Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық қоғамның тұрақты дамуына, әлеуметтік әділеттіліктің сақталуына, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне кері әсерін тигізетін қауіпті әлеуметтік құбылыс ретінде бағаланады. Сондықтан аталған індеттің алдын алу, оның туындау себептері мен жағдайларын жою, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекет қызметінің маңызды міндеттерінің қатарында.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Осы бағытта бірқатар кешенді бағдарламалар қабылданып, қолданыстағы заңнамалар жетілдірілуде. Мемлекеттік органдарда ашықтық пен есептілік қағидаттарын нығайту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, цифрландыру үдерістерін енгізу арқылы адам факторын азайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Сыбайлас жемқорлық – бұл тек құқық бұзушылық қана емес, ол қоғамның мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіретін теріс әрекет. Парақорлық, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану, жеке мүддені қоғамдық мүддеден жоғары қою секілді заңсыз көріністер құқық үстемдігі қағидатына қайшы келеді. Мұндай әрекеттер мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, елдің инвестициялық тартымдылығына және азаматтардың әл-ауқатына да кері ықпал етеді.
Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, кәсіби жауапкершілікті терең сезінуі және адалдық қағидаттарына берік болуы аса маңызды. Мемлекеттік қызмет – халыққа қалтқысыз қызмет ету алаңы. Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап, заң талаптарын қатаң сақтап, кез келген сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын ұстануы тиіс. Бұл – қоғам сенімін арттырудың және мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз етудің басты тетігі.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар тек мемлекеттік органдар шеңберінде шектелмеуі қажет. Азаматтық қоғам институттары, білім беру ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары және әрбір азамат бұл іске белсенді атсалысуы тиіс. Әсіресе, жастар арасында парасаттылық, әділдік, заңға құрмет секілді құндылықтарды қалыптастыру арқылы адал ұрпақ тәрбиелеу – уақыт талабы. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет отбасынан, білім ордаларынан және еңбек ұжымдарынан бастау алады.
Бүгінгі күні мемлекеттік органдарда халықпен кері байланысты нығайту, қоғамдық бақылауды дамыту, қызмет көрсету барысында ашықтықты қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Электрондық қызметтердің үлесін арттыру, азаматтардың өтініштерін жедел қарау, мемлекеттік шешімдердің жариялылығын қамтамасыз ету – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың тиімді құралдары болып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің табысты болуы ең алдымен қоғамдағы құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілік деңгейіне байланысты. Әрбір азамат заңсыз сыйақы беруден немесе алудан бас тартып, өз мәселесін тек заң аясында шешуге ұмтылған жағдайда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Бұл ретте «Адалдық – адамдықтың белгісі» қағидаты баршамыз үшін өмірлік ұстанымға айналуы қажет.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, халықтың билікке деген сенімін нығайту жолында әрбір азаматтың белсенді ұстанымы маңызды. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана сыбайлас жемқорлықсыз, әділетті және өркениетті қоғам құруға қол жеткізе аламыз.
Абай облысы Әділет департаментінің әкімшілік бөлімнің жетекші маманы Ерсаинов Р. О.


