына құқықтық баға береді. Осы арқылы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Кассациялық соттардың дербес жұмыс істеуі сот сатылары арасындағы өкілеттіктердің нақты бөлінуіне мүмкіндік береді. Бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларын анықтап, дәлелдемелерді зерттесе, апелляциялық саты сот шешімін қайта қарайды. Ал кассациялық сатының негізгі міндеттерінің бірі — заңның дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету және сот актілеріндегі құқықтық қателерді түзету.
Кассациялық соттардың қызметі жекелеген істердің нәтижесімен ғана шектелмейді. Сот практикасын зерделеу және жинақтау арқылы құқық нормаларын қолданудың бірізділігін қалыптастыруға да ықпал етеді. Бұл өз кезегінде сот шешімдерінің тұрақтылығын арттырып, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Кассациялық соттың маңыздылығы азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдігі ретінде де көрінеді. Егер заңда көзделген негіздер болған жағдайда, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігі сот төрелігінің сапасын бақылаудың маңызды құқықтық тетігі болып табылады.
Сонымен қатар кассациялық соттардың жұмыс істеуі Жоғарғы Соттың қызметіне де жаңа міндеттер жүктейді. Жоғарғы Соттың негізгі назарын сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етуге, құқық қолдану мәселелерін талдауға және соттарға әдістемелік әрі құқықтық бағыт-бағдар беруге шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, кассациялық соттардың құрылуы — сот төрелігін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Оның тиімді жұмысы заң үстемдігін нығайтуға, сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сот жүйесінің басты мақсаты — әділ шешім қабылдап қана қоймай, әрбір азаматтың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, кассациялық сот — сот төрелігінің сапасы мен заңдылығын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық институт.
Қызылорда қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
сотының бас маманы А.Тілек


