Сұлтан ОРАЗАЕВ, Геральдикалық зерттеулер орталығының Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы: «Жаңа ережелер рәміздерді пайдалану мәдеиетін жаңа деңгейге көтерді»
Үкімет қаулысымен Мемлекеттік Туды қолдану тәртібі өзгерді. Біз осыған орай жеке және заңды тұғалардың мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауын қалыптастыру, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу функцияларын жүзеге асыру үшін 2021 жылдың наурыз айында құрылған «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Оразаев Сұлтан Берікұлымен сұхбаттасқан едік.
– Мемлекеттік туды қолдану тəртібінде қандай өзгеріс бар? Енді нені ескеру керек?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы № 556 қаулысымен енгізілген өзгерістер қоғамдық сұраныс пен заңнамалық талаптарды үндестірген маңызды қадам болып табылады. Енгізілген толықтырулар азаматтардың патриоттық белсенділігін құқықтық тұрғыдан заңдастырып, Мемлекеттік Туды күнделікті өмірде қолдануға кең жол ашты. Сонымен қатар, құжат мемлекеттік рəміздерді орналастырудың қатаң визуалды иерархиясының реттілігін, түс гаммасын жəне эстетикалық талаптарды бекіту арқылы геральдикалық тəртіпті ретке келтірді. Орталық бұл реформаны мемлекеттік атрибутиканың қадір-қасиетін қорғау мен оны халықтың мақтаныш құралына айналдыру арасындағы оңтайлы теңгерім деп бағалайды жəне жаңа ережелер рəміздерді пайдалану мəдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болады деп есептейді.
– Мемлекеттік туды қолдануда бұрынғы кеңестік республикалардың тəжірибесінде қандай ұқсастықтар бар?
– Бұрынғы кеңестік республикалардың қолданыстағы заңнамалық базасына бірқатар концептуалды ұқсастықтар мен айқын құқықтық айырмашылықтар бар. Мемлекеттік туды қолданудағы бұрынғы кеңестік республикалар тəжірибесіндегі негізгі ұқсастықтар мемлекеттік атрибутиканың қадір-қасиетін қорғау мен оның нышандық тұтастығын сақтаудың бірыңғай халықаралық вексиллологиялық стандарттарынан көрініс табады. Орталық Азия елдерінің, мейлі Балтық жағалауы мемлекеттерінің заңдары болсын, мемлекеттік нышанды əдейі жыртуға, өртеуге, умаждауға, ластауға, жерге немесе су бетіне тигізуге, сондай-ақ қоқысқа тастауға абсолютті түрде тыйым салынады жəне бұл əрекеттер үшін əкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, бұл елдердің тəжірибесінде туды жеке бизнесті жарнамалау мақсатында, жеке тауар белгісі ретінде немесе күнделікті тұрмыстық заттар, атап айтқанда төсекорын, терезе перделері, дастарқандар, майлықтар мен еден жабындары ретінде коммерциялық бағытта пайдалануға жол берілмеуі бойынша толық ұқсастық бар. Қолданылатын тудың өлшеміне қарамастан, оның түсі, пропорциялары мен геральдикалық элементтері ұлттық эталонға қатаң сəйкес келуі тиіс жəне тозған, оңып кеткен немесе зақымдалған туларды ілуге ешбір посткеңестік елде рұқсат жоқ.
– Ал қандай айырмашылықтар бар?
– Бұрынғы кеңестік республикалардың тəжірибесіндегідай басты айырмашылық құқықтық реттеу сипатына байланысты елдерді екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа жататын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан жəне Ресей Федерациясының тəжірибесінде азаматтардың патриоттық белсенділігін еркін көрсетуіне басымдық берілген. Мысалы, Өзбекстан мен Ресейдің заңнамалық актілері азаматтарға, егер олардың əрекетінде қорлау белгілері болмаса, туды жеке тұрғын үйлерінде, аулаларында, жұмыс орындарында, автокөлік ішінде жəне кез келген бұқаралық, спорттық шараларда ешқандай арнайы рұқсатсыз, еркін пайдалану құқығын береді. Қазақстанның жаңа ережелері де осы үрдісті ұстана отырып, азаматтардың туды балкондар мен үйлерге өз бастамасымен ілуін жəне оны спорттық экипировкаларда қолдануын заңды түрде бекіткен. Керісінше, Балтық жағалауы елдеріне тəн қатаң регламенттелген еуропалық модельде мемлекеттік туды ілу тек құқық қана емес, сонымен бірге азаматтар мен заңды тұлғаларға заңмен жүктелетін айрықша міндет болып табылатыны үлкен айырмашылықты көрсетеді. Латвия мен Эстония тəжірибесінің басты ерекшелігі ретінде арнайы «Ту ілу күндері» бекітілгенін айта кету керек. Соған сəйкес мемлекеттік мерекелерде, Тəуелсіздік күнінде немесе ұлттық қаралы даталарда меншік нысанына қарамастан барлық ғимараттар мен жеке тұрғын үйлердің иелері туды міндетті түрде ілуі шарт, ал бұл талапты орындамау əкімшілік айыппұлға əкеп соғады. Эстония заңында ту түнде ілулі тұрса, оған міндетті түрде арнайы жарық түсіп тұруы керектігі қатаң жазылса, Украинаның құқықтық актілерінде туды көтеру мен түсірудің уақыттық регламенті таңғы сағат сегізден күн батқанға дейін деп нақтыланып, əскери-мемлекеттік протоколдар өте ұсақ детальдарына дейін реттелген. Беларусь Республикасында да мемлекеттік органдар мен ресми шараларда туды орналастырудың тəртібі кеңестік классикалық иерархияға негізделген жəне идеологиялық бақылау деңгейі өте жоғары.
– Бұдан қандай қорытынды шығарылды?
– Біздің мемлекет азаматтарды ту ілуге заңмен мəжбүрлейтін Балтық елдерінің үлгісінен бас тартты. Өзбекстан немесе Ресей заңдарында туды ілудің сыртқы эстетикасы жеке тұлғаның еркіне қалдырылса, Қазақстан заңында балконға ілу бұрышы қырық бес градус болуы, биіктік деңгейі үш метрден кем болмауы жəне ұлттық орнаменттің вертикаль бағытта жоғары орналасуы сияқты нақты геометриялық жəне визуалды нормалар шегелеп көрсетілген. Бұл тəжірибе еуропалық құқықтық нақтылық пен азаматтық еркіндіктің оңтайлы синтезі болып табылады жəне мемлекеттік рəміздерді насихаттау мен оның геральдикалық тазалығын қадағалау бағытында Геральдикалық зерттеулер орталығы үшін бірыңғай, тиімді əрі жүйелі əдістемелік құрал қызметін атқарады.
– Сұхбатыңызға рақмет. Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


