Соңғы жылдары елімізде сот жүйесін жаңғырту бағытында бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға және сот ісін жүргізудің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған аумақтан тыс соттылық институтының енгізілуі.
Аумақтан тыс соттылық – талап қоюшыға немесе іске қатысушы тараптарға заңда көзделген жағдайларда талап арызды тек жауапкердің орналасқан жеріндегі сотқа ғана емес, автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы ел аумағындағы басқа сотқа жолдау мүмкіндігін беретін құқықтық тетік.
Бұл жаңашылдық ең алдымен сот жүйесіндегі ашықтық пен бейтараптық қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Істерді автоматты түрде бөлу сотқа ықпал ету тәуекелдерін азайтып, барлық тараптар үшін тең жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, аумақтан тыс соттылық соттардың жүктемесін біркелкі бөлуге мүмкіндік береді. Кейбір өңірлердегі соттарға түсетін істер саны көп болса, енді олар республика бойынша теңгерімді түрде қаралуы мүмкін. Бұл өз кезегінде азаматтық істердің заңда белгіленген мерзімдерде қаралуына оң әсерін тигізеді.
Цифрлық технологиялардың дамуы аталған тетіктің тиімді жұмыс істеуіне жол ашты. Бүгінде талап арыздарды электрондық форматта беру, сот отырыстарына қашықтан қатысу және сот актілерін онлайн алу мүмкіндігі қалыпты тәжірибеге айналды. Сондықтан істің басқа өңірдегі сотта қаралуы азаматтардың құқықтарын іске асыруына кедергі келтірмейді.
Аумақтан тыс соттылық тетігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге де ықпал етеді. Себебі істің нақты қай сотқа түсетінін немесе қай судья қарайтынын алдын ала анықтау мүмкін емес. Мұндай тәсіл сот жүйесіне деген қоғам сенімін арттырып, әділ сот төрелігінің маңызды кепілі болып табылады.
Әрине, бұл институт заңда белгіленген санаттағы істерге ғана қолданылады. Сондықтан азаматтар талап арыз берер алдында оның аумақтан тыс соттылық тәртібімен қаралатынын немесе қаралмайтынын алдын ала анықтап алғаны жөн.
Қазіргі таңда сот жүйесін цифрландыру мен процестерді автоматтандыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Аумақтан тыс соттылық осы өзгерістердің нақты нәтижесі ретінде сот өндірісінің тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге қызмет етеді.
Заң үстемдігін қамтамасыз ету мен халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайту – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан сот өндірісіне енгізіліп жатқан заманауи құқықтық тетіктерді халыққа кеңінен түсіндіру құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі болып қала береді.
Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық сот әкімшісі басшысының орынбасары Р.Аккасинов


