
Заңы мықты елде тәртіп сақталады, азаматтар өзінің қауіпсіздігі мен құқығының толық қорғалатынына сенімді болады. Ал сенім – ел ертеңінің, қоғам дамуының кепілі. Кез келген өркениетті елдің әр қадамын заңға сүйеніп жасап, әр реформасын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге мән беретіні осыдан. Қазақ даласы да заң мен құқықтық құжаттардан кенде болмаған. Тіпті сонау хандар дәуірінің өзінде бабаларымыз барлық әрекеттерді заң шеңберінде реттеп отырған. Тарихта алтын әріппен жазылған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы секілді дала заңдарының өзі сауатты түзілуімен, әділдігімен, туралығымен тәнті етпей қоймайды. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгелі отырған жаңа Коституциямыз осы дала заңдарының негізгі принциптерін сақтап, заманауи талап-тілектерді ескере отырып, өркениет өлшемдеріне толық негізделіп дайындалған бірегей, сапалы құжат.
Жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуімен заңнама тарихының жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл Конституция халықтың барлық қалауын ескерген, барша азаматтардың өз пікірі мен сын-ескертпесін айтуына мүмкіндік берген, ең бастысы халықпен ашық диалог орнатуға жол ашқан маңызды құжат ретінде көпшілік есінде қалары анық. Заңның жобасын дайындауға қатысқан жұмыс тобына да тек білікті заңгерлер, ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар мен кәсіби мамандар іріктелді. Осы жұмыс тобының ұсынған жобасы талқыланбаған, сарапқа салынбаған орта аз. Заңгерлік орта мен сот, құқық қорғау, прокуратура, адвокатура саласынан бөлек заң жобасы көптеген білім ордаларында, үкіметтік емес ұйым жиындарында, азаматтық қоғамның ортасында таныстырылып, ондағы әр жаңа бап, жаңа өзгеріс қызу сарапқа салынды.
«Ақиқат таластан туады», демекші жаңа Конституция да көпшілік талқысынан туған, азаматтардың алуан түрлі пікірін таразылап, халыққа ең ыңғайлы нұсқасын іріктеген маңызды құжат. Осы заң жобасы таныстырылғаннан кейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтардан он мыңнан астам ұсыныс-пікір, ескертпе түскен. Жұмыс тобы мұндағы әрбір ұсынысты жан-жақты талқылап, ел тілегін екшеген. Мұның өзі Қазақстан халқының құқықтық сауатының көтерілгенін ғана емес, азаматтық ұстанымы мен саяси белсенділігінің артқанын көрсетеді. Бұл халықтың ел ертеңіне, мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтынының нақты дәлелі.
Міне, осындай қызу талқы, шын жанашырлық пен азаматтық белсенділіктің арқасында құрылымы түзілген Ата Заң жобасына еліміздің азаматтары бір кісідей дауыс беріп, 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда Конституция қабылданған болатын. Ал 1 шілдеде күшіне еніп, тәжірибеге қосылған бас құжаттың жаңалығы аз емес. Жаңа Конституцияның қолданысқа енуімен қос палаталы Парламенттің орнына Бірпалаталы Құрылтай өз жұмысын бастап, Вице-Президент, Қазақстан Халық Кеңесі институттары тәжірибеге енгізіледі. Бұл институттардың әрқайсысының құқықтық мемлекеттің заңдық қағидаттарын қамтудағы маңызы ерек. Сондай-ақ азаматтар құқығын қорғаудың әлемдік формуласы саналатын – Миранда ережесі де құқықтық мемлекеттегі әділеттің сақталуына кепіл болмақ.
Ата заң – біздің алтын тамырымыз. Құқықтық, зайырлы мемлекеттің сүйенері де, сенері де – осы Ата заң! Ендеше, 1 шілдеден бастап күшіне енген бас құжатымыз мемлекет дамуына серпін беріп, азаматтардың шынайы қорғанына айналарына сеніміміз зор.


