Алтынның улы буы…

                                   (мини повесть)                                      

                                    Бірінші тарау

                           Баласын жоғалтқан қарт…

      Алматы қаласы ПД қылмысты іздеу бөлімінің бастығы, полковник Абылай Қайсеновтың қызмет бөлмесіне кіргені сол еді, емен стол үстіндегі қызыл телефоны «жылан шағып» алғандай «шар» ете қалды. «Бұл кім болды екен? Таң атпай, әлдекімнің телефон шалғанына қарағанда, тағы да қылмыс жасалды-ау, шамасы…» — Осы оймен телефон тұтқасын алды.

      -Полковник Қайсенов тыңдап тұр…

      -Жолдас полковник, менің балам жоғалып кетті…

       -Бала жоғалғаны қалай? Сіз кім боласыз? Қашан, қандай жағдайда жоғалтып жүрсіз?

       -Әне, бұлар іздеудің орнына, өзіңді тергеп, тексере бастайды. — Телефон шалушының қырылдап, жарықшақтана шыққан дауысына қарағанда, ол — қарт адамға ұқсайды.     

       -Полиция бөлімі бастығына өтініш беріп пе едіңіз?

      -Жоқ… Сіз нағыз Шерлок Холмс сияқты ізшіл, білгір, қылмыскерді тез арада таба алатын опер деп естігендіктен, ең бірінші өзіңізге телефон шалып …- деген қарт сөзінің соңын аяқтай алмай, еңкілдеп жылап жіберді.

     -Сабыр етіңіз. Аты-жөніңіз кім, сізді қалай деп атайын?

     -Потапов Иван Кузьмич – менің есім-сойым…

     -Иван Кузьмич, сіз жылауды қойып, сабыр сақтаңыз да, қалалық полиция бөлімі бастығының атына арыз жазыңыз. Қашан, қандай жағдайда жоғалғанын түгел, анық көрсетіңіз.

     …Түс қайта, бөлім кезекшісі полковник Қайсеновтың қызмет кабинетіне телефонына шалып:

      -Сізге Потапов деген қарт кірсем деп тұр. Өзі сөйлей бастаса, әрі қарай жалғастыра алмай, жылай береді — деді.

     -Келсін — келсін. Кіргізіңіз…

      Орта бойлы, үстіне ескілеу қара жемпір, тізесі шығып, умаждалған шалбарлы, алпыс жастар шамасындағы славян тектес қарт, батылсыз, қорыққан адамша жасқана кірді.

      Полковник Қайсенов келушіге орындық жылжытып:

     -Отырыңыз, Иван Кузьмич. Мен осы бөлімнің бастығы Абылай Әзімханұлыдеген азаматпын — деп, қолын ұсынды. – Таңертең мен айтқанымдай, басшының атына жазған арызыңызды әкеліп өткіздіңіз бе?

      -Ия, өзіңіз үйреткендей, түк қалдырмай жазып өткіздім.

      Кезекшіден қарттың арызын алғызған полковник оқушы

дәптерінің екі парағына айғыз-айғыз етіп, ірі әріптермен жазылған арызға көз жүгіртіп шықты. Артынша, алдын — ала ескертіп қойған өз қарауындағы капитан Антон Карповты, аға лейтенант Әшен Бекенов пен лейтенант Виктор Канды телефон арқылы шақырып алды.

     -Ал, Иван Кузьмич, сіздің арызыңыз бойынша, менің осы қырандарым жұмыс жасайтын болады. Бәрі де тәжірибелі, «сен тұр, мен атайын» дейтін оперлер. Қане, танысып қойыңыз -деп, жігіттердің әрқайсы өз аты-жөндерін айтып, қол алысқан соң:

     -Иван Кузьмич, енді болған істің мән-жайын, кімнен күдік аласыз, сізге өшіккен адамдар бар ма, соның бәрін, бүге-шүгесіне шейін баяндап беріңіз.

    -Мен кеше де полиция бөліміне келіп, жігіттерге айта бастап едім, барлығы мені балаша келемеж етіп, бірі:
      — Балам жоғалып кетті – деген сөзімді «Әйелім жоғалып кетті дейсіз бе?» – деп, сөзімді бұрмалап, екінші біреуі:

      -Ия, махаббаттарыңыз таусылып, сол себептен біреуге қашып кеткен болар-деп, әбден мазақ қылды. Соны естіп тұрғандардың бәрі мені мәңгүрт санап, сөзімді бұрмалап, күлкіге айналдырды. – Ол суланған көзін жеңімен сүртіп, ашулы жүзбен сөзін әрі қарай жалғады:

    -Мен айласыз, кәрі, білімім аз қария болсам да, ССРО-ның толыққанды азаматымын. Сіздер өтінішімді тыңдамайтын болсаңыздар, жоғары жаққа жазып, шағымданамын. Қартайған шағымда, өзіме тіреу болып отырған балам жоғалып кетті — деп, өтініш айтып келіп, мазаққа қалдым…- деген қарт, көзінің жасын көлдете төгіп-төгіп жіберді..

     -Сіз не жағдай, қалай болғанын айтпай жатып, шағымдану мәселесін бастап кеттіңіз ғой – деген полковник Қайсенов қартқа қарай жақынырақ ұмсынып, оның өтінішін мұқият тыңдауға пейіл білдірді.

      …Потапов сөйлей бастағаннан-ақ, өне — бойы дірілдеп – қалшылдап, әрі қарай айта алмай, кекештене тұтығып, екі иіні салбырай бүкірейіп, мүсәпір халге түсті. Полковник болған жағдайды анығырақ білмекке, сұрақтар қойып, арыз айтушының там-тұмдап түсіндірген жауабын тыңдады.                                               ****
       Оперативті топ, қайғылы қарттың көз жасын көлдете отырып айтқан әңгімесінен кейін, өздері жеке қалды.

     -Ал, осы отырыстан қандай  ой түйдіңіздер. Не айтасыздар?- деп, полковник әріптес жігіттеріне сұраулы жүзбен қарады.

     Әркім өз ойымен әлек болып, үнсіз бұйығып отыр.

Біраз уақыттан соң, Қайсенов Карповқа қарап:

    -Ия, капитан, қандай әсерде қалдыңыз?

     — Аса ауыр әсердемін, Абылай Әзімханұлы. Бұл шалыңның сөздері мен трагедиялық пішінінде белгісіз бір жасандылық бар сияқты ма, қалай өзі?

     -Мен де дәл сондай пікірде отырмын. Бәрі – бәрі, аянышты түрі де, ағыл-тегіл ақтарылған көз жасы да жасандылыққа ұқсайды-деген аға лейтенант Әшен Бекеновтың пікірін, лейтенант Виктор Кан «мен де сол ойдамын» деп, қостады.

      -Ал, мен — деді, Абылай Әзімханұлы, терең ойдан арылып, бала жоғалтушының фамилиясы Потапов та, жоғалған ұлының есім-сойы – Сиверцев — Андрей Сиверцев. Бұл алшақтықта да, біз білмейтін белгісіз бір сыр бар деп ойламайсыздар ма?

     -Кім біледі, ұлы оған өгей болып, бала өз анасының фамилиясына жазылуы мүмкін ғой — деген лейтенант Әшен Бекенов сөзін әрі қарай жалғады. – Бірақ, ол баласының өгей екенін бізден неге жасырып отыр, егер ол ұл шынымен өзінің тумаған баласы болса…

      -Әрине, осының бәрі ойланарлық детальдар. Бірақ, оған бас ауыртып, бекер уақыт өткізбейік, іздеу, анықтау, тексеру барысында белгілі болады-деп, Қайсенов сөзін аяқтады.

    …Сонымен, полковник Қайсенов бастаған оперативті топ әртүрлі версия бойынша жоспар құрып, іздестіру ісіне, бірнеше бағытта кірісіп кетпекке келісті. Сол арада алтын табақтың да жарығы көмескіленіп, үйреншікті ұясына асықпай, жәйімен шөгіп қонды. Көп ұзамай, шулы қаланы қою қараңғылық құшағына алып, балалардың көңілді күлкісі мен үлкенді-кішілі автомобильдердің тынымсыз гуілі де басылып тынды.

       «Алдыда түн күтіп тұр. Біреуге тәтті ұйқы мен алаңсыз демалыс түні, енді біреулер үшін көтеріңкі көңіл мен ыстық махаббат түні. Ал мені терең ой мен мазасыз, ауыр жұмыс түні күтіп тұр. Денеме, түсетін ауырлықтан емес, енді мен оперативті топтың жетекшісі ретіндегі жауапкершілік жүгі — санама артық жүк түсіретіндігін анық сезініп отырмын. Басына қайғы түскен қарияның шаруасын шешіп беріп, алғысын алсам, ол да бір бақыт емес пе?! Ия, бұл тірліктің несі ерсі, несі жаман? Әне, кластасым полковник Сариев барахолкада сауда жасап жүрсе, менің біраз басқа әріптес достарым меншік фирмаларға қызмет көрсетуде. Нарық — қарық қылмай тұрған тіршілік әр қырына аунап түсті, бірақ өмір сонымен тоқтап қалған жоқ. Менің көңілімді тоғайтып, жанымды тыныштандыратын нәрсе: өзімнің өмірбақиға таңдап алған миссиям мен алдағы болашаққа деген берік сенімімнің айқындығы» деген оймен полковник Қайсенов күндізгі жасалған жоспар бойынша, осыдан үш-төрт жыл бұрын, қолдан сатып алған, ескілеу, көгілдір түсті «Ауди» көлігіне отырып, түн қараңғысына сіңіп кете барды.

                                        Екінші тарау

                  Полковник «БОМЖ» лар арасында…

      Кешегі келісім бойынша, капитан Карпов пен Әшен Бекенов таң атысымен, арызданушы Потапов тұратын аумақтың тұрғындарынан сыр тарту үшін, әр үйге кіріп, жаппай сұрау салып жүр. Полиция қызметкерлерінің бір байқағаны: тұрғындардың көбісі, Потапов туралы, неге екенін кім білсін, ашылып ештеңе айтқылары келмейді. Енді біреулері: «Ол дегенің — нағыз пәле қуған шатақтың өзі. Көрші-көлемдердің ешқайсымен араласпайды және немқұрайлы қарап, бас изей салғаны болмаса, тіс жарып сөйлеспейді. Көңілі жақпаған адаммен ұрсысып шыға келетін, айқай – шуды жаны қалап тұратын пәлеқор шал» – деген, жағымсыз пікір білдірді.

      Олардың үйіне ең жақын тұратын Михаил атты көршісі: 

      — Потапов Иванның өгей баласы Андрей менің ұлым Сергеймен бірге — оныншы сыныпта оқиды. Өте тәртіпті, әкесі сияқты емес, мейірімді, мәдениетті және сабағын кілең «беске» оқитын үлгілі бала еді. Құдай-ау, сақтай гөр «еді» деген ауыр сөз қайдан ауызыма түсіп кетті. Қайда жүрсе де, аман болса екен, әйтеуір, байқұс бала – деп үш саусағын біріктіріп, шоқынып-шоқынып алды.

     Бұл кезде аға лейтенант Әшен Бекенов Михаилдың ұлы Сергейден сыр тартып, әңгімелесіп тұрған.

        -О-о, менің Андрей досым – нағыз шынайы, адал дос қой. Қолындағы барын достарымен бөлісіп жүретін өте мейірімді. Біздің кейбір кластастарымыз сияқты темекі де тартпайды, мектепаралық қана емес, қалалық жеңіл атлетика спорты бойынша жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрген болатын. Ол жоғалып кеткенін естігенде, не ойларымды білмей, басым шыр-көбелек айналып құсып, ауырып қалдым — деген Сергей, жанары жасаурап, біраз үнсіз отырып қалды.

     -Досың әлдебір бұзақы топқа қосылып, солармен белгісіз бір жаққа кетіп қалуы мүмкін бе?

     -Жолдас аға лейтенант, сіз досымды ғана емес, мені де ренжітіп тұрсыз. Мен досымның ондай қияс, жаман жолға мүлдем жоламайтындығына кепілдік беремін.

      -Кешір, айналайын, қызмет бабында, осындай сұрақтар қоймасқа тағы болмайды. Кішкентай, елеусіз бір факт, немесе деталь арқылы дұрыс ізге түсіп, қылмысты ашатын жағдайлар бізде жиі болып тұрады. Енді, Сережа, құлағың түрік жүрсін. Андрей туралы елеусіз болса да, бір сыбыс шыға қалса, дереу маған хабарлас – деген Әшен, әңгімелесуші балаға өзінің телефоны мен аты-жөні жазылған қағазды ұсынды. Артынша қол беріп, қош айтысты.

      Басқа көрші-көлемдердің бәрі, Сергейге шаң жуытпай, оның тек жақсылығын ғана, тамсана айтудан танбады.

      …Тегі, қай ауыл, қала болсын, ауланың сыртындағы арқалықсыз орындықта, сымға қонған қарлығаштар құсап, қаз — қатар тізіліп, шыртылдатып шемішке шағып отыратын төмен етектілердің кездесетіндігі еш жаңалық емес. Ол жарықтықтар, өткен-кеткендердің жүріс-тұрысына, киім киісі мен болмыс — бітіміне мұқият қарап, өздерінше сынап, баға беріп отырады. Осы — орта жастағы әйелдер, кексе кемпірлер мен бетін әжім шалған әжелердің, білмейтіндері де, естімейтіндері де жоқ. Бейне, жаңалық хабарлар ең алдымен соларға жетіп, содан кейін ғана, жедел ел ішіне тарала береді деп ойларлық…

       Көз байланып, кеш қараңғылығы қоюланған шақ. Полковник Қайсенов кеш түсе, жоғалған – Сергей балақайдың анасының үйіне келді. Ол — орта жастардағы, салиқалы, ақ жүзінен мейірім шапағаты ерекше төгіліп тұрған – Сиверцева Мария атты әйел екен. Қол алысып сәлемдесіп, танысқан соң:

    — Мария Ивановна, я вам сочувствую. Но вы сильно не переживайте. Мы любым путем найдем вашего любимого сына – дегенде, жүрегі жұмсақ ана көз жасын көлдетіп, өзін тоқтай алмай өксіп, артынша:

     -Мен сізге сенемін. Сіздің қандай құпия қылмыс болса да, көп уақыт өткізбей, аша алатын қабілетіңізді, көпшіліктен естігенмін. Сол себепті, шалыма: «Басқаға емес, Қайсенов атты, өз ісінің білгір полиция полковнигіне өтінішіңмен бар» деп, жібергенмін. Біз бір Құдайға, сонан соң өзіңізге үміт етеміз, Абылай Әзімханұлы» — деген ана полковниктің бетіне жыламсырай қарап, ұлының шалына өгей екендігін, бірақ, ырду-дырдусыз, тату болып тұрғандағын әңгімелеп берді.

     -Мария Ивановна, сіз өзіңіз қалай ойлайсыз, Сережаның із-түзсіз жоғалып кетуіне, шалыңыз Иван Кузьмичтің қатысы болуы мүмкін бе?    

     -Құдай сақтасын, екі жасынан бастап, қойынында өсіп, туған ұлындай  болып кеткен балама қастандық жасауы мүмкін емес — деген ана дауыс шығарып жылап жіберді. – Олай жаман ойлап, Құдай алдында күнәһар болудың еш жөні жоқ. Рас, шалымның мінезінің шатақтығы бар. Бірақ, ондай арам ой мен жамандыққа бара алмайтындығын сеніммен айта адамын…

      …Абылай Әзімханұлы түнделетіп, Максим Горький паркіне жақын орналасқан «Юнных коммунаров» көшесіндегі бес қабатты, кірпіштен қаланған ескілеу үйдің жертөлесіне келді. Оның мұнда тұмсық тіреуінің өзіндік себебі бар — тын. Бұл – кірпіш қабырғасының сылақтары, қысы-жазы күн сәулесі түспегендіктен, сыз тартып, әр жерінен ойдым-ойдым болып түсіп жатқан жертөледе елдің ауызында «БОМЖ» аталып кеткен панасыздар өмір кешетін. Әлсін-әлсін тексеру (қызметтік реид) жүргізілген кезде, БОМЖ – лар тырым — тырақай қашып, жоғалғанымен, кеш түсе, балға үймелеген ара сияқты, қайтадан осы «құтты» орынға келіп паналайды. Күндіз тапқан нәпақаларын, қойыны-қоныштарына тығып алған олар олжаларын ортаға салады. Баспаналары жоқ байқұс жандар осында жиналмай қайтсін, басқа барар жер, басар тауы жоқ болса… «Әр кәлләда бір қиял» деп өз ағам – өзбектер айтпақшы, біреулері өз еркімен жынданып («арақ ішу – өз еркіңмен жындану» деп, бір ғұлама айтқандай), араққа салынған алқаш болса, екіншілері есірткінің құлы болып есіргендер, енді біреулері «махаббат — мотор» машақатына шыдамай есіріп, үйінен — күйінен айырылып, бомж-ға айналғандар. Мұндағылардың арасында, кімдер ғана жоқ, кәдімгі оқымысты профессорлар, байлық пен атақты көтере алмай, құрдымға күрт түсіп кеткен миллионерлер, жоғары дәрежелі дәрігерлер де бар. «Мамина сынок» болып, ас та төк өмірге масаттанып, оны көтере алмай, «галошқа отырып» ақыры бомж — ға айналып шыға келген, үлпек мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан кейінгі ұрпақ өкілдері де бар. Сол бақытсыздықтарына орай: «прфессор», «доктор», «академик», «миллиардер», «малыш» деген кличканы арқалап, өзінің шынайы есім-сойын, бірте-бірте ұмытқан аға буын, жас ұрпақ өкілдері де жеткілікті.

      …Әлсіз ғана электр жарығы сығырайып, болымсыз жарық беріп тұрған сыз жертөлеге еркін басып кірген (ол мұндай категориялы адамдардың погон таққандарды «мент поганый» деп атап, «иттің етінен» де жек көретіндігін жақсы білсе де, қызметтік формамен келген еді) Абылай Әзімханұлын көргенде, барлығы дию көргендей шошып, үрпиісіп қалды. Тіпті, түпкір жақтағы біреуі, түрме тіліндегі: «Атас, шмональщик — менты» деп (шмон-тінту деген сөз), сақтандырып үлгерді.

      -Сәлеметсіздер ме, жігіттер, орта толсын – деп, әрқайсымен, жағалай қол беріп амандаса бастады. Зікіңдеп, шауып алардай болып, осқырынып келетін полиция қызметкерлерінен әбден зәпіс болып қалған «бомжлар» сасып қалды. Сәл кідіріп, күс басқан қолдарын киімдерінің етегіне апыл-құпыл, асығыс сүрткен күйі:

      -Сәлеметсіз бе?

       -Амансыз ба?

       — Есенсіз бе? – десіп жамырай сәлемдесіп жатыр. Әрине, «Бұл поганый мент, қандай қақпан құруға келген екен?» деген сақтаныспен, таңдана қол беріп жатыр. Осы қарбалас сәтте, жертөленің қараңғылау, түпкір жағынан:

      -О-о, мой любимый полковник…! Абылай Азимханович, какими судьбами? – деген зор дауыс естіліп, орта бойлыдан сәл жоғары, толықша келген, славян өңдес «бомж» шыға келді. Полковникпен құшақтасып амандасқан ол артынша:

     -Әй, панасыз — жетімектер, білесіңдер ме сендер бізге кім келгенін? -деп, серіктестеріне жағалай көз салып шықты. – Бұл — полковник Қайсенов Абылай атты алтын адам! Неге алтын екендігін айтсам, талып қаларсыңдар.Тыңдаңдар… Біз сияқты, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ұшарын жел, қонарын сай білетін, ешкімге керек емес байқұстардың қорғанышы! Астанада былтыр талай БОМЖ – лар қыстың, сүйектен өтер ызғарында, бірнеше тағдырластарымыз қатып өлгеннен кейін, біздей маңдай соры бес елі сорлылар  үшін жатақхана салғызған жанашыр ағамыз, міне, осы. Енді осы — Алматыда да, біз сияқты, Құдайға да, адамға да керексіз байқұстар үшін, Үкіметпен айтыса-тартыса жүріп, тағы бір жатақхана салғызу мақсатында шапқылап жүр.

      -Бізде — Алматы қаласында да салғыза ма, сонда? – деген таңданарлық, бірақ жандарына жағып бара жатқан сұрақтар әр жерден естіліп, бірі-бірінен анығын білмек болып жатыр.

    -Ия, осы Алматыда… Сендер қазір оны «мент» деп, қыли көздеріңмен, жақтырмай қарап отырсыңдар. Биыл тағы бір көк ит – ковид келіп, қоңызша қырылып қалмасақ, келер жылы, мына сасық жертөлемізді тастап, бұйырса, жылы да, душы, дұрыс жарығы бар жатақханада тұратын боламыз.

      Алғаш келгендегі – ит көрген мысық құсап, жақтырмай, дүрдиіп қараған шерменделер, енді полковникке күлімсіреп, екінші қайтара қол беріп, сәлемдесіп жатыр. Артынша:

     -Құдай сізге, өзіңіздің бала-шағаңызға денсаулық, таусылмас бақыт берсін! Генерал болыңыз! – деген, көңілді де, ризалық дауыстар, өрістен қайтқан қойларша жамырап, дуылдасып кетті.

      -Айтқандарың келсін, бауырлар! Рахмет – деген полковник Абылай Қайсенов, өзін тағдырластарына таныстырған азаматқа қарап:

      -Жуков, бір келелі де, маңызды әңгіме бар. Екеуіміз сыртқа шығып, жеке сөйлесейік – деп, майдангер Жуковтың фамилиясына орай, «маршал» кличкалы Евгенийге даланы нұсқап, иек қақты. Артынша, екеуі сыртқа шығып, түнгі таза ауаны құлшына, кеуде кере жұтты…

      Бұл бомж — «маршал» Евгений Жуков пен полковник Қайсеновтың таныстығы осыдан үш жылдай бұрын басталған-ды. Абай даңғылы бойына көлігін қалдырып, өз шаруасына енді жүре бергенінде, үлкен трасса үстіндегі қарбаластың кездейсоқ куәгері болғаны бар. Лейтенант шеніндегі жас полиция қызметкері, сәнді болмаса да, таза, жинақы киінген, орта жастағы азаматты тоқтатты. Әлігінің үсті — басына тінту жүргізген болып, алақандай ақ қағазды, оның жанқалтасына «жып» еткізіп, салып жібергенін полковниктің қырағы көздері шалып қалды.

      -Стоп! Лейтенант, ұятсыз – сен не істеп жатырсың?!- деп, жандарына дереу жетіп барған Қайсенов, лейтенантты желкесінен ұстап, жұлқи тоқтатып алды да:

      -Қане, жаңағы салған пакетіңді қайтадан суырып ал! Қазір мен наряд шақырып, бұл қылмыстық әрекетің үшін, өзіңді дереу тұтқынға алғызамын!-деді ашуға булығып. — Қылмыспен осылайша күресіп жүрген алаяқ екенсің ғой…

      -Ағатай-ау, кешіріңізші… Мен мұны ұстап берейін деп емес, осылай қорқытып алмақшы едім…- деп, еңіреген күйі, тізерлей жығылып, полковниктың аяғын құшақтай алған-ды.

    -Жас екенсің, сенен үміт күткен  ата-анаңды аяғандықтан, рапорт жазбай-ақ қояйын. Қазір, өзің көрге тықпақ болған мына азаматтан дереу кешірім сұра! – Ебіл — себіл жылаған лейтенант «ұсталушы» азаматтың аяғына жығылып, екеуінен де кешірім сұрап құтылған болатын…

     Кейін де, Абылай Әзімханұлы Жуковты көшеде бірнеше рет көрген. Жолыққан сайын байқұс рахметін жаудырып жүреді. Бұл өзі басқа БОМЖ – лардай қоқыс ақтарып емес, таза, жинақы жүретін, баспанасы жоқ демесең, әркімнің жеке шаруасын тындырып беріп, адал еңбегімен жан бағып жүретін дұрыс азамат екендігіне полковниктің көзі жеткен.

     Панасыздардың жертөлесіне бару себебі: жоғалған Андрей Сиверцев бала туралы «әлдеқандай бір дерек шыға қалса…» деген үміт болатын. Олай ойлайтын себебі: әр үйдің аула сыртында «кезекшілікте» тұрғандай, қаз-қатар тізіліп, бәрін бақылап, баға беріп отыратын кексе әйелдер мен кемпірлер сияқты, бомжлардың да естмейтіні — білмейтіні жоқ, «сақ» екендеріне бірнеше рет көзі жеткен…

     Сол есеппен Евгений Жуковты түнделетін жертөлеге іздеп барған болатын. Екеуі сыртқа жеке шығып, полковник оған бұйымтайын айтқанда, Евгений:

     -Абылай Әзімханұлы, маған біраз мұрсат беріңіз. Мен сіз үшін не істе десеңіз де, бәріне дайынмын. Үш күннен кейін Андрей туралы нақты деректі алақаныңызға салып беремін – деп, екеуі «шарт» еткізіп қол алысып, қоштасқан — ды.

     …Арада үш күн емес, екі тәулік өткенде, ертелетіп — таң бозында, спорт киімін сықай киіп, қолына қымбатты дипломат ұстаған Абылай Әзімханұлы көшеден такси тоқтатып, Алматы аэропортына асығыс жол тартты…

                                         ****

       …Новосибирьск қаласының аэропортында ұшақтан түскен полковник Қайсенов қолындағы әдіріс жазылған қағазға қарап, авиация қызметінің, капитан погонындағы, мойынына «аэропорт кезекшісі» деп жазылған салпыншақ таққан орта жастар шамасындағы азаматтан:

      -«Красный октябрь» ауылына қалай жетуге болады?-деп сұрап еді, жөн сұраушыны жақтырмағандай, тыржия қарап:

     — Ол бағытқа автобус қатынасы тоқтағалы қай заман. Тек анау тұста тұрған жекеменшік таксилердің бірімен жете аласың-деп, жанынан жылыстап кетіп қалуға бет алды.

     -Қашықтық қанша шақырым екенін білмейсіз бе? – деген Абылай Әзімханұлының сұрағына:

      -Приедешь – там узнаешь – деп, жүре жауап берді.

      «Мұндағы полицейлер сыпайы сөйлеуді қажет етпейтін сияқты ғой» деген таңданыспен, жаңағы кезекші сілтеген тұстағы, әйнегіне «такси» деп жазылған көліктің иесіне:

      -«Красный октябрь» ауылына қанша аласыз? — деді.

      -Жергілікті тұрғындардан 100, келімсектерден 150 сом.

       -Қитығып, жақтырмай тұрған адамдармен тәжікелесіп, не қылсын, «договорились, поехали» деп, көлікке отырды.

      …Әдірісте көрсетілген үйге жетіп, дуалдағы қаңылтыр қақпаны қаққаны сол еді, сыртқа арықша, сидам келген, орта бойлы жас жігіт шықты. – Вам кого?

     Абылай төс қалтасындағы қызметтік куәлігін шығарып көрсеткені сол еді, жігіт боп-боз болып, өңі қашып кетті:

     -Ақыры мұнда да жеттіңіздер ме? Сіздерден өліп қана құтыла алатын шығармыз?- деп, жылап жіберді.

     -Балам, мен сіз ойлағандай адам емеспін, қорықпаңыз. Міне, Евгений Жуков сізге хат беріп жіберді.

     Төртке бүктелген хатты оқып шыққаннан кейін ғана, өңі  кіріп, көңілдене жымиған жігіт, қолын ұсынды:

     -Менің есім — сойым Олег Дешин. «Маршалдың» сәлем хатын әкеліп, қуантқаныңызға көп рахмет. Өзім досымды ғана емес, бүкіл туған елім – сүйікті Қазақстанымды сағынып жүр едім. Мен сізді өзімді тұтқындап алып кетуге келген ОМОН – ның адамы екен деп, зәрем ұшып кетті – деген Сергей, өз елінде екі жыл бойы «алтын өндіру» құлдығында болып, көрген қорлығы мен зорлығын, тұтқындықтан қалай қашып құтылғанын, көзінің ыстық жасын тамшылата отырып әңгімелеп берді.        

         -Сабыр ет, балам, оның бәрі қорқынышты түстей ұмыт болады. Объектіге барар жол мен ондағы «жабық алтын өндіру» нысанының ішкі, сыртқы сызбасын, заңсыз «ОМОНдағы» қанішерлердің саны мен қандай қару-жарақ түрлері бар екендігін толық сипаттап, қағазға түсіріп берсең жеткілікті. Олар түгелдей тұтқындалып, жазасын алады. Өзің туған Отаныңа қашан келсең де, жол ашық, Сергей…!

                                  Үшінші тарау

                        Алматымда тұр алаулап…        

                             (бірінші әдеби шегініс)

    «…Ел ауызында: «адам баласы — табиғат- ананың ажырамас бір бөлшегі» деген анықтама, яғни, аксиома іспетті түсінік – әлмисақтан бар. Баяғыда өзімізге бір көру — арман болған (бұрынғы) астанамыз – Алматы туралы қай ақын, жазушы болмасын, қаншама өлең-жыр жазып, роман, повестерінде мақтаныш сезіммен суреттемеді…

                      Алматының бағы қандай,

                      алмасының дәмі балдай.

                       Алма жүзді арулар –

                       Қыз Жібек пен Баяндай» деп, әсем әнде шырқалатындай, алмалы Алматы табиғатының тамашасы — арудайын сылдырай аққан бұлақтары, асқар да, асқақ Алатаудың құзар басты шыңдарындағы қырандарының қалықтай ұшқан көрінісі, қалай таңдай қақтыра суреттеледі десеңші… Мысалы, осы пікірімнің дәлеліндей, қазақтың тұңғыш детектив жазушысы, майдангер Кемел Тоқаұлы Тоқаевтың, мына төмендегі аяулы Алатау бөктеріндегі алмалы Алматыны, кемеліне келген Кемел ағамыздың суреттеген сюжетін көңіл қоя оқып, баға беріңізші,  патша көңіл оқырман. Оқыңыз да, сілекей жұтып тамсаныңыз:

     «Алматы күзі – табиғат — ананың аса шеберлікпен жасап қойған дайын вернисажы. Бразилиядағы карнавал сияқты ерекше әсем көрініс. Әр ағаш өзін ерекше түрде, түрлі-түсті жапырақтармен бояйды, тіпті, қоңыр күз түскен шақта да, жалаңаштанғанымен, бәрібір әдемілігін жоғалтпайды.

  Сарғыш, күрең —  қызыл түске енеді, ал шырша тектес ағаштар жаздағы өңін жоғалтпай, жыл бойына жап-жасыл болып құлпырып тұрады. Қурап, жерді тыңайтып жататын өсімдіктердің жапырақтары – табиғаттың өзі жасап қойған санитар дерсің! Сол себепті, жер  — жұмсақ, күрең және қоңырқай топырақ өте құнарлы. Қазекемнің: «жерге қаққан қазығың – дарақ болып өсетін» дейтін теңеулері осындайдан айтылса керек. Қысқасы, жер жәннаты – Жетісудың бұл аймағы — түрлі-түсті кілеммен жабылған, көркін көріп, көңілің көктемдей құлпыратын — дайын тұрған көрме. Таудан сылдырлай ағып, жаз бойы бүкіл қаланы салқын, қоңыржай лепке бөлеп тұратын  бұлақтар мен Хамит Ерғалиев жағалауындағы шағын «Есентай» өзенін, Димаш аға Қонаевтың сұңғылалықпен тарттырған «Үлкен Алматы», «Кіші Алматы» (Большая, Малая Алматинка) каналдарын айтсаңшы! Барлық тіршілік атаулы түнгі ұйқыға кетіп, маужырай балбыраған табиғаттың тамаша сәтін суреттеуге тек ақынның ғана тілі жетер. Ұлы ақын — Абай хакімнің:

                          Желсіз түнде жарық ай,

                          Сәулесі суда дірілдеп.

                          Ауылдың жаны терең сай,

                          Тасыған өзен гүрілдеп… – деген табиғат лирикасы ақынның дәл осы Алматы түнін көріп сүйсініп, өлеңмен өрген суреті дерсің! Қазіргі жастардың да: «Алматы түні, Алматы түні – ұйқымды менің ұрлады…» – деп, әндете шырқауы – тегіннен тегін дейсіз бе…?! Міне, суреткер Кемел Тоқаұлының сұңғыла шеберлігі, талмас талантының дәлелі…

Ия, қай ақын жазушы болса да, Алатау баурайындағы әсем Алматыны ауызының суы құрып, ерен мақтаныш сезіммен суреттейтіндігі, қаншама уақыт өтсе де, солғын тартпай, жаңаша реңкпен суреттеле бермек» деген Абылай Әзімханұлы түнгі Алматының әсем көрінісін үй балконынан тамашалай отырып, терең ой құшағына батып кеткен…                   

                                             ****

      Үзеңгілес достары: «Қазақ детективінің білгірі» атап кеткен, Алматы ІІД – нің қылмысты іздеу бөлімінің бастығы полковник Абылай Қайсеновтың мына мазасыз өмірінде, қанша рет аяқ астынан жиналып, келесі іссапарға дереу аттануға тура келді? Алыс сапар үстінде ойы онға бөлініп, баяғыда қазақ аталарымыздың: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дегеніндей, көңілі жерді былай қойып, көкті шарлап кетті. «Құдайдың берген бағына шүкір, жүрек қалауыммен өмірлікке таңдап алған кәсібім осы болған соң, еш ойланбастан, жер көлігін былай қойып, әуе көлігіне шұғыл отырып, көк аспан астында да қанатсыз қалықтап ұшып барып, міндетімді атқарып жүргенім».     

     …Ия, ол ІІМ – нің Қарағанды жоғары милиция мектебін қызыл дипломмен тәмамдап, құқық қорғау саласындағы қиын да, жауапкершілігі таудай тынымсыз еңбек жолын Алматы қалалық ІІБ – де тергеуші лауазымында бастаған. Үнемі үлкен ізденіспен, әр операцияға тыңғылықты ден қоя, бойдағы бар білімі мен там-тұмдап жиған тәжірибесін барынша жетілдіріп, ерінбей-жалықпай еңбек етуінің арқасында, аз уақыт ішінде өз ісін шебер меңгеріп алды. Органда қызмет еткеніне екі жыл толар — толмас уақыт ішінде лейтенант шеніне, тағы бір жұлдыз қосылып, аға лейтенант шенін иемденді. Содан үш жылдай уақыт өткенде ғой, талайдан бері ашылмай, «висяк» санатына енген күрделі қылмысты ашып, аса қауіпті рецедивиспен жекпе-жекте үстем шығып, тұтқындағаны үшін, кезекті капитан шенін аттап, майор погонын ІІД – ның бастығы генерал Дәрменовтың өзі құрметпен иығына таққан-ды. Қандай қуаныш болмасын, жалқы емес, жұп болып жүргені жақсы ғой… Осы орайда, жаңа погон тағылысымен, артынша келген үлкен, үлкен ғана емес — ау, көптен күткен Алатаудай зор қуаныштың өміріне енгені. Айбынды асқар тауға теңелген зор қуаныш – нендей қуаныш еді, өзі…?

     …Сәби кезінен алғыр, зерек болып өскен айдай сұлу Айша қыз мектепке «тарыдай» болып кіріп, сол білім ордасын «таудай» болып бітіріп шықты. Сол жылдың жазында, оңтүстік астана – Алматының медициналық институтына қиналмай түсіп, қызыл дипломмен тәмамдап шықты. Қай жерде болмасын, жаңашылдықпен, ізденісте жүретін, сәби кезден арман еткен мамандығын, ақ желеңді абзал жан – Айша Гиппократ антын берік сақтап, жүрек қалауымен таңдаған мамандығын адал атқарды. Білікті жас маман – өте ауыр халде, «әлдеқандай жағдай болады» деп, қорқынышпен келген қаншама аурулардың шыбын жанын көрнеу ажалдан, әрине бір Алланың қолдауымен, арашалап алып қалу үшін жанын аямай арпалысты. Осындай мейірімділікпен, асқан жансебілдік, жауапкершілік жүгін терең түсіне білген ерен еңбегі үшін бар-жоғы екі жарым жылдай уақыт ішінде, жоғары басшылық тарапынан Алғыс хат, Құрмет Грамотасымен марапатталды.                

Алайда, сол көптеген марапаттардан көрі, бұл жас дәрігерге  сырқатынан сауығып тұрған  жанның, жанарлары жасаурап: «Сізге көп — көп рахмет! Жаныңыз жамандық көрмесін. Болашақта балалы – шағалы болыңыз» деп, шын көңілмен айтқан алғысы қымбат-ты.

      «…Бала — шаға» демекші, әлі жиырма төрт жасқа тола қоймаған өзі сұлу, жаны одан да сұлу қыздың махабат жарықтықтың ыстық отына шарпылған хикаясы бір романға жүк боларлық. Бір жерлес қыздың үйлену тойында танысып,  жүзінен мейірім оты күн шуағындай шашырап тұрған, сұңғақ бойлы, сыпайы жас жігіт қызды үйіне көлігімен жеткізіп салған. Ол — әрине, өзіңіз ойлағандай, осы мини повестің бас кейіпкері, Ішкі Істер Органы саласының майоры Абылай Қайсенов еді. Жете танысып, аралас-құралас болып жүрген тұста, Абылай Әзімханұлы Айшаға көңіл білдірген-ді. Жас қыз сыпайылық танытқаны болмаса, әрине, әлі тұрмысқа шығу ойында жоқ болатын. Жігіт жүрек сырын ақтарып, өлеңмен өрілген махаббат хаттарын қанша жолдаса да, Айша сұлу: «Маған майор (ол кезде Абылайдың шені майор болатын) жігіт сөз айтты» деп, бірден құлап түсетін жеңілтек қыздардай емес қой, «уақыт көрсетеді» уәжімен қашқақтап, біршама уақыт жүрді. Тағы бір кезекті кездесу сәтінде Абылай Әзімханұлы жанға жайлы майда қоңыр, әдемі дауысымен:

                                Бізде дәрігер бір қыз бар,

                                Десе болар жұлдыз бар.

                                Ол жоқ жерде жүрегім,

                                Бірде жалын, бірде ызғар — деп, әндетіп қоя беріп, осы бір шумақтан кейін іркіліп тұрып қалған.  Жанға жайлы болғанымен, мұң аралас, жүректің нәзік қылын тербейтін ән әуеніне сүйсіне әсерленіп кеткен қыз: «Абылай аға, жаңағы айтқан әніңізді әрі қарай, соңына шейін жалғастырыңызшы» деп, өтініш білдірді. Әннің екінші шумағын айтып, соңғы шумағына көшкенде, жүрегі лүпілдеп, шынайы сезімнен толқыған дауысы дірілдей шыққан жігіт:

                                   Ақтарып жан сырымды,

                                   Айтпақ едім шынымды.

                                    Батылым бармай, қыз өзі,

                                    Қашан ұғар мұңымды… – деп аяқтап, өзі терең ой құшағына еніп кетті. Қыз да мұңая, жанарлары жасаурап, үн — түнсіз отырып қалды…

       …Сонымен, арада екі айдан астам уақыт шамасы өткенде, «ел сенімін ақтаған жігітті — қыз жақтаған…» демекші, бірін — бірі құлай сүйген екі жас жасыл жапырақтары жайқалған жадыралы жаз айында, сәтімен үйленіп, шаңырақ көтерген. Кейіннен Абылай: «Мен Айша сұлуымның нәзік жүрегін «Дәрігер қыз» әнінің әуенімен жаулап, өзіме қаратып алғам» деп, достарымен әзілдей күлісіп жүрген-ді.

                                  Төртінші тарау                     

                                       Қауіпті сапар…

      «Шынайы пейіл, үлкен ізденіспен, тыңғылықты да, жауапкершілік жүгін терең сезіне істеген ісің, әрқашан жемісін береді емес пе?! Мұндай жауапкершілікті қалай ғана сезінбессің, әрбір — үлкен болсын, кіші болсын қылмыстың артында, адам тағдыры, оның өмірі, материалдық қана емес, рухани – психологиялық процесі қосарланып тұратындығы талассыз. Адамға, туған мемлекетің мен өзің өмір сүріп отырған қоғамға адал қызмет етуден артық, сол еңбектен қымбат ешнәрсе жоқ». — Осы ұстанымды (принципті) өміріне серік етіп, берік ұстанған Абылай Әзімханұлы адал еңбегінің арқасында, қызмет баспалдағындағы лауазымдары өсіп, погондағы жұлдыздары ірілене берді. Тергеуші лауазымынан аға тергеуші, Алматы қалалық ІІБ-де анықтаушы (дознаватель), тергеу бөлімінің бастығы, Қылмысты іздеу бөлімінің бастығы лауазымдарында үлкен біліктілікпен қызмет етті. Аса қауіпті рецедивисттерді ұстау кезінде, полковник Қайсенов көрнеу ажалмен бетпе-бет келген сәттер жиі болды. Алайда, «Аққа – Құдай жақ» демекші, елі үшін, қарапайым еңбек адамдары үшін еткен жанқиярлық ерліктері арқылы мерейі үстем болып, әрдайым жеңіске жетіп отырды. Қиындықсыз, тер төге еңбек етусіз, сонымен қатар, бала-шағаңның сені, өзіңнің олармен қауышуды жан-тәніңмен қалап, көргенше асық болатын сартап сағынышсыз, жақсылық атаулы өздігінен келе қоя ма? Ол істе сабырлық пен төзімдік керек.

       Қызметтің аты – қызмет. Міне, бүгін де қара жол үстінде. Сапарға шыққан сайын, тас – түйін болып, біраз уақытқа шейін көңілің пәсейіп, бала-шағаңды көз алдыңа елестетіп, елегізитінің бар. Бірақ, жүрегім дәл бүгінгідей сазып, түйсігім әлдебір қолайсыздықты сезінген емес. Алматыдан Қарағанды бағытына қарай үш жүз шақырымдай жүріп өттік, алайда, ішім әлдебір, өзіме белгісіз тосқауылдан босамай келе ме, әйтеуір, түсініксіз жағдай… Көлік тізгініндегі капитан – Антон Карпов көңілді,  Верди операсының әуенін сыңғырлата шырқатып, «блатной» нөмірі бар аппақ «Маздасын» зырылдатып келеді. Оның көгілдір көздері күңгірттеніп, тіпті бала кезіміздегі Айыртаудағы айлы көл суындай көгеріп тұр. Көздерінде, сірә, сүйікті әйелі мен балаларын аңсағаннан болар, сартап сағыныштың балауыздай сарғыш табы байқалады. Артқы жақта лейтенант Виктор Кан мен аға лейтенант Әшен Бекенов, бесікте тербелген сәбише, қамсыз ұйқыға бас қойып,  алыптың қорылына басқан…

      Міне, барлық айнала – далиып, ұшы-қиыры көрінбейтін сары дала мен аласа жоталар. Қар жабынған жолдың асфальты кеше еріп, жыртылып қалғандай, бүгін қара дақтары жол бойында ретсіз  шашылып жатыр.

      Көлікті бұлар кезек-кезек айдап, шаршамас үшін әр екі сағат сайын ауысып, тізгінді Абылай ұстап келеді. Кешкісін күн сарғыш реңкке еніп, сұрланып батып бара жатыр.    

      …Мүлгіген түн… Машина фарлары жарық түсірмейтін аймақтары, тіпті – қара түнек. Сол кезде көлік өздігінен дірілдеп, әр он секунд сайын тоқтап, артқа сырғығандай, сосын қайта алға ырғып кеткендей селкілдейді. Бұл жүріс — жүріс емес, тіпті дірілдеуікке (вибраторға) ұқсайды. Сондықтан да, Антон Карпов алдыңғы орындықта екіге бүктелгендей иіліп, тәтті ұйқыға кеткен. Жол төбеге қарай өрлеп бара жатыр, түнгі жарық бағандары жоғалып кетердей сирек. Кенет қарсы беттен жарық сәуле көрінді. Жүрек қысылып, тер басты: ол – үлкен жүк көлігі, ал мен қарсы жолдамын. Бұл – қатерлі, әрі тәуекелшіл әрекет. Құдай сақтасын, жүрегім неліктен сонша сазып кетті! Міне, сол қарапайым ғана, жапонның «Мазда»  ұшқыр — «торысы» жағдайды күрт өзгертті: машина өзінің иесіне бағынды да, оңға бағыт алып, төнген қауіп бұлардан алшақ кетті. Қарсы жақтағылар да, алып айдаһар сынды КамАЗ — ын жәйлатып барып тоқтатты. Көліктің баяулап тоқтағанын сезген Антон Карпов оянып кетіп, тіл қатты:

      – Не болды? – Абылай оның сұрағына тез жауап қатты:

     – Бізді Құдай бір қауіптен сақтады – деді. – Техника мен біздің тілегімізді Алланың қабыл етуі болар…

      Қауіп-қатерден аман қалған сезім қандай керемет! Сенімді техника қолыңда, оның барлық механизмдері ниетің мен ойыңды бұлжытпай орындап тұр. Тәуба!

                                              ****     

     …Бұлар — Солтүстік Қазақстан аймағындағы бұрынғы шахтерлар қалашығы – Бестөбеге беттеді. Бұл бағыт – Ресей мемлекетіндегі жерлесіміз — Олег Дешинның карта — қағазының сызбасында анық көрсетілген.

     Олег маған: «Бұл баяғы атақты Бестөбе емес пе?! Газет оқымайсыңдар ма?!» – деп, әзіл-шыны аралас күлген болатын. Елді мекеннің атын сұрағанда: «былтыр «Караван» газеті жариялаған. Онда: «Бестөбе қаласының тұрғындары шахтыға заңсыз түсіп, руда жинаумен айналысқан. Рудадан үй жағдайында алтын өндіріп, оны делдалдарға арзанға сатқан» деп жазғанын айтып берген.

      -Антон, мен — «оттан, судан, мыс қбырлардан өткен» кәрі тарлан – полковник Қайсенов, Дешинның әңгімесін көзімді жұмып, ауызды ашып, таңдана тыңдағам. Олег бала, әрі қарай: мен сонда тұтқында жүрген кезімде, опырылыс (обвал) газбен улану, тіпті кісі өлімі жағдайлары орын алған болатын. Несін айта берейін, адам баласы темір (алтын) үшін қырылып жатыр ғой, — деп мұңайған еді.…

     -Бұл іс – шайтанның ісі. — Капитан Карпов полковниктың әңгімесін мұқият тыңдап, әрі қарай: «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, мұны «нәзік жанды» аталатын әйел адам басқарып отырғанын айтсаңшы…

     – Бұл әйел – сұмдық, тіпті шайтаннан да қауіпті, кесепаты  мол, ең бастысы — жоғарыда тіреуі мықты әйел! Ол осы шахталарды, өзінің сыбайластары арқылы жасырын түрде сатып алған екен. Қарапайым адамның ондай байлыққа қол жеткізуге шамасы қайда?! —  Бұлар жол — жөнекей бас изесіп, бірін — бірі мақұлдап келеді.

     – Меніңше, бұл шырмауықша шұбатылған қылмыстық жүйені, дәл сол қанағатсыз, мейірімсіз әйел, жоғарыдағы сенімді жемтіктестері арқылы өзі ұйымдастырған. Жұмысшыларға жалақы жоқ, жасалған жағдай жоқ, Үкіметтің салығы жоқ, тек, күндіз — түні күзетіп жүретін қырағы, бас кесер бандиттері ғана бар.

     -Қорқынышты! Бұл – сырттан келген ерекше жау емес, арамыздағы «қой терісін жамылған» қандас қасқырлар. Қайда бара жатыр бұл өмір? Сонда, ол әйелге, бәрінен – ар мен ұяттан, мейірім мен намыстан, азаматтық парыздан ақша қымбат болғаны ма?!

      -Ия, осындай жағдайда, әрине, мәжбүрлі түрде еңбек еткізіп, біреулерді құлдықта ұстау мүмкіндігі мол болып тұр ғой. Жәрайды, болды, сабыр ет, айтуын жеткізе айттық. Қазір біз – жолдамыз. Көлденең көздің назарына ілікпеу үшін, жаңа жыл қарсаңында келіп жатырмыз. Сондай-ақ, дәл сол жерде тұратын күзетшінің әпкесі бар. Оның өзі де шахтаға түседі екен. Қолымызда – ұсыныс хат, көлігімізде – төрт жәшік «Столичный» арағымыз бар. Жанымыздағы сенімді серігіміз – батылдығымыз бен үкілі үмітіміз – деген Қайсенов Антонды ауыстырып, көлік тізгініне өзі отырды.

                              Бесінші тарау      

                                ҮНСІЗ ҮРЕЙ…

      Астана мен Бурабай арасындағы жол сапалығымен таң қалдырды. «Мына жолдың асты жылытыла ма екен, батыс елдерінің автобандары сияқты?» – деген де күмән қылаң береді. Бірақ, бізге керекті бағытта асфальт жол көп ұзамай қарапайым шоссе жолына, кейін тіпті тың дәуірінен қалған бір шоқ — шоқ топырақ үйінділеріне айналды. Сол жүйкені жұқартқан, шұрық-тесік, кедір-бұдыр, бірақ жалғыз, шексіз әрі қымбат жол – ақыры, шахтерлер мекені — Бестөбеге алып келді. Осы жол ғана, бізді бұл қауіп қатерлі жерден аман-есен қайтып кетуімізге сенімді жол сияқты.

      …Адасып, әрең дегенде іздеген үйді де таптық. Аулада үш дөңгелекті мотоциклдің моторы ызыңдап тұр екен. «Мұндай аязда мотоциклмен жүреді екен-ау! — деген ой полковниктің басына келгеннен-ақ жаурап, денесін жеңіл діріл басып, қалтырап кетті.

      Капитан Карпов есікті бірнеше мәрте қағып еді, ешкім ашпады. Амалсыз үйге өздері еніп,  арттарынан бу мен аяз аралас тұман қоса кірді. Бұлар не үлкен дәлізге, не бірден шағын залға тап болғандай сезінді. Ұзынша келген бөлме, сол жақта — үш терезе, оң жақта — үш есік, шамасы, жатын бөлмелерге апаратын болар. Бұл бөлме – сан қырлы — әрі кіреберіс, әрі ас үй, әрі қонақ бөлме, әрі шеберхана қызметтерін қатар атқарып тұрғандығы белгілі болды.

     …Іште қызу жұмыс жүріп жатыр екен. Орта бойлы екі жас жігіт — бірі он алты, екіншісі он сегіздер шамасындағы – жан -тәнімен әлдебір затты үлкен келілерде жанши соғып жатыр. Ондай келілерді қазір тек ескі кеңестік кинолардан ғана көресің. Кіреберістің оң жағындағы раковинаның қасында тұрған сымбатты, орта жастағы әйел күйбеңдеп, төрт бұрышты табамен әлдебір жұмыс атқаруда. Бұларды көрген сәтте шошып кеткен ол сасқалақтап, табаның ішіндегісін раковинаға ақтара салды. Есін жиған бойда, «твою мать» деп, тұздықтап тұрып боқтап үлгерді.

      …Полковник Қайсенов жағдай ушығып кетпей тұрғанда, үй иесінің бауыры жазып берген ұсыныс хат пен жүз долларлық екі бакнот салынған конвертті ұсынды. Бұл — ең дұрыс шешім болып шықты. Үй иелері орындарынан атып тұрып, алыстан — көптен бері сағынып жүрген нағашылары келгендей жүгіріп, абыр-сабыр болып қалды. Біраздан соң келген меймандар дастархан басында рахаттана шай ішіп отырды. Пеш үстіндегі қазанда шымырлай қайнап тұрған — жаңа сойылған соғым – жылқы етінің жанға жайлы исі бұрқырап, танауды қытықтайды. «Жарықтық жылқы етін жесең — тісіңе кіреді, жемесең-түсіңе кіреді» деген тәмсілді атам қазақ осындайдан айтқан-ау, шамасы…

      Дастархан иесі әйелдің есімі Айна, ал оның ұлдары — Берік пен Ерік. Үшеуі де тез арада тап-таза киімдерін киіп, мерекелік көңіл күйге еніп кетті. Қарынға «қонақтаған» ыстық шай мен алматылық жұмсақ арақтың әсерінен, дүние барған сайын жайдарылана түсті. Айтпақшы, балалар да «ақаңды» ересектермен бірге қылқылдатып, рахаттана жұтып отырды.

         Баяғыда, әлдекімдер «бесбармақ» атап кеткен (бір қолда бес бармақ емес, бес саусақ қана болады емес пе?!) қазақша асылған ет  келердің алдында туған әңгіме-дүкен қызып сала берді.  ІІМ-нің аға лейтенанты Әшен Бекенов:

     -Бағана біз кіріп келгенде, не істеп жатыр едіңіздер? – деді жай ғана, қызықтап сұрағандай болып.

Бірақ, осы қарапайым, елеусіз қойылған сұрақ үй иелерін бір сәтке сасқалақтатып, абдыратып тастады.

      -Алтын бөліп жатыр едік – деді, солардың бірі, күндегі, үйренген тірлік секілді кейіппен.

      Қонақтар, аң-таң болып, ауыздарын аңқита ашып қалды. Осы сәт — өзіңнен ақымақты көрудің рахаты — үй иелеріне жағымды әсер бергені анық. Олар бір-бірін бөліп жарып, бәрін түсіндіре бастады. Естіген, көріп — білгендерінен құралған көрініс бұлардың зәресін алды.

      …Бүкіл ауыл халқы – сәбиден, еңкейген кәріге дейін — «алтын кәсібімен» айналысады. Күші жететіндері шахтаға түсіп, кен тасиды. Қалғандары үйде соны ұнтақтап, сынаппен араластырып, алтынды бөліп алады. Содан кейін әлгі қоспаны отқа қыздырады — сынап буға айналады, ал таза алтын қалады. Бұл — кәдімгі ас үйде жүзеге асырылып жатқан процестің, жан шошырлық, сұмдық сұлбасы.

      Тәңірім-ау! Сынап дегенің, астына ешқандай от жақпай-ақ буланып, бөлмедегі сылаққа, кілемге, жиһазға, төсекке, киімге сіңіп, кейін адам ағзасына еніп, бауыр мен тісті мүжиді. (Бұрыннан, қызмет бабы бойынша білетін шындық қой). Бұл маңдағы бес шахтаның билігі түгелдей ОМОН — ның қолында. Жергілікті халық үшін «ОМОН» — күзет қызметі де, күзетшілері — бәріне ортақ, үрей тудыратын атау. Шахтаға түсу үшін, әр адам үшін «мың теңге» беріп, лифтке отыруға бес жүз теңге төлеуің керек.

Шығын аз болсын деген оймен кей адамдар жер астында апталап, айлап қалып қояды. Жер асты жолдарымен де түсуге болады, бірақ ол тым ұзақ әрі ауыр жол. Егер, кенет сом алтынға (самородокқа) тап болсаң — оны ОМОН-ға беруге міндеттісің. Шахтадан шығарда бәрін тінтеді. Тыйым салынған алтын табылса, күшпен тартып алып, таяқтап тастайды. Қарсыласуға, бірдеңе дәлелдеуге тырыссаң, одан да жаман – итше тепкілеп, сойып салады.

      Ауылда әбден орныққан жансыздық (донос) жүйесі бар. Үлкен самородок тапқандардың соңынан арнайы түсіп, шахта ішінде-ақ тартып алып кетеді. Алтынды ОМОН өкілдері үй-үйге келіп сатып алады. Сыртқа сатуға тыйым салынған. Бұл тәртіпті бұзғандарды соққыға жығып, кейде өлтіріп те тастайды. Шахталардың шынайы иесі кім екенін, қайда тұратынын ешкім – тірі жан иесі білмейді…

      Айна — ана  мен оның ұлдары да, бағанағы көргендеріндей, осы қорқынышты кәсіппен жан бағады. Апталап жер астында болып, руданы жинап алып, кейін үйде соны ұнтақтау мен сынап қосу ісімен айналысады. Осы сұмдықтарды естіп отырған олардың үсті-басының әр тесігінен улы сынап іштеріне сіңіп жатқандай сезінді. Тістерін шымырлатып, бауырды қысып жатқандай. Сыртқа жүгіріп шығып, таза ауа жұтқылары келді, бірақ өкінішке қарай, бұл жерде таза ауа да қалмағаны түсінікті.

     Алайда, полковник Қайсеновты мазалаған басты мәселе әлі шешілмеген еді — осы шахтада тұтқындар бар ма? Арнайы тапсырма алып, іздеп келген Андрей Сиверцев солардың ішінде ме? Сол басты сұрақ оның жүрегін парша-парша етіп тілгілеп, маза бермей отыр…

      Әңгіме қыза түсіп, дауыстар да айқын шығып, жоғары нотаға көтеріле берді. Антон полковникті аяғынан түртіп қалды: «Сабыр сақта, ана екі жігіттің анасымен флирт жасап, артық кетіп жүрме!» деген ишара.

       Бұлар, ал дегенде, өздерін орта деңгейлі кәсіпкер ретінде таныстырған болатын. Басты мақсаттарымыз — компаньондармен бірігіп, осы маңнан бір шахта сатып алу немесе жер жалға алу мәселесін зерттеу. – Осы көріністер мен сюжеттердің барлығын — келуші топтың басшысы, полковник Қайсенов ойына сақтап, көңілге түйіп қойды…

      …Ер адамдар сыртқа шығып, темекі тартуға кірісті. Тіпті, өмірі ауызына темекі алып, шегіп көрмеген Абылай Әзімханұлының өзі — түтіндете бастады. Себебі, бәрінің ішінде «пинкертондық» құмарлық лап ете түскен еді. Үйдің үлкені ретінде, Ерік аспаннан түскендей пайда болған меймандарға қосылып, ал кішісі анасына көмектесу үшін үйде қалды.

     – Ерік, мен қарап отырсам, сен – салмақты жігітсің. Алматыға көш, бізбен бірге жұмыс істе, – деді Антон Карпов, сыпайылық үшін пейіл білдіріп. Бірақ, оның бұл айтқан ұсынысы балаға ұнап, жүрегіне сарымайдай жақты.

     – Қуана-қуана барар едім, бірақ анама кім көмектеседі? Рас, анатайымның өзі де бұл жерден кетуді қалайды — деген Ерік, нағыз азаматқа лайық сабырмен пікірін білдірді.

      Арақтың әсері ме, әлде бұл отбасыға деген шынайы жанашырлық па, кім білсін, әйтеуір, полковник Қайсенов пен осы сапардағы лейтенант Виктор Кан да – Ерікті алдымен, кейін Айна мен Берікті көшіріп, жұмысқа орналастыру жайын кеңінен пысықтап, талқылауға қызу кірісіп кетті.

     – Берікті оқыту керек, қабілетті бала, – деді ерте есейіп кеткен Ерік, өзі оқу аттыдан біржола бас тартқанын білдіріп.

      – Ерік, алдымен сен бізге көмектес. Біз бүгін істейтін істі ертеңге қалдырмауды жөн көрдік. Немістер айтпақшы, бұл – ең дұрыс тәсіл – деген Әзімханұлы өздерінің сапарының негізгі мақсаттары жайлы біраз әңгіме айтты.

Істің жай-жапсарын тыңдаған Ерік қызығып, ынтыға түсті.

    – Мен сіздерге шынымен көмектесе аламын. Барлық катакомбалар мен шахталарды білем. Бірақ үшінші «биске» бармаймыз — ол жаққа жер үстімен де, жер астымен де жақындатпайды. Ескертусіз атады.

      – Неліктен?

      – Себебі онда ең бай алтын қабаты орналасқан. ОМОН, бәлкім, тек туыстарын ғана кіргізетін болар.

     – Маған сол жер аса керек болып тұр.

      – Жақсы. Ол жаққа жапон әскери тұтқындарын жерлеген ескі завал арқылы кіруге болады. Бұл аймақ туралы екінің бірі біле бермейді.

      – Бізді ешкімнің көзіне түсірмей өткізе аласың ба?

       – Өткізуін өткізем. Бірақ қауіпті аймаққа өзім бармаймын.

      – Жарайды. Сен бізге көмектес, біз сенің отбасыңа көмектесеміз. Тек бұл туралы ешкімге тіс жарып айтушы болма. Тіпті анаңа да.

      – Түсіндім. Сіздерді «орган» адамдары екендеріңізді келген бетте бірден сезгенмін.

      – Жақсы, дұрыс сезгенсің. Бізге көмектессең болды, біз де сен үшін қолдан келгенді жасаймыз. Менің сөзіме сенетін шығарсың?

     – Сенемін, аға. Қамқор бола алатындарыңызға да еш күмәнсіз сенемін…

                               Алтыншы тарау

                           Біз — генерал боламыз…

                           (екінші әдеби шегініс)

     …Өмірге Адамның (перзент-сәбидің) өмірге келуі — бір Алланың әмірімен жасалғанымен, сол абзал іс Ана арқылы, оның: «жарық дүниеге адам әкелсем» деген ізгі ниетінің нәтижесінде орындалады. Сондай абзал да, аяулы жанның бірі де, бірегейі – сәл кейінірек өсіп — өніп, бақ қонған Қайсен әулетіне құт болып түскен келіні – Айша атты әппақ сүйкімді қыз. «Ат аунаған жерде түк қалар» деп қазақ аталарымыз айтқандай, қос ғашықтың адал да, пәк махаббаттарының айқын белгісіндей болып, алтын асықтай қос ұлы мен алтын бұрымды сұлу қыздары дүниеге келді. Бір қызығы: егіз қозыдай іркес-тіркес өсіп келе жатқан қос ұлы – Медғат пен Қасымның: «Үлкейгенде, әкеміз сияқты мықты спортшы боламыз. Ішкі Істер саласының офицері, әй балалық-ай, десеңші, тіпті, погоны жарқыраған Генерал боламыз» деп, қиял қуып, армандап кететіндерін қайтерсің…

Енді қайтсін-әй, «будущий» солдаттар емес пе, орекеңдер: «Каждый солдат должен мечтать стать генералом» демекші,

ел намысын қорғайтын мықты спортшы, өз Отанының берік қалқан-басшысы — генерал болуды армандағаны дұрыс қой!

«Құртақандай жандарым-ау, менің! Генерал болу үшін – алдымен намысшыл, күшті спортшы бола білуі керек» деп ойлай білген логикаларыңнан айналдым-ау… Шындығы сол-ғой! Сол спорт пен денешынықтырудың арқасында, талай қауіпті қылмыскермен бетпе-бет келген тұста, қобалжымай, тайсалмай ұрыс салып, жеңіп шықтым емес пе?!»

 Осындай ойлардың жетегімен, түнеу жылдардағы түрмеден қашқан бірнеше қылмыскерді қуып, құрықтаған оқиға көз алдынан кино лентасындай тізбектеліп өте берді…

–Құтылуларына мұрша бермеңдер! Қолдарында қару болуы мүмкін, сақ қимылдаңдар! — Жан ұшыра жүгіріп келе жатқан полковник Қайсенов әріптестеріне ескерту жасап үлгерді. Жан – жаққа бытырай қашқан қашқындардың ішіндегі еңгезердей — ұзын бойлысын, бозамық тартқан болымсыз ай жарығымен байқап қалып, соның соңынан салды. Бұл қашқын қылмыстық топтың нән басшысы, «Колька косой» кличкалы атақты бандит, түрмеден түрме қоймай, адақтап жүрген қашқын — Николай Сафин болатын.

Ол өзінің соңынан қуып келе жатқан қуғыншыны байқап қалып, жүгірісін үдете түсті. Қолға түссе құритынын сезіп, қақпанға түскен қорқау қасқырдай аласұра жүгіріп келеді… «Мент поганый! Хрен ты меня догонишь. Если не отстанешь, скорее всего — пулю в лоб получишь. Этого я железно обещаю. Не таких я перевидал в своей зековской жизни… » — деп, тістерін тістене шықырлатқан күйі бағытын өзгертіп, алдағы көлденең жатқан көшеге түсті. Сасқалақтап келе жатып, әлсіз болса да, электр шамдары бар көшеге түсіпті. Жарықтан қорқып, тек қараңғы түсе ұшатын жарқанат құсап, электр жарығынан шошып кетті. Елу шақты метр өткен соң, алдағы қараңғы бұрылысқа кірген ол жүгірісін бұрынғыдан да қатайтты. Ал дегенде үдеткенімен, күнделікті жеңіл-желпі денешынықтыру жаттығулары мен ұрыс тәсілдерін тұрақты түрде қайталап жүргені болмаса, тер шығарып жүгірмеген соң тез алқынып қалды. Қиналып, екі өкпесі сырылдай ентіккен ол сасқалақтайын деді. «Оп-оңай ғана алдыратын қояның мен емес, ментуха…» деп ойлады. Ырс-ырс ете тынысы тарылып, жүгірісі ауырлай түсті. Амалсыздан, шапшаңдығын бұрынғысынан сәл де болса, ақырындатуға тура келді.

 …Полковниктің өз ойы, өз жоспары бар. Осындай, қашқынның соңынан түсіп қуған жағдайы бірінші рет емес. Қашқан адам қуғыншыға қарағанда тез шаршайды. Өйткені, қолға түссе, саудасының бітетінін жақсы білгендіктен, сасқалақтап жүгіреді. Сасқалақтау мен қорқудың нәтижесі біреу – көп ұзамай болдыру…

 Қырағы көздері алдағы ұзын бұт, сорайған бойлы қашқында болғанымен, ойы мен есі дерті сасқалақтамай, бірқалыпты жылдамдықты сақтап, салқынқандылықпен еріп отыру. Сол арқылы қарсыласын шаршатып, болдырту. Болдырған адамның күші тез кететіндіктен, әлсіреп, көпке шыдамайтындығына бұрындар, тап осындай қуғын кезінде көзі анық жеткен…

 Сөз артылмаған қазекемнің: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген тәмсілі қалай дөп басып айтылған десеңші! Қылмыскерді қуып келе жатқан қысылтаяң шақтың өзінде, Ішкі Істер Министлігі саласының полковнигі Абылай Әзімханұлының көк дөнендей жүйрік ойы сонау — ІІМ Қарағанды Жоғары Милиция мектебінің

суденті кездеріндегі спорт жарыстарына, жылына екі-үш рет өтіп тұратын 42 шақырым — марафон додасында жүгіріп, жүлдесіз қалмайтын сәттері көз алдынан көлбей өте берді. Кейіннен, органға қызметке алынғанда да, екі күннің бірінде 10 — 15 шақырымға кросс жүгірген шақтарды шарлап кетті. Мектептегі оқушылық өмірдің өзінде, ұзақ қашықтыққа жүгіруді жаны сүйіп, шыдамдылыққа, шаршаса да, соңына дейін күресетін дағдысы курсант кезінде көп көмегін тигізген. Бірнеше рет өзі оқып жүрген жоғарғы курстың намысын қорғап, қырық екі шақырымдық марафонға да қатысқан. Қара көбейткен көптің бірі болып емес, бір рет жарыс додасында спорт мастері атақтары бар танымал марафоншыларды артқа тастап, жеңіс тұғырына көтеріліп, алтыннан алқа тақты. Спорттың аты спорт емес пе, бірде озсаң, енді бірде — бабың келіспесе, шаң қауып қалатын кездер болады. Бірақ, өзі жарыс көшіндегі желаяқтардың соңында салпақтап көрген емес. Рас, ылғи болмаса да, күзгі марафонның бірінде жеңіске жетіп, алтын медальды, басқа жарыстарда күміс, қола медальдарды жеңіп алып, курстың аты мен абыройын аспанға асқақтатты. Күнделікті таң бозынан жүгіру, дене шынықтыру жаттығуларын жасап, мұздай сумен жуыну әдеті — сол кезден қалыптасып, қанына сіңіп кеткен. Әрине, сол талмай жүгіру, спорт залында ақ тер, көк тер болып жалаңаш қолмен бокс грушасын соғып, құм толтырған нән қапты «итше» тепкілеген жаттығулары — бойындағы осы шыдамдылық пен салқынқандылық қасиеттерге тәрбиеледі. Күшіне күш қосып, батылдық пен жігерлік қасиеттерін шыңдай түсті. Ең бастысы, спорт жарықтық қандай қиын — қыстау кезең туған сәттерде де қаймықпай, саспай, сабырлық танытып, бірден бір дұрыс шешім қабылдай алатын рухы биік, жүйкесін темірдей етіп қалыптасу деңгейіне көтерген еді. Әрине, сол асыл қасиеттердің бәрі қызығынан қиындығы, зейнетінен бейнеті, рахатынан машақаты мол саналатын ел тыныштығын, халықтың алаңсыз ұйқысын күзету саласының қайтпас, қажымас жауынгерлері үшін ең қажетті де, басты асыл қасиет екендігі дау тудырмас.

 …Түнеу жылдары ғой, ол кезде шені капитан, көрші ауданда ІІМ — де бөлім бастығы лауазымында қызмет істеп жүрген кезінде, неше рет сотталған әккі қылмыскердің соңына түсіп, тап осындай ұзақ сонар қуғын жасағаны.

 Сол қуғын кезінде өзіне деген сенімі мол Абылай Әзімханұлының саспай, салқынқандылықпен, бір қалыпты жылдамдықпен, қылмыскердің соңынан еріп отырған кездегі эпизод көз алдынан көлбеңдей өте берді.

 …Қашқынның әбден діңкесі құрып шаршағандығы сонша, екі иінінен ентіге дем алып, құрғаққа шығып қалған балық құсап ауызын ашып, әлі құрып, қара жерге жантайып жата кетті. Капитанға қарсыласу қайда, өз басымен қайғы боп, келесі сәтте сол сұлық түсіп жатқан жерінде лақылдата қызыл қан құсып-құсып жіберді. Артынша: «твоя взяла» деді өлімсіреген дауысы тамақ түбінен қырылдай шығып. Әбден болдырып, титықтап жатқан қылмыскердің қолдарына кісен салу – капитан Қайсеновке еш қиындық тудырмаған болатын. Міне, үздіксіз денешынықтыру, спорт атты сиқырлы өнермен өзіңді аямастан, талмай айналысу мен ерінбей еңбектенудің адам баласына тигізер пайдасы.

 …Алдындағы ұзынтұра қашқынның діңкелеп шаршай бастағанын алқына демалғанынан сезген полковник: «қаш-қаш, қаншаға шыдап, қашанға шейін күш-қуатың жетер екен?!» деп ойлады. Келесі сәтте қылмыскер бағытын шығыс жаққа қарай бұрып, Қаратал өзені бойымен жоғары қарай, оңтүстікті бетке алды. Енді біраздан кейін, қашқын оң қолын көтеріп, сол жағына қарай әлдедеңені лақтырып жібергендей болды. Артынша, Қаратал өзені суының «шолп» ете түскен дыбысы естілді. «Құлаштай лақтырып жібергені пышақ па, жоқ әлде басқа қару ма? Ә, бәлем, жан керек екен өзіңе. Қазір қолға түскен кезіңде қойыныңда қарудың болмағанын, сол арқылы жеңіл баппен сотталуды қалаған түрің ғой. Бұл оңбаған сұмырай суық қару ұстағаны үшін  қосымша баппен, соған орай, сот мерзім қосатынын, бес саусақтай біледі. Қылмыскерлердің «білмейтіні – бит ішінде» емес пе…»

 Бұлай ойлағанымен, полковник Қайсенов әлігіндегі қым- қуыт қуғын кезіндегі арпалыста, басынан соққы алып, дуал түбінде ес-түссіз жатқан майор Сәлімовтың «Макаров» тапаншасын, өзінің алдында жанталаса қашып бара жатқан қашқынның қолға түсіргенінен бейхабар болатын. Әккі, қасқыр сынды залым қылмыскердің айғақ қалдырмас үшін өзенге «шолп» еткізіп лақтырып жіберген жаңағы заты – әріптесі — Сәлімовтың сол тапаншасы еді.

«…Мына бәлекет — ментіңнің мықтысын. Қанша уақыт тоқтаусыз жүгірдік, тынысында ентігудің белгісі де жоқ. Бұдан әрі қаша берсем, әлсіреп, әбден болдырған кезімде погон таққан пәлекет мені қалпақпен ұрып алатындығы анық. Жолын тосып, қас дұшпанымды қасқырша қасқая тұрып қарсы алғаным дұрыс болар…»

Осы ойға бекінген Сафин жүгірісін тежеп, қалт тоқтады.

 -Давай, мент поганый. Торопишься на свою неизбежную смерть. Давай! Посмотрим кто кого возьмет!» — Екі қолын кеуде тұсына ұстап, боксшыларша тұра қалды.

 -Сопротивляьтся безполезно. Лучше по хорошему сдавайся! – Полковник Қайсенов те дәл сондай стойкаға тұрып, қорғануға әзірленді. Екеуі де қарсыласына тесіле қарап, арбасқан жолбарысша қимылсыз қалған. «Қас дұшпандарыңның бет — жүзін анықтап байқап алыңдар» дегендей, бұлт астынан толықси шығып, алтындай шуағын аямай шашқан айдың сәулесінен, екеуі бірі-бірінің түрін анық көрді. Аралары бар — жоғы бес — алты қадамдай ғана қашықтық болса, анық көрінбей қайтсін. Ұзын бойлы, тарамыстай қатқан қашқынның қан — сөлсіз, сұп-сұр болған бетпақ бетінен ештеңеден тайынбайтын қатыгездік пен қаныпезерлік көрер көзге анық байқалады. Қорқау қасқырдың ызғарлы көздеріндей өткір жанарынан от — жалын шашырап тұр.

 -Давай, давай, мент, начинай первым. Если я начну ты зашищаться не сможешь… Давай, действуй!

 -Посмотрим, кто кого возьмет… – Полковник бокстағы өз үйреншікті тәсілімен, жеңіл ырғып түсіп, қарсыласына жақындады да, ұзынтұраның иегінің астынан періп жіберді. Ұра салысымен, қарсыласы қарсы соққы жасайтынын сезіп, жаңағы шапшаңдықпен арт жаққа қарай қайта ырғып түсті. Ойлағанындай, тура солай болып шықты. «Косой» іле – шала оң қолымен Қайсеновтың бетін көздеп салып жіберді. Артқа ырғып кетіп үлгермегенде, кім біледі жағдай қалай боларын, оның жойқын соққысы, бет тұсынан, ысылдаған жылан ысқырығындай дыбыс шығарып, зу ете түсті.

 –Ах ты, мент поганый! Оказывается умеешь бить. – Ешкімнен беті қайтып көрмеген «Вася хромой» емес пе, иек астынан тиген ауыр соққыдан кейін қашықтықтан соғысуға болмайтынын ұға қойды. Полковниктың екінші қайтара соққысын өзіне дарытпай, бұғып үлгерді де, екеуі қоян қолтық алыса кетті. Арасында сарт-сұрт соғысып, ырс-ырс етіп жұлқыса арпалысқан екеу жан алысып, жан берісе шайқасып жүр. Бірі бейбіт халқының алаңсыз тыныш ұйқысы мен қауіпсіздігін қорғау жолында қатыгез қылмыскермен арпалысса, екіншісі қарақан басының пайдасы мен қу құлқынының қамы үшін қапы қалмай жанталасуда. Сол құлқынның құлы болып, қарапайым халыққа қорқау қасқырша тиіп жүрген, тонау, ұрлау, қорлау мен зорлау қылмыстары үшін әділ заңның алдында жауапқа тартқызып, тиесілі жазасын бергізу үшін, ІІМ-нің қыран- полковнигі Абылай Әзімханұлы басын бәйгеге тігіп, қорқау қарақшымен жанталаса айқасу үстінде…

 Абылай үстемдік ала бастаса, қасиетіңнен айналайын, алтын ай аста — төк қуанышын білдіргендей жадырап, алтын шуағын жарқырата молынан шашуға тырысады. Жұлдыз жарықтық та күміс сәулесін күлімсірей төгіп, қуана жымыңдайды. Бұл табиғат – ана дегенің — бір Жаратушының құдіретімен жақсыны да, жаманды да айыра білетін тамыршы емес пе?! Әрине, ондай құдіретті бірді — жарлы бәзбіреулер білгенімен, біз — бәріміз біле бермейміз ғой…

 …Қоян қолтық арпалыс үстінде, бірі екіншісін илектей бастаса, жан беру оңай болсын ба, қарсыласы ышқына жан таласып қарсыласын аударып тастап, өзі үстемдікке ие болып, үстіне шығады. Қанішер «Васька — хромой» түрмеден түрме адақтап жүріп, жекпе-жек шайқастың сан түрлі әдісін әбден меңгеріп алған әккі, жырынды қу емес пе, полковник сондай бір айқас үстінде қорқаудың астына түсіп қалды. Оның мыстан кемпірдікі сынды сойдиған салалы саусақтары Абылай Әзімханұлының кеңірдегін езгілей сығып, тұншықтырып барады. Әлсіреп, бойынан күш кетіп бара жатқанын сезген полковник жандәрмен қимылмен арпалысып жатыр. Алаштың «елім, жерім, қазағым» деп, сол жолда жанын қиған аяулы да, ардақты тұлға, қаламгер Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» атты повесіндегі Хамитше, Абылай қайратты аяқтарын бауырына таман жиыра тартып алды. Сол жолбарысша жиырылған қалпында, хас дұшпанының кеуде тұсынан ышқына, қос аяқтап, аса қатты тартылған садақ адырнасындай серпе тепті! Іле-шала, көз ілеспейтін шапшаңдықпен, жаңағы қатты тепкінің тегеуірінен ауып қалған қорқауға арыстанша атылып, үстіне атша мініп алды. Қарсыласының босаңсыған сол сәтін пайдаланып, бар күшін жинап оң қолының қырымен, бітіспес жауының көк желкесінен осып жіберді. Өте дәл, жойқын күшпен ұрылған соққыдан «хромой» жаны шыққан жылан құсап, сылқ ете түсті. Дұшпаны есін жиып, қайта күш алып кетпес үшін, жаңағы сұмдық соққымен екінші қайтара қақырата ұрды. «Міне, сенің сыбағаң!» — Күртесінің ішкі қалтасынан тастамай, үнемі салып жүретін шағын ғана темір кісенді алып, «жыланды үш кессең де, кесірткідей қауқары бар» демекші, әлсіз болса да қимылдай бастаған қорқаудың қолдарына шырт еткізіп сала қойды. Сөйткен соң ғана, бойындағы күші сарқыла әлсіреген полковниктің көздері қарауытып, өзіне күш-қуат, жігер беріп отырған қасиетті жер — анасын қос қанатымен қапсыра құшақтаған күйі, жантайып жата кеткен еді…

                                    Жетінші тарау

                    САРЫ Шайтанның шеңгелінде

       Жаңа жыл қарсаңындағы, бүкіл елде дайындықтың қызған шағы. Осы қарбалас сәтті кино лентасындай көз алдынан тізбектете өткізіп отырған полковник Қайсенов жанұясын қатты сағынғаннан жүрегі асау аттай тулап кетті.    

      «Өз үйімде, білем, қазір жылылық пен жайлылық орнаған. Жан жарым — Айша балалармен бірге мерекелік кешкі асқа қамданып жүрген болар. Иә, біздің қызымыз бен ұлдарымыз — Медғат пен Қасым балалық жастан асса да, үйдегілер оларды әлі де «кішкентайлар» деп атайды. Шынында да, ерке болып өскен олар, шын мәнінде, әлі бала сияқты: бір-бірінен жаңғақтың сынығын тартып алып, торт кремінің қалдығы үшін таласып жатады. Бірі — біріне туыстық сезіммен еркелеген у — шуы, айқайы мен балалық күлкілері қандай!

Э-э-эх…! Бірақ, бұлардың бәрі қазір тым алыста жатыр. Құдай бұйырып, осы қауіпті «алтын» атты сапардан аман — есен қайтсам, өзімнің алтын жанұяма сартап сағынышпен оралам ғой…

       Мұнда, жеті жүз метр тереңдіктегі ібілістің иелігінде, дәл сондай қарбалас басталып жатыр — тек жаңа жылдық үлкен думанға байланысты ғана. Құлақ кесті құлдарды тамақтандырды, тіпті әрқайсысына бір — бір стақаннан арақ құйып берді . Сосын, олардың барлығын құрылыстың жуан арматурасынан жасалған, жатақханаға ұқсас темір торға қамап, нән құлыппен жауып тастады. Мұнда оларды «зэк» деп атау себебі — бұл жер астындағы түрмені басқарушы — «Гранитный» жалпы режимдегі колонияның бұрынғы жасақ бастығы, капитан Шаграев. Оның түсінігінде, әлем — «бостан адамдар» мен «жазаланғандар» деп екіге бөлінген, ал соңғылары — тек қорлық пен мазақ үшін жаратылған бейшара жаратылыс иелері.

    …Күзетшілер алты адам, Шаграевпен жетеу. Ал біз төртеуіміз ғана. Міне, екі жақ — күштердің ара салмағы. Олар — винчестер карабинімен қаруланған, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі офицерлік блиндажға ұқсайтын жайлы жабдықталған бұрышта тұрып жатыр. Оларда электр жарығы да, телефон да бар — бұл бір кездері алдыңғы қатарлы кеңестік шахтаның сарқыншағы. Ал біз болсақ, үшінші күн қатарынан «көртышқан тіршілік» кешудеміз. Ерік, шын мәнінде, өте пысық, сенімді және катакомбаға апарар жолды дәл тауып берген жер асты қуыстарының білгірі. Ол — жер астына біртіндеп тереңдей түсіп, иректеліп, тармақталып барып жасалған катакомба тұсына, жасырын жолмен құтқарушыларды аман-есен, ойдағыдай жеткізді. Олар бүгіліп, еңбектеп келе жатқан галерея кенет кеңейіп, қараңғылыққа сіңіп кетті. Жарқырап тұрған электр шамдары мен прожекторлар көздерін бір сәтке қатты шағылыстырып, жарыққа үйренбеген жанарлар көрмей қалды. Көз үйренген соң, көз алдыдан тозақтың өзіндей көрініс ашылды — не қорқынышты түс, немесе, Голливудтың фантастикалық боевигінен үзіндісі дерсің!

      Шахтаның екі жағында елестерге ұқсас адамдар жүр. Иә, адамдар сияқты, бірақ бейнелері бұлдыр, көлеңке секілді. Бірдеңені балғамен немесе мұз шапқышпен ұрып, ағаш табақтарға салып жатқандар. Еденде екі жуан темір арқан тартылып, соған адамдардың аяқтарындағы шынжырлар бекітілген. Ал орталықта — дубинка ұстаған, камуфляж киген жендеттер іштері пысып, арлы-берлі сандалып, дүниені өздері жаратқандай, қоқиланып жүр.

      Алдыңғы жақта әлгі темір тор мен офицерлік «блиндаж» орналасқан, ал кіреберісінде қаруын сайлап, ағаштан жасалған орындықтарда күзетшілер отыр.

Міне – жер бетіндегі адамның өзі үшін жасаған тозақ оты. Осы – арам байлықтың, алтынға деген соқыр ашкөздіктің салтанаты. Аллам — ау, не болды саған, адам баласы? Қайсың хайуаннан да төмен құлдырадың: осындай жан төзбес тозақты ұйымдастырған адам ба, әлде үнсіз көніп, шынжырға байланғандардың өздері ме…?!

      Құтқарушы жігіттер жағдайды бақылап, айналаны зерттеп, әр нәрсеге белгі қалдыра отырып, ақырын жер бетіне қайта шықты. Кешке қарай қажетті жабдықтармен қаруланып, тағы да сол бағытқа аттанды. Бір қуыс тауып, ішін одеялмен қаптап, уақытша «лагерь» құрып алған олардың ұйқыға шағымы болмады.

      Орнатылған екі радиоқұрылғы полковник Қайсеновтың тобына шахта ішіндегі оқиғалар туралы тұрақты ақпарат беріп тұрды: Құлдардың жалпы саны —  жиырма екі. Әрқайсысының тағдыры – жеке — жеке трагедия. Құдай-ай, солардың арасында, іздеу жарияланған Андрей Сиверцев те бар екен! Ол бірнеше рет шыққан тегін айтып, қарындасы Марьянаны еске алды:

      «Ой, анашым мен Марьянам-ай, менің сүйікті «мыстандарым-ау»! Құшақтап, беттеріңнен шөп-шөп еткізіп сүйетін шаққа қашан жетер екенмін?! Барлығы сәтімен аяқталып, мына «алтын тозақтан» аман —  есен шықсақ, жолығып, құшақтасып сүйісерміз әлі!»

      Полковник Қайсенов пен капитан Карпов ара-тұра жарық жаққа жақындап, алыстан сол ортағасырлық азаптау цехына ұқсас өндіріске бақылау жасап отырды. Ал дайындық, әрине, қыза түсті. Көптен күткен, шешуші сәт келіп жетті-ау, әйтеуір…!

                                Сегізінші тарау

                       бауыРЫҢ ҚЫЛЫШ ұстатар…

      …Бәрі кәдімгі адамдарша – тілек айтып, тост көтеріліп жатты. Тіпті егемен Қазақстан үшін де ішілді. Ән салып, хорға бас қосу қиындау болды, бірақ бұл кешірімді нәрсе – тойлап отырғандар «кацо» —  грузин бауырлар емес, ішіп отырғандары да солардың жертөлесіндегі шарап емес еді.

      Бірақ, ей, шайтанның балалары, сендерден бар болғаны бес-ақ метр жерде, өз қандарың, өз бауырларың торда қамалып отыр. Бейне, зоопарктегі аңдар дерсің! Олардың кінәсі не? Әлдекімнің ашкөздік аранының ақылға сыймай бара жатқандығы ма? Құдайдың өзі кешпейтін бір күнә болса – ол қанағатсыз ашкөздік. Адамды ең алдымен осы қасірет құртады. Мұндай алтынға құлдық ұрған, тойымсыз нәпсінің не ақталары жоқ, не түсіндірер себебі жоқ.

      …Ақыры әбден көңілі көтерілген Шаграевты қарауылдардың жарамсақ тостары сеспей қатырып тынды. Енді ол өзін ізгіліктің бейнесіндей сезіне бастады. Әрқайсысына жүрекке жететін сөз табуға тырысып, бәрін ішіп тауысуға мәжбүрледі. Шағын шыны рюмка емес, стақан болған соң, нәтиже көп күттірген жоқ. Әр тұстан шақылдап сынған ыдыстардың дыбысы, айқай-шу, түсініксіз керіс, тіпті бірінен соң бірі құлап жатқан орындықтар. Ақыры, барлық жақтан қорыл араласқан, жандары үзіліп бара жатқандай қырыл естілді.

     Қараңғылық ішінен құтқарушылар тобы — полицей жігіттер мас адамдар құсап, әрқайсы тәлтіректей басып, үстелге жақындады. Таза екі бөтелкені ашып, ішіне екі-екіден клофелин таблеткасын салып, араластырып қойды.

     – Сен кімсің? – дегенге ұқсас бір күбірді тек Шаграев қана шығара алды, басқалары кімнің кім екендігін айыра алар халде емес. Антон Карпов оны басынан сипай күлімдеп, қолына араққа толы бөтелкені ұстата салды:
     – Жаңа жылыңмен, бауырым!

      …Біраздан соң барлығы сұлап жатты. Кезекші бөлмесінде кілт ілулі тұрған қалқан көзге түсті.

     – Жігіттер, тездетіп тұрыңдар, киім ауыстырып, жолға шығамыз! Барлық жағдайды жолда түсіндіреміз…

     Бірақ, меңіреу үнсіздік… Біреу жөтелді, енді бірі аунап, ыңырси қозғалақтады да, үнсіз қалды.

     – Не, сендер түсінбедіңдер ме?! Тез тордан шығыңдар, кетеміз!

      Кейбіреуі басын көтерді, қалғандары отырып, бұл не – әзіл ме, жоқ әлде көшпелі цирк пе – түсінуге тырысты.

      – Андрей Сиверцев! Саған — әпкең Марьяна мен анаң Мария Ивановнадан сәлем! Олар бізді сені мына тозақтан құтқару  үшін жіберді…

      Тыриған арық, жыртық киімді, үсті – басы лас, кірден көрінбейтін, бірақ, көздері отша жанып, жігерлік оты айқын білініп тұрған жас бала полковник Қайсеновқа ұмтылып, еңірей жылаған күйі, оның құшағына құлай кетті.

      Сол сәтте ғана бәрі қозғала бастады, бастар айналып кеткен болар – апыр-топыр қарбалас басталды. Әлігі тұтқындар ұйқы құшағындағы күзетшілерді шешіндіріп, бір шетке ысырып тастады. Енді біреулері оларды балағаттап,  тепкінің астына алып жатыр…

      – Жігіттер, бұл екі аяқты хайуандарды өлтіріп тастауға да моральдық құқығымыз бар. Бірақ, біз — рэкет емес, құқық қорғау Органының жауынгерлеріміз. Бұл жендеттердің жазасын сот шешсін деген ниеттеміз – деп, сабырға шақырды Абылай Әзімханұлы.

     – Қайдағы сот, а? – деді біреуі ашудан ба, жоқ әлде, қуаныштан ба, белгісіз – дір — дір ете қалшылдап.

      -Оның үстіне, біз — мемлекеттік құқық қорғау саласының қызметкерлеріміз, сендердің өз беттеріңмен жасамақ болған жазалауларың үшін, басымызбен жауап береміз…

Сонда ғана кек алу тоқталып, бәрі киім ауыстыра бастады.

    – Кімге киім жетпесе, көрпенің ортасынан тесік қиып, басына киіп алсын. Бұл – мексикалық пончо! Аяқтарыңды шүберекпен орап алыңдар – сыртта отыз градус аяз…

     Таң сыз бере, бәрі жер бетіне шықты. Жер астындағы нұсқаулар бекер кетпепті – бәрі жинақы, тың, берілетін келесі бұйрықты асыға тосып тұр.

     – Кімсіңдер? – деп, терезесін жартылай түсіріп сұраған күзет қызметкеріне, Виктор Кан:

      – Жабайылардың тойы… – деп, қылжақтай жауап берді.

      – Өзіміз ғой, бауырым, жүре бер, – деген полковник Қайсенов әр сөзін нықтап, оның көзіне тіктей қарады. Қажет болса – қорғануға дайынмын. Бұл – оның бұрыннан, ІІМ – де қызмет істеген кезден бері қолданып жүрген психологиялық әсер ету тәжірибесі. Сержанттың көздері бақырайып, терезесін жауып, үнсіз жүріп кетті.

       Бостандыққа шыққандар мен оларды құтқарушылар тиелген, кеше алдын ала дайындап қойған жүк машинасы тегіс жолға шығып, барынша ызғытып келе жатыр. Әлігінде Абылай Әзімханұлының құшағына еңірей құлаған Андрей Сиверцев қуаныштан жылағанымен, рухын жоғалтпапты. Өздерін құтқарушыларға алғысын жаудыра отырып, таза қазақ тілінде:

                      Сонау Сибирь түпкірінде,

                      Жасыма дос, сабыр қыл!

                       Өршіл талап өлмес мүлде,

                       Ауыр еңбек кетпес құр.

                       Жаныңда жүр жас үмітің —

                        Ол көңіліңді оятар.

                        Жігеріңді қайнатар ол,

                         Көптен күткен таң атар.

                         Жеткендей каторгіге,

                         Еркін дауысым аралап.

                         Өтіп шыңырау – қараңғыны,

                          Жетер достық, махаббат!

                          Қапас зындан қалар құлап,

                          Түсер бұғау – босатар.

                          Азаттық шақ құшағына ап,

                         Бауырың қылыш ұстатар! – деп, ақын Александр Сергеевич Пушкиннің «Послание в Сибирь» өлеңінің, қайдан, қашан үйреніп алғанын кім білсін, қазақ тіліндегі аудармасын, қос шырағы отша жанып, мүдірместен, жігерлене оқып шықты. Көздерінен тоқтаусыз аққан жасын сүртпестен, қайтадан Абылай Әзімханұлының ыстық құшағына құлай кетті. Енді қайтсін-әй, бұл жарық дүниеден де, сүйікті анасының «құлыным» деген сөзін естуден де, мүлдем күдер үзген жас жігіт жыламай қайтіп шыдасын! Өксіп, құдіреті күшті Құдайдың, өзіне, өзі сияқты қапаста бірге отырған тұтқындағы достарына жіберген құтқарушысы – полковник Қайсеновтың ыстық құшағына  құламай қайтсін, еркелемей қалай шыдасын…?!

    Ғабдул – Сәбит Юсупов, Алматы қаласы

ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМАЛАР БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСЫҢЫЗ!

«ЗАҢ» Медиа-корпорациясы биыл тоғызыншы рет детектив шығармалар байқауын жариялап отыр.

ҚАРМАҚ

Көктемнің таңғы ауасы қандай ғажап. Астананың алты ай қыс...

ҚАРБЫЗ ДӘМІ

I ТАРАУ. СУЫТ ХАБАР Шілденің аптап ыстығы Шымкенттің тас жолын...