«Суицид қиындықтан шығудың жолы емес»

Ахгуль Хусаян, балалар психологы: «Суицид қиындықтан шығудың жолы емес»

Балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Мамандардың айтуынша, суицидтік мінез-құлықтың алдын алуда қауіп белгілерін дер кезінде байқау, баланың эмоциялық жағдайына мән беру және отбасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру ерекше маңызды. Осы тақырып аясында психотерапевт және балалар психологы Ахгуль Хусаянмен сұхбаттасып, балаларды суицидтік ойға итермелейтін негізгі себептер, қауіп белгілері және ата-ананың рөлі туралы әңгімелестік.

– Балалар мен жасөспірімдерді суицидтік ойға итермелейтін себептер көп пе?

– Суицидтік мінез-құлыққа көбінесе психологиялық жəне əлеуметтік факторлардың өзара ықпалы əсер етеді. Ең алдымен, баланың өмірге деген қызығушылығының төмендеуі, үмітсіздік сезімінің күшеюі жəне дер кезінде психологиялық қолдау алмауы үлкен қауіп тудырады. Мұндай ескерту белгілері уақытында байқалмаса, бала өмірден күдерін үзіп, болашаққа деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Əсіресе жасөспірімдік кезең психологиялық тұрғыдан өте күрделі. Бұл уақытта бала өзінің жеке тұлғасын, өмірдегі орнын іздейді, эмоциялық тұрақсыздықты бастан кешіреді. Бір жағынан ол өзін əлі бала ретінде сезінсе, екінші жағынан ата-анасы оны ересек адам ретінде қабылдап, үлкен жауапкершілік жүктейді. Осындай ішкі қайшылықтар баланың психологиялық күйіне əсер етеді. Бұған қоса, əлеуметтік желілердегі жағымсыз контент пен суицидті қиындықтан шығудың жолы ретінде көрсететін ақпараттар да жасөспірімдердің дүниетанымына ықпал етуі мүмкін. Алайда суицидтік ойлардың негізгі себебі көбіне ауыр депрессиялық жағдаймен байланысты болады. Тəжірибемде суицидтік мінез-құлық белгілері байқалған балалардың басым бөлігінде – терең үмітсіздік, дəрменсіздік жəне бойында жалғыз дық сезімінің басым екендігі байқалды. Олар болашақтан үміт көрмейді, өзін түсінетін немесе қолдайтын адамның жоқ екеніне сене бастайды. Ал мұндай жағдайда бала үшін өзін маңызды əрі бағалы сезіндіретін бір адамның болуының өзі үлкен психологиялық тірекке айналады. Сонымен қатар отбасындағы жанжалдар, атаанамен түсініспеушілік, құрдастар тарапынан болатын буллинг те негізгі қауіп факторларының қатарына жатады. Ересек адам қиындықтарды еңсеруге психологиялық тұрғыдан дайын болса, жасөспірім ауыр эмоциялармен күресудің жолын əрдайым таба бермейді. Сондықтан уақытша қиындықты өмірдің соңы сияқты қабылдап, өзіне қол жұмсау туралы ойларға баруы мүмкін. Соңғы уақытта жасөспірімдермен жұмыс барысында тағы бір маңызды факторды жиі байқаймын. Ол – болашаққа деген қорқыныш пен өзін құнсыз сезіну. Кейбір балалар ата-анасының немесе айналасының жоғары үмітін ақтай алмаған кезде өзін толықтай сəтсіз адам ретінде қабылдайды. Жетістікке ғана басымдық берілетін ортада өскен бала емтиханнан немесе басқа бір сынақтан сүрінсе, мұны өз құндылығының жоғалғанының дəлелі ретінде қабылдауы ықтимал. Соның салдарынан өмірдің мəнін жоғалтқандай күй кешіп, ауыр эмоциялармен жалғыз қалып, суицидтік ойлардың пайда болу қаупі артады.

– Балада суицидтік қауіп бар екенін қандай мінез-құлық немесе эмоциялық өзгерістерден байқауға болады?

– Баладағы суицидтік қауіп көбіне оның мінез-құлқы мен эмоциялық жағдайындағы өзгерістерден байқалады. Əдетте мұндай балалар өз-өзінен тұйықталып, бұрын қызығушылық танытқан дүниелерден алыстай бастайды. Олар өзін жалғыз сезініп, өмірдің мəні жоқ екені туралы жиі айтып, болашаққа деген үмітін жоғалтуы мүмкін. Кейбір балалар өлім немесе қоштасу туралы жиі сөз қозғап, айналасына белгі беруге тырысады. Сондықтан мұндай өзгерістерді «өтпелі кезеңнің белгісі» деп елемей қоюға болмайды. Жасөспірімдік кезеңде құрдастардың ықпалы өте жоғары болады. Бұл жаста балалар көбіне ата-анасынан гөрі, достарының пікіріне көбірек мəн береді. Егер олардың ортасы қолдау көрсететін, түсінетін орта болса, бұл психологиялық тұрғыдан оң əсер етеді. Алайда кей жағдайда керісінше, достарының арасында суицид туралы əңгімелердің жиі айтылуы немесе мұндай əрекетті қалыпты құбылыс ретінде қабылдау қаупі де бар. Кейбір жасөспірімдердің мақсаты өмірмен қоштасу емес, ата-анасының назарын аудару немесе өзінің ішкі жан күйзелісін жеткізу болуы мүмкін. Əсіресе эмоциялық жылулықты, махаббатты жəне түсіністікті жеткілікті сезінбей өскен балалар өздерінің жанайқайын осындай қауіпті əрекеттер арқылы білдіруге тырысады. Ғылыми зерттеулер де суицидтік мінез-құлықтың еліктеу арқылы таралу қаупі бар екенін көрсетеді. Яғни, бала жақын танысының немесе əлеуметтік желіде тараған осындай оқиғалардың куəсі болғаннан кейін, оны қиындықтан шығудың бір жолы ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл əсіресе өзін жалғыз сезінетін, эмоционалдық қолдауды жеткіліксіз көрген жəне психологиялық тұрғыдан əлсіз күйдегі балалар үшін қауіпті. Сондықтан ата-аналар мен педагогтер баланың көңіл-күйіндегі, қарым-қатынасындағы немесе мінез-құлқындағы кез келген күрт өзгерісті назардан тыс қалдырмауы қажет. Мұндай белгілерді ерте байқап, баламен ашық сөйлесу жəне қажет болған жағдайда маман көмегіне жүгіну оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

– Ата-аналар қандай қателіктерді жиі жібереді жəне баламен сенімді қарым-қатынасты қалай қалыптастыру керек?

– Баланың суицидтік ойларға баруына əсер ететін маңызды факторлардың бірі – ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынастың əлсіреуі. Бала үшін ең үлкен тірек – оның отбасы. Егер бала ата-анасының қолдауын сезінсе, кез келген қиындықты еңсеруге əлдеқайда бейім болады. Қазіргі таңда балалардың бойында күйзеліске төзімділік деңгейінің төмендеп бара жатқанын жиі байқаймын. Сондықтан балаға кішкентай кезінен жауапкершілік жүктеп, шыдамдылыққа, қиындықты еңсере білуге тəрбиелеу маңызды. Өмірде кездесетін түрлі эмоцияларды қабылдап, олармен күресуді үйренуі де психологиялық тұрақтылықты қалыптастырады. Сонымен қатар, ата-аналар өз мінез-құлқы мен сөзіне де мəн бергені жөн. Егер отбасында үнемі «өліп кетемін», «өмір сүргім келмейді» сияқты сөздер айтылып жүрсе, бұл баланың дүниетанымына кері əсер етуі мүмкін. Мұндай сөздер суицидтің тікелей себебі болмаса да, оның қалыпты нəрсе ретінде қабылдануына ықпал етуі ықтимал. Сенімді қарым-қатынас қалыптастыру үшін ата-ана баланың өміріне шынайы қызығушылық танытып, онымен тұрақты байланыста болуы қажет. Ең бастысы, бала қандай жағдай болмасын ата-анасына қорықпай, ұялмай сырын айта алатынын сезінуі керек. Егер бала «мені ұрсады», «мені түсінбейді» деген оймен мəселесін жасыратын болса, ол қиын сəтте ең жақын тірегінен айырылып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, жасөспірімнің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен айналысуына жағдай жасау, достарымен араласатын ортасын білу маңызды. Бұл баланы толық бақылауға алу деген сөз емес. Керісінше, оған жасына сай жауапкершілік жүктеп, өзін отбасының маңызды мүшесі ретінде сезіндіру қажет. Жалпы, суицидке алып келетін себеп əртүрлі. Əр баланың өмірлік жағдайы, психологиялық ерекшелігі мен қиындықтарды қабылдауы əрқалай. Сондықтан əрбір жағдайға жеке қарап, баланың ішкі жан дүниесін түсінуге ұмтылу қажет.

– Егер ата-аналарға бір ғана маңызды кеңес беру мүмкіндігі болса, қандай кеңес берер едіңіз?

– Бір ғана кеңес айтатын болсам, ең алдымен баланы тыңдай біліңіздер дер едім. Суицид – баланың өмірден кеткісі келгендігінің белгісі емес. Көп жағдайда бұл оның өзіне төзгісіз болып көрінген ауыр психологиялық күйден құтылуға деген талпынысы. Сондықтан ата-ана да, психолог та ең алдымен: «Бала дəл қазір неге төзе алмай жүр? Оның өмірінде қандай қиындық оны осындай ойға итермелеп отыр?» деген сұрақтарға жауап іздеуі қажет. Нақты себепті түсінбей тұрып, мəселені шешу мүмкін емес. Суицидтік ойға барған бала көбіне өзін жалғыз сезінеді. Ол адамдардың ортасында жүрсе де, өзін ешкім түсінбейді, ешкім естімейді, ешкім көрмейді деп қабылдауы мүмкін. Осындай жалғыздық сезімі тереңдеген сайын, баланың психологиялық күйі де күрделене түседі. Сондықтан əрбір ата-ана баласына өзінің əрдайым жанында екенін, қандай жағдай болмасын қолдау көрсететінін ісімен де, сөзімен де сезіндіруі керек. Кейде баланы қиын ойлардан алып қалатын ең үлкен күш – оны еш айыптамай тыңдайтын, түсінуге тырысатын жəне жанынан табылатын бір адамның болуы.

– Құнды кеңестеріңіз үшін рақмет!

Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»

В петле коррупции 

ПРЕДСЕДАТЕЛЬ АГЕНТСТВА ПО ФИНАНСОВОМУ МОНИТОРИНГУ ЖАНАТ ЭЛИМАНОВ ОТЧИТАЛСЯ ПЕРЕД...

По следам истины

ОЧЕРЕДНОЕ ЗАСЕДАНИЕ ПО ДЕЛУ НУРАЙ СЕРИКБАЙ ОКАЗАЛОСЬ НЕ О...

8 августа — Международный день офтальмологии: своевременная диагностика помогает сохранить зрение

8 августа отмечается Международный день офтальмологии. Эта дата призвана...