2026 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының құрылғанына 10 жыл толды. Осы онжылдық ішінде оқу орны қарапайым білім беру ұйымынан сот жүйесіне кәсіби кадр даярлайтын, судьялардың біліктілігін үздіксіз арттыратын әрі ғылыми-сараптамалық бағытта дамып келе жатқан маңызды институтқа айналды.
Академияның институционалдық дамуының жаңа кезеңі 2024 жылғы 15 шілдеден басталды. Дәл осы күннен бастап Сот төрелігі академиясы Жоғарғы Соттың қарауынан Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілді. Бұл өзгеріс оқу мазмұнын сот жүйесінің нақты сұраныстарына неғұрлым жақындатуға мүмкіндік берді.
Осы шешімнің жалғасы ретінде 2025–2027 жылдарға арналған Академияны дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, білім беру бағдарламаларын жаңарту, ғылыми әлеуетті күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынды.
Академия қызметінің негізгі ерекшелігі – «судьяны судья оқытады» қағидаты. Бұл модель бойынша оқу үдерісіне Жоғарғы Соттың, кассациялық және жергілікті соттардың тәжірибелі судьялары, Жоғары Сот Кеңесінің өкілдері мен білікті заңгерлер қатысады. Мұндай тәсіл тыңдаушылардың теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастыруға жол ашады.
Оқу барысында тыңдаушылар сот практикасын терең талдайды, дәлелдеу мәдениетін меңгереді, сапалы сот актілерін әзірлеу машығын дамытады, сондай-ақ сот этикасы, кәсіби коммуникация және психологиялық тұрақтылық мәселелерін зерделейді. Бұл бағыттар болашақ судьяның кәсіби даярлығында айрықша маңызға ие.
Академия жұмысының тиімділігін нақты нәтижелер де дәлелдеп отыр. Соңғы жылдары түлектердің басым бөлігі судьялық лауазымға орналасуға арналған біліктілік емтихандарын сәтті тапсырып келеді. 2026 жылғы дерек бойынша түлектердің 95 пайызы біліктілік емтиханынан өткен.
Сот жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында Академия қызметіне бірқатар жаңа бағыт енгізілді. Соның бірі – судьялыққа кандидаттарды даярлауға арналған референдариат институты. Бұл институт азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқық бойынша қарқынды дайындық курстарын қамтиды және үміткерлердің кәсіби деңгейін жүйелі арттыруға бағытталған.
2025 жылы алғаш рет аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары үшін басқарушылық құзыреттерді дамыту бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастама сотты тек құқық қолдану органы ғана емес, сонымен бірге тиімді басқаруды қажет ететін институционалдық құрылым ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Сол жылы Академия «Құқық» бағыты бойынша докторантура бағдарламаларын жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алып, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің толық циклін қамтамасыз етті. Сонымен қатар ғылыми-педагогикалық магистратура ашылып, өз ғылыми кадрларын даярлау мүмкіндігі кеңейді.
Ғылыми бағыттағы өзгерістер де назар аударарлық. Академия ғылыми қызмет субъектісі мәртебесіне ие болып, «Сот төрелігі академиясының хабаршысы» журналы ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді. Журналдың халықаралық Open Journal Systems платформасына көшуі оның ашықтығын, қолжетімділігін және ғылыми айналымдағы орнын күшейтті.
Халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Академия Германия, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдің жетекші сот-білім беру ұйымдарымен әріптестік орнатты. Түркі сот-құқықтық даярлау желісі аясындағы тәжірибе алмасу да тұрақты сипат алып отыр.
Инфрақұрылымдық жаңғырту аясында Академияда заманауи криминалистикалық полигон пайдалануға беріліп, оқу процесін басқарудың бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде білім беру үдерісін толық цифрлық форматқа көшіруге және оқытудың сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Он жыл ішінде Сот төрелігі академиясы сот жүйесінің кадрлық, ғылыми және институционалдық дамуына үлес қосатын маңызды орталыққа айналды. Бүгінгі міндет – қалыптасқан тәжірибені сақтай отырып, сот білімінің сапасын, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін және халықаралық байланыстарды одан әрі дамыту.
Е.О. ЕГЕМБЕРДИЕВ, заң ғылымдарының кандидаты,
Сот төрелігі академиясының профессоры


