– Армандары көп еді… биік еді…
Тергеуші Қайсеновтің алдында жас әйел отыр. Өңі боп-боз. Көздері үстел үстіндегі бір нүктеге қадалып қалған. Самай жағы ағара бастаған қара шашын желкеге түйіп қойыпты. Тып-тығыз түйін. Жазық маңдайы жарқырай көрінеді. Қас арасына терең әжім қиғаштай түскен. Саусақтары көйлегінің етегін қымтап ұстаған күйі қимылсыз қалыпты. Тастан қашалған мүсіндей. Күбірлеп отыр.
– Армандары көп еді… биік еді…
– Сая, ұлыңыз иманды болсын. Түсінем. Қиын. Бірақ біздің жұмысымыз сондай, анық-қанығын білу керек. Кінәлі адам болса, табу керек, жазалау керек. Сізді сондықтан шақырып отырмыз, – деді полковник.
Сая ғайыптан жерге оралғандай болды. Жәудіреген көздері қипақтап жүріп, бөлме ішінен Қайсеновтің көзін іздеп тауып, қадала қарады да:
– Кінәлі адам бар. Мақсат өзін-өзі өлтірген жоқ, – деді жұлып алғандай.
– Мақсатты біреу өлтірді деп ойлайсыз ба?
– Иә.
– Кім?
– Нақтысын білмеймін.
Қабағын шытты. Есіне түсіруге тырысып отыр.
– Мақсаттың жүріс-тұрысынан, басқалармен сөйлескенінен өзгеріс байқадыңыз ба?– деп сұрады тергеуші.
Саяның дауысы қарлыға шықты.
– Соңғы кездері ол ерекше қобалжып жүрді. Себебін сұрасам, «Оқу қиындап кетті» деп жауап беретін. Ол ешқашан оқудан қиналмаған… еді. Бір жолы қалта телефонының түймешесін басып қалғанда арғы жақтан біреудің «Жырық ерін, б@ққарын тауып апты достарын» деп қарқылдап күлгенін естіп қалдым. Лезде телефонын өшіре қойды. Мен «Ол кім?» деп сұрап едім, «Шатасып кеткен біреу ғой» деп жауап берді. Бет-жүзі өрт шалғандай болып тұрған. «Өтірік айтпа. Сен оны танып тұрсың. Оның сені кемсітуге қақысы жоқ. Полицияға барайық. Тапсын, жазаласын» дедім ашу шақырып. Ұлым «Керек емес. Оған бола жүйке жұқартпайық» деп жауап берді. Сол күннен бастап Мақсат таныс емес нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап бермейтін болды. Сабақ үлгерімі нашарлап кетті. Футболмен айналысушы еді. Онысын қойып, күреспен айналыса бастады. Кешке қарай үйден шықпайтын болды. Оған жан-жақтан қысым көрсеткенін мен қазір ғана түсініп отырмын. Бірнеше рет мектептен беті көгеріп келді. Мектеп басшысы мен мұғалімдері бүған көз жұма қарады. Директор орынбасарымен, психологпен қайта-қайта сөйлестім. Олар мені жүре тыңдады. Ал енді мектеп директоры маған не дегенін білесіз бе? «Ұлыңыз екеуіңіздің араңызда шиеленіс немесе тым ерекше махаббат болған шығар. Әкесі кім еді? Онымен араласып тұрасыздар ма?» деді.
Кірпігінен бір тамшы жас үзіліп, төмен қарай сырғи жөнелді.
– Мақсаттың әкесімен кештеу таныстық. Ер тұлғалы, ер мінезді адам. Ғашық болдым. Көңілдесі болдым. Ол әйелімен ажырасып, маған үйленуге ниет білдірді. Онысын құптамадым. Ала жіпті аттаған шығармын. Бірақ ала жіппен ешкімді тұншықтырмадым. Ол ұлының туғанын білмейді. Білмегені дұрыс. Мақсаттың жарық дүниеге келуі – ұлы сезімнің нәтижесі. Ешкімнің алдында жауап бермеймін. Ұялмаймын. Директорсымақ айтқандай Мақсат екеуіміздің арамызда ешқандай шиеленіс, ешқандай ерекше махаббат болмаған. Мен ол үшін мейірімді ана болдым. Ол мен үшін ерке бала болды. Бір бірімізге медет болдық, сүйеу болдық. Оның менен басқа жақыны жоқ, менің одан басқа жақыным жоқ… еді.
Сая қылығы қатты тартылған садақтай дір-дір етіп отыр. Саусақтары қарысып қалғандай. Парлап аққан көз жасын елеуге шамасы жоқ. Қайсенов орнынан тұрып, Саяға су ұсынды. Ол суды көрмеді, көмекті қажет етпеді.
– Мектептегі жағдайлар жайлы толығырақ айтып беріңізші, – деді полковник орындыққа қайта отырып жатып.
– Ұлым ол мектепке бір жыл бұрын ауысты. Конкурстан өтті. Байдың бағлан балаларымен иық тіресіп, жақын жүргенін қаладым. Бірінші күннен-ақ сыныптастары оған тыжырына қарады. Біз оған мән бермеуге тырыстық. Ол мектепте оншақты кедей баласы бар. Олар дөкейлердің тісі батқанынан бұйығыланып жүреді екен. Таяқ жеген, келеке-мазақ болған, мысы басылған бейшаралар. Бағландар Мақсатты да ықтырмақ болды. Бірақ ұлым ықпады, бұқпады. Өзі сияқты балаларға дем берді. Олардың ешкімнен қорықпай, барлық жерде басын тік көтеріп жүруін қалады. Мен мұны байқағанда ұлымды батыр санап, қатты масаттандым. Соңы осындай боларын білгенде мысықтай болу тұрмақ, тышқандай боп жүруін қалар ма едім, кім білсін. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дейді ғой. Бірақ Мақсат олай жасай алмас еді. Ол тумасынан ерекше еді. Ерні жырық болып туды. Ота жасаттық. Тыртығы көрініп тұратын. Дене салмағы артық болды. Арықтауға қанша тырысса да, онысынан түк шықпады. Әкесінен бейхабар болды. Ол жайлы менен сұрағысы келетінін байқайтынмын. Көңіліме қаяу салмас үшін сұрамады. Қалтамыз жұқа болды. Айлығымыз шайлығымыздан артылмайтын. Мақсат бәрін сөзсіз түсініп, мені де, өзін де қажытпауға тырысатын. Жүрегі түкті еді, жүрегі ақ еді, қолы қарулы еді, қолы таза еді. Тізерлеп тұрған бір әйел мен оншақты баланы ғана емес, тізерлеп тұрған бір елді орнынан тік тұрғызатын азамат еді ғой.
Сая басын тік көтеріп, төбеге қарады. Көмейінен ұлығандай дыбыс шықты. Қақпанға түсіп, шарасыздықтан қорланған арланның үні. Дауысы созылып барып, сап тыйылды.
Қайсеновке тесіле қарады да:
– Бір сұрағыма жауап беріңізші. Тәртіп сақшысысыз ғой. Қашанға дейін аузы қисықтар сөйлей береді? Бір уақ аузы жырықтар сөйлесе болмай ма? Оның да сөзі бар, үні бар ғой, – деді алқына.
Саяның көздері өртеп жіберердей. Қайсеновтің жүрегі шым ете қалды.
– Жолдас полковник, қылмыскерді табыңыз. Бұл сіздің арыңызға артылған жүк. Көтеріңіз. Жолда қалмасын.
– Мақсаттың әкесі тарапынан ешқандай іс-әрекет болған емес пе? – деп Қайсенов әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.
– Болмады. Болуына жол бермедім.
– Оның әйелі тарапынан ше?
– Болмады. Болуы мүмкін емес.
– Олардың аты-жөндерін айтыңыз. Тексеру қажет.
– Уақытты босқа кетіресіз.
– Ол жағын мен шешем, – деді полковник қатқыл үнмен.
Сая Мақсаттың әкесінің аты-жөнін айтты да, теңселе басып, бөлмеден шығып кетті. Абылай орынбасарына телефон соғып, Мақсаттың әкесі жайлы толық ақпарат жинауды тапсырғасын, заттарын қоңыр сөмкесіне салып ап, мектепке қарай бет түзеді.
* * *
– Мектеп – білім беру орны. Бала тоғайда, сабақтан тыс кезде өзіне қол жұмсаған. Оған біз жауап бермейміз. Мақсат депрессияда жүрген. Анасының да жай-күйі мәз емес. Тұрмысы нашар, ерте егде тартқан, жалғызбасты әйел ғой. Суицидтің себебін сол төңіректен іздеңіз. Бұл елде балалар арасында суицид көрсеткіші жоғары. Мақсаттың өлімі таңқаларлық жағдай емес. Біздің оқушылар үнемі халықаралық байқауларда жүлде алады. Бұл біздің өте жақсы жұмыс істеп жатқанымызды білдіреді. Мақсат біздің мектептің қарқынына ілесе алмады. Әр адам өз деңгейін, өз орнын білгені дұрыс. Қолы жетпеске мойнын созғандар омақаса құлайды. Мен о баста конкурс өткізіп, неше түрлі жанұяның балаларын ақысыз оқытуға қарсы болғам, – деді мектеп директоры Патрисия ханым Қайсеновпен сөйлесіп отырғанда.
– Мен сізді түсіндім. Істі жан-жақты тексереміз. Ілік табылса, заң алдында жауап беретініңізді ескертем. Біздің жұмысымызға сіздер кедергі жасамайды деген ойдамын. Ал қазір мен психологпен, сынып жетекшісімен, басқа да ұстаздармен және сыныптастарымен жолығуым керек, – деді полковник байыпты түрде.
Патрисия ханым үстел үстіндегі қоңырау түймесін басты. Бөлмеге хатшы қыз кірді.
– Полковник мырзаны Катрин ханымға ертіп барыңыз. Қалаған адамдарымен жолығуын қамтамасыз етсін, – деді директор.
Қайсенов бөлмеден шықты. Директормен қоштаспады.
* * *
Психолог бөлмесі ғимараттың үшінші қабатында орналасқан екен.
– Ана жерге отырыңыз, – деді Катрин ханым селқос түрде бұрышта тұрған креслоны иегімен нұсқап.
– Мен полковник Абылай Қайсеновпін. Мақсат Сүлеев жайлы сөйлесуге келдім. Сіз оны танушы ма едіңіз?– деді тергеуші үстел жанында тұрған орындыққа отырып жатып.
– Мен барлық оқушыны танимын. Сүлеевте ұзақ мерзімге созылған терең депрессия белгілері бар еді. Ешкіммен достаспады. Жиі бұзақылық жасайтын. Жеке сөйлескенімде сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Жалпы айтқанда ол кез келген көмектен бас тартатын. Томаға-тұйық бала еді. Жанұясы жайлы сұрағанымда мені тіпті ұрып жіберердей болған.
– Қандай бұзықтық жасады?
– Басқа оқушылармен жиі төбелесетін. Мұғалімдерге дөрекілік көрсететін.
– Сіз оның бұзықтығының себебін анықтауға тырыспадыңыз ба?
– Анықтадым. Ол сондай мінезді адам. Өмірге өкпелі. Басқалардың артықшылығын көре алмайтын. Іші тар. Біреудің қолынан жақсы зат көрсе, тартып алғысы келетін. Оған бірнеше рет тәртіптік шара қолданылды. Анасымен сөйлестік. Бірақ жағдай өзгермеді. Оны басқа мектепке ауыстыру керектігін директорға бірнеше рет айтқан болатынмын.
– Басқалардың қандай заттарын тартып алғысы келетін еді?
– Қалта телефонын, сағатын.
– Ол қалай болды? Таратып айтып берсеңіз.
– Бір жолы онымен бірге оқитын ұлдың телефонын киім ауыстыру бөлмесінде тартып алмақ болған. Тағы бір ұлдың қолындағы смарт сағатын жұлып алмақ болған. Ол жағдайларды жан-жақты қарастырдық. Мақсат өз кінәсін мойындады. «Кешірім сұра» деп едік, сұрамады.
– Ол ұлдар қандай адамдар еді?
– Олар жап-жақсы балалар. Абыройлы жанұядан. Жаман қылықтары жоқ.
– Аты-жөндерін айтсаңыз.
– Айымбетұлы Мүсілім мен Сайран Диас.
Қайсенов кітапшасына аталған есімдерді жазып қойды да, сұрақ қоюын жалғастырды.
– Мақсаттың көңілін түсірген жайлар болған шығар. Ол туралы білесіз бе?
– Оның көңілін анасы түсіретін. Бастапқыда шаң жуытпайтын. Кейінірек ол жайлы сөз болғанда көзінде ерекше от пайда болғанын байқадым. Жиіркенішке, жек көруге ұқсас эмоция көрсететін. Анасы – некесіз бала туған жалғызбасты әйел. Ештеңеге қызықпайды. Өмірінде қуаныш аз. Күйеуі де, досы да жоқ. Дене қалауы деген болады. Баласына инцест жасамақ болған. Бұл жас баланың психикасы бұзылуының негізгі себебі.
– Олай деуіңізге нақты фактілер бар ма?
– Ол жағынан факті деген болмайды. Адаммен сөйлескеннен-ақ көп болжам жасай алам. Мен өте тәжірибелі психологпын. Инцест бұл өмірде сіз ойлағаннан жиірек кездеседі. Сөзіме сеніңіз.
– Ақылды адамның сөздері түйсікке, болжамға емес, фактілерге байланысты айтылса керек. Есіңізге нақты оқиғалар түссе, кейін айта жатарсыз. Мен қазір сынып жетекшісімен сөйлессем деп едім. Әңгімемізге кедергі жасамауыңызды сұраймын, – деді Қайсенов психологқа визиткасын ұсынып жатып, есікті көзімен нұсқады.
«Ұстаздықты бизнеске айналдырғандардың ісі осындай болса керек. Марқұм бала мен анасына қазақ болмысына мүлдем жат пиғылды таңып жатыр. Арасы жеті атадан аспаса, қыз алыспайтын ұлтта инцест болуы мүмкін емес. Мұндай мектептердің жұмысын білім бөлімі қадағалай ма екен?» деп ойлады тергеуші.
Психолог шығып кеткесін бөлмеге орта жастағы, ұзын бойлы, қараторы әйел кірді де:
– Амансыз ба. Мен сынып жетекшісі Айша Қалшорақызымын, – деді.
– Саламатсыз. Отырыңыз. Мақсат жайлы айтып беріңізші, – деді полковник қабағын түйе.
– Ол өте жақсы бала еді. Шыншыл, өжет, терең ойлы, батыл. Жалғандыққа жаны қас. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет жасайтын. Әлсіздерге көмектесіп жүруші еді. Мектеп табалдырығын аттаған күні-ақ көшбасшылық мінезін байқадым.
– Онымен тіл табыспаған адамдар болды ма?
– Иә. Болды. Мүсілім мен Диас оған жиі қоқан-лоққы жасайтын. Мақсат оларға өзін басындырмайтынын білдірді. Ондайда ұлдар төбелесе кетеді ғой. Ана екеуі Мақсатты басқаларға ұрғызатын. Тіпті ұрғандарға ақша төлегендерін есіттім. Олармен талай рет жекеше де, бірге де сөйлестім. Татуластырмақ болдым. Қолымнан келмеді. Ата-аналарымен сөйлесуді жоспарлап отыр едім. Үлгермедім, – деді ұстаз мұңайып отырып.
– Мүсілім мен Диас қандай адамдар?
– Бақуат жанұяның еркетотай балалары. Өзінен әлсіздерге тізесін батыруға, аяқтан шалуға, арандатуға құштар. Мектепте ондай балалар аз емес. Ата-аналары мектептің демеушілері болғандықтан, басшылық олардың қитұрқы істеріне көз жұма қарайды.
– Мақсаттың жақын достары бар ма еді?
– Иә. Ол өте ақкөңіл бала еді. Достары көп болатын. Ең жақын досы – Шынтемірұлы Медет еді. Екеуі бір партада отыратын.
– Медетпен сөйлессем бола ма?
– Әрине болады.
Айша Қалшорақызы Медетті шақырып келді. Ол көп сөйлемейтін, сұрақтарға имене жауап беретін бала екен.
– Қашаннан бері Мақсаттың жақын досы болдың?
– Оқу жылы басталғалы бері.
– Мақсаттан ақысын алғысы кеп жүргендер бар ма еді?
Ол үндемей қалды. Көз қиығымен мұғаліміне қарады.
– Медет, бар білетініңді ашық айт. Қорықпа. Жаныңдамын, – деп жетекші дем бере сөйледі.
– Мен ештеңе білмеймін, – деп Медет жауабын шолт қайырды.
Қайсенов Мүсілім мен Диаспен сөйлесе алмады. Олар сабаққа келмеген екен.
* * *
Полковник хатшыдан Мүсілім мен Диастың ата-анасы жайлы ақпарат алды. Мүсілімнің әкесі автомобильдің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт қожайыны екен. Диастың әкесі – мемлекеттік қызметкер. Қалта телефондарына бірнеше рет қоңырау шалғанда ешкім жауап бермеді.
Тергеуші мектеп камераларының жазбасын қарап шығып, күдікті жайларды байқамады. Жазба басылған флешканы сөмкесіне сап алып, білім ордасынан сыртқа шықты.
* * *
Ертесіне жұмысқа келісімен Қайсенов криминалист Маймақов пен сот-медицина сарапшысы Мұқановты шақыртты.
– Мақсаттың мойнындағы жіпті тексердік. Машина сүйреуге арналған қара ала арқан екен. Арқанға Мақсаттың тері жұғындылары көп жағылмаған. Адам агония кезінде еркінен тыс қатты жұлқынады. Мақсат жұлқынбаған. Арқанға одан басқа екі адамның тері, майы жұққан, – деді Маймақов үстел үстіне зерттеу қорытындылары жазылған қағаздарды қойып жатып.
– Ол сол жіпті сатқан адамдардыкі болуы мүмкін, – деді полковник.
– Жіпке май терең сіңген. Арқанды мықтап ұстап, тартқан.
– Арқан дүкенде бір ауыр заттың астында жатқан шығар. Шығару үшін қысып ұстап, тартқан болуы мүмкін.
– Күдіктілер анықталса, солардың терімен, майымен салыстырармыз. Сол кезде белгілі болады.
– Ол кейін жасалатын жұмыстар. Одан басқа не анықтадыңдар?
– Мақсаттың киімдері тап-таза. Анасы ұлында ондай киімдер болмағанын айтты. Тіпті іш киімін де ауыстырған. Денесін мұқият жуған, тырнақтарын тақап алған. Асылып тұрған ағаштың бұтағы қатты майыспаған. Аяқ тіреп тұрарлық зат табылмады. Біз тоғайды толық сүзіп шықтық. Бес жүз метр жердегі алаңқай ерекше көңіл бөлерлік екен. Ол жерде бір оқиға болған. Біреу пластик сыпыртқымен жерді сыпырған. Екі жерде топырақты өткір затпен қырып, ойып алған. Сосын доғал, ауыр затпен ұрғылап, қырғанын жасырмақ болған. Шөп арасынан түйме таптық. Тіккен жібі үзіліп емес, ортасы сынып түскен. Жақында сынған. Ол түйме Мақсатқа тиесілі емес. Әзірге осы, – деді Маймақов.
– Ал сен не дейсің?– деді Қайсенов Мұқановқа қарап.
– Мақсат өлер алдында төбелескен. Жұдырығындағы, бетіндегі, кеудесіндегі гематомалар соның айғағы. Екі қабырғасы сынған. Мойын тамыры қатты созылмаған. Адам асылып өлер алдында үлкен, кіші дәретін жіберіп қояды. Мақсаттың қуығында зәрі бар, – деп жауап берді сарапшы.
– Бұлтартпас айғақтар керек.
– Бұлтартпауға аз емес сияқты.
–Тәжірибелі сарапшылардың қорытындыларын көптеп жинаңдар.
– Құп болады.
* * *
– Әбеке, кіруге рұқсат па?– деді сот экспертиза орталығының қызметкері Ардақ есіктен басын қылтитып.
– Кір. Отыр. Қарап шықтың ба?
– Иә. Қарап шықтым. Видео монтаждалмаған. Сапасы өте жақсы екен. Соңғы бір ай ішінде жазылған. Мақсат мектептен үнемі Медетпен бірге шығады екен. Сол күні мектептен бір өзі шыққан. Жүрісінен, қимылынан қатты қобалжығаны байқалады.
– Тағы да айтарың бар ма?
– Жоқ. Сіздің «шұғыл түрде» деген пәрменіңізден кейін үстірт қарадым. Жұмыстан кейін тағы бір қарап шығам, – деді сарапшы.
* * *
Полковник автокөліктің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауытқа келді. Қожайын жұмыс орнында жоқ екен. Хатшы қыз басшысының бір апта бұрын демалысқа кеткенін хабарлады. Полковник телефон қоңыраулатып, Қожабергенов Айымбет ұшаққа немесе пойызға билет сатып алмағанын анықтады.
– Мұны қалай түсіндіресіз? – деп сұрады Қайсенов хатшыдан.
– Біздің басшы өз көлігімен жүргенді ұнатады, – деді жас қыз сиқырлана жымиып.
– Қай жерде демалып жатқанын білуге бола ма?
– Жоқ. Болмайды.
– Не себепті?
– Өйткені ол ерекше жерлерде дем алғанды жақсы көреді және қайда бара жатқанын ешқашан ешкімге айтпайды.
Беті бүлк етпеді. Сырғасындағы гауһар тасы жылт етті. «Караттан кем емес» деп ойлады полковник шығып бара жатып.
Бір сағаттан соң Абылайдың телефонына таныс емес нөмірден қоңырау түсті.
– Мен Айымбетпін. Кездесейік. Бас тартпа, – деді бейтаныс өктем үнмен.
* * *
Қала шетіндегі бильярд клубының сырт көзден таса бөлмесінде Айымбет бір өзі отыр екен. Қайсенов бөлмеге кіргенде орнынан тұрмады, шалқайып отырған күйін өзгертпеді. Ерін ұшын жыбырлатып амандасқанның ишарасын жасады.
– Ұзақ әңгімеге уақыт жоқ. Төтесінен айтайын, Мүсілім мен Диас ол баланың өліміне кінәлі емес. Бұл жағдайдан таза шығуымыз үшін ештеңеден бас тартпаймыз. Шартыңды айт.
– Менде шарт біреу ғана, кінәлі адам жазалануы тиіс.
Айымбет мырс етті.
– «Вор должен сидеть в тюрьме!» дегендей болдың ғой. Ол кино. Әбеке, ақылды адам кино мен өмірдің айырмасын білуі керек.
Мысымен мұны ықтырғысы келгендей ұзақ қарап отырды, әлден соң:
– Мен әрдайым тіке сөйлейтін, тіке іс қылатын адаммын. Шөбере-шөпшегіңе дейін майға бөгіп өмір сүретіндей жағдай жасап береміз. Балалардың басын қатырма! – деді.
Полковник үндемеді.
– Не жайлы айтып отырғанымды түсінбегендейсің ғой.
Үстел астынан қара сөмкені шығарып, Қайсеновтің алдына қойды да, аузын ашты. Іші толы бумаланған он мыңдықтар екен.
– Түсіңде көрмегенді өңіңде көріп отырсың. Бұл басы. Қаласаң, жыл сайын осынша мөлшерде беріп тұрамыз.
Полковник үндемеді.
– Ай сайын.
Полковник үнсіз отыр.
– Арам ақша емес. Ал!
Үнсіздік қабырғаны керіп бара жатқандай.
– Мүсілім – менің қырықтан асқанда көрген жалғыз ұлым. Диас – оның жолдасы. Аздап еркелеу. Бірақ ақымақ жігіттер емес. Ала жіпті аттамайды. Артық-кем кеткен жерлері болса, жауап береді. Біздің алдымызда жауап береді. Сенің алдыңда емес, – деді қожайын.
– Заң алдында жауап береді, – деді тергеуші.
– Заң дегенің – тобырды ауыздықтау үшін жазылған шимай-шатпақ, елде хаос болмау үшін жасалған қам-қарекет. Біздейлер өз жанұясында заңды өзі бекітеді. Ұлдарымыздың жазасын береміз. Сен оларға тиіспе. Өтініп сұрап отырмын.
Полковник үнсіздігін бұзбады. Айымбет амалы таусылғандай алақтап жан-жағына қарады. Ауыр дененің тыпырлай қимылдағанынан астындағы орындық сықырлап кетті.
– Мен қанша жылдан бері елді асырап келем, алға сүйреп келем. Менікіндей зауыт басқа жерде жоқ. Тындырып жатқандарым бар, тындыратындарым бар. Қанатымды қайырма. Жалғызымнан айырма.
Бет терісі жыбырлай жөнелді. Онысын байқатпауға тырысуда.
– Мақсат оларды басқалардың алдында бірнеше рет мазақ қылған, ұрып-соқпақ болған. Олай етуге хақысы бар ма? Өзінше Спартак болып жүрді. Аңызға сенген ақымақ. Әр шегіртке өз орнын білуі керек. Айға шапқан арыстан мерт болған.
Айымбет үстел үстінде стаканға құюлы тұрған суды тауыса ішті де, сөзін жалғады.
– Ұлдарымыздың өмірі ұзақ, бағдары айқын, қадамы нық болуы үшін бәрін жасап келеміз. Балаққа жармасатындардан аулақ болуы үшін арнайы мектепте оқыттық. Тыныш болғанын қаладық. Дұрыс болғанын қаладық. Қанша жылдан бері қыруар жұмыс жасалып жатыр, қыруар қаражат жұмсалып жатыр. Ол мектептің түлектері – елдің жарқын болашағының тіректері. Құдайға шүкір. Еліміз еркін. Бірақ бай-бақуат емес. Өйткені ғылым дамымай жатыр, өнеркәсіп дамымай жатыр. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимейді. Өзімізді ешқашан аяған емеспіз, жұмыстан қашқан емеспіз. Ұлдарымыз да өзіміз сияқты ерен еркек болып өсіп келеді. Оларға біз зор үміт пен үлкен жауапкершілік артып отырмыз. Сенімдіміз. Көтереді. Орнымызды басады. Олардың өресі биік, өрісі кең болады. Сол үшін алға ұмтылғандармыз. Бірақ биттер килігеді де, ортаны бүлдіреді. Біздің қасынуға да уақытымыз жоқ. Іргесін әрі салып, өз бетінше өмір сүрсе, оған кім тиісер еді? Арамызға сыналап кіріп алады да, өз айтқанын істетпек болады. Шаңыраққа қарауды білмейтін боқмұрын керегені кермек болды, уықты уатпақ болды. Ондайға кім көнеді? Мақсат өзі сияқтылар құсап тыныш жүрсе, болар еді ғой. Кез келген нәрсе сынарында өзінен мықтыға соғылады.
Бұдан арыға Қайсенов шыдамады.
– Рас. Мақсат соққыдан өлді. Қолы қанға малынған малғұндар бейшара баланы ұрып өлтіріп, жансыз денесін ала жіпке байлап, асып кетті. Бұл сен үшін қалыпты жағдай ма? Мақсатқа да үміт пен жауапкершілік артылған еді ғой, – деді тергеуші үстелді жұдырығымен қойып қап.
Қара сөмке бір жағына қарай қисая кетті.
– Өлетін бала өлді. Анасына қиын. Түсінеміз. Алдынан өтеміз. Өкінішін басамыз. Тірі балалар жайлы ойлайық. Мүсілім мен Диас Мақсатты ұнатпаған шығар, ұрған шығар. Бірақ өлтірген жоқ. Жасамағандары үшін неге жауап беру керек? – деп сұрады Айымбет.
– Жасамаған болса, неге сасасың? Артпен сүңгіп, суды былғама. Сотта жолығамыз. Айтарым осы.
– Менің мүшкіл хәлімді пайдаланып, мысқылдап отырғаның дұрыс болмады. Құдықтағы құлан бар күшін жинаса, жер бетіне шығады. Құлағында секірген құрбақаның әуселесін сонда көреді.
– Сені құдыққа құлатқан да, құлағыңда секірген де мен емеспін. Елді алға сүйреген еркек баласына тәрбие беруді де ұмытпағаны жөн. Шыңғысхан алға ұмтылғанда артын Бөрте жапқан.
– Абылай, Шыңғысханның жырын айтуға уақыт жоқ. Менің жырым – Мүсілім мен Диас. Еркектерше келісейік.
– Айымбет, келіспейміз.
– Себебін айт.
– Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар. Мен тәңірге сенем. Сендер ақшаға сенесіңдер. Ақшалы балалар әр бұрышта ақшасыз баланы өлтіріп кете беруі керек пе? Заң деген – таразы басын теңестіретін күш. Екеуара пыш-пышқа бола иіле салатын сөлкебай емес.
– Қайталап айтам, Мүсілім мен Диас Мақсатты өлтірген жоқ. Әйтсе де Мақсаттың анасына баласынан да, жалпы ешкімнен көрмеген, көрмейтін жақсылықтарды жасап береміз.
– Оған сендерден ештеңе керек емес.
Полковник шығып кетті. Қара сөмке қараңғы бөлмеде ауызы ашық күйінде қалды.
* * *
Диастың әкесі шақыртумен полиция басқармасына келді. Орта жастағы сұңғақ бойлы ер кісі кабинетке еркінси кірді де, ұсынылған орындыққа бойын тік ұстап отырды.
– Әліби Төрегелдиев, оныншы мамыр күні түстен кейін ұлыңыз қайда болды, сіз қайда болдыңыз?– деп сұрады тергеуші.
– Бұл жауап алу ма? Адвокатпен келуім керектігін не себепті ескертпедіңіз?
– Полицияға ешкімді себепсіз шақыртпайды. Біз қазір Мақсат Сүлеевтің өлім себебін анықтауға тырысып жатырмыз. Ол сіздің Диас ұлыңызбен бір сыныпта оқыған еді. Түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Естіген шығарсыз.
– Адвокатсыз ешқандай сұраққа жауап бермеймін.
– Адвокатыңызбен бірге ертең сағат он алтыда осы жерге келіңіз, – деді полковник.
* * *
– Сәлеметсіз бе. Мен… Мен сізбен сөйлесейін деп едім.
Қоңырау шалушының дауысы құмыға шықты.
– Айта беріңіз, – деді Қайсенов.
– Мақсат жайлы… Кездесу керек еді.
– Кездесейік. Сізге қай жер ыңғайлы?
– Асқаров көшесіндегі самсаханаға келе аласыз ба?
Самсахананың жеке бөлмесінде оны Медет күтіп отыр екен. Полковник бөлмеге кіргенде ол орнынан елпектей көтеріліп, екі қолын соза амандасты.
– Не айтпақ едің? – деп сұрады тергеуші әңгімені жеңілдету үшін бірден «сен»-ге көшіп.
Медет қипақтап отырды да, әлден соң кемсеңдеп жылап жіберді.
– Мен… Мен байқаусызда Мақсатты өлтіріп алдым.
– Қалай? Не үшін?
Медет жауап бермеді. Егіле жылады.
– Шынымен байқаусызда қылмыс жасадың ба? Әлде біреулердің қорқытуымен осындай әрекетке барып отырсың ба? – деп тергеуші сұрақты төтесінен қойды. Мүдірген жігіт:
– «Қала ортасынан үш бөлмелі пәтер сатып әпереміз. Бір жылдан соң шығарып аламыз» деді.
– Кім? Медет, сен ақылды жігітсің ғой. Жақсы оқып, жақсы жұмыс істесең, пәтерді адал ақшаға сатып аласың. Ауыр жүкті мойныңа артпа. Көтере алмайсың.
Қайсенов оған ойлана қарады. Отбасына осыншалықты бұралаң жолмен көмектеспек болған баланың басы салбырап, иығы қушиып отыр.
– Сені үгіттеп көндіргендер жайлы ресми мәлімет беруге келісесің бе?
– Жоқ.
Медет шошына бас тартты.
– Не себепті?
– Қорқам.
– Қорықпа. Бәрі жақсы болады. Сол үшін жүрміз.
Полковник кетуге ыңғайланды.
– Мен оларға не айтайын? – деп сұрады Медет орнынан ұшып тұрып.
– Шыныңды айт.
* * *
Полковник кабинетіне полиция қызметкерлерін жинады.
– Төрт күн өтті. Шаруа бітірмедік. Қылмыскерлер қарап отырған жоқ. Қарманып жатыр, – деді қызметкерлеріне шүйліге қарап. – Мақсаттың денесін осып-кескеннің қорытындысы дайын ба?
– Дайын. Өлім себебі – жүрек тұсына тиген соққы. Ауыр, доғал затпен ұрған. Аяқпен тепкен болуы мүмкін. Басында жиырма, денесінде үш соққының ізі бар. Сол жақ бесінші және алтыншы қабырғалары, оң қолының екінші және үшінші саусақтарының сүйектері, бет сүйектері сынған, – деп жауап берді сот-медициналық сарапшы.
– Заттар бойынша не дейсің?
– Диастың сол күні мектепке киіп келген жейдесінің түймесі біз тапқан түймеге ұқсас. Видеокамера жазбасынан байқадық. Ол жейдені анасы тауып бере алмады. Ескіргеніне байланысты қоқыспен бірге лақтырып жібергенін айтты. Қазіргі уақытта Мүсілім мен Диастың қайда екендігін анықтай алмадық. Ата-аналары ештеңе білмейтіндігін айтты. «Қорқып, қашып кеткен болар» деген жауап алдық.
– Кінәлі болмаса, неге қашады? – деп сұрады полковник.
– Тергеудің әділ өтетіндігіне сенбейді екен.
– Кәмелетке толмаған балалары үшін жауапты екендігін ескерткен боларсыңдар. Ала жіп жайлы не айтасыңдар?
– Ондай жіп көптеген дүкендерде сатылады. Олардың бәрін тексеруге мүмкіндік жоқ. Қажет те емес. Қожабергенов пен Төрегелдиевтің және айналасындағы адамдардың тері жұғындыларын тексеруге рұқсат алу қажет, – деді Маймақов папкасын жауып жатып.
* * *
Орынбасары полковникке Мақсаттың әкесі жайлы ақпаратты жеткізді. Ол қала маңындағы ауылда тұратын фермер екен. Аты-жөні Марат Байсапаров. Жасы елу жетіде. Үйленген. Жиырма бес және жиырма үш жасар екі қыздың әкесі. Әйелі Аяулым үй шаруасында. Жергілікті әкімшілік архивін ақтарғанда анықталғаны – Марат он жеті жыл бұрын әйелімен ажыраспақ болып, арыз жазған екен. Көршілері бір апта бұрын олардың үйінде үлкен ұрыс-жанжал болғанын айтыпты. Мараттың «Ол менің ұлым, ұрпағым» деп айғайлай сөйлегенін, Аяулымның жылағанын естіпті. Бір сағаттан соң Аяулымның інісі Алмас келген. Үйде таңға дейін жарық сөнбепті. Елеусізов Алмас сол ауылдың арғы басында тұрады. Ауыл мен қала арасында такси айдайды. Бірнеше рет үйленген. Мінезінің жайсыз болуына байланысты ажырасқан. Әйелі мен балаларын аяусыз ұрып-соққаны белгілі болды. Екі рет полиция қызметкерлерінің құрығына түсіп, «бұзақылық» бабы бойынша сотталып, төрт жыл түрмеде отырған. Босап шыққалы бері бір өзі тұрып жатыр екен.
* * *
Қайсенов Маратты полиция басқармасына шақыртты. Сол жақ көз алды көгеріп, ісіп тұрғаны көзге оттай басылды.
– Мақсаттың қайтыс болғанын білетін шығарсыз, – деді тергеуші.
Мараттың көзі бағжаң ете қалды да:
– Қашан? Неден? – деп сұрады іле-шала.
– Бес күн бұрын тоғайда асылып тұрған денесі табылды. Себебін анықтап жатырмыз.
– Алмас… Қаныңды ішем… Жауыз!
– Балаңыздың өліміне Алмас кінәлі деп ойлайсыз ба?
Марат үндемеді. Кіжініп, ысылдап, жұдырығымен тізесін соққылай берді.
– Көзіңіз неге көгеріп тұр?
– Ол менің шаруам. Ісің болмасын.
– Сіз тергеуде отырсыз. Сұраққа жауап беріңіз. Өйтпеген жағдайда жауапқа тартыласыз.
– Білгеніңді істе.
Қайсенов кабинеттен шығып кетті. Бір-екі шаруасының басын қайырып, тергеу бөлмесіне қайта кіргенде Марат арбиған саусақтарымен басын сығымдап ұстаған күйі төмен қарап отыр екен. Тарам-тарам боп аққан көз жасын жасырмады.
– Ұлыңыздың барын қашаннан бері білесіз?
– Бір апта бұрын білдім, – деді басын көтермеген күйі.
– Қалай білдіңіз?
– Ойда-жоқта дәмханада көріп қалдым. Анасы екеуі ұлдың туған күнін тойлап отыр екен. Он алтыға толыпты.
– Жандарына барып, сөйлестіңіз бе?
– Жоқ.
– Не себепті?
– Саяның мінезін білем ғой…
Басын көтеріп, тергеушіге тіке қарады да:
– Саяның нөмірін берші, – деп өтінді.
– Тергеу аяқталғанша және өзінің рұқсатынсыз беруге хақым жоқ.
Мараттың басы қайта төмен салбырады.
– Қазақстанда азаматтар бір-бірін өз бетінше жазалауға тыйым салынғандығын ескертем. Барлық кикілжіңді сот арқылы шешкен дұрыс.
Марат күйіне мырс етті.
– Басқа айтарыңыз бар ма?
Марат басын шайқады.
– Қажет болса, хабарласарсыз. Тергеу аяқталғанша ауданнан тыс жерге шықпағаныңыз дұрыс. Тағы да ескертем, Алмасқа күш көрсетуге хақыңыз жоқ.
Оның соңын ала кабинетке Алмасты кіргізді. Есік алдында жолыққан екеу бір-біріне алакөздене қарады. Алмас бетінің бірнеше жері көгеріп тұр екен.
– Сүлеев Мақсат жайлы не білесіз?– деп сұрады тергеуші есік жабылғасын.
– Ол кім?
– Марат Байсапаровтың ұлы.
Алмас сыңарезулене жымиды.
– Ештеңе білмеймін, білгім де келмейді.
– Оның өлі денесі бес күн бұрын тоғайда табылды.
Алмас тергеушіге көзін сығырайта қарады да:
– Мен сезіктімін ба? Дәлелдеп көр,– деді ысылдай.
– Оныншы мамыр күні түстен кейін қайда болдыңыз?
– Үйде болдым. Календарды құшақтап жаттым, – деп бұрқ ете қалды.
– Соншалықты дарақы болудан жалықпадыңыз ба?
– Мені тәрбиелемек болған сен қалып едің.
Қайсенов сұрақтарына Алмастан мардымды жауап ала алмады. Ол апасымен бірге жетімдер үйінде өскен екен.
* * *
– Командир, кездесейік. Әңгіме бар, – деді Айымбет әй-шайға қарамай Қайсенов телефонын құлағына тосқанда. – Өткендегі жерге келсейші. Күтем.
Қайсенов бөлмеге кіргенде Айымбет телефон арқылы видео көріп отыр екен.
Мұны көргенде телефон түймешесін басып, үстел үстіне қойды да:
– Мақсат жүрек тұсына тиген соққыдан өлді емес пе? – деп сұрады.
– Иә, – деп жауап берген полковник «Оны бұл қайдан біледі?» деп ойлап үлгерді.
– Міне. Қара.
Айымбет телефонын мұның алдына икемдеп қойып, видео көрсетті. Онда бес жігіттің тоғайда тұрғаны таспаланған екен. Бір-біріне әкіреңдеп «Сыбағаңды аласың! Жайыңа жүр!», «Мен жайымда жүрмін. Сендер ғой басқалардың жайын тартып алып жатқан» дегендері анық естілді. Қайсенов Мақсатты таныды. Бірер минуттан кейін екі жігіт Мақсатты соға бастады. Кәсіби боксшылар екендігі қимыл-қозғалыстарынан анық байқалады. Соққылары жас жігіттің басына дөп тиіп жатыр. Анау барынша қарсыласып бағуда. Аяқ-қолын ербеңдетіп қарсы соққы берген болады. Екі жігіт бір шетке шығып, төбелесіп жатқандарға бажайлап қарап тұр. Бір сәтте Мақсат ана екеуінің қолынан сытылып шығып, шетте тұрғанның бірінің жағасын сығымдап ұстады да, жұдырығымен бетіне періп қалды. Ананың мұрнынан аққан қан жерге қарай сау ете қалды. Ұрғыштар жандарына жетіп барып, жұлмалап Мақсатты ортаға алып келді де, ерекше өшпенділікпен ұра берді, ұра берді. Әлден соң Мақсат жерге құлады. Шетте тұрғанның бірі «Болды! Ұрмаңдар! Теппеңдер!» деп тоқтатты. Сосын Мақсатқа қарай еңкейіп, «Ақымақ болма. Алды-артыңа қарап жүр» деді де, теріс бұрылды. Төртеуі үлкен іс бітіргендей, алшаңдай басып, алыстап кетті.
– Көрдің ғой, мұнда Мақсатты жүрек тұсынан ешкім ұрмаған, – деді Айымбет жерден жеті қоян тапқандай боп.
– Видео толық болмауы мүмкін, – деді Абылай байсалды түрде.
– Басынан аяғына дейін таспалаған. Мыналардың кез келгенінен сұра.
– Оларды қайдан табам?
– Мен тауып берем.
– Шетте тұрғанның бірі – сенің ұлың, екіншісі Әлібидікі ме? Олар табылды ма?
– Иә.
– Видеоға түсірген кім?
– Таныстары.
– Не үшін ұрған?
– Тәрбиелеу үшін.
– Не үшін таспалаған?
– Кейін қоқан-лоққы жасау үшін.
Қайсенов ойланып қалды. Айымбет бір күн ішінде осыншалықты шынайы көрінетін кино жасай ала ма? Әлде бұл шынайы видео ма?
– Командир, түсінсейші. Мақсатты өлтірген Мүсілім мен Диас емес. Олар Мақсатқа өздерін мойындатпақ болған. Сол үшін ұрып-соқты да, сол жерге тастап кетті. Олар кеткенде Мақсат тірі болған. Жыбырлап жатқаны видеода көрініп тұр ғой.
– Видеоны тексерту керек. Сен оны қайдан алдың?
– Қалай тексертсең де, монтаж жасалмағанын анықтап береді. Мұны мен ұлымнан алдым. Ол маған алғашында-ақ барлығын айтып берген еді. Қолымда дәйектер толық болмағандықтан басым қатып жүрген. Бүгін оның жүрек тұсынан алған соққыдан өлгенін білдім. Басқа фактілермен үйлестіріп, саралап отырып, көзім анық жетті. Мақсаттың жанына мынадан кейін тағы біреу келген. Мақсаттың өлгеніне көзі жеткесін «Мақсат өлді» деген сөзді қағазға жазып, менің ұлымның сөмкесіне салып кеткен. Оны оқи сала Мүсілім мен Диас оқиға орнына қайта барған. Мақсаттың өлгенін көргенде не істерін білмей, сасқалақтап, ұлым маған қоңырау шалды. Мен Әлібимен хабарластым. Екеуіміз жолықтық. Ол да баласымен сөйлесіп, не істерін білмей отыр екен. Бір адамдармен жолығатынын айтты. Бір-екі сағаттан кейін қайта жолықтық. Кеңесшілермен ақылдасыпты. Ұзын сөздің қысқасы – біз ақша төледік. Басқа шаруаны кім, қалай жасағанын білмеймін, – деді Айымбет.
– Не себепті суицид имитациясын жасаған? Денені жоқ қылып жіберуге болар еді ғой.
– Кеңесшілер «Анасы баласының денесін құшақтап жыласын. Басқаларға сабақ болады, сауап болады» депті.
– Обалды білмегендер сауапты біле ме? – деп сұрады Қайсенов.
Айымбет үндемей «Менің шаруам осымен бітті. Қалғаны сенің шаруаң» дегендей Абылайға қарап отыр. Тергеуші видеоны өз телефонына көшіріп алып, желі арқылы маманға жіберді де, жақсылап тексеруі керек екендігін, тексеру қорытындысын тез арада дайындап беруі керек екендігін ескертті.
* * *
Жол бойы полковник терең ой құрсауында болды. Айымбет өтірік айтпады. Оқиға орнына кейінірек тағы да басқа бір немесе бірнеше адам келуі мүмкін. Не үшін келген? Арнайы келген бе әлде кездейсоқ тап болған ба? Қансырап жатқан Мақсатты не үшін соққан? Ол тоғай қаңғыбастар көп жүретін жер емес. Әлде соңғы кезде сырттан гастролерлер келді ме? Мүсілімнің сөмкесіне қағазды кім салды? Кімде салуға мүмкіндік бар? Мектепке, сынып бөлмесіне емін-еркін кім кіре алады?
Полковник машинасын мектепке қарай бұрды. Психолог бөлмесіне кірді де, екі адамды шақырып келуін талап етті.
– Медет, сен ақылды жігітсің ғой. Түсініп отырған шығарсың. Менің қолымда біршама дәйектер бар, куәгерлерден алған мәліметтер бар. Шыныңды айт. Тоғайға не үшін бардың? – деді Қайсенов Айша Қалшорақызының қатысуымен сұрақ қойып отырғанда.
Медет үндемеді. Маңдайы шып-шып терлеп кеткен.
– Ата-анасын шақыртыңыз, – деді Абылай сынып жетекшісіне қарап.
– Әкесі қайтыс болған. Анасын шақыртайын.
– Шақыртпаңыз, – деді Медет. – Қажет емес.
– Қажет. Шақыртыңыз.
Анасы жарты сағат ішінде жетті. Бөлмеге кіре салысымен айғай салды.
– Менің ұлымды қыспаққа алуға ешкімнің хақысы жоқ. Мен шағымданам. Блогер қайныма айттым. Ол қазір келеді. Әділеттілік қайда? Біреудің жасағаны үшін менің бейшара балам жауап беруі керек пе? Сендерге көрсеткіштерің дұрыс болса болды. Біреу өлтіреді, басқа біреу түрмеге отырады. Сонымен есептеріңді түгелдейсіңдер.
Әйелді ешкім тыныштандыра алмады. Әлден соң бөлмеге бір жас жігіт бастырмалата кіріп келді.
Мен Медеттің көкесімін. «Крышасы жоқ» деп ойлап па едіңдер? Ендігі істерің менімен болады, – деді дауысын көтеріп.
Мектеп басшысы мен психологы бөлмеге кіріп, Медеттің анасының жанына отырды.
– Медет, сұрағымды қайталаймын. Сен оныншы мамыр күні түстен кейін тоғайға не үшін бардың?
– Ол ешқашан тоғайға барған емес. Күнде сабақтан кейін менің жанымда болады, – деді анасы жанұшыра.
– Медет, жауап берме. Мен қазір адвокат табам, – деді көкесі.
– Мақсатқа көмектесу үшін бардым, – деді Медет.
– Не себепті көмектеспедің? – деп сұрады тергеуші.
– Қорықтым. Олар тым көп болды. Бесеу болды. Екеуі Мақсатты ұрды. Біреуі телефонмен видеоға түсіріп тұрды. Мүсілім мен Диас қарап тұрды.
– Мақсат құлаған соң олар кетіп қалды ма?
– Иә.
– Олар кеткенде Мақсат тірі еді ме?
– Иә. Тірі еді.
– Сен не істедің?
– Мен Мақсатты орнынан тұрғызып, үйіне баруына көмектеспек болдым. Қанша жұлқыласам да, ол орнынан тұрмады, есін жимады.
– Сосын не істедің?
– Сосын анам қоңырау шалды. Үйге шақырды. Мен үйге кеттім.
– Мақсат жайлы біреуге айттың ба?
– Жоқ. Айтпадым.
– Неге жедел жәрдемге қоңырау шалмадың?
– Мақсат өзі біраздан соң есін жинайтын шығар деп ойладым. Анама білдірмей Мақсатқа қоңырау шалдым. Ол жауап бермеді. Анам ұйықтағасын тоғайға қайта барам деп ойладым. Күтіп жаттым. Ұйықтап қалғанымды байқамадым.
– Содан кейін не болды?
– Ертесіне Мақсат сабаққа келмеді. Мен тоғайға қайта бардым. Мақсаттың сұп-суық боп жатқанын көрдім. Не істерімді білмедім. Қашып кеттім.
– Мүсілімнің сөмкесіне «Мақсат өлді» деген сөз жазылған қағазды кім салды?
– Білмеймін.
– Болды! Жетер! Сұрақ қоя бермеңдер! Біз үйге барамыз. Адвокатпен бірге келеміз,– деді анасы.
– Медет үйге бармайды. Менімен бірге барады, – деді тергеуші.
– Жоқ!
Анасы полковникке тарпа бас салды. Көкесі жесір жеңгесін әзер ұстап үлгерді. Әйелдің жұдырығы Қайсеновтің самайын сипап өтті.
* * *
Мүсілімнің сөмкесіне Медеттің бірдеңе салғанын байқаған адам бар болып шықты. Он бірінші мамыр күні оған белгісіз телефоннан біреу бірнеше рет телефон соққаны анықталды.
Медет анасымен бірге қаланың шеткі ауданында пәтер жалдап тұрады екен.
* * *
– Медет, сен Мақсатты не үшін тептің? – деп сұрады Қайсенов адвокаттың қатысуымен жауап алып отырғанда.
– Мен қарсымын! Сіз балаға психологиялық қысым жасап жатырсыз. Медет Мақсатты теппеген. Олай деуге ешқандай айғағыңыз жоқ, – деді адвокат шыр-пыр болып.
– Ол… Ол тым өзінше боп жүретін. Мені де, басқаларды да жиі кемсітетін. Бізді «қорқақсыңдар» деп сөгетін, – деді Медет.
Түрі боп-боз. Меңіреу адамдай болып отыр.
– Сол үшін тептің бе?
– Иә… Мен сізге о баста шынымды айтқан едім ғой…
Бозбала анасына көз қиығын салды да, бетін алақанымен басып, еңіреп жылап жіберді.
Болай Бердиева


