Цифрландыру дәуірі адамзат қызметінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп, заң ғылымы мен сот билігінің алдына жаңа құқықтық міндеттер жүктеді. Бүгінде заң қоғамдастығында қызу талқыланып жатқан электронды сот төрелігі мен жасанды интеллект мәселесі тек технологиялық жетістік емес, бұл — құқық үстемдігі мен адам тағдырының болашағына тікелей әсер ететін концептуалды таңдау. Осы орайда заңгерлер қауымын бір маңызды құқықтық дилемма мазалайды: Жасанды интеллект сот жүйесінде судьяның таптырмас процестік көмекшісі ме, әлде болашақта оның орнын басатын құқықтық балама ма?
Жасанды интеллект технологияларын сот өндірісіне енгізу бойынша халықаралық заң тәжірибесінде бірнеше айқын модельдер қалыптасып үлгерді. Дамыған мемлекеттер бұл бағытта материалдық және процестік құқық нормаларын қолданудың түрлі тәсілдерін сынақтан өткізуде. Мысалы, АҚШ-тың құқық қолдану тәжірибесінде айыпталушының қайтадан қылмыс жасау қаупін бағалау үшін COMPAS алгоритмдік жүйесі кеңінен пайдаланылады. Мұнда судьялар бұлтартпау шарасын таңдау немесе үкім кесу кезінде бағдарламаның берген құқықтық бағалауын қосымша дәлел ретінде ескереді. Ал Қытай Халық Республикасында қалыптасқан «Ақылды сот» үлгісі аясында Ханчжоу мен Бейжіңнің интернет-соттарында электрондық коммерция мен авторлық құқыққа қатысты қарапайым азаматтық-құқықтық даулар бойынша шешім жобалары адамның тікелей қатысуынсыз-ақ дайындалады. Керісінше, Еуропалық Одақ елдері бұл мәселеге қатаң консервативтік заңнамалық тұрғыдан қарап, Еуропалық этикалық хартия негізінде сот төрелігінде кез келген шешім қабылдау құқығы тек адамға, яғни заңды судьяға тиесілі деген халықаралық қағиданы берік ұстанып отыр.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі де заманауи құқықтық реформалар аясында заң үстемдігін қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін енгізуде. Отандық сот билігінде «Төрелік» ақпараттық жүйесі мен істерді автоматты түрде бөлу механизмі адами факторды жойып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің пәрменді заңдық құралына айналды. Қазіргі уақытта елімізде сот шешімдерінің цифрлық аналитикасы мен даусыз талаптар бойынша, атап айтқанда, коммуналдық қызметтер мен салық берешектерін өндіру туралы бұйрық арқылы іс жүргізу өндірісін автоматтандырудың құқықтық негіздері пысықталуда. Бұл бағыт заңгер ретінде бізге сот үнемділігі принципін жүзеге асыруға және судьяларды механикалық жүктемеден босатып, олардың назарын күрделі қылмыстық және азаматтық істерге аударуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні сот төрелігінің мінсіз процестік көмекшісі ретінде танудың салмақты заңдық негіздері бар. Ең алдымен, ол сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге, заңнамалық актілер мен мұрағаттық құжаттардың орасан зор базасын секунд ішінде сүзгіден өткізіп, қажетті құқықтық прецеденттерді анықтауға көмектеседі. Компьютерлік бағдарлама заң мерзімдерінің бұзылуына жол бермейді және техникалық қателіктерді толық жояды, бұл азаматтардың сотқа қолжетімділігі мен құқықтық болжамдылықты арттырады. Алайда, осы оңтайлы тұстарға қарамастан, ЖИ-ді сот төрелігінде адамның толыққанды «баламасы» ретінде қарастыруға материалдық және процестік құқықтың іргелі принциптері жол бермейді.
Ең басты құқықтық кедергі — алгоритмдік біржақтылық пен тарихи деректердегі кемсітушілік тәуекелдері болып табылады. ЖИ бағдарламасы өткен кезеңдегі сот шешімдерінің негезінде іс талдайтындықтан, ол бұрын орын алған әлеуметтік немесе нәсілдік теңсіздік қателіктерін заңды құбылыс ретінде қайталауы мүмкін, бұған АҚШ соттарындағы бағалау жүйесінің афроамерикандықтарға қатысты негізсіз қатаң шешімдер ұсынғаны дәлел болады. Сонымен қатар, заң ғылымында «қара жәшік» деп аталатын проблема бар, мұнда нейрожелінің құқықтық қорытындыға қалай келгенін логикалық тұрғыдан дәлелдеп беру мүмкін емес, ал Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасы бойынша әрбір сот шешімі заңды, негізді және уәжді болуы шарт. Судья өз үкімі үшін жеке тәртіптік және заңдық жауапкершілік арқалайды, ал бағдарлама жіберген қателік үшін ешқандай алгоритм жауап бере алмайды.
Ең бастысы, сот төрелігі — бұл тек құрғақ заң баптарын механикалық түрде қолдану емес, бұл — әрбір істің артында тұрған адам тағдырын шешу процесі. Судья істі қарау кезінде тек заң талабына ғана емес, өзінің ішкі сеніміне, ар-ожданына, айыпталушының шын өкінуі мен жасалған әрекеттің моральдық-этикалық аспектілеріне сүйенеді, ал машинада мұндай эмпатия мен құқықтық сана атымен жоқ.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект сот төрелігінде адамды алмастыратын балама бола алмайды және болмауы тиіс, себебі сот билігі — мемлекеттік егемендіктің тікелей көрінісі және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың ең жоғарғы институты. Болашақтың әділ соты — бұл судьяның орнын басқан технология емес, жасанды интеллектіні заң шеңберінде тек аналитикалық құрал ретінде тиімді пайдалана отырып, шынайы әділдікті орнататын адам-судьяның соты болуы шарт.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы З.Аманкулова


